Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 7 шілдедегі № 1347 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын (криптоиндустрияны) ынталандыру және дамыту, оның ішінде қолайлы құқықтық және экономикалық орта құру, инвестициялық тартымдылықты арттыру, нарыққа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасында криптоиндустрияға қатысушылардың сенімін қолдауға және оларға арналған мүмкіндіктерді кеңейтуге қабілетті заманауи, бәсекеге қабілетті саланы қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, заңсыз операцияларға қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету және нарыққа қатысушылардың құқықтарын қорғау жағдайында халық пен бизнестің цифрлық активтерді қауіпсіз пайдалануы үшін құқықтық, институционалдық, технологиялық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасау арқылы Қазақстан Республикасында халықаралық қаржы нарықтарына интеграцияланған, капитал тартатын, реттелетін, ашық және бәсекеге қабілетті цифрлық активтер нарығын қалыптастыру цифрлық активтар индустриясын дамытудың мақсаты деп айқындалсын.

      2. Мыналар:

      цифрлық активтермен жасалатын операцияларды елдің реттелетін цифрлық активтер экожүйесіне көшіруді, соның ішінде реттеушілік режимнің тартымдылығын арттыру арқылы ынталандыру;

      токендеу жөніндегі платформаларды және сауда, айырбастау, есеп айырысу, кастодиалдық шешімдерді, сондай-ақ қаржы жүйесімен және ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымымен өзара іс-қимыл жасайтын криптофиаттық арналарды қамтитын цифрлық активтер нарығының функционалдық жағынан озық ұлттық инфрақұрылымын қалыптастыру арқылы ел ішінде өтімділікті ұстап тұру және цифрлық активтер айналымының өсуі, индустрияның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жағдайлар жасау;

      цифрлық активтер базасында жаңа инновациялық қаржы құралдары мен төлем қызметтерін, соның ішінде трансшекаралық есеп айырысуларды жүргізу үшін енгізу;

      пайдаланылмайтын және жаңартылатын энергия ресурстарын цифрлық майнингке тарту;

      экономиканың нақты секторын қаржыландырудың көздерін кеңейту және әртараптандыру мақсатында активтерді токендеуді дамыту;

      цифрлық активтермен жасалатын операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін, тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ заңсыз айналымға және капиталды сыртқа шығаруға қарсы іс-қимыл тетіктерін күшейту цифрлық активтер индустриясын дамытудың басым бағыттары болып айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері жөніндегі комитет құрылсын.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) цифрлық активтер нарығының орнықты жұмыс істеуін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігімен және "Астана" халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп:

      2026 жылғы 1 тамызға дейін цифрлық активтер қызметтерінің қазақстандық провайдерлері клиенттерінің жеке шоттарын заңды негіздер болған жағдайда бұғаттау кезінде клиенттердің цифрлық активтермен операцияларына қызмет көрсетуге арналған цифрлық активтер қызметтерінің қазақстандық провайдерлерінің банктік шоттарын бұғаттауды болдырмайтын тетік әзірлесін;

      2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін бұрын сатып алынған немесе өндірілген цифрлық активтерді цифрлық активтер қызметтерінің қазақстандық провайдерлері арқылы реттелетін инфрақұрылымға міндетті түрде аудару шартымен оларды ерікті түрде ашып көрсетудің құқықтық тетігін қамтамасыз етсін;

      2) электр энергетикасы және жер қойнауын пайдалану саласындағы ресурстық базаны тиімді пайдалану мақсатында 2027 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауына электр энергиясын цифрлық майнинг үшін пайдалану мақсатында, "QazaqGaz" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартқан жағдайда, оны оқшауланған режимде өндіру үшін кен орындарында ілеспе мұнай газын және табиғи газды пайдалану тетігін көздейтін заң жобасын енгізсін;

      3) цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыру мақсатында:

      2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін жеке тұлғалардың цифрлық активтерді шетелдік платформалар мен сервистерден цифрлық активтер қызметтерін көрсететін қазақстандық провайдерлердің платформаларына аударуын салықтық тұрғыдан ынталандырудың қосымша тетігін әзірлесін;

      2027 жылғы 1 сәуірге дейін цифрлық активтер қызметтерін көрсететін қазақстандық провайдерлер арқылы цифрлық активтермен жасалған операциялардан алынған кірістері бойынша жеке тұлғаларды 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге жеке табыс салығын төлеуден босатуды көздейтін заң жобасын Қазақстан Республикасының Құрылтайының қарауына енгізсін.

      5. Экономикада цифрлық активтерді қолдану салаларын кеңейту, бәсекеге қабілетті экожүйені қалыптастыру, цифрлық активтерді дәстүрлі қаржы жүйесіне интеграциялау және цифрлық активтердің бірыңғай және өзара байланысқан нарығын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:

      1) 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Үкіметімен, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігімен, "Астана" халықаралық қаржы орталығымен және "Alatau City Authority" мемлекеттік қорымен бірлесіп, цифрлық активтер саласын (криптоиндустрияны) дамыту жөніндегі орта мерзімді кезеңге арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлесін және бекітсін;

      2) 2026 жылғы 1 қазанға дейін цифрлық активтер саласын дамыту мақсатында цифрлық қаржы активтер мен цифрлық майнинг индустриясын реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың институционалдық және ресурстық әлеуетін нығайту жөнінде шаралар қабылдасын.

      3) 2026 жылғы 1 қарашаға дейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігімен, "Астана" халықаралық қаржы орталығымен және "Alatau City Authority" мемлекеттік қорымен бірлесіп, цифрлық активтердің айналымы кезінде пайдаланылатын орталықтандырылмаған платформалардың (DeFi) жұмыс жасауына талдау жүргізсін және оларды реттеуге және бақылауға қолданылатын тәсілдерді әзірлесін;

      4) 2026 жылғы 30 қарашаға дейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік орган басшысының шешімі деңгейінде өтінімдерді іріктеу, қарау және мақұлдау процестерін оңайлатуды қамтамасыз ете отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеу ортасына (ерекше реттеу режимі) жобаларды іске асыру және іске қосу рәсімдерін жетілдірсін;

      5) 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін "Астана" халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, "Астана" халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына сәйкес шығарылған токенделген бағалы қағаздарды қоса алғанда, цифрлық активтерді Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық қаржы активтері деп тану тәртібі мен шарттарын айқындасын;

      6) 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметімен және Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауына мыналарды:

      тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің төлемдерін, сондай-ақ цифрлық қаржы активтерінің платформасы операторлары тарапынан валюталық бақылауды қамтамасыз ете отырып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге экспорттық-импорттық операциялар бойынша трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарына сәйкес шығарылған стейблкоиндерді пайдалануды;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтері бар қызметтердің жаңа түрлерін көрсету (криптокастодиандық қызметтің құқықтық шеңберін айқындау, цифрлық активтері бар төлем қызметтерін көрсету) бойынша цифрлық активтер қызметтері қазақстандық провайдерлерінің қызметін жетілдіруді;

      банктік емес төлем қызметтерін берушілердің (төлем ұйымдарының) криптофиаттық инфрақұрылымды дамыту үшін цифрлық активтер қызметтерінің провайдерлерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, цифрлық активтермен байланысты операцияларға қызмет көрсету мүмкіндігін бекітіп беруді көздейтін заң жобасын енгізсін;

      7) 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен және Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, токенделген мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және орналастыру мүмкіндігін қамтамасыз етсін;

      8) 2027 жылғы 1 шілдеге дейін цифрлық активтермен жасалатын операциялардың жүйелі мониторингін жүзеге асыру, транзакциялық белсенділікті талдау және заңсыз қаржы схемаларын анықтау мақсатында Ұлттық криптовалюталық талдау орталығын құруды қамтамасыз етсін.

      6. "Alatau City Authority" мемлекеттік қоры 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, Алатау қаласының аумағында шетелдік инвесторларға арналған жобаларға қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді пайдалана отырып, оларды инвестициялауды жүргізуге мүмкіндік беретін тетікті әзірлесін.

      7. "Астана" халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін шетел валютасында номинацияланған және "Астана" халықаралық қаржы орталығының лицензияланған қатысушылары (Providing Money Services in relation to Digital Assets as the Issuer of stablecoins) шығарған стейблкоиндерді Қазақстан Республикасының бейрезиденттері арасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейрезиденттері мен бақылаушы акционері (бақылаушы акционерлері) бейрезидент болатын "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары арасында, сондай-ақ бақылаушы акционері (бақылаушы акционерлері) бейрезидент болатын "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары арасында тауарлар мен көрсетілетін қызметтер үшін экспорттық-импорттық операциялар бойынша трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін пайдалануға бағытталған тетік әзірлесін.

      8. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, токенделген бағалы қағаздар мен мемлекеттік бағалы қағаздарды қоса алғанда, цифрлық қаржы активтерінің нарығын одан әрі дамыту мақсатында 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, цифрлық активтер қызметтерін көрсететін қазақстандық провайдерлердің меншікті активтерінен клиенттердің активтерін оқшаулауды және банкроттық кезінде мүліктік массасының құрамынан шығаруды қоса алғанда, клиенттердің активтерін қорғауды қамтамасыз ете отырып, цифрлық қаржы активтерін ұстаушылардың тізілімін есепке алу, сақтау және жүргізу тетігін айқындасын;

      2) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, листингтік эмитенттердің токенделген корпоративтік облигацияларының пилоттық шығарылымдарын іске қосуды, цифрлық қаржы активтері инвесторларының ауқымын кеңейтуді қоса алғанда, токенделген қаржы құралдарының нарығын дамыту жөніндегі шаралардың кешенін әзірлесін.

      9. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      10. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      11. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады