Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін, көрсету шарттарын және оны көрсетуге қажеттілік жоқ екені туралы қорытынды шығару өлшемшарттарын айқындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 19 қазандағы № 931 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 120-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін, көрсету шарттарын және оны көрсетуге қажеттілік жоқ екені туралы қорытынды шығару өлшемшарттары айқындалсын.

      2. Осы қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 19 қазандағы
№ 931 қаулысына
қосымша

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін, көрсету шарттарын және оны көрсетуге қажеттілік жоқ екені туралы қорытынды шығару өлшемшарттары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін, көрсету шарттарын және оны көрсетуге қажеттілік жоқ екені туралы қорытынды шығару өлшемшарттары Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 120-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері, көрсету шарттары және оны көрсету қажеттілігінің жоқтығы туралы қорытынды шығару өлшемшарттарын айқындайды.

      2. Пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) адамға (отбасына) көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – мансап орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жүгінген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;

      2) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті орган – астананың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;

      3) әлеуметтік келісімшарт – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы мен еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) арасындағы, ал Әлеуметтік кодексте көзделген жағдайларда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке немесе заңды тұлғалармен тараптардың құқықтарын және міндеттерін айқындайтын, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;

      4) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының жиынтық кірісінің айына отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      5) жиынтық кіріс – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін кіріс түрлерінің сомасы;

      6) кедейлік шегі – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау үшін өлшемшарт ретінде белгіленетін, бір адамға шаққандағы ақшалай кірістің шекті ең төмен шамасы;

      7) медианалық кіріс – оған қатысты халықтың жартысының кірісі жоғары, ал жартысының кірісі төмен болатын кіріс шамасы;

      8) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) – жан басына шаққандағы орташа айлық кірісі астанада, облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға (отбасыларға) мемлекет беретін көмек;

      9) табысы аз адамдар (отбасылар) – бір айда жан басына шаққандағы орташа табысы астанада, облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар (отбасылар);

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға жүгінген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      12) шартты ақшалай көмек – табысы аз адамдардың (отбасылардың) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына міндетті түрде қатысуы шартымен оларға ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі;

      13) шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндіктері шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.

2-тарау. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері

      3. Адамға (отбасыға) атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін уәкілетті орган жан басына шаққандағы орташа кіріс пен астанада, облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда отбасының әрбір мүшесіне есептегенде белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептейді.

      4. Қазақстан Республикасы бойынша кедейлік шегінің мөлшерін уәкілетті мемлекеттік орган статистика саласындағы мемлекеттік орган есептейтін халықтың медианалық кірісі негізінде мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты орта есеппен жан басына шаққандағы пайыздық мәнде айқындайды.

      5. Астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар бойынша кедейлік шегін уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған кедейлік шегінің мөлшерінің негізінде жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын есептейді.

3-тарау. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету шарттары

      6. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың шарты – адамдардың (отбасылардың), атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын мерзімде және тәртіппен банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтермен, сондай-ақ мемлекет қатысатын кредиттік бюродан кредиттер бойынша берешек сомасы, кредиттер бойынша мерзімдік (ай сайынғы) төлем, кредиттер бойынша мерзімі өткен және (немесе) қалдық берешек сомасы туралы мәліметтермен қоса дербес деректерді жинауға, өңдеуге, тексеруге, жаңартуға және беруге келісім (бұдан әрі – келісім) беру.

      7. Шартсыз ақшалай көмек көрсету шарттары:

      1) табысы аз адамның:

      Әлеуметтік кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуына;

      бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігінің болуына;

      екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндіктері шектеулі адамдар санатына жатуы;

      2) табысы аз, құрамында еңбекке қабілетті адамдардың болмауы немесе еңбекке қабілетті жалғыз мүшесінің үш жасқа дейінгі баланы, мүгедектігі бар баланы, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамды, біреудің күтіп-бағуына және көмегіне мұқтаж қартты күтіп-бағуы.

      8. Шартты ақшалай көмек еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері), оның ішінде қызметі Қазақстан Республикасының Салық кодексі 115-бабының 6-тармағына және 117-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатылып қойылған (факт салық органына тапсырылған нөлдік салық есептілігінің және (немесе) тоқтата тұру туралы салықтық өтініштің болуымен расталады) дара кәсіпкер болып табылатын жеке тұлғалар бар табысы аз отбасыларға көрсетіледі, бұл ретте осы атаулы әлеуметтік көмек көрсету шарттарының 10-тармағында көрсетілген адамдарды (отбасыларды) қоспағанда, мұндай отбасы мүшесі (мүшелері) жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (немесе) қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеуге қатысуы шарт.

      9. Әлеуметтік келісімшарт жасасу шартты ақшалай көмек тағайындаудың міндетті талабы болып табылады.

      10. Шартты ақшалай көмекті төлеу үшін:

      1) бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдардың;

      2) күндізгі оқу нысанында оқитын оқушылардың, студенттердің, тыңдаушылардың, курсанттар мен магистранттардың;

      3) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруы бар адамдардың;

      4) үш жасқа дейінгі баланы күтіп-бағатын ата-ананың біреуінің, мүгедектігі бар баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды, бөгде адамның күтіп-бағуы мен көмегіне мұқтаж, сексен жастан асқан қарттарды күтіп-бағатын адамдардың.

      Үш жасқа дейінгі баланы, мүгедектігі бар баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды, бөгде адамның күтіп-бағуы мен көмегіне мұқтаж, сексен жастан асқан қарттарды күтіп-бағуды жүзеге асыратын адамға отбасының еңбекке қабілетті бір мүшесін ғана жатқызуға болады;

      5) тұрақты жұмысы бар адамдардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуы міндетті шарт болып табылмайды.

4-тарау. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қажеттілік жоқ екені туралы қорытынды шығару өлшемшарттары

      11. Учаскелік комиссияның атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қажеттілік жоқ деген қорытындысы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қажеттілік жоқ деген қорытынды шығарудың бір немесе бірнеше өлшемшарты болған кезде шығарылады:

      1) барлық тұрғынжайларының жалпы пайдалы ауданы отбасының бір мүшесіне шаққанда он сегіз шаршы метрден аспайтын жағдайды, сондай-ақ тиісті актімен расталған авариялық күйдегі тұрғынжайларды қоспағанда, өзіне (өздеріне) меншік құқығында тиесілі біреуден көп тұрғынжайының болуы, оның ішінде өзіне (өздеріне) меншік құқығында тиесілі, тұруға жарамды тұрғынжай болып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш бергенге дейін соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығарылуы;

      2) оның (олардың) меншігінде, иелігінде және (немесе) пайдалануында пайда алу мақсатында пайдаланылатын бөлек үй-жайдың болуы;

      3) жергілікті атқарушы орган жер учаскесін жеке меншікке өтеусіз берген жағдайды қоспағанда, өзінің (өздерінің) меншігінде тұрғынжайдың болуы шартымен оның (олардың) меншігінде жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы;

      4) оның (олардың) меншігінде бір бірліктен көп техникалық жарамды күйдегі жеңіл автомобильдің болуы.

      Бұл өлшемшарт меншігінде бір және (немесе) екі бірлік жеңіл автомобиль бар көпбалалы отбасыларға және құрамында мүгедектігі бар балалар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар бар отбасыларға қолданылмайды;

      5) оның (олардың) меншігінде және (немесе) уақытша иелігінде, пайдалануында техникалық жарамды күйдегі ауыл шаруашылығы техникасының және (немесе) жолаушы, багаж, жүк тасымалдауды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын автобустың және (немесе) шағын автобустың және (немесе) жүк көлігінің және (немесе) арнаулы және (немесе) арнайы автомобилінің не теңіз және (немесе) ішкі су және (немесе) әуе көлігінің болуы;

      6) салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді және (немесе) сақтандыру төлемін және (немесе) адамның (отбасының) шоттары арасындағы аударымдарды қоспағанда, адамның (отбасының) өтініш берердің алдындағы тоқсандағы банктік шоттары бойынша бір айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда шығыс операцияларының жиынтықтала келе кедейлік шегінен асуы;

      7) өтініш берердің алдындағы тоқсанда статистика органдары есептейтін ең төменгі күнкөріс деңгейінің айына отбасының әрбір мүшесіне шаққанда екі еселенген мөлшерінен жоғары мөлшерде барлық банктік қарыз (банктік қарыздар) (ипотекалық қарыздан басқа) түрін және (немесе) микрокредит (микрокредиттер) ресімделуі;

      8) бір отбасыға 200 еселенген айлық есептік көрсеткіштен артық мөлшердегі банктік салымның (тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына салымнан басқа) болуы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады