Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілердің электрондық әмиянынан ақшаның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында есепке жатқызу және (немесе) аудару (мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шоты) қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 шiлдедегi № 412 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 1 тамызда № 36560 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Бюджеттік кодексінің 106-бабы 3-тармағының 22) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілердің электрондық әмиянынан ақшаның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында есепке жатқызу және (немесе) аудару (мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шоты) қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 30 шілдедегі
№ 412 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілердің электрондық әмиянынан ақшаның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында есепке жатқызу және (немесе) аудару (мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шоты) қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік сатып алудағы электрондық әмиянды қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджеттік кодексінің 106-бабы 3-тармағының 22) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілердің электрондық әмиянынан ақшаның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында есепке жатқызу және (немесе) аудару (мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шоты) тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуетті өнім беруші – "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) көзделген жағдайларда мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум), сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға;

      2) бірыңғай сатып алу платформасы (бұдан әрі – веб-портал) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі, ол мемлекеттiк сатып алудың және "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткiзудiң бірыңғай нүктесiн ұсынады;

      3) мемлекеттiк сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншiк иесi мемлекет болып табылатын заңды тұлға;

      4) мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың екінші деңгейдегі банктерде ашылған шоты (бұдан әрі – ЕДБ-де ашылған шот) – бұл әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілердің электрондық әмиянды толтыруына арналған банктік шот;

      5) мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шоты – мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілердің электрондық әмиянға енгізілген ақшасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында есепке жатқызуына және (немесе) аударуына байланысты операцияларды есепке алуға арналған мемлекеттік қазынашылықта ашылған шот;

      6) мемлекеттік қазынашылық органдар – бюджетті атқару жөніндегі орталық атқарушы органның бюджетті қазынашылық атқару жөніндегі уәкілетті органының функциялары жүктелген ведомствосының аумақтық бөлімшелері;

      7) өнім беруші – осы Заңда көзделген жағдайларда тапсырыс берушiмен жасасқан шартта оның тарапы ретiнде әрекет ететiн, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум), сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға;

      8) электрондық әмиян – әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші бірыңғай оператордың шотына ақша салған кезде оның:

      мемлекеттік сатып алуға қатысуға арналған өтінімдерді қамтамасыз етуге;

      шарттың орындалуын қамтамасыз етуге;

      авансты қамтамасыз етуге (егер шартта аванс көзделсе);

      демпингке қарсы соманы енгізуге байланысты операцияларын көрсету үшін бірыңғай оператор пайдаланатын әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің жеке шоты.

2-тарау. Әлеуетті өнім берушілердің және (немесе) өнім берушілердің қамтамасыз ету шаралары ретінде енгізілетін ақшасын есепке жатқызу және веб-порталда пайдалануды қамтамасыз ету

      3. Әлеуетті өнім берушілердің және (немесе) өнім берушілердің ақшасы Заңға сәйкес қамтамасыз ету шаралары ретінде электрондық әмиянды толтыру үшін ЕДБ-де ашылған шотқа түседі.

      4. Электрондық әмиянға ақша аудару төлем құжатында көрсетілген заңды тұлғаның бизнес-сәйкестендіру нөміріне (бұдан әрі – БСН) немесе жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөміріне (бұдан әрі – ЖСН) сәйкес жүргізіледі.

      5. Әлеуетті өнім берушілер және (немесе) өнім берушілер төлем құжатында төлем жөнелтушілердің тиісті сәйкестендіргіштерін, деректемелерін, төлем мақсатының кодын көрсете отырып, ақша енгізеді.

      6. Бірыңғай оператор әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші ЕДБ-де ашық шотқа ақшаны аударған сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушінің және (немесе) өнім берушінің электрондық әмиянында есептелген соманың көрсетілуін қамтамасыз етеді және оларға Заң шеңберінде қамтамасыз ету шаралары ретінде төлем жүргізуге мүмкіндік береді.

      7. Бірыңғай оператордың әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) өнім берушілерге ақшаны үздіксіз және уақтылы қайтару жөніндегі операцияларды орындауы үшін бірыңғай оператор Заңға сәйкес ЕДБ-де ашылған шотқа түскен және электрондық әмиянның жалпы ақша сомасының кемінде 70 (жетпіс) пайызы көлемінде электрондық әмияндағы ақшаны сақтауды қамтамасыз етеді.

3-тарау. Мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың екінші деңгейдегі банктерде ашылған шотына түскен және электрондық әмияндағы ақшаны сақтау, аудару және қайтару

      8. ЕДБ-де ашылған шотқа түскен және электрондық әмияндағы жалпы сомасының 30 (отыз) пайызы көлеміндегі ақшаны бірыңғай оператор әр айдың соңында оны сақтау мақсатында бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударады.

      Бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шотында сақталуын қамтамасыз ету үшін Бірыңғай оператордың ақша аударуы келесі айдың 10-нан (онынан) кешіктірмей жүзеге асырылады.

      9. Бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша әлеуетті өнім берушінің және (немесе) өнім берушінің өтінімі бойынша бірыңғай оператор талап еткенге дейін сақталады.

      10. Әлеуетті өнім берушінің және (немесе) өнім берушінің электрондық әмияндағы ақшаны талап ету құқығының үшінші тұлғаларда туындауына әкеп соғатын іс-әрекеттер жасауына жол берілмейді.

      11. Электрондық әмияннан ақшаны қайтаруды бірыңғай оператор веб-портал арқылы өтінім түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады, жүйеде тиісті тіркеу белгісі қалады.

      12. Әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) өнім берушілерге қайтару үшін ЕДБ-де ашық шотта ақша жеткіліксіз болған жағдайда, бірыңғай оператор әлеуетті өнім берушіден және (немесе) өнім берушіден электрондық әмияннан ақшаны қайтаруға өтінім келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шотында сақталатын ақшаны аударуға арналған төлем тапсырмасын мемлекеттік қазынашылық органына жібереді.

      Мемлекеттік қазынашылық органы төлем тапсырмасын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сұратылған соманы бірыңғай оператордың қолма-қол ақшаны бақылау шотынан ЕДБ-де ашық шотқа аударуды орындайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады