Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 119-бабы 1-6 бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру қағидалары мен шарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі | Е. Саденов |
"Келісілді"
Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы
| Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 735 Бұйрықпен бекітілген |
Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру қағидалары мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) 119-бабы 1-6 бөлігіне сәйкес әзірленді және сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Қағидалар:
1) сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі қызметті жоспарлауды;
2) сотталғандардың еңбегін ұйымдастыруға қойылатын жалпы талаптарды;
3) сотталғандарды жұмысқа орналастыру кезінде қылмыстық-атқару жүйесі (бұдан әрі – ҚАЖ) мекемелері әкімшілігінің іс-қимыл тәртібін;
4) ҚАЖ мекемесінің шаруашылық қызмет көрсету лауазымдарында сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібін;
5) ҚАЖ кәсіпорындарында сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібін;
6) ҚАЖ мекемесінің аумағында орналасқан ұйымдарда сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібін;
7) ҚАЖ мекемесінің күзетілетін аумағынан тыс орналасқан ұйымдарда сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібін;
8) камералық ұстау жағдайында сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібін;
9) қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібін;
10) сотталғандардың ҚАЖ мекемелерінде жеке еңбек қызметімен айналысу тәртібін айқындайды.
3. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастырудың негізгі міндеттері:
1) кәсіби дағдыларды қалыптастыру, кәсіби дайындық;
2) сотталғандардың еңбекке және еңбекақыға қажеттілігін қамтамасыз ету;
3) сотталғандарды талап-арыздарды өтеуге; қылмыспен келтірілген зиян үшін залалды; қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге байланысты сот шығындарын өтеуге; алименттік міндеттемелерді төлеуге ынталандыру;
4) жақын туыстарына, отбасыларына қаржылық көмек көрсету және босатылғаннан кейін орналасу үшін қажетті қаржы қаражатын жинақтау үшін жағдайлар жасау болып табылады.
4. ҚАЖ мекемелері мен кәсіпорындарының әкімшілігі, ҚАЖ мекемелерінің өзге де қызметкерлері барлық еңбекке қабілетті сотталғандарды ақылы еңбекке тарту, сотталғандарды жұмысқа орналастыруға және олардың жұмысына жәрдемдесу үшін жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдайды.
5. ҚАЖ кәсіпорындары барлық еңбекке жарамды сотталғандар үшін жұмыс орындарын құрады.
6. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы бөлімшелерінің әскери қызметшілері (бұдан әрі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери қызметшілері) құзыреті шегінде сотталғандарды еңбекке тәрбиелеуге бағытталған үздіксіз жұмыс процесін қамтамасыз ету жөнінде бірінші кезектегі шараларды қабылдайды.
2-тарау. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі қызметті жоспарлау
7. ҚАЖ мекемелерінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі бөлімшелер жұмысының ұйымдастырушылық негізі ҚАЖ мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесі жасайтын сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру және жалпы мәселелер жөніндегі мекеме бастығының орынбасарымен келісілетін және мекеме бастығы не оны алмастыратын адам бекітетін тоқсанға арналған жұмыс жоспары болып табылады.
8. Жұмыс жоспарында сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру, сотталғандардың еңбекпен қамтылу көрсеткіштерін ұлғайту, оларды техникалық немесе кәсіптік оқыту жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттары, сондай-ақ сотталғандардың еңбек процесін дамыту және жетілдіру жөніндегі, оның ішінде еңбекке қабілетті барлық сотталғандарды ақылы жұмыстарға тарту үшін ҚАЖ кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл жасау және жұмыс орындарын құру, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша іс-шаралар өткізу (ашық есік күні, дөңгелек үстел, көрме, қолда бар бос өндірістік алаңдар туралы ақпаратты сайттарда орналастыру және басқалар) жөніндегі жұмыстың өзге де бағыттары көрсетіледі.
9. ҚАЖ мекемесінде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі жұмысты бақылау және үйлестіру ҚАЖ мекемесінің бастығына, жалпы мәселелер және сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі орынбасарына не оларды алмастыратын адамдарға жүктеледі.
10. Қауіпсіздігі барынша төмен, орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары және төтенше қауіпсіз мекемелерде, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз, сотталғандарды әртүрлі режим түрлерімен ұстауға арналған қауіпсіздігі аралас мекемелерде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыруды сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесі, қауіпсіздігі аралас (тергеу изоляторлары) және толық қауіпсіз мекемелерде – тәрбие қызметтерінің қызметкерлері қамтамасыз етеді.
3-тарау. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыруға қойылатын жалпы талаптар
11. Мекеме әкімшілігі барлық еңбекке жарамды сотталғандарды ақылы жұмыстарға тарту үшін жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдайды.
12. Мекеме әкімшілігі сотталғандарды:
1) мекеменің шаруашылық қызмет көрсету лауазымдарында;
2) ҚАЖ кәсіпорындарында;
3) жазасын өтеп жатқан мекеме аумағында орналасқан ұйымдарда жұмысқа орналастырылады.
13. Өндірістік қажеттілік жағдайында және сотталғанның келісімімен ҚАЖ мекемелерінің әкімшілігі сотталғандарды ҚАК-тің 88-бабы төртінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген тәртіппен сол түрдегі басқа мекемеге жұмысқа орналастырады.
14. Мекеме әкімшілігі сотталғанды өзі жұмысқа орналасқан ұйымнан:
1) ҚАЖ жоғары тұрған органдарының жазбаша нұсқауы бойынша;
2) сотталған жазаны өтеу тәртібін бұзған жағдайда;
3) жұмыс беруші шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған жағдайда;
4) мекемеде ерекше жағдайлар режимін енгізу кезінде;
5) төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген кезде;
6) ол босатылған кезде шақырып алады.
15. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес сотталғандарға қауіпсіз еңбек жағдайлары, демалу, демалыс, сондай-ақ еңбекақы төлеу қамтамасыз етіледі.
16. Сотталғандардың еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында айқындалады.
17. Сотталғандар ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі айқындайтын орындарда және жұмыстарда еңбек етеді, еңбекке адал қарайды. Сотталғандар қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтайды.
18. Сотталғандарға еңбек даурларын шешу мақсатында жұмысты тоқтатуға жол берілмейді. Жеке еңбек даулары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
19. Еңбек дауы туындаған кезде сотталған ҚАЖ мекемесінің әкімшілігіне жүгінеді, ол еңбек дауын шешу жөнінде шаралар қабылдайды.
20. Еңбек объектілерінде ұжымдық еңбек даулары, төтенше жағдайлар және оқиғалар туындаған жағдайда мекеме әкімшілігі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл туралы еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесін және прокурорды жазбаша нысанда хабардар етеді. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі және прокурор мұндай хабарламаны алған соң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
21. Сотталғандардың еңбекке қатынасы оларды көтермелеу, мінез-құлық дәрежесін айқындау, ұстаудың әртүрлі жағдайларына ауыстыру, мекеменің түрін өзгерту, қауіпсіздігі барынша төмен мекеме орналасқан елді мекен шегінде жалға алынған немесе өзінің тұрғын алаңында жұбайымен (зайыбымен), жақын туыстарымен бірге тұру құқығы мәселелерін қарау кезінде ескеріледі. Сотталғанның еңбекке қатынасы туралы мәліметтер сотталғанның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру туралы және кешірім жасау туралы өтініш хатына қоса беріледі.
22. Еңбек қатынастары, сондай-ақ еңбек қатынастарына тікелей байланысты өзге де қатынастар еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен реттеледі.
23. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру кезінде әкімшілікпен олардың жынысы, жасы, денсаулық жағдайы, еңбекке қабiлеттiлiгi, мүмкіндігінше - мамандығы және жазаны өтеу кезінде оны алуы ескеріледі.
24. Сотталған және жұмыс беруші ретінде әрекет ететін ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі арасындағы еңбек қатынастары мекеме әкімшілігі мен сотталған арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылады.
25. Сотталғандарды ҚАЖ-ға кірмейтін ұйымдардың объектілерінде еңбекке тарту мекеме әкімшілігі, ұйым және сотталған арасындағы шарттар негізінде жүзеге асырылады.
26. Жұмыс беруші, егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабарламаның неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, он бес жұмыс күні ішінде сотталғанды және ҚАЖ мекемесінің әкімшілігін еңбек шартын бұзу туралы хабардар етеді. Тараптардың келісімі бойынша (жұмыс беруші және сотталған) хабарлама мерзімі жұмыс істемеген мерзімге пропорционалды жалақы төлеумен ауыстырылуы мүмкін. Хабарламада жұмыс беруші еңбек шартын бұзуға негіз болған себептерді көрсетеді.
27. Сотталғанды басқа лауазымдарға ауыстыру туралы жұмыс беруші сотталғанды және ҚАЖ мекемесінің әкімшілігін он бес жұмыс күні бұрын хабардар етеді.
28. ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандардың жұмыс уақыты Қазақстан Республикасының еңбек және қылмыстық-атқару заңнамаларына сәйкес әзірленген ҚАЖ мекемесінің күн тәртібімен айқындалады.
4-тарау. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру кезінде ҚАЖ мекемелері әкімшілігінің іс-қимыл тәртібі
29. Сотталған ҚАЖ мекемесіне келгеннен кейін сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері оның жеке ісін зерделейді және төртінші күні сотталғандармен кешенді сабақ жоспарына сәйкес мекеменің карантин бөлімшесінде сотталғандармен әңгімелесу өткізеді, онда оны одан әрі жұмысқа орналастыру мақсатында:
1) білімінің бар-жоғы және деңгейі туралы;
2) мамандықтың, кәсіби дағдылардың бар-жоғы туралы;
3) қамаққа алынғанға дейінгі соңғы атқарған лауазымы туралы;
4) мүгедектіктің, одан әрі жұмысқа орналасуға кедергі келтіретін не жұмыстың жекелеген түрлеріне әсер ететін басқа да аурулардың бар-жоғы туралы;
5) жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің бар-жоғы туралы;
6) талап-арыздарының; қылмыспен келтірілген зиян үшін залалдың; қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге байланысты сот шығындарының; алименттік міндеттемелердің бар-жоғы туралы;
7) жеке басын куәландыратын құжаттардың, еңбек кітапшасының, зейнетақы куәлігінің бар-жоғы туралы.
30. ҚАЖ мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері сотталғанға жұмыс объектілерінде жұмысқа орналасу шарттары мен тәртібін түсіндіреді.
31. Сотталғанның жеке ісін зерделеу және онымен әңгімелесу нәтижелері бойынша мәліметтер бес жұмыс күні ішінде еңбекті ұйымдастыруға қатысты ұстанымдар бойынша ҚАЖ орталықтандырылған автоматтандырылған деректер базасына енгізіледі.
32. Алынған мәліметтер негізінде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері сотталғандардың арасынан мамандардың есебін жүргізу және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін сотталғандардың тізімін қалыптастырады.
33. Бос орындар болған және (немесе) сотталғандарды жұмысқа орналастыратын жұмыс берушілерден жазбаша өтінім түскен кезде ҚАЖ мекемесіндегі сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесі үш жұмыс күні ішінде сотталған арасынан жұмысқа орналастыру үшін кандидатураны таңдайды.
34. Сотталғанның кандидатурасы мынадай өлшемшарттар негізінде таңдалады:
1) жеке басын куәландыратын құжаттардың болуы;
2) шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшін жеке басын куәландыратын құжаттан басқа жеке сәйкестендіру нөмірінің болуы қажет;
3) сотталғанның еңбекке қабілеттілігі;
4) сотталғанның жасы, денсаулық жағдайы және жынысы;
5) талап-арыздарының; қылмыспен келтірілген зиян үшін залалдың; қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге байланысты сот шығындарының; алименттік міндеттемелердің бар-жоғы;
6) мамандығы және оны жазасын өтеу кезінде алу (мүмкіндігінше);
7) кәсіби дағдылар.
35. Кандидатура іріктелгеннен кейін сотталған ерікті нысанда жұмыс берушінің атына жұмысқа орналасу туралы өтініш береді, оған ҚАЖ мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері келісу парағын қоса береді және кандидатураны ҚАЖ мекемесінің мүдделі қызметтерімен және басшылығымен келіседі.
36. Мүдделі қызметтермен және ҚАЖ мекемесінің басшылығымен келісілген өтініш негізінде жұмыс беруші сотталғанмен үш данада еңбек шартын жасайды және сотталғанды Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады.
37. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері еңбек шартын, сотталғанды жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін алғаннан кейін бес тәулік ішінде ҚАЖ орталықтандырылған автоматтандырылған деректер базасына оның жұмысқа орналасқаны туралы мәліметтер енгізеді.
38. Жұмыс беруші ай сайын ҚАЖ мекемесінің кіріс хат-хабарларында тіркелуге жататын сотталғандардың санын, олардың тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) көрсете отырып, сотталғандарды жұмыс орындарына шығару туралы өтінім жібереді.
5-тарау. ҚАЖ мекемесінің шаруашылық қызмет көрсету лауазымдарында сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібі
39. Қауіпсіздігі барынша төмен, орташа, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде және кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемеде шаруашылық қызмет көрсету лауазымдарында жұмыстарды орындау үшін осы мекемелерде ұсталатын сотталғандар тартылады.
40. Сотталғанды шаруашылық қызмет көрсету лауазымдарында жұмысқа орналастыруға өтінімді ҚАЖ мекемесінің тылдық қамтамасыз ету қызметі дайындайды және үш жұмыс күнінен кешіктірмей жұмысқа қабылдау туралы құжаттарды ресімдеу үшін ҚАЖ мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесіне жібереді.
41. Қауіпсіздігі барынша төмен, орташа, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде және кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемедегі сотталғандар арасынан шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін кандидатураны іріктеуді ҚАЖ мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері ҚАЖ мекемесінің мүдделі қызметтерімен және басшылығымен келісім бойынша жүзеге асырады.
42. Кандидатураны таңдағаннан кейін ҚАЖ мекемесі бастығының не оны алмастыратын адамның атына сотталған жұмысқа орналасу туралы еркін нысанда өтініш береді. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері сотталғанның өтінішіне келісу парағын қоса береді және кандидатураны ҚАЖ мекемесінің мүдделі қызметтерімен және басшылығымен келіседі.
43. Қауіпсіздігі барынша төмен, орташа, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелердің және кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекеменің мүдделі қызметтерімен және басшылығымен келісілген сотталғанның өтініші негізінде мекеме бастығы не оны алмастыратын адам мен сотталған арасында екі данада еңбек шарты жасалады.
44. Еңбек шарты негізінде мекеме бастығы не оны алмастыратын адам Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес сотталғанды жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады.
45. Сотталғандарды қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдыру және шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін төтенше немесе толық қауіпсіз мекемеге жіберу ҚАК-тің 92-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
46. Қауіпсіздігі аралас, төтенше немесе толық қауіпсіз мекемелерде шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындауға жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеу тағайындалған бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар тартылады.
47. Қауіпсіздігі аралас, төтенше немесе толық қауіпсіз мекемелерде сотталғанды қалдыру және еңбекке тарту туралы шешім сотталғанның келісімімен мекеме комиссиясы материалдарының негізінде қауіпсіздігі аралас мекеме бастығының қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
48. Сотталғанды төтенше немесе толық қауіпсіз мекемеге жіберу олардың бастықтарымен келісу бойынша жүзеге асырылады.
49. Сотталғанды қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдыру не төтенше немесе толық қауіпсіз мекемеге жіберу туралы қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
50. Қауіпсіздігі аралас, төтенше немесе толық қауіпсіз мекемелерде жұмысқа қабылдау туралы құжаттарды ресімдеу сотталғанды ҚАЖ мекемесінде қалдыру туралы тиісті қаулы шығарылғаннан кейін жүзеге асырылады.
51. Шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдырылған немесе төтенше не толық қауіпсіз мекемелерге жіберілген сотталғандар орташа қауіпсіз мекемелер үшін ҚАК-та көзделген жағдайларда өзге адамдардан оқшау ұсталады.
52. Қауіпсіздігі барынша төмен, орташа, қауіпсіздігі барынша жоғары, төтенше, толық, қауіпсіздігі аралас мекемелерде және кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемесінде шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындауға сотталғандарды тарту үшін мынадай құжаттар:
1) ҚАЖ мекемесінің тыл қызметінің өтінімі (қауіпсіздігі барынша төмен, орташа, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде және кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелер үшін);
2) ҚАЖ мекемесі психологының ұсынымы;
3) сотталғанды қауіпсіздігі аралас мекемеде қалдыру не төтенше немесе толық қауіпсіз мекемеге жіберу туралы қаулы (аралас, төтенше немесе толық қауіпсіз мекемелер үшін);
4) ҚАЖ мекемесінің мүдделі қызметтері және басшылығымен келісілген сотталғанның жұмысқа орналасу туралы өтініші (еркін нысанда беріледі);
5) жұмысқа жіберу туралы белгісі бар міндетті медициналық тексерулердің нәтижелері;
6) еңбек шарты;
7) жұмысқа қабылдау туралы бұйрық;
8) лауазымдық нұсқаулық;
9) мамандығын және оны жазасын өтеу кезінде алғанын растайтын құжаттар (мүмкіндігінше) қажет.
6-тарау. ҚАЖ кәсіпорындарында сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібі
53. ҚАЖ кәсіпорындары сотталғандардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етуге арналған.
54. Сотталғандарды ҚАЖ кәсіпорнының өндірістік объектілеріне жұмысқа шығару үшін мекеме әкімшілігі мен ҚАЖ кәсіпорны арасында сотталғандар арасынан жұмыс күшін беруге шарт жасалады.
55. Сотталғандарды жұмыс объектілеріне жұмысқа орналастыру және шығару мақсатында ҚАЖ кәсіпорнының өкілі сотталғандардың санын көрсете отырып, ҚАЖ мекемесіне сотталғандарды шығаруға өтінім жібереді.
56. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері үш жұмыс күні ішінде ҚАЖ кәсіпорны ұсынған бос лауазымдарға орналастыру үшін сотталғандар арасынан кандидатураларды іріктеуді жүзеге асырады.
57. Кандидатураларды іріктеу осы Қағидалардың 34-тармағында көзделген өлшемшарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
58. Кандидатура іріктелгеннен кейін сотталған ҚАЖ кәсіпорны директорының не оны алмастыратын адамның атына жұмысқа орналастыру туралы еркін нысанда өтініш береді. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері сотталғанның өтінішіне келісу парағын қоса береді және кандидатураны ҚАЖ мекемесінің мүдделі қызметтерімен және мекеме басшылығымен келіседі.
59. ҚАЖ мекемесінің мүдделі қызметтерімен және басшылығымен келісілген өтінішті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері сотталғанмен үш данада еңбек шартын жасасу және сотталғанды жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығару үшін ҚАЖ кәсіпорнының өкілдеріне береді.
60. ҚАЖ кәсіпорындарында жұмыс істейтін сотталғандар санының он бес пайызына дейінгі шектерде ерікті жалдамалы инженерлік-техникалық жұмыскерлердің және білікті жұмысшылардың еңбегін пайдалануға жол беріледі.
61. ҚАЖ кәсіпорындарына сотталғандарды үшінші тұлғаларға оларды еңбекке тарту үшін беруге жол берілмейді.
7-тарау. ҚАЖ мекемесінің аумағында орналасқан ұйымдарда сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібі
62. ҚАЖ мекемесінің аумағында жұмыс орындарын ашу үшін кәсіпкерлік субъектісі ҚАЖ мекемесі бастығының не оны алмастыратын адамның атына өндіріс түрін баяндай отырып, өндірісті ашу туралы өтінішпен жүгінеді, ол қаралғаннан кейін ҚАЖ мекемесінің өнеркәсіптік аймағының аумағында орналасқан бос алаңдарды, ғимараттар мен құрылыстарды көрсету және құжаттарды ресімдеу немесе ҚАЖ мекемесінің аумағында өндірісті ашудан бас тарту туралы дәлелді жауапты дайындау және жолдау үшін сотталғандар еңбегін ұйымдастыру бөлімшесіне жіберіледі.
63. Сотталғандарды кәсіпкерлік субъектісінің өндірістік нысандарына жұмысқа тарту үшін, ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі мен кәсіпкерлік субъектісі арасында сотталғандар қатарынан жұмыс күшін ұсыну туралы шарт жасалады.
64. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру және жұмыс объектілеріне шығару мақсатында кәсіпкерлік субъектісі ҚАЖ мекемесіне сотталғандардың санын көрсете отырып, сотталғандарды шығаруға өтінім жібереді.
65. ҚАЖ мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері үш жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік субъектісі ұсынған бос лауазымдарға орналастыру үшін сотталғандар арасынан кандидатураларды іріктеуді жүзеге асырады.
66. Кандидатураларды іріктеу осы Қағидалардың 34-тармағында көзделген өлшемшарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
67. Кандидатура іріктелгеннен кейін сотталған кәсіпкерлік субъектісі басшысының атына жұмысқа орналасу туралы еркін нысанда өтініш береді. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері сотталғанның өтінішіне келісу парағын қоса береді және кандидатураны ҚАЖ мекемесінің мүдделі қызметтерімен және басшылығымен келіседі.
68. ҚАЖ мекемесінің мүдделі қызметтерімен және басшылығымен келісілген өтінішті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері сотталғанмен үш данада еңбек шартын жасасу және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес сотталғанды жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығару үшін кәсіпкерлік субъектісіне береді.
69. Жұмыс беруші ҚАЖ мекемесінің күн тәртібімен жұмыс істеуге бөлінген жұмыс уақыты ішінде сотталғандармен бірге өндіріс объектісінде жұмысқа жіберіледі. Өтінім болған жағдайда, мекемеде қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасы енгізілген жағдайды қоспағанда, жұмыс беруші сотталғандармен бірге олардың келісімімен демалыс және мереке күндері Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын сақтай отырып жұмысқа жіберіледі.
70. Сотталғандардың жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін мекемелер аумағында орналасқан өндірістік объектілерді өзге меншік нысандарындағы ұйымдарға беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
8-тарау. ҚАЖ мекемесінің күзетілетін аумағынан тыс орналасқан ұйымдарда сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібі
71. ҚАК-тің 119-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген объектілерде жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған кезде сотталғандар мекеме орналасқан елді мекен шегіндегі өзге де ұйымдарда (күзетілетін аумақтан тыс) жұмыс берушінің есебінен инженерлік-техникалық қадағалау, бақылау және күзет құралдарымен жабдықталған, сондай-ақ ҚАЖ мекемесінің әкімшілігімен оларға тиісті күзет пен оқшаулауды қамтамасыз еткен жағдайда жұмысқа орналастырылады. 72. ҚАЖ мекемелерінің күзетілетін аумағынан тыс орналасқан ұйымдардың жұмыс объектілерінде сотталғандарды қадағалауды, бақылауды және күзетуді ҚАЖ мекемелерінің әкімшілігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бөлімшелердің штат санына сәйкес жүзеге асырады.
73. Мекеменің күзетілетін аумағынан тыс орналасқан өндірістік объектілерге шығаруға рұқсат беру не бас тарту сотталғандарға олардың мінездемесін, мінез-құлқын және жазаны өтеу мерзімінің қалдығын ескере отырып, ҚАЖ мекемесі бастығының не оны алмастыратын адамның қаулысы бойынша мекеме комиссиясының материалдары негізінде беріледі. Қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
74. Мекеменің күзетілетін аумағынан тыс жерге шығару:
1) өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар;
2) есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар деп танылған, сондай-ақ туберкулезден не басқа да инфекциялық аурудан емделуді аяқтамаған сотталғандар;
3) террористік, экстремистік қылмыстар үшін не қылмыстық топтың құрамында жасаған қылмыстары үшін сотталғандар;
4) қашып шығуға бейім ретінде профилактикалық есепте тұрған сотталғандар;
5) жазасын өтеу кезеңінде жасаған қасақана қылмыстары үшін сотталғандар;
6) теріс мінез-құлық дәрежесі бар сотталғандарға берілмейді.
75. Сотталғандарды ұйымдарда (күзетілетін аумақтан тыс жерлерде) жұмысқа орналастыру ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі мен жұмыс беруші арасындағы жұмыс күшін беруге арналған шарт негізінде, сондай-ақ жұмыс беруші мен сотталғандар арасында ресімделетін еңбек шарттары және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес сотталғанды жұмысқа қабылдау туралы бұйрық негізінде жүзеге асырылады.
76. ҚАЖ мекемесінің күзетілетін аумағынан тыс жұмыстарда болған кезде сотталғандар:
1) жүру бағыты мен уақытын, белгіленген киім нысанын, сондай-ақ жұмыс уақытының кестесін сақтайды;
2) ҚАЖ мекемесі әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің, полиция қызметкерлерінің бірінші талабы бойынша ҚАЖ мекемесінің күзетілетін аумағынан тыс жұмыстарға шығу үшін берілетін рұқсаттаманы ұсынады. ҚАЖ мекемесіне оралған кезде рұқсаттама қадағалауды жүзеге асыратын мекеме әкімшілігінің өкіліне тапсырылуға жатады.
77. Сотталғандарға:
1) жұмыс уақыты кезеңінде ҚАЖ мекемесінен тыс сотталған жұмысқа орналастырылған күзетілетін аумақтың шегінен кетуге;
2) жұмыс объектісін қалдыруға;
3) хатты жөнелту, беру үшін қабылдау және сотталғандар мен өзге де адамдардың басқа да тапсырмаларын орындауға;
4) рұқсаттаманы басқа адамдарға беруге жол берілмейді.
78. Жұмыс беруші жұмыс уақытының ішінде сотталғандардың жұмыс объектісінде болуын бақылауды жүзеге асырады, жұмыс процесін және оларға жүктелген еңбек міндеттерін орындауды ұйымдастырады.
79. ҚАЖ мекемесінің күзетілетін аумағынан тыс жұмысқа орналастырылған сотталғандар күзетіледі, қадағалауда болады және айдауылмен алып жүруге жатады.
80. Сотталғандарды еңбекке тартатын кәсіпорындар қаражаты есебінен оларға белгіленген нормалардан тыс қосымша тамақтандыру ұйымдастырылуы мүмкін.
9-тарау. Камералық ұстау жағдайында сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібі
81. Сотталғандардың еңбегі арнайы жабдықталған жұмыс камераларында ұйымдастырылады.
82. Сотталғандардың камерадан тыс еңбегі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 болып тіркелген) бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
83. Жұмыс басталар алдында және аяқталғаннан кейін сотталғандар, олардың заттары мен киімдері, сондай-ақ жұмыс камерасы жете тексеріліп, тінту жүргізіледі.
84. Жұмыс камералары болмаған кезде еңбек өндірістік аймақтың оқшауланған жергілікті учаскелерінің аумағында ұйымдастырылады.
85. Мекеме әкімшілігі ҚАЖ мекемесінде үй-жайлардың болуына қарай жұмыс камераларын жабдықтайды.
86. Камераларда орналастырылған қатаң жағдайларында жазасын өтеп жүрген сотталғандар үшін еңбекті пайдалану олардың орналасқан жері бойынша үй-жайда ұйымдастырылады.
10-тарау. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тәртібі
87. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың еңбегі еңбек шартын жасасу мен тоқтатуды және басқа жұмысқа ауыстыруды қоспағанда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі. Еңбек шартын жасасуды, оны тоқтатуды және сотталғанды басқа жұмысқа ауыстыруды мекеме әкiмшiлiгiн хабардар ете отырып, жұмыс беруші жүзеге асырады.
88. Қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің әкiмшiлiгi сотталғандарды мекеменің кәсіпорнына не мұндай мүмкіндік болмаған кезде мекеме шегінен тыс жерде, бірақ ол орналасқан тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың шегінде орналасқан ҚАЖ мекемелеріне, оларды тиісінше бақылау мен қадағалауды, сондай-ақ жұмыс беруші мен сотталған арасында жасалатын еңбек шартын қамтамасыз ету шартымен сотталғандарға тұру құқығы беріліп, мекеме әкiмшiлiгi мен жұмыс беруші арасындағы шарттардың негізінде жұмысқа орналастырады.
89. Сотталғандар қауіпсіздігі барынша төмен мекеме әкімшілігі мен жұмыс беруші арасындағы шарттар негізінде тұру құқығынсыз мекеме орналасқан тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала, астана шегіндегі өзге де ұйымдарда жұмысқа орналастырылуы мүмкін.
90. ҚАЖ мемлекеттік мекемелерінде тұру құқығы теріс мінез-құлық дәрежесі бар сотталғандарға берілмейді.
91. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде ұсталатын сотталғандарға жұмыс уақытында мекеме әкімшілігіне хабарламай жұмыс объектілерінен кетуге жол берілмейді. Сотталғандар еңбек шарттарында көрсетілген объектілерде жұмысқа орналасады және жұмыстарды орындайды.
92. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандарды жұмысқа орналастыруға ниет білдірген кәсіпкерлік субъектілері ҚАЖ мекемесі бастығының не оны алмастыратын адамның атына өндіріс түрін, жұмысқа шығару үшін сотталғандардың санын көрсете отырып, сотталғандарды жұмысқа орналастыру туралы өтінішпен жүгінеді, ол қаралғаннан кейін құжаттарды ресімдеу не сотталғандарды жұмысқа орналастырудан бас тарту туралы дәлелді жауапты дайындау және жолдау үшін сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесіне жіберіледі.
93. Өтінішке Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі не оның жеке сәйкестендіру нөмірі бар электрондық нысаны, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті растайтын құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.
94. Қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің әкімшілігі сотталғандарды кәсіпкерлік субъектісінің жұмыс объектісіне шығарудың орындылығын куәландыру және бағалау үшін кәсіпкерлік субъектісінің жұмыс объектісіне комиссиялық шығуды жүзеге асырады, ол туралы акт жасалады.
95. ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі сотталғандарды жұмысқа орналастыру туралы оң шешім қабылдаған жағдайда мекеме әкімшілігі мен кәсіпкерлік субъектісі арасында сотталғандар арасынан жұмыс күшін беруге шарт жасалады.
96. Қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері үш жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік субъектісі ұсынған бос лауазымдарға орналастыру үшін сотталғандардың арасынан кандидатураларды іріктеуді жүзеге асырады.
97. Кандидатураларды іріктеу осы Қағидалардың 34-тармағында көзделген өлшемшарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
98. Кандидатура іріктелгеннен кейін сотталған ерікті нысанда кәсіпкерлік субъектісі басшысының атына жұмысқа орналастыру туралы өтініш береді.
99. Мекеме бастығының не оны алмастыратын адамның қарарымен кәсіпкерлік субъектісінің өтінішін қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлері сотталғанмен үш данада еңбек шартын жасасу және сотталғанды жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығару үшін кәсіпкерлік субъектісіне береді.
100. Жұмыс беруші қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің аумағында орналасқан өндіріс объектісінде ҚАЖ мекемесінің күн тәртібімен жұмыс істеуге бөлінген жұмыс уақыты ішінде сотталғандармен бірге жұмысқа жіберіледі. Өтінім болған жағдайда, мекемеде қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасын енгізу жағдайларын қоспағанда, жұмыс беруші сотталғандармен олардың келісімімен демалыс және мереке күндері Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын сақтай отырып, жұмысқа жіберіледі.
101. Сотталғандарды бақылауды ұйымдастыру мақсатында кәсіпкерлік субъектісі өндірістік объектіде жұмыс уақытының тәртібін бекітеді, ол үш жұмыс күні ішінде жұмыста бақылау және есепке алу үшін сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесіне беріледі.
102. Қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесі бекітілген тексеру кестесіне сәйкес сотталғандарды ақылы жұмысқа шығаруды және жұмыс объектілерін тексеруді жүзеге асыру үшін мекеменің кезекші бөліміне ұсынылатын жұмыс күшін беру шартында көрсетілген объектінің орналасқан жерін көрсете отырып, күн сайын сотталғандарды жұмыс объектілеріне шығару бойынша тапсырма кестесін жасайды.
103. Кәсіпкерлік субъектісінің жұмыс объектісіне сотталғандардың келуі мен кетуін сотталғандарды тасымалдауды ұйымдастыратын жұмыс беруші жүзеге асырады.
104. Жұмыс беруші ретінде әрекет ететін кәсіпкерлік субъектісіне жұмысқа орналастырылған сотталғандар қатарынан жұмыскерлерді іссапарға жіберуге, сондай-ақ оларды оқуға, біліктілігін арттыруға және ҚАЖ мекемесінің орналасқан жері бойынша жұмыс объектісін қалдыруды көздейтін басқа да негіздерге жіберуге жол берілмейді.
11-тарау. Сотталғандардың ҚАЖ мекемелерінде жеке еңбек қызметімен айналысу тәртібі
105. ҚАЖ мекемесінің аумағында сотталғандарға жеке еңбек қызметімен айналысуға мүмкіндік беріледі.
106. ҚАЖ мекемесіндегі жеке еңбек қызметі жазаны орындау және өтеу тәртібінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
107. Жеке еңбек қызметі ҚАЖ мекеме аумағының, ғимаратының, құрылысының бөлінген учаскесінде ҚАЖ мекемесінде жүзеге асырылады.
108. ҚАЖ мекемесінің аумағында сотталғанның жеке еңбек қызметін ұйымдастыру үшін, сотталған мекеме әкімшілігіне жеке еңбек қызметімен айналысу мәселесін қарастыру туралы жазбаша өтінішпен жүгінеді.
109. ҚАЖ мекемесінің әкімшілігі өтінішті қарайды және құжаттарды ресімдеу не ҚАЖ мекемесінің аумағында жеке еңбек қызметін ұйымдастырудан бас тарту туралы дәлелді жауапты дайындау және жіберу туралы шешім қабылдайды. Шешімді ҚАЖ мекемесі комиссиясының ұсынымдары негізінде мекеме бастығы не оны алмастыратын адам қабылдайды.
110. Сотталғанның ҚАЖ мекемесінің аумағында жеке еңбек қызметімен айналысуы үшін мекеме әкімшілігі мен сотталғанның арасында жеке еңбек қызметін жүзеге асыру туралы шарт жасалады. Шартта шарттың нысанасы, сотталғанның еңбек жағдайлары, тараптардың құқықтары мен міндеттері, жауапкершілігі, сондай-ақ жеке еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібі мен өзге де талаптар көзделеді.
111. ҚАЖ мекемесінің аумағында жеке еңбек қызметімен айналысу үшін сотталған өзіне меншік құқығымен тиесілі шикізатты, материалдарды, құралдарды пайдаланады.
112. Жеке еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде сотталғанға мынадай жұмыстар мен қызметтер түрлерін жүргізуге:
1) тесетін-кесетін заттарды дайындау;
2) көбейту, радиотелеграф, телефон, телефакс техникасын жөндеу және өндіру;
3) қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды пиротехникалық бұйымдарды өндіру, сондай-ақ қарудың кез келген түрін жөндеу;
4) есірткіні, психотроптық заттар мен сол тектестерді, күшті әсер ететін немесе улы заттарды дайындау;
5) құрамында есірткі және улы заттар бар дақылдарды себу, өсіру және өткізу;
6) бағалы метал кендерін, радиоактивті және сирек жер элементтерін қайта өңдеу;
7) бағалы металдардан, тастардан және бұйымдардан жасалған бұйымдарды осындай материалдарды пайдалана отырып жөндеу және қайта өңдеу;
8) медициналық қызметпен айналысу;
9) алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерін өндіру;
10) ордендер мен медальдар дайындау;
11) мөртабандарды, штемпельдерді, мөрлерді, қаріптерді дайындау;
12) лицензиялауды, сондай-ақ ҚАЖ мекемесі әкімшілігінің рұқсатын талап ететін қызмет жол берілмейді.
113. Жеке еңбек қызметіне байланысты жұмыстарда ҚАЖ мекемесінің аумағында жеке еңбек қызметін ұйымдастырған сотталғанға ерікті жалдамалы жұмыскерлердің не осы мекемеде ұсталатын басқа да сотталғандардың бағынуына жол берілмейді.
114. Жеке еңбек қызметімен айналысатын сотталғандарға бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі өздеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде мекеме қызметкерлеріне және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне кедергі жасауға жол берілмейді.
115. Сирек кездесетін көркемөнер бұйымдарын жасауда жоғары шеберлігі бар сотталған оған бейімділігі бар басқа сотталғандарды өтеусіз негізде оқыта алады.
