Контрабанда үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы

Жаңартылған

1997 жылғы 18 шілдедегі № 10 Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "209", "250" деген цифрлар тиісінше "234" және "286" деген цифрлармен ауыстырылды;
      "ҚК-тің" деген сөздер "ҚК-нің" деген сөздермен ауыстырылды;
      "кеден одағының" деген сөз тиісінше "Еуразиялық экономикалық одақтың", "Еуразиялық экономикалық одаққа" деген сөзбен ауыстырылды;
      "рәсімдеуді" деген сөз "декларациялауды" деген сөзбен ауыстырылды;
      "қылмыстар", "қылмыстардың" деген сөздер тиісінше "қылмыстық құқық бұзушылықтар", "қылмыстық құқық бұзушылықтардың" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қылмыстық жазаланатын контрабанда туралы заңнаманы дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Жоғарғы Соттың жалпы отырысы қаулы етедi:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 234-бабында жасағаны үшін жауаптылық көзделген экономикалық контрабанда деп тауарлардың немесе өзге де құндылықтар мен заттардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілуі түсініледі. Контрабанда деп айналымнан алып тасталған заттарды немесе айналымы шектеулі заттарды, қолданылуы шектелген, жасалғаны үшін ҚК-нің 286-бабында жауаптылық көзделген осындай тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз алып өту түсініледі.

      Қылмыстық жазаланатын контрабанданы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген контрабандадан, сондай-ақ тауарларды және заттарды кедендік шекара арқылы өткізумен ұштасқан кедендiк қағидаларды бұзудан шектейтін мән-жайлар iрi мөлшердегi контрабанда немесе заттарға қатысты арнайы қағидалар белгiленген осы заттарды өткізу болып табылады.

      Кедендік және мемлекеттік шекаралар ұғымдары "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған.

      Процестік тергеу және сот құжаттарында контрабанданың iрi, аса ірі мөлшерiн және басқа да саралау белгілерiн, оның iшiнде белгiлi бiр заттарға қатысты өткізудің арнайы қағидаларын көрсету мiндеттi болып табылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      2. Тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды заңсыз өткізу оларды кеден аумағына әкелу және оларды осы аумақтан әкету жолымен де жасалуы мүмкiн.

      Әкелу және әкету деп контрабанда заттарын кез келген тәсiлмен (кез келген көлік түрінің көмегімен, оның ішінде әуемен алып өту немесе салып жіберу, пошта арқылы салып жiберу қолмен, киімнің қалталарына салып, қол жүгi түрiнде алып өту және басқалары өткізудi түсiнген жөн.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Заңсыз өткізу - өткізу пункттерінде және шекараны кесіп өту үшін заңнамада айқындалған басқа жерлерде (заңды өткізу түрімен), осы жерлерден тыс (заңсыз жолмен) жерлерде де жүзеге асырылады.

      Қылмыстық құқық бұзушылық:

      заңсыз жолмен жүзеге асырылатын әкелу және әкету кезінде – шекараны тiкелей кесіп өткен кезден бастап;

      заңды өткізу түрімен жүзеге асырылатын әкелу кезінде - кедендік декларация тіркелген кезден бастап, ал арнайы қағидалар белгiленген заттарға қатысты - шекара бақылауы рәсiмi аяқталған кезден бастап;

      заңды өткізу түрімен жүзеге асырылатын әкету кезінде - кедендік декларация тіркелген кезден бастап аяқталған деп есептеледі.

      Тауарларды өткізу пункттерінде және заңнамада айқындалған басқа да орындарда, бірақ кеден органдарының белгіленбеген жұмыс уақытында өткізген жағдайларда шекаралық кесіп өткен кезден бастап қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп есептеледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. Контрабанда объективтiк жағынан:

      тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды кедендік бақылаудан жасырумен;

      оларды кедендiк бақылаудан тыс жерден өткізумен;

      оларды декларацияламаумен немесе көрінеу дұрыс емес декларацияламаумен;

      кедендiк және өзге де құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендіру құралдарын алдап пайдаланумен сипатталады.

      Тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарларды шығару туралы өтініште не уақытша әкелу (рұқсат беру) кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар болып табылатын, уақытша әкетілген халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты операциялар жасау туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетумен, оның ішінде жарамсыз, қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынумен сипатталады.

      Бұл әрекеттерді қылмыстық деп тану үшін қандай да бір зиянды салдарлардың басталуы талап етілмейді. Осыған байланысты тауарларды немесе ірі мөлшердегі өзге де заттарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы "кеден транзиті" кедендік рәсімі бойынша заңсыз алып өту кезінде жасалған іс-әрекетті тауарлардың немесе заттардың аталған одаққа мүше мемлекеттердің (ішкі транзит) не үшінші елдердің (сыртқы транзит) аумағында олардың пайдаланылуы үшін арналғанына қарамастан ҚК-нің 234-бабы бойынша саралаған жөн.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      5. Кедендiк бақылаудан жасыру тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды жасырып қалудан, оларды тасымалдау кезінде жасырын орындарды не оларды тауып алуды қиындататын басқа да тәсілдердi пайдаланудан немесе бiр затқа басқа заттың түрiн беруден тұрады.

      Кедендiк бақылаудан тыс контрабандалық заттарды өткізу оларды кедендiк декларациялауды жүргізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында және кедендiк органдары айқындаған кеден бекеттерінен, өткізу пункттерінен және өзге де орындардан тыс немесе оны өткізу үшін белгіленген уақыттан тыс өткiзiп жiберуді және алып өтуді білдіреді.

      Кедендiк және өзге де құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендіру құралдарын алдап пайдалану кеден органдарына, сондай-ақ шекаралық бақылауын жүзеге асыратын адамдарға жарамсыз, заңсыз жолмен алынған, қолдан жасалған, сондай-ақ жалған мәлiметтермен толтырылған құжаттарды көрсетуді, қолдан жасалған мөрлерді, пломбаларды, мөртабандарды және кедендiк сәйкестендірудің өзге де ұқсас құралдарын пайдалануды не басқа объектiлерге жататын түпнұсқа сәйкестендіру құралдарын көрсетуді болжайды.

      Декларацияламау немесе дұрыс декларацияламау – бұл декларанттың кедендік декларацияны пайдалана отырып, кеден органына тауарлар (атауы, құны, саны, салмағы және басқалар) туралы, таңдалған кедендік рәсім және (немесе) кедендік мақсаттар үшін қажетті өзге де мәліметтерді мәлімдеуі не кедендік декларациялауды жүргізу кезінде тауарлар туралы аталған мәліметтермен осындай өтініш беру міндетін орындамауы.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6. Контрабанда заттары деп кез келген материалдық әлемнің жылжымалы заттарын, оның iшiнде валюта, валюталық құндылықтар, электр, жылу немесе энергияның өзге де түрлерi мен көлiк құралдары түсiніледі.

      Оларға сондай-ақ халықтардың көркемдік, ғылыми, тарихи және археологиялық игілігі болып табылатын мәдени құндылықтар, яғни өнер туындылары, көне заттар ретiнде мәнi бар - және көрсетілген мәнi бар өзге де заттар, зияткерлік меншiк объектілері, құрып кету қаупi бар жануарлар мен өсiмдiктердiң түрлерi, олардың бөлiктерi мен дериваттары да (туындылары) жатады. Аталған, сондай-ақ өзге де айналыстан алынбаған заттарды немесе айналысы шектелмеген заттарды (мысалы, азық-түлiк өнімдері, киім, аяқ киім, парфюмерлiк тауарлар және басқалары) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу үшiн жауаптылық ҚК-нің 234-бабында белгiленген.

      Мәдени құндылықтарды және ұлттық мәдени игілік объектілерін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге заңсыз әкету немесе оларды мемлекеттік шекара арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мемлекетіне өткізіп Қазақстан Республикасына қайтармау ҚК-нің 203-бабының 1-1-бөлігі бойынша сараланады.

      Мәдени құндылықтарды және ұлттық мәдени игілік объектілерін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізе отырып, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге заңсыз әкету немесе оларды Қазақстан Республикасына қайтармау адамдардың әрекетінде экономикалық контрабанданың құрамы да болған кезде жиынтығы бойынша ҚК-нің 203-бабының 1-1-бөлігімен және ҚК-нің 234-бабының тиісті бөлігімен сараланады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      6-1. Соттардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жеке тұлғалар үшін қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын әкелу мен әкетудің мынадай тәртібі белгіленгендігін назарға алғаны жөн:

      Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бөлігі болып табылатын аумақтан немесе аумаққа құжатты нысанда қолма-қол шетел және (немесе) ұлттық валютаны, вексельдерді, чектерді (оның ішінде жол чектерін), бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету шектеусіз және кедендік декларациялаусыз жүзеге асырылады.

      Баламасы 10 мың АҚШ долларынан асатын жалпы сомаға қолма-қол шетел және (немесе) ұлттық валютаны (қымбат бағалы металдардан жасалатын монеталарды қоспағанда) және (немесе) жол чектерін Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушылар болып табылмайтын елдердің аумағынан Қазақстан Республикасына біржолғы әкелу немесе Қазақстан Республикасынан осындай елдердің аумағына әкету кезінде аталған құндылықтар әкелінетін немесе әкетілетін құндылықтардың бүкіл сомасына жолаушылардың кедендік декларациясын тапсыру арқылы жазбаша нысанда кедендік декларациялауға жатады.

      Ескерту. Қаулы 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      6-2. Адам қолма-қол шетел және (немесе) ұлттық валюта және (немесе) жол чектері контрабандасын жасаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті жазбаша декларациялауға жатпайтын, яғни баламасы 10 мың АҚШ долларынан аспайтын мөлшердегі олардың бөлігі контрабанда заты болып танылмайды және адамға тағылған айып көлеміне қосылмайды. Бұл сома иесіне қайтарылуға тиіс.

      Ескерту. Қаулы 6-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      7. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды, күшті әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi заттарды, радиоактивтік қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарғыш құрылғыларды, атыс қаруын, оқ-дәрiлердi, ядролық, химиялық, биологиялық және жаппай жою қаруының басқа да түрлерін өткізу ҚК-нің 286-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрайды және жаппай қырып жою қаруын жасау үшін пайдаланылуы мүмкiн, материалдарды, жабдықтарды немесе құрауыштарды өткізу контрабанда заттарының мөлшерi мен санына қарамастан жауаптылыққа әкеп соғады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      8. Контрабанда заттарының құны маманның (сарапшының) кеден ісі туралы заңнамада және қылмыстық-процестік заңнамада белгіленген қағидаларға сәйкес қорытындысының негізінде тауарлардың қылмыстық құқық бұзушылық жасалған сәттегі кедендік құны негізге алына отырып айқындалады.

      Контрабанда заттарының кедендік құны туралы мәліметтер болмаған жағдайда олардың құны мемлекеттік реттелетін баға негізге алына отырып айқындалады (мысалы, жасанды спирттік ішімдіктер, басқа да қолдан жасалған тауарлар контрабандасы жағдайларында). Осындай мәліметтер болмаған кезде тауардың бағасы мен оның құны сарапшының (маманның) қорытындысы негізінде айқындалады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      8-1. ҚК-нің 234-бабында көзделген іс-әрекеттерді ірі және аса ірі мөлшерде жасалған деп тану кезінде кедендік шекарадан кедендік бақылаудан тыс немесе жасырын, не құжаттарды немесе кедендік сәйкестендіру құралдарын алдап пайдалану арқылы өткізілген тауарлардың немесе өзге де заттардың бөлігінің құны, сондай-ақ өздеріне қатысты кедендік шекара арқылы өткізудің арнаулы қағидалары белгіленген, декларацияланбаған не декларациялануы күмәнді тауарлардың, заттар мен құндылықтардың кедендік шекара арқылы өткізуге тыйым салынған немесе өткізу шектелген құны ғана назарға алынуға тиіс.

      Кеден және өзге де заңнама нормаларының талаптары сақтала отырып кедендік шекара арқылы өткізілген тауарлардың немесе өзге де заттардың қалған бөлігі (егер осындай тауарлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынып қоймаса немесе оларға тыйым салынбаса) шығаруға жатады.

      Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сот Пленумының 2004.06.18 N 3; жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      9. Қызметтік борышы бойынша кедендiк немесе шекаралық бақылауды, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарларды мен немесе өзге де құндылықтар мен заттарды жете тексеру бойынша тиісті әрекеттерді жүзеге асыруға және шекарадан өтуге рұқсат беруге міндетті адамды өз қызмет бабын пайдаланып контрабанда жасаған лауазымды адам деп санаған жөн.

      Осындай адамдар өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасалған контрабанда мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық заңның баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейдi.

      Өзiнің қызмет бабын пайдаланып контрабанда жасаған мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті не соларға теңестірілген өзге де адамдарға жалпы негiздерде, яғни қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша лауазымдық қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы қылмыстық заң нормасын қолдануға жататын және аталған саралау белгiсiне сiлтеме жасамай ҚК-нің контрабанда туралы баптарының тиiстi бөлігі мен көзделген жауаптылыққа тартылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Пиғылы әртүрлі адамдарға, оның ішінде өзіне де тиесілі тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды заңсыз өткізуге бағытталған адам контрабанда заттарының барлық бірге алынған (бірлесіп өткізілетін) көлемінің контрабандасы үшін жауапты болуға тиіс. Мұндай көрінеу заңсыз өткізілетін тауардың немесе өзге де құндылықтар мен нәрселердің жекелеген бөлігінің иесі, оның пиғылы басқа адамдардың контрабанда заттарының қалған бөлігін заңсыз өткізу жөніндегі әрекеттерін қамтымайтын болса, өзіне тиесілі мүліктің контрабандасына ғана қылмыстық жауапты болады. Контрабанда заттарының иелері болып табылмаса да, мұндай заттарды кедендік шекара арқылы ақысына, курьер ретінде және т.б. көрінеу заңсыз өткізгені үшін кінәлі адамдардың әрекеттері де саралануға тиіс. "Қылмыстық топ" саралау белгісінің болуы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағы мазмұны негізге алынып айқындалады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11. Контрабанда жасау объективті түрде кеден органдары алатын міндетті төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарумен байланысты, ол кінәлі адамның тауарларды немесе өзге де құндылықтарды бір мезгілде заңсыз өткізуге тікелей пиғылымен қамтылады және әдетте, осы өткізудің мақсаты болып табылады, сондықтан бұл әрекеттер салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтарғаны үшін қосымша саралауға жатпайды.

      Мұндай саралау контрабанда және міндетті төлемдерді төлеуден қылмыстық жалтару құрамдарын құрайтын әрекеттер әртүрлі уақытта жасалған жағдайларда ғана орын алуы мүмкін.

      Кедендік және өзге де құжаттарды (қызметтік жалғандық жасау, төлем белгілерін қолдан жасау, құжаттарды қолдан жасау) алдап пайдаланудың элементтерін білдіретін әрекеттер де қосымша саралауды талап етпейді.

      Контрабандамен қатар, өзге де, атап айтқанда, валютамен, есірткі заттармен, психотроптық заттармен, сол тектестермен, атыс қаруымен және оқ-дәрілермен және т.б. не кедендік (тиісінше шекаралық, валюталық, есірткіні және т.б.) бақылауға қарағанда өзге бақылау объектісі болып табылатын мемлекеттік шекараны бұзумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалған жағдайларда, жасалған іс-әрекет жиынтығы бойынша қылмыстық заңның тиісті нормаларында көзделген жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар болып саралануға тиіс.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      12. Тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды кедендік декларациялау және оларды шекара арқылы өткізудің рұқсат беру тәртібі мен шарттарын қамтамасыз ету қажеттілігін қозғамайтын кедендік және шекаралық бақылауды, оның ішінде Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық келісімдер негізінде қазақстандық нарықты қорғауға және қылмыстық жазаланатын контрабанда заттарының заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған басқа да шараларды жою немесе оңайлату қылмыстық заңның қолданылу шегін тарылтпайды.

      Мұндай жағдайларда тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды кедендік шекара арқылы қылмыстық жазаланатын өткізу оларды декларацияламаумен ұштасқан және кедендік бақылаудан тыс жасалған контрабанда ретінде бағалануға тиіс.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      13. Айыпталушының Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жердегі мүлкiне тыйым салу туралы заңның талаптарын орындау оның мүмкiн болатын тәркiленуiн қамтамасыз ету үшiн қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық келісімдер негізiнде ғана және оларға сәйкес жүргiзiледi.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. Осы санаттағы iстер бойынша жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-нің 52-бабының талаптарын басшылыққа алып, бұл ретте жаза негiздi және әдiл болуы үшiн контрабанда заттарының мөлшерi мен санын ескеруi, жаза негiздi және әдiл болуы үшiн белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, немесе арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, біліктiлiк сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындау туралы мәселені талқылауға тиіс. Заңда көзделген жағдайларда контрабанда заттарын мемлекет кiрiсiне айналдырған жөн.

      Соттардың мемлекет кiрiсiне айналдырылған контрабанда заттарын өткізуден түскен қаржының толық көлемде мемлекеттік бюджетке аударылуға жататынын да ескерген жөн. Сондықтан соттар үкiмдерде контрабанда заттарының мемлекет кiрiсiне айналдырылған құнының белгілi бiр бөлiгiн қандай да бiр арнайы шотқа аудару туралы нұсқауларға жол бермеуге тиіс.

      Егер контрабанда заттарын кінәлі адам өткізген болса, сот сотталған адамнан мемлекет кірісіне олардың құнын және бұл өткізу мемлекетке міндетті төлемдерді төлеуден жалтарумен ұштасқан жағдайда, төленбеген төлемдердің тиісті сомасын өндіріп алу туралы мәселені шешуге тиіс.

      Контрабандалық тауарларды немесе өзге де құндылықтар мен заттарды ҚК-нің 234, 286-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамдардың көлік құралдарын пайдаланылып, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы әкелу немесе әкету жолымен заңсыз өткізу фактілері анықталған кезде контрабанда кезінде пайдаланылған көлік құралдарының тағдыры соңғысы заңда белгіленген тәртіппен қылмыстық құқық бұзушылық құралы ретінде іс бойынша заттай дәлелдемелер деп танылған-танылмағанына байланысты шешілуге тиіс.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Осы қаулының қабылдануына байланысты 1978 жылғы 5 қыркүйектегi № 7 және 1978 жылғы 6 желтоқсандағы № 7 қаулылармен енгiзілген өзгерістермен "Контрабанда туралы iстер бойынша сот тәжiрибесi туралы" КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1978 жылғы 3 ақпандағы № 2 қаулысы қолданылмайды деп танылсын.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 16-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 27.11.2025 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады