Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 834 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 қыркүйекте № 29856 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 357 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереже 15-тармағының 145) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің мынадай бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 26 сәуірдегі № 287 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18618 болып тіркелген);

      2) "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 26 сәуірдегі № 287 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 31 наурыздағы № 181 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22463 болып тіркелген).

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2022 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 834 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда көзделген – ҚР Қорғаныс министрінің 24.07.2025 № 875 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, бірақ 16.09.2025 ерте емес қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен (бұдан әрі – ҚР ҚК) шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. ҚР ҚК-ден шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу (бұдан әрі – әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдар) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу қайта даярлауды және психологиялық сүйемелдеуді қамтиды.

      3. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 50-бабының 2-тармағына сәйкес ҚР ҚК-ден шығарылған кезде:

      1) әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша ҚР ҚК-ден шығарылған, әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты ауру тапқан, сондай-ақ әскери қызметте жиырма және одан көп еңбек сіңірген жылдары бар адамдар, оның ішінде әскери қызмет өткерген кезеңде азаматтық мамандықтарды меңгеру мақсатында;

      2) офицерлер, аға немесе жоғары сержанттар құрамы лауазымдарында әскери қызмет өткерген, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі және кемінде он жыл сіңірген еңбегі бар ҚР ҚК-ден шығарылатын адамдар (әскери қызметке қайта кіру құқығынсыз теріс себептер бойынша шығарылатын адамдарды қоспағанда) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне (бұдан әрі – ҚР ҚМ) ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарында өтеусіз негізде педагогикалық қайта даярлаудан өту мақсатында әлеуметтік бейімделумен қамтамасыз етіледі.

2-тарау. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын, әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдарды қайта даярлау

      4. Әскери бөлімнің (мекеменің) кадр органы әлеуметтік бейімдеуге жататын адамды қызметтен шығарылғанға дейін 6 ай бұрын, соның ішінде әскери қызмет өткерген кезеңде азаматтық мамандықты меңгеру және (немесе) ҚР ҚМ ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарында өтеусіз негізде педагогикалық қайта даярлау мақсатында әлеуметтік бейімделуді қамтамасыз ету құқығы бар екені туралы жазбаша хабардар етеді.

      5. Әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдарды қайта даярлау жөніндегі іс-шаралар екі бағыт бойынша жүзеге асырылады:

      1) осы Қағидалардың 3-тармағының 1-тармақшасында көрсетілген адамдар үшін өз қаражаты есебінен қызмет өткеру орнында немесе қашықтан оқу нысаны арқылы жүзеге асырылатын, әскери қызмет өткеру кезеңінде жұмыстың белгілі бір түрін орындау үшін қажет жаңа немесе өзгертілген кәсіптік дағдыларды меңгеру үшін тұлғаны дамытуға бағытталған азаматтық мамандық бойынша кәсіби даярлау (бұдан әрі – кәсіби даярлау);

      2) осы Қағидалардың 3-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген адамдар үшін онлайн режимде ҚР ҚМ ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарында өтеусіз негізде педагогикалық даярлау (бұдан әрі – педагогикалық қайта даярлау).

      6. Әлеуметтік бейімделуге жататын және кәсіби даярлықтан өтуге ниет білдірген адам хабарламаны алғаннан кейін әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) атына оны әлеуметтік бейімделуге тізімге енгізу және 40 тәуліктен аспайтын мерзіммен оқу үшін қызметтік міндеттерін орындаудан босату туралы баянат береді. Баянатқа оқу мерзімі көрсетілген әскери қызметші мен оқыту ұйымы арасында жасалған оқыту бойынша қызметтер көрсету туралы шарт қоса беріледі.

      7. Әлеуметтік бейімделуге жататын және педагогикалық қайта даярлаудан өтуге ниет білдірген адам хабарламаны алғаннан кейін әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) атына оны әлеуметтік бейімдеуге арналған тізімдерге енгізу туралы баянат береді. Баянатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) Қазақстан Республикасы азаматы жеке куәлігінің көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы);

      2) жоғары білім туралы құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы);

      3) әскери бөлімнің (мекеменің) кадр органы берген әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз ету құқығы туралы хабарлама.

      8. Тоқсан сайын ҚР ҚМ, ҚР ҚК Бас штабы құрылымдық бөлімшелерінің, ҚР ҚК бас басқармаларының бастықтары, ҚР ҚК түрлерінің бас қолбасшылары, жергілікті әскери басқару органдарының бастықтары ҚР ҚК-де тәрбие, әлеуметтік-құқықтық, психологиялық және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесіне (бұдан әрі – құрылымдық бөлімше) кәсіби даярлауға және педагогикалық қайта даярлауға бағытталған әлеуметтік бейімделуге жататын адамдардың тізімін ұсынады.

      9. Педагогикалық қайта даярлауға жататын адамдардың қорытынды тізімін Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары бекітеді және ол педагогикалық қайта даярлауды өткізу күні мен уақытын көрсете отырып, ҚР ҚМ ресми сайтында жарияланады.

      10. Әлеуметтік бейімделуге жататын және педагогикалық қайта даярлаудан өтуге ниет білдірген әскери қызметші ҚР ҚМ ресми сайтындағы жарияланым негізінде оны педагогикалық қайта даярлауды жүргізу кезеңіне қызметтік міндеттерін орындаудан босату туралы әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) атына баянат береді.

      11. Әлеуметтік бейімделуге жататын адамдарды педагогикалық қайта даярлауды осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес бекітілген тізімдер негізінде жарты жылда бір реттен сиретпей әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚМ құрылымдық бөлімшесі ұйымдастырады.

      12. Әскери қызметші еркін нысанда бас тарту туралы баянат бере отырып, әлеуметтік бейімделуге қатысудан толық не оның жеке бағыттарынан бас тарта алады.

      13. ҚР ҚК әскери бөлімдері мен мекемелерінде ҚР ҚК-ден шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыруды командирлердің (бастықтардың) тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары жүзеге асырады.

3-тарау. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын, әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдарды психологиялық сүйемелдеу

      14. Әлеуметтік бейімделуге жататын әскери қызметшілерге кәсіби бағдар беру үшін психологиялық консультация беруден өту мүмкіндігі беріледі, ол қызметтен шығарылатын адамның жеке басын, оның мүдделерін, бейімделуін, өзі үшін болашақ мамандықтың әртүрлі сипаттамаларының, кәсіби қабілетінің, бар білімі мен дағдыларының, физикалық мүмкіндіктерінің қолайлылығын дербес пайымдауын алдын ала зерделеу нәтижесіне негізделеді.

      15. Психологиялық консультация беруді әскери бөлімнің (мекеменің) психологиялық жұмыс мамандары жұмыстан шығарылатын әрбір әскери қызметші үшін жеке курс нысанында жүргізеді. Курс әрбір консультацияның ұзақтығы кемінде 60 минут болатын кемінде 3 (үш) консультация беруді қамтиды. Консультацияның мазмұны міндетті түрде мынадай бағыттарды қамтиды:

      1) жеке тұлғаның өзекті психоэмоциялық жай-күйі мен бейімделу әлеуетінің деңгейін диагностикалау;

      2) әскери қызметшінің мүдделерін, бейімділігі мен кәсіби қабілеттерін зерделеуге негізделген кәсіптік бағдарлау;

      3) психикалық тұрақтылықты сақтау және күйзелісті жеңу үшін психологиялық өзін-өзі реттеу әдістеріне, аутотренингке және психотехникалық әдістерге оқытып-үйрету.

      Жүргізілген консультациялар нәтижесі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 13 қазандағы № 911 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамымен тәрбие, әлеуметтік-құқықтық, психологиялық және идеологиялық жұмысты ұйымдастыру қағидаларына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30165 болып тіркелген) психологиялық жұмыс маманының жеке және топтық жұмыс нысанын есепке алу журналында есепке алынады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады