Қазақстан Республикасы Су кодексінің 25-бабының 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызу қағидалары бекітілсін.
2. "Су объектiсiн ауыз сумен жабдықтау көздерiне жатқызу қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 739 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12686 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы |
Т. Мұратов |
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 30 шілдедегі № 73 Бұйрығымен бекітілген |
Су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 25-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылды:
1) гигиеналық норматив – "Ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық суды пайдалану қауіпсіздігі көрсеткіштерінің гигиеналық нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № ҚР ДСМ-138 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30713 болып тіркелген);
2) санитариялық қорғау аймағы (бұдан әрі – СҚА) – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары белгілеген, ауызсумен жабдықтау, халықтың емдік, курорттық және өзге де сауықтыру қажеттіліктері үшін пайдаланылатын суды қорғау мақсатында олардың жай-күйін күзетудің және бақылаудың арнайы режимі сақталатын ауызсумен жабдықтау көздерінің (жерүсті немесе жерасты) айналасындағы аумақ;
3) санитариялық қағидалар – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы № 26 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31934 болып тіркелген) бекітілген "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары;
4) су объектісі – сарқынды суларды жинақтағыштарды қоспағанда, шекаралары, табиғи немесе реттелетін су режимі бар, құрлықтың табиғи немесе жасанды бедерінде не жер қойнауында судың тұрақты немесе уақытша шоғырлануы;
5) су пайдаланушы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су пайдалану құқығын иеленген және оны іске асыратын жеке немесе заңды тұлға.
2-тарау. Су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызу тәртібі
3. Су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызу санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативке сәйкес келетін ауызсуды алу мүмкіндігін ескере отырып, жүзеге асырылады.
4. Су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызу және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету санитариялық қағидаларға және гигиеналық нормативке сәйкес шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздері ретінде пайдаланылуы мүмкін су объектілерін сәйкестендіру және жіктеу жолымен жүзеге асырылады.
5. Су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызу үшін мыналар:
1) санитариялық қағидаларға сәйкес әзірленген СҚА жобасы;
2) "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22004 болып тіркелген) сәйкес сумен жабдықтау көзіне эпидемиологиялық мәні жоғары объектінің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы негіздеме болып табылады.
6. Су объектілері халықтың ауызсумен және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау мақсатында су айдындарының акватория учаскелерін (су қоймалары, өзендер, көлдер, теңіздер), жағалаудағы құрлық жолағын, сондай-ақ санитариялық қорғау аймақтарын (су айдындары ауызсу және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау көздері ретінде пайдаланылған жағдайда) пайдалануы үшін ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызылған кезде мыналар:
1) дауыл, су айдынына құятын өзендердің тасуы (жайылуы) кезіндегі су айдынының гидрологиялық және гидрохимиялық деректері;
2) халықты сумен жабдықтау үшін суды неғұрлым көп жинау кезіндегі судың құрамы мен қасиеттерінің көрсеткіштері;
3) дауыл, су айдынына құятын өзендердің тасуы (жайылуы) кезінде нормаланатын заттар шоғырлануының орташа арифметикалық мәні;
4) басым жағалау ағыстары;
5) айдау-қума желдер ескеріледі.
7. Ауызсумен жабдықтау үшін суының сапасы белгіленген экологиялық нормативке сәйкес келетін, ластанудан және қоқыстанудан қорғалған жерүсті және жерасты су объектілері пайдаланылады. Ауызсумен жабдықтау көздерінде Қазақстан Республикасының су заңнамасына және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес оларды күзету және олардың жай-күйін бақылаудың арнайы режимі белгіленеді.
8. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес ауызсумен жабдықтау көздерін резервтеу жүзеге асырылады.
Ауызсумен жабдықтау көздерін резервтеу мүмкіндігі болмаған кезде гигиеналық нормативке сәйкес ауызсудың нормативтік сапасы қамтамасыз етілген жағдайда суының сапасы белгіленген экологиялық нормативке сәйкес келмейтін су объектілері қаралады.
9. Сумен жабдықтаудың өзге көздері болмаған және осы жерасты сулары ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көзі болып табылмайтын жағдайларды қоспағанда, ауызсумен жабдықтауға жарамды жерасты суларын өзге мақсаттар үшін пайдалануға жол берілмейді.
10. СҚА жобасы, эпидемиологиялық мәні жоғары объектінің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Су кодексіне және осы Қағидаларға сәйкес су объектілерін халықты ауызсумен қамтамасыз ету көздеріне жатқызады.