ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан-тармақтан қараңыз.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 217 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 19714 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
каулының кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 3-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 3-бабының 3-1-тармағына сәйкес әзірленді және электрондық тәсілмен (Интернет арқылы) микрокредиттер беру тәртібін айқындайды.";
2-тармақ мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
"9-1) кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім – кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас (ажырамас) бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) микрокредит алу сомасын және уақытын, алайда микрокредиттер беру қағидаларында және кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде клиенттің өзі айқындауға мүмкіндік беретін талаптарда жасалған микрокредит беру туралы шарт;";
мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) "Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 19697 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 232 қаулы) көзделген іс-шараларды жүзеге асырады;";
8) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 8-1 және 8-2-тармақтармен толықтырылсын:
"8-1. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (кредиттік серіктестікті және ломбардты қоспағанда) оның жоғарғы органы бекітетін, мынадай рәсімдерді айқындайтын ішкі құжат әзірлейді:
1) алаяқтық тәуекелдерін сәйкестендіру және алаяқтық тәуекелдеріне ұшырағыштықты ерте анықтау индикаторларын айқындау;
2) бағалаудың сапалық және (немесе) сандық әдістерін қолдана отырып, оның ішінде оларды іске асыру жөніндегі деректер негізінде алаяқтықтың барлық анықталған тәуекелдерінің ықтималдығы мен салдарын бағалау;
3) клиенттер-жеке тұлғалардың алаяқтық мәселелері жөніндегі жолданымдарын (шағымдарын) қарау;
4) алаяқтық белгілері бар күдікті операциялар бойынша ішкі тергеу жүргізу;
5) алаяқтықтың елеулі тәуекелдерін іске асыру жөнінде мәліметтер жинау және сақтау;
6) алаяқтық тәуекелдерін қамтитын тәуекелдер тізілімін қалыптастыру;
7) алаяқтық тәуекелдерін, оның ішінде Қағидалардың 9-1-тармағында көзделген талаптарды іске асыру кезінде барынша азайту шараларын әзірлеу;
8) алаяқтық тәуекелдерін өңдеу жөніндегі шаралардың орындалуын мониторингтеу.
8-2. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым (кредиттік серіктестікті және ломбардты қоспағанда) антифрод-жүйесінің болуын қамтамасыз етеді.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның антифрод-жүйесі:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚРҰБ) антифрод-орталығымен техникалық ықпалдастықты қамтамасыз етеді;
2) алаяқтық белгілері бар күдікті операциялар және алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясын жүзеге асыру әрекеттері туралы дерекқордағы алаяқтық туралы ақпараттың толық көрсетілуін және деректерді ҚРҰБ антифрод-орталығына тәулік бойы үздіксіз беруді қамтамасыз етеді;
3) күдікті белсенділікті анықтау үшін сценарийлердің берілген алгоритмдерін, модельдерін және қағидаларын қолданады;
4) ҚРҰБ антифрод-орталығының тізімдерінен алынған мәліметтер негізінде үздіксіз жаңартылып отыратын алаяқтық белгілері бер күдікті операцияларды жүзеге асыратын адамдардың ішкі тізімін жүргізуді қамтамасыз етеді;
5) ҚРҰБ антифрод-орталығының тізімдерін қоса алғанда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның ішкі тізімдерімен клиенттер-жеке тұлғаларды автоматты түрде салыстырып тексеруді қамтамасыз етеді;
6) микрокредит беру бойынша операцияны тоқтата тұру және (немесе) одан бас тарту мүмкіндігін көздейді;
7) Қағидалардың талаптарына сәйкес деректердің сақталуын және қауіпсіздігін, алаяқтық туралы деректермен ақпарат алмасудың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
8) алаяқтық белгілері бар күдікті операцияларды анықтау үшін өлшемдерді талдауды және теңшеуді, тестілеуді және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның антифрод-жүйесіне өзгерістер енгізуді қамтамасыз етеді.";
9-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Микрокредитті электрондық тәсілмен беру микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның банктік шотынан клиенттің банктік шотына (төлем карточкасына) ақша аудару арқылы, сондай-ақ клиентке терминал немесе касса арқылы қолма-қол ақша беру және (немесе) клиенттің өтініші бойынша микрокредитті микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйыммен осы Қағидалардың 9-1-тармағында көзделген талаптарды ескере отырып, клиенттің сатып алынатын тауар немесе орындалған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуін көздейтін шарт жасалған заңды тұлғаның банктік шотына аудару арқылы жүзеге асырылады.";
мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:
"9-1. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредит бойынша клиент-жеке тұлғаға электрондық тәсілмен жасалған микрокредит беру туралы шарт негізінде, мөлшері № 232 қаулыда айқындалған ең аз мөлшерден асатын ақшаны мынадай талаптарды сақтай отырып береді:
1) шартқа қол қойылған не микрокредит сомасы ұлғайтылған сәттен бастап жиырма төрт сағаттан ерте емес;
2) клиент-жеке тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін № 232 қаулыда көзделген талаптарға сәйкес ресімделген тұтынушылық микрокредит алуға келісім бергеннен кейін.
Клиент-жеке тұлғаға күнтізбелік бір күн ішінде мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген, сомасы қосу нәтижесінде № 232 қаулыда айқындалған ең төменгі мөлшерден асатын бірнеше тұтынушылық микрокредиттер электрондық тәсілмен берілген жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талапты, оның ішінде ішкі құжаттардың талаптарын сақтайды.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген талаптар кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісім шеңберінде мүлік кепілімен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық микрокредитті электрондық тәсілмен беру жағдайларына да қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талап тұтынушылық микрокредит сомасын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді клиент (сатып алушы) олардың алынғанын растайтын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсаттарына, сатушының (жеткізушінің) банктік шотына беру жағдайларына және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның сол микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымда алынған клиент-жеке тұлғаның микрокредиті бойынша берешекті өтеу мақсатына қолданылмайды.";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан Республикасының заңнамасында және Заңда көзделген негіздер бойынша клиентке микрокредит беруден бас тартады.";
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізу, оны заңсыз өзгерту, үшінші тұлғалар тарапынан заңсыз әрекеттерді не жеке-клиенттердің микрокредиттерімен өзге де заңсыз (алаяқтық) әрекеттерді жүзеге асыру анықталған сәттен бастап микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым бұл туралы клиентке және уәкілетті органға бір жұмыс күні ішінде хабарлайды, екі жұмыс күні ішінде заңсыз әрекеттерді жою үшін шаралар қабылдайды және он жұмыс күні ішінде осындай әрекеттердің салдарын жою үшін шаралар қабылдайды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес құқық қорғау органдары енгізген (шығарған) қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыным не микрокредитті алаяқтық тәсілмен ресімдеуге байланысты қылмыстық құқық бұзушылық бойынша клиент-жеке тұлғаны жәбірленуші деп тану туралы қаулы негізінде микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым күнтізбелік үш күннен кешіктірмей:
клиенттің осындай микрокредиті бойынша берешекті өндіріп алуды және шағым-талап жұмысын тоқтата тұрады;
клиенттің осындай микрокредиті бойынша сыйақы және (немесе) айыпақы есептеуді тоқтата тұрады.
Сондай уәкілеттілік берілген уәкілетті тұлға немесе орган оның негізінде микрокредит бойынша сыйақы есептеу, берешекті өндіріп алу және шағым-талап жұмысын жүргізуді тоқтата тұрған ұсынымның не қаулының күшін жойған жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым сыйақы есептеуді тоқтата тұру кезеңінде микрокредитті пайдаланғаны үшін қосымша сыйақы есептейді және клиент бойынша берешекті өндіріп алуды және шағым-талап жұмысын қайта бастайды.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылған клиентке клиенттің сәйкестендіру құралдарын үшінші тұлғаның заңсыз алуы және пайдалануы салдарынан алаяқтық тәсілмен микрокредит ресімдеу фактісі анықталған заңды күшіне енген сот актісін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, оның ішінде микроқаржы ұйымының қызметтерін қашықтан көрсетудің бағдарламалық қамтылымын алыстан басқаруды пайдалану немесе микроқаржы ұйымының биометриялық сәйкестендіруді жүргізу тәртібін не уәкілетті органның ішкі және сыртқы алаяқтық фактілерін анықтау, тіркеу және талдау жөніндегі нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарды бұзуы арқылы микрокредитті ресімдеу кезінде микрокредит бойынша клиенттің берешегін есептен шығару туралы шешім, сондай-ақ клиентке осындай микрокредит бойынша бұрын ұсталған (төленген) сомаларды қайтару жөнінде шаралар қабылдайды.
Қағидалардың осы тармағына сәйкес микрокредит бойынша клиент-жеке тұлғаның берешегін есептен шығару микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымды клиент-жеке тұлғадан сот белгілеген клиенттің өз кінәсі болған кезде, алаяқтық тәсілмен ресімделген оған берілген микрокредит бойынша берешекті өтеуді талап ету құқығынан айырмайды.";
36-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымда клиенттің дербес деректерін заңсыз тарату туралы ақпарат болған жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым мыналарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, қосымша қауіпсіздік шараларын іске асырады:".
2. Іс-қимылды қадағалау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы, 2025 жылғы 30 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы, жиырма жетінші, жиырма сегізінші, жиырма тоғызыншы, отызыншы, отыз бірінші, отыз екінші, отыз үшінші, отыз төртінші, отыз бесінші, отыз алтыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші, отыз тоғызыншы, қырқыншы және қырық бірінші абзацтарын қоспағанда, ресми жариялануға тиіс және 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі