ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары туралы Үлгілік ережені бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 11-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12514 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары туралы Үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) осы нормативтік қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Жоғары аудиторлық палата аппаратының Халықаралық ынтымақтастық және әдіснама департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы нормативтік қаулының Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Жоғары аудиторлық палатаның аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы нормативтік қаулы 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Үлгілік ереженің 15-тармағының 4) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы |
А. Смаилов |
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары туралы үлгілік ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. ________ облысы (_______ қаласы) бойынша тексеру комиссиясы (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) жергілікті бюджеттің атқарылуына сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
2. Тексеру комиссиясы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, Тексеру комиссиясының регламентіне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жүзеге асырады.
3. Тексеру комиссиясы мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, логотипі, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Тексеру комиссиясы азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Тексеру комиссиясына уәкілеттік берілген болса, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Тексеру комиссиясы өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Тексеру комиссиясы төрағасының бұйрықтарымен және Тексеру комиссиясының қаулыларымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Тексеру комиссиясының құрылымын Тексеру комиссиясының төрағасы, төрт мүшесі және аппараты құрайды. Тексеру комиссиясының штат саны лимитін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
8. Тексеру комиссиясының заңды мекенжайы:
(индексі, облысы, қаласы, көшесі, үй).
9. Тексеру комиссиясы туралы ережені __________ облысының (_________ қаласының) мәслихаты бекітеді.
10. Осы Ереже Тексеру комиссиясының құрылтай құжаты болып табылады.
11. Тексеру комиссиясының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
12. Тексеру комиссиясына кәсіпкерлік субъектілерімен Тексеру комиссиясының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен Тексеру комиссиясына кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2-тарау. Тексеру комиссиясының міндеттері мен өкілеттіктері
13. Тексеру комиссиясының міндеттері:
1) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерiнiң пайдаланылуына жергiлiктi деңгейде сыртқы мемлекеттiк аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыру;
2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасы және Қазақстан Республикасының жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы, бюджет қаражатының, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерiнiң пайдаланылуы саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi талаптарының сақталуын бақылау;
3) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларының және бюджеттiк бағдарламалардың іске асырылуын талдау және бағалау.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органынан, мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан құпиялылық режимiнiң, қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, ведомстволық ақпараттық жүйелер деректерінің құрамы мен форматтары туралы мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру және мемлекеттік аудитті жүзеге асыру, бюджеттің атқарылуы туралы есептерді дайындау үшін қажетті құжаттаманы (ақпаратты) сұратады және алады;
анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау туралы барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және лауазымды адамдардың орындауы үшін міндетті нұсқама шығарады;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және өзге де ақпараттық жүйелерге мемлекеттік аудит жүргізу үшін қажетті қолжетімділікті алады;
мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қаулыда немесе нұсқамада белгіленген мерзімдерде ұсынымдар мен нұсқамалардың орындалуы туралы растайтын құжаттары қоса берілген ақпаратын алады;
сыртқы мемлекеттік аудит жүргізумен байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік аудит объектілері лауазымды адамдарының тиісті ақпаратын тыңдайды;
мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша лауазымды адамдарды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы оларды тағайындаған адамдарға ұсыныстар енгізеді;
лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін сақтамауының анықталған фактілері бойынша, сондай-ақ тиімділік аудитінің нәтижелері бойынша тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихатына (бұдан әрі – мәслихат) ұсыныстар енгізеді;
аумағында өздері жұмыс істейтін облыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте құрылған аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттеріне қатысты сараптамалық-талдамалық қызметті жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген құзыреті шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргізуді қозғайды;
әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды, олар бойынша хаттамалар жасайды және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік жазалар қолданады;
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасымен (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) және басқа мемлекеттік органдармен келісу бойынша бірлескен немесе қатар тексерулерді жүргізуге қатысады;
мемлекеттік аудитті жүргізу үшін мемлекеттік органдардың тиісті мамандарын (олармен келісу бойынша), сондай-ақ қажет болған кезде аудиторлық ұйымдарды, сарапшыларды олардың көрсететін қызметтеріне бюджеттен бөлінген қаражат шегінде ақы төлей отырып тартады;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2) міндеттері:
аудиторлық есептердің және (немесе) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есептердің негізінде жасалған аудиторлық қорытындыны бекітеді;
Тексеру комиссиясының қаулыларын қабылдайды;
аудиторлық іс-шара және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар барысында анықталған (анықталатын) бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылдайды;
мемлекеттік аудит объектісі лауазымды адамдарының әрекеттерінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайларда материалдарды аудиторлық дәлелдемелерімен бірге құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілетті органдарға береді;
бюджетке өтеуді қамтамасыз ету, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды жеткізу және (немесе) бұзушылықтардың ерікті түрде өтелмеген (қалпына келтірілмеген), анықталған сомаларын есепке алу бойынша көрсету және (немесе) азайту арқылы қалпына келтіру және Тексеру комиссиясының нұсқамасын орындау мақсатында сотқа талап қояды;
егер басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес келмейді деп танымаса, оларды таниды;
мемлекеттік аудит нәтижелері танылған жағдайларда басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит материалдарын негізге ала отырып, мемлекеттік аудит көлемін қысқартады;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда аудиторлық іс-шаралар мен тексерулерді тіркеуді жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған бекітілген тізбелерін және оларға енгізілген өзгерістерді бекітілген күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде Тексеру комиссиясының интернет-ресурсында орналастырады;
мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыру үшін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын, есептілікті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорға орналастырады, сондай-ақ келісілген мерзімдерде мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбелері бекітілгенге дейін ол туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
тексерулердің қайталануын болғызбау мақсатында мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбелерін және оларға енгізілетін өзгерістерді мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен келіседі;
мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына оларда белгіленген мерзімдерде немесе егер мерзімі көрсетілмеген болса, оларды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарау және орындау үшін қаулылар мен нұсқамалар жібереді;
өздері аудиторлық қорытындыда берген ұсынымдардың және міндетті түрде орындау үшін жіберген нұсқамалардың мониторингін жүйелі негізде жүзеге асырады;
жүргізілетін аудиторлық іс-шаралардың қорытындыларын жүйелі түрде талдайды, бюджеттің атқарылуы, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін пайдалану процесінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің себептері мен салдарын жинақтап қорытады және зерделейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын жетілдіру және қаржы жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды тиісті уәкілетті органдардың қарауына ұсынады;
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесінің шешімдерін орындауды және Жоғары аудиторлық палатаға тиісті ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді;
Жоғары аудиторлық палатаның сұрау салулары бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы ақпарат ұсынады;
құпиялылық режимiнiң, қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында өз қызметі туралы ақпаратты орналастырады;
өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қолдануды қамтамасыз етеді;
Қазақстан Республикасы Президентінің, ол уәкілеттік берген Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің тапсырмаларын, Жоғары аудиторлық палатаның сұрау салуларын қарайды және оларды мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру кезінде ескереді;
мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру кезінде құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың ұсыныстарын талдап, олардың орындылығы мен өзектілігін қарау үшін Тексеру комиссиясының отырысына талқылауға шығарады.
15. Тексеру комиссиясы _____________ облысының (______________ қаласының) шегінде мына функцияларды:
1) мыналардың:
өзінің мазмұны бойынша жергілікті атқарушы органның тиісті есебіне қорытынды болып табылатын есепті қаржы жылы үшін жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есеп дайындай отырып, Қазақстан Республикасының бюджет жүйесінің қағидаттарына сәйкес жергілікті бюджетті жоспарлаудың және атқарудың;
байланысты гранттарды, бюджеттік инвестицияларды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды және мемлекет активтерін пайдаланудың;
жергілікті атқарушы орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің экономиканың немесе экономиканың жеке алғандағы саласының, әлеуметтік және басқа да мемлекеттік басқару салаларының дамуына әсерінің;
тиісті бюджетті атқару және мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де бағыттар бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуының;
жергілікті атқарушы орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлау негізділігінің, олардың іске асырылуының және жүзеге асырылу тиімділігінің;
тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алуға бөлінген (жұмсалған) жергілікті қаржы ресурстарының мөлшері мен сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің нарықтық құны арасындағы айырманы бағалауды қоса алғанда, баға белгілеудің;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқарудың;
салықтық әкімшілендірудің;
шарттардың;
қоршаған ортаны қорғау саласында;
ақпараттық технологиялар саласында;
мемлекеттік аудит объектілері қызметінің тиімділік аудитін жүзеге асырады;
2) мыналарға:
мемлекеттік аудит объектілерінің бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау анықтығына және дұрыстығына;
жергілікті атқарушы органның және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шарт талаптарын орындауына;
жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің, бюджетке түсетін түсімдерді алудың толықтығы мен уақтылылығына, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қате (артық) төленген соманы қайтарудың, есепке жазудың дұрыстығына;
жергілікті бюджет қаражатын, оның ішінде жоғары тұрған бюджеттен төмен тұрған бюджетке нысаналы трансферттер және кредиттер түрінде бөлінген қаражатты, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды пайдалануға;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаржы-экономикалық негіздемеге сәйкес өздеріне бөлінген жергілікті бюджет қаражатын пайдалануына сәйкестік аудитін жүзеге асырады;
3) жергілікті бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілігіне аудит жүргізеді;
4) облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің жобасына негізгі шығыс бағыттары бойынша алдын ала бағалау жүргізеді;
5) тиісті бюджеттің атқарылуына ағымдағы бағалау жүргізеді;
6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының есебіне қорытынды дайындау арқылы тиісті бюджеттің атқарылуы туралы кейіннен бағалау жүргізеді.
3-тарау. Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің мәртебесі, өкілеттіктері
16. Тексеру комиссиясын басқаруды Төраға жүзеге асырады, ол Тексеру комиссиясына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
17. Мәслихат Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша Тексеру комиссиясының төрағасын лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
18. Мәслихат Тексеру комиссиясы төрағасының ұсынымы бойынша және Жоғары аудиторлық палатамен келісу бойынша Тексеру комиссиясының мүшелерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес бес жыл мерзімге лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады.
19. Тексеру комиссиясы төрағасының өкілеттіктері:
1) жалпы басшылықты жүзеге асырады және Тексеру комиссиясына жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады;
2) Тексеру комиссиясының регламентін бекітеді;
3) Тексеру комиссиясының мүшелері мен Тексеру комиссиясы аппаратының жұмысын ұйымдастырады;
4) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттiк органдарында, ұйымдарында және одан тыс жерлерде Тексеру комиссиясының атынан өкiлдiк етедi;
5) бекiтiлген штат саны және жергілікті бюджетте көзделген қаражат шегiнде Тексеру комиссиясы аппаратының құрылымы мен штат кестесiн бекiтедi;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Тексеру комиссиясының аппарат басшысын және жұмыскерлерiн лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады;
7) мемлекеттiк қызмет туралы заңнамада белгiленген тәртiппен Тексеру комиссиясының жұмыскерлерiн көтермелейді және оларға тәртiптiк жаза қолданады;
8) өз құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады, олардың орындалуын тексередi, Тексеру комиссиясының отырыстарында қабылданған қаулыларға және нұсқамаларға қол қояды;
9) Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін бекітеді;
10) Тексеру комиссиясының мүшелерiне мемлекеттік аудитті және (немесе) үстеме, бірлескен және қатар тексерулерді жүргізуге тапсырмалар бередi;
11) Тексеру комиссиясының құзыретi шегiнде аудиторлық iс-шараларды жүргiзуге қатысатын Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторларының құрамын айқындайды;
12) өз қызметі барысында мемлекеттік аудиторлар және өзге де лауазымды адамдар жасайтын құжаттарға мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан тұрақты тексерулер және (немесе) талдау жүргізу арқылы сапаны бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
13) жергiлiктi бюджеттiң атқарылуына және мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерiнiң пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізу мәселелерiне қатысты құжаттамамен құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, кедергiсiз танысады;
14) мемлекеттік аудит объектiлерiнен аудиторлық iс-шараларды жүргiзуге байланысты мәселелер бойынша қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өзi белгiлеген мерзiмде алады;
15) мәслихатқа Жоғары аудиторлық палатамен келісу бойынша тексеру комиссиясы мүшелерінің лауазымына тағайындау, сондай-ақ одан босату үшін кандидатураларды ұсынады;
16) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң атқарылуы туралы жылдық есептi тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің мәслихатына ұсыну жөніндегі міндетті облыстың Тексеру комиссиясы мүшелерiнiң бiрiне жүктейдi;
17) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің облыс, республикалық маңызы бар қала, астана және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгiнiң отырыстарына қатысуға құқылы;
18) Тексеру комиссиясы жанынан консультативтiк-кеңесшi және консультативтiк-сараптамалық органдар құрады;
19) өзi болмаған жағдайда Тексеру комиссиясы төрағасының мiндетiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес Тексеру комиссиясы мүшелерiнiң бiрiне жүктейдi;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
20. Тексеру комиссиясы мүшелерінің өкілеттіктері:
1) Тексеру комиссиясының аудиторлық, сараптамалық-талдамалық, ақпараттық және өзге де қызметiн ұйымдастырады және жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады, тексерiлетiн мемлекеттік аудит объектілерінің жұмыс iстеуiне кедергi келтірмейді және олардың ағымдағы шаруашылық қызметiне араласпайды;
3) жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуына, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің пайдаланылуына мемлекеттік аудитті жоспарлау және жүргізу мәселелерiне қатысты құжаттамаға құпиялылық режимiнiң, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, кедергiсiз қол жеткiзе алады;
4) мемлекеттік аудитті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік аудит объектiлерiнен қажеттi анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсiнiктемелердi талап етедi және өздерi белгiлеген мерзiмдерде алады;
5) өздерi басқаратын (жетекшiлiк ететiн) қызмет бағыттарының мәселелерi бойынша өз құзыретi шегiнде дербес шешiм қабылдайды;
6) өз құзыретi шегiнде мемлекеттік аудитті тиiмдi ұйымдастыру үшiн қажеттi ресурстардың көлемiн айқындай отырып, мемлекеттік аудиттің бағдарламаларын бекiтедi, аудиторлық қызметті ұйымдастыру бойынша міндеттердің бөлінуіне сәйкес нұсқамаларға қол қояды;
7) тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің бекiтiлген тізбесіне сәйкес Тексеру комиссиясы аппаратының жұмыскерлерiне мемлекеттік аудит жүргізуге тапсырмалар бередi;
8) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің облыс, республикалық маңызы бар қала, астана және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкiмдiгiнiң отырыстарына қатысуға құқылы;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
21. Тексеру комиссиясы мәслихатқа Тексеру комиссиясы төрағасының және мүшелерінің өкілеттік мерзімінің алдағы аяқталатын мерзімі туралы күнтізбелік отыз күн бұрын хабарлайды.
22. Тексеру комиссиясының төрағасы және мүшелері:
1) мәслихаттың "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 47-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес лауазымнан босату туралы шешім қабылдауы;
2) өздеріне қатысты соттың айыптау үкiмiнің заңды күшiне енуі;
3) белгіленген тәртіппен әрекет қабiлеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп танылуы;
4) анттарын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және осы Ережені бұзуы, өздерінің мәртебесіне сай келмейтін теріс қылық жасауы, лауазымдық міндеттерін сақтамауы;
5) қайтыс болуы, сондай-ақ хабарсыз кеткен деп танылуы немесе қайтыс болды деп жариялануы;
6) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы;
7) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі;
8) басқа лауазымға тағайындалуы;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де негiздер салдарынан лауазымынан мерзімінен бұрын босатылады.
23. Тексеру комиссиясы төрағасы мен мүшесінің өкілеттіктері жұмыстан босату туралы өтініш беру түрінде мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшесі жұмыстан босату туралы тиісті өтініш берілгенге дейін бір айдан кешіктірмей мәслихатты және Жоғары аудиторлық палатаны жазбаша хабардар етеді.
24. Тексеру комиссиясының аудиторлық іс-шараны жүргізу қызметін, сондай-ақ ақпараттық-талдамалық, құқықтық, консультативтік, ұйымдастырушылық және өзге де қызметін Тексеру комиссиясының аппараты қамтамасыз етеді. Тексеру комиссиясының аппараты мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып табылатын лауазымды адамдардан тұрады, оны Тексеру комиссиясының төрағасы тағайындайтын аппарат басшысы басқарады.
25. Аппарат жұмыскерлерінің құқықтары, міндеттері мен жауаптылығы, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметті өткеру жағдайлары мемлекеттік қызмет туралы заңнамада, еңбек заңнамасында, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамада және осы Ережеде айқындалады.
26. Тексеру комиссиясы аппаратының жұмыскерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Заңның 39-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
27. Тексеру комиссиясының қызметі Тексеру комиссиясының төрағасы бекітетін мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмаларына негізделген Жоғары аудиторлық палатаның сұрау салуларын, тиісті мәслихаттардың шешімдерін және Тексеру комиссиясы төрағасының бастамасын қоспағанда, Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
28. Тексеру комиссиясы өзiнiң қызметiн жүзеге асыру кезiнде мемлекеттік аудит объектiсiнен тәуелсiз болады. Тексеру комиссиясының тәуелсiздiгi:
1) мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың Тексеру комиссиясының қызметiне заңсыз араласуына;
2) Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторлары мен өзге де лауазымды адамдарын мемлекеттiк органдардың сұрау салулары бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесінде көзделмеген тексерулердi жүргiзуге тартуға жол бермеу арқылы қамтамасыз етiледi.
29. Тексеру комиссиясының жергілікті бюджет қаражатын пайдалануын мемлекеттік бақылау және қадағалау мәслихаттың келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
30. Тексеру комиссиясының шешімдер қабылдауы отырыста алқалы түрде жүзеге асырылады.
31. Тексеру комиссиясының отырысында мемлекеттік аудиттің қорытындылары, жоспарлау, әдiснама мәселелерi, алқалы шешiмдi талап ететiн өзге де мәселелер қаралады.
32. Тексеру комиссиясының шешiмдерi Тексеру комиссиясының отырысқа қатысушы құрамының жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушi адам дауыс берген шешiм қабылданған болып есептеледi.
33. Тексеру комиссиясының отырыстарын жүргiзу тәртiбi, оның жұмысын ұйымдастыру мәселелерi Тексеру комиссиясының регламентiнде айқындалады.
34. Тексеру комиссиясы жыл сайын Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Төрағасының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13647 болып тіркелген) тексеру комиссияларының мәслихаттарға жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынуы бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартында айқындалған нысан мен құрылымға сәйкес есепті қаржы жылындағы жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті жасайды және оны мәслихаттың қарауына ұсынады.
35. Тексеру комиссиясы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Төрағасының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13647 болып тіркелген) тексеру комиссияларының өз жұмысы туралы ақпарат ұсынуы бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартында айқындалатын нысан мен құрылымға сәйкес есепті кезеңдегі өз жұмысы туралы ақпаратты Жоғары аудиторлық палатаға тоқсан сайын ұсынып отырады.
4-тарау. Тексеру комиссиясының мүлкі
36. Тексеру комиссиясының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
37. Тексеру комиссиясының мүлкі оған меншік иесі берген мүліктің, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүліктің (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен қалыптасады.
38. Тексеру комиссиясына бекітіп берілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
39. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Тексеру комиссиясының өзіне бекітіп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иелігінен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
40. Тексеру комиссиясының төрағасын, мүшелерін және аппарат жұмыскерлерін материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға көлік қызметтерін көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. Тексеру комиссиясын қайта ұйымдастыру және тарату
41. Тексеру комиссиясын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
