Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 1 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгізілетін өзгерiстер
1. "Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 ақпандағы № 140 қаулысында:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою қағидаларын бекіту туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесінде:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою қағидалары";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес әзірленді және адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою тәртібін айқындайды.";
2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:";
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Мынадай:
1) техникалық регламенттерде, гигиеналық нормативтерде, сондай-ақ ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар мен ветеринариялық нормативтерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді деп танылған;
2) өндірушінің (өнім берушінің) оның қадағалануын, қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ;
3) таңбалануы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін;
4) жарамдылық мерзімі белгіленбеген немесе өткен;
5) жалған өнім адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдері (бұдан әрі – қауіпті тамақ өнімдері) болып танылады.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Қауіпті тамақ өнімдерін жоятын (көметін) жерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша астананың (облыстардың және республикалық маңызы бар қаланың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары айқындайды.";
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Қауіпті тамақ өнімдерін жоюды Комиссия мүшелерінің міндетті түрде қатысуымен иесі жүргізеді және ол осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша актімен ресімделеді.";
көрсетілген Қағидаларға қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қағидаларға қосымша".
2. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеде:
12-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Егер Министрлікке заңдармен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.";
14-тармақтың 1) тармақшасының сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;";
28) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"28) астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының басшыларын лауазымдарға тағайындауды және лауазымдарынан босатуды келісу;";
323-28) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"323-28) астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті танудағы қажеттілігін қалыптастыру;";
19-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) Қазақстан Республикасының Құрылтайында, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарда Министрліктің атынан өкілдік етеді;";
3. "Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2022 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № 945 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2022 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында:
"1. Паспорт" деген бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бөлім. Паспорт
1 | Атауы | Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2022 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы |
2 | Әзірлеу үшін негіздеме (іске асыру үшін Тұжырымдаманы әзірлеу қамтамасыз етілетін МЖЖ-нің жоғары тұрған құжаттары көрсетіледі) |
1) "Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" (Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 30 шілдедегі № 611 Жарлығы); |
3 | Бағдарламалық құжатты әзірлеуге, сондай-ақ іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар |
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі; |
4 | Іске асыру мерзімдері | 2022 – 2029 жылдар |
";
"2. Ағымдағы жағдайды талдау" деген бөлімде:
бір жүз отыз жетінші бөлікте орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
бір жүз елу жетінші және бір жүз елу сегізінші бөліктерде орыс тіліндегі мәтінге өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
бір жүз жетпіс бесінші бөлікте орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
бір жүз тоқсан төртінші бөлікте орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
екі жүз он екінші, екі жүз он үшінші, екі жүз он төртінші және екі жүз он бесінші бөліктерде орыс тіліндегі мәтінге өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
"5. Бағыттар бойынша дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері" деген бөлімде:
"9. Денсаулық сақтауды орнықты қаржыландырудың прогрессивті моделі" деген бағытта:
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін 5 жылдық тұрақты жарналар төлеу мерзімі (немесе біржолғы жарна бойынша баламасы) бойынша норманы белгілеу.";
көрсетілген Тұжырымдамаға қосымшада:
реттік нөмірі 82-жолда орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
реттік нөмірлері 92 және 93-жолдарда орыс тіліндегі мәтінге өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
реттік нөмірі 159-жол мынадай редакцияда жазылсын:
"
159. | Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету үшін 5 жылдық тұрақты жарналар төлеу мерзімі (немесе біржолғы жарна бойынша баламасы) бойынша норманы белгілеу | Қазақстан Республикасы Заңының жобасы | 2026 жылғы желтоқсан | ДСМ, ӘлМСҚ (келісу бойынша) | талап етілмейді |
".
4. "Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 874 қаулысында:
Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспар осы өзгерістерге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
5. "Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 12 маусымдағы № 454 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында:
"Паспорт (негізгі параметрлер)" деген 1-бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бөлім. Паспорт (негізгі параметрлер)
Атауы | Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы |
Бағдарламалық құжатты әзірлеу үшін негіздер |
1) "Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 520 Жарлығы; |
Бағдарламалық құжатты әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган | Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі |
Бағдарламалық құжатты іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар |
1) Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (келісу бойынша); |
Іске асыру мерзімдері | 2024 – 2030 жылдар |
";
"2. Ағымдағы ахуалды талдау" деген бөлімде:
төртінші бөлікте орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
"4. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың пайымы" деген бөлімде:
он үшінші бөліктің 2) тармақшасының алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21642 болып тіркелген) сәйкес астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының бұйрығы негізінде бекітілген халықтың санын көрсете отырып, халыққа қызмет көрсету аумағын бекіту;";
"5. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері" деген бөлімде:
Нысаналы индикаторларда және күтілетін нәтижелерде:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер";
жетінші бөліктің 2) тармақшасында орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді.
6."Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетудің 2026 – 2028 жылдарға арналған кепілдіктер бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 840 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетудің 2026 – 2028 жылдарға арналған кепілдіктер бағдарламасында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. ТМККК Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, оған тиімділігі барынша дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ дәрімен қамтамасыз ету кіреді.";
4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Денсаулығы нашарлаған кезде азаматтар жедел медициналық көмек шақыру үшін "103" нөміріне жүгінеді. Шақыртуды астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жедел медициналық жәрдем станциясының (бұдан әрі – ЖМЖС) диспетчері қабылдайды.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Медициналық авиация нысанында медициналық көмек көрсету № ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығында көзделген негіздер болған кезде білікті бейінді маманды межелі жерге жеткізу не пациентті астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың медициналық ұйымдарына тасымалдау жолымен жүзеге асырылады.";
44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"44. Паллиативтік медициналық көмек аудандық, қалалық, облыстық деңгейлерде, сондай-ақ астанада және республикалық маңызы бар қалаларда оны көрсетудің барлық кезеңінде: дәрігердің қабылдауында, күндізгі немесе тәулік бойғы стационарда, медицина қызметкерін шақырған, мобильді бригадалар қызмет көрсеткен кезде, медицина қызметкерлерінің белсенді патронажы, үйде емдеуді ұйымдастыру кезінде сабақтастық және үздіксіз байқауда ұстау қағидаттары сақтала отырып көрсетіледі.";
71-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"71. МӘМС жүйесінде амбулаториялық жағдайларда Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және бас бостандығынан айыру орындарында сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген, ұсталған, қамауға алынған және арнайы мекемелерге орналастырылған, диспансерлік есепте тұрған азаматтарды, қандастарды, босқындарды, шетел азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету оларды жазасын өтеп жатқан жеріндегі медициналық ұйымдарға тіркеу арқылы жүзеге асырылады.";
80-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"80. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылды үйлестіру және күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі – уәкілетті орган), астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) мен Қор арасында уәкілетті орган бекітетін үлгілік нысан бойынша Бағдарламаны іске асыру туралы келісім жасалады, онда медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған нысаналы көрсеткіштер, Бағдарламаның іске асырылуы бойынша ақпарат беру мерзімдері де қамтылады.".
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістерге қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 874 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспар
Кіріспе
Ағымдағы жағдайды талдау
Жыл сайын елімізде онкологиялық аурулар бойынша 37-ден астам жаңа жағдай тіркеледі, 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Бүгінгі күні онкопатологиясы бар 205 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр.
Бұл ретте Қазақстанда онкологиядан болатын өлім көш бастап тұр және жалпы өлім-жітім құрылымында екінші орынды иеленуде.
Елдегі онкологиялық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 маусымдағы № 395 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған Кешенді жоспардың (бұдан әрі – Кешенді жоспар) шеңберінде жүзеге асырылды, оның мақсаты қатерлі ісіктердің ауыртпалығын азайту болды.
Онкологиялық қызметтің негізгі көрсеткіштері
Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру кезінде қатерлі ісіктерден (бұдан әрі – ҚІ) болатын өлім 15 %-ға төмендеді: 2018 жылы – 100 мың тұрғынға шаққанда 78,1; 2022 жылы – 100 мың тұрғынға шаққанда – 66,8; мұны еліміздің барлық өңірлерінен байқауға болады.
Өңірлер бөлінісінде бұл көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында ең жоғары деңгейде – 100 мың тұрғынға шаққанда 116,1; Абай облысында – 114,4; Павлодар облысында – 99,5; Солтүстік Қазақстан облысында – 92,9; Батыс Қазақстан облысында – 88,1; Ақмола облысында – 85,8; Қарағанды облысында – 82,8 және Қостанай облысында – 82,1 байқалды.
Өлім-жітім құрылымында өкпе обыры (16,3 %) орнықты бірінші орында, екінші орында – асқазан обыры (12,0 %), үшінші орында – колоректальды обыр (10,6 %) және төртінші орында – сүт безі обыры (8,1 %).
Онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында бірінші орында сүт безі обыры (13,2 %); екінші орында – өкпе обыры (10,0%), үшінші орында – колоректальды обыр (9,3 %), төртінші орында – асқазан обыры (7,4 %).
Науқастардың жас құрылымының 55,8 %-ын еңбекке қабілетті жастағы (18-64 жас) адамдар құрайды.
Еліміздегі сырқаттанушылық деңгейі орташа деңгейден едәуір жоғары өңірлер – Шығыс Қазақстан облысы бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 306,2; Солтүстік Қазақстан облысында – 293,4; Павлодар облысында – 288,7; Қостанай облысында – 285,4; Қарағанды облысында – 270,1; Ақмола облысында – 227,7; Абай облысында – 221,8; Батыс Қазақстан облысында – 203,9.
Барлық локализация бойынша ҚІ-мен сырқаттанушылықтың өсуі республиканың 14 өңірінде байқалған және тек 5 өңірде ғана көрсеткіш салыстырмалы түрде төмен деңгейде болған: Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Шымкент қаласында.
Онкологиялық қызметтің тиімді жұмысын сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі онкопатологияны ерте анықтау болып табылады (0-I сатыда).
2021 және 2022 жылдары онкопатологияны ерте анықтау арта түскен және 2019 жылдың базалық деңгейіне қарағанда 27,1 %-дан 29,0 %-ға дейін өскен, бірақ жоспарлы 33,5 % деңгейге қол жеткізілмеген.
ҚІ-нің 0-I сатысында анықталған жағдайлардың үлес салмағының өсуі 2022 жылы барлық 19 өңірде қамтамасыз етілді (2021 жылы – 17 өңірдің 15-нде). Алматы қаласында (37,6 % – үздік көрсеткіш), Астана қаласында (33,3 %), Солтүстік Қазақстан облысында көрсеткіштің орнықты жоғары деңгейі сақталуда (34,2 %).
Ерте диагностикалаудың төмен көрсеткіштері Ақтөбе облысында – 17,4 %, бұл ел бойынша ең нашар нәтиже (2021 жыл – 16,2 %), Атырау облысында – 17,5 % (14,1 %) және Түркістан облысында – 19,0 % (16,0 %). Көрсетілген өңірлерде Қазақстан Республикасының халқына онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартының (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 12 қарашадағы № ҚР ДСМ-112 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 15 қарашада № 25167 болып тіркелген) шеңберінде пациент бағдарын сақтауда проблемалар бар, жабдықпен жете жарақтандырылмауына байланысты диагностикалық зерттеп-қарау жүргізу қиындаған.
Көрінетін жерде орналасқан ҚІ асқынған және кең таралған (III-IV сатылар) түрлерінің үлесі орнықты жоғары болған, 2022 жылғы факт айтарлықтай төмендеп, 12,1 % (2021 жылы – 13,6 %) болғанмен, 2022 жылғы 7,2 % индикаторлық көрсеткішке қол жеткізілмеген.
ҚІ бар науқастардың бес жылдық өміршеңдігінің өсуі серпінді түрде жалғасуда және 2022 жылдың қорытындысы бойынша 55,3 %-ды құрады, алайда нысаналы деңгейге қол жеткізілмеген (2022 жылғы индикаторлық көрсеткіш – 60,0 %, 2021 жылы – 55,0 %).
Онкологиялық қызметтің құрылымы
I деңгейде онкологиялық көмек көрсетуді медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары (бұдан әрі – МСАК) көрсетеді, 2022 жылы оларда 2168 қарап-тексеру кабинеті жұмыс істеді, МСАК-та 499 онкологиялық кабинет (2021 жылы – 465) жұмыс істеді, оның 31-і 2022 жылы ашылған.
II деңгейде онкологиялық көмек көрсетуді 15 онкологиялық диспансер (орталық) және облыстық көпбейінді ауруханалардың 5 онкологиялық бөлімшесі жүзеге асырады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық науқастарды емдеуге арналып ашылған төсек орын саны 3960 құрады, оның ішінде тәулік бойғы стационарда – 3078 (2021 жылы – 4412), күндізгі стационарларда – 882 (2021 жылы – 1031) немесе 22,3 %-ды құрады.
III деңгейде онкологиялық көмек көрсетудің 2022 жылы Алматы, Астана, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Ақтау, Өскемен, Шымкент қалаларындағы радиациялық онкологияның жоғары технологиялық орталықтары және "Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты" АҚ (бұдан әрі – ҚазОжРҒЗИ) көрсетеді.
Балаларға онкологиялық көмекті 3 республикалық ұйым – Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы (ПБХҒО), Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы (АБҰҒО) және Астана қаласындағы "Ұлттық ғылыми онкология орталығы" ЖШС (бұдан әрі – ҰҒОО), өңірлердегі балалар ауруханаларының мамандандырылған гематологиялық бөлімшелері көрсетті.
Онкологиялық қызметтің медицина кадрларымен жасақталуы
2022 жылы онколог дәрігерлердің саны 2,9 %-ға, 482-ден 496 адамға дейін артқан, радиологтардың саны 4,0 %-ға төмендеп, дәрігерлер саны 101-ден 97-ға азайған. Мамандардың тапшылығы жалпы барлық жерде сақталуда және 106 адамды құрайды, жұмысты қоса атқаратындарды есепке алмағанда 179 адамға дейін өседі.
Жалпы ел бойынша халықтың онколог дәрігерлермен және радиологтармен қамтамасыз етілуі мейлінше орнықты – 10 мың тұрғынға шаққанда 0,25 онколог және 0,05 радиолог (ең төменгі тиісінше норматив 0,2 және 0,05).
Онкологтармен орташа қамтамасыз етілу деңгейінен 10 мың тұрғынға шаққанда 0,1-ден 0,24-ке дейінгі қамтамасыз етілу деңгейімен 12 өңір артта қалып отыр. Жамбыл және Қызылорда облыстары радиологтармен өте аз қамтамасыз етілген – 10 мың тұрғынға шаққанда 0,02-ні құрайды. Алматы, Ұлытау және Түркістан облыстарында радиологтар жоқ.
Елімізде медицина физигі, дозиметрист және химик қатарындағы 25 маман бар, бұл ретте Алматы, Түркістан, Атырау, Жамбыл және Ұлытау облыстарын қоспағанда, өңірлерде 12 физик маман және 10 дозиметрист маман жұмыс істейді, Семей мен Астана қалаларында 3 химик маман бар.
Алғаш ҚІ анықталған науқастарды сәулелік емдеумен қамту соңғы 5 жылда орта есеппен 28,8 %-ды құрады, 2022 жылы қамтудың ең жоғары 32,9 % көрсеткішіне қол жеткізілді, алайда бұл халықаралық ұсынымдарға сәйкес қамту көрсеткіштері үшін жеткіліксіз болуда.
Радиациялық онкология саласындағы әртүрлі беделді ұйымдардың және ең алдымен МАГАТЭ (IAEA) ұсынымдары шеңберінде қашықтан сәулелік терапияға (ҚСТ) арналған аппараттарға қажеттілік 500 жаңа обыр жағдайына шаққанда ҚСТ үшін 1 қондырғы есебінен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы бойынша ҚІ-мен орташа сырқаттануды негізге алатын болсақ, соңғы 5 жылда 33512 науқас тіркелген және МАГАТЭ ұсынымдарын ескерсек, республиканың онкологиялық ұйымдары үшін кем дегенде 67 радиотерапиялық аппарат қажет.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының онкологиялық ұйымдарында ҚСТ жүргізу үшін 44 радиотерапиялық аппарат бар.
Осылайша, ел бойынша шамамен 20 желілік үдеткіш жетіспейді.
Қазақстанның онкологиялық ұйымдарында 2022 жылы 165 диагностикалық бөлімше жұмыс істеді. 2022 жылы рентген, УДЗ, эндоскопиялық кабинеттердің саны өскен. Рентгенология, флюорография, эндоскопия кабинеттері, УДЗ-кабинеттері барлық өңірлерде бар. КТ және МРТ кабинеті тек Қызылорда облыстық онкологиялық орталығында ғана құрылмаған. Цитологиялық зертханалар барлық өңірлерде құрылған, 12 цитогистологиялық зертхана өңірлердің патологиялық-анатомиялық бюроларының құрамында. Бұл ретте олардағы жабдық моральдық тұрғыдан ескірген.
Кешенді жоспарды әзірлеудің өзектілігі
Соңғы жылдардағы онкологиялық көмектегі қол жеткізілген белгілі бір жетістіктермен қатар, осы көмекті көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін мынадай негізгі проблемаларды шешу қажет.
Біріншіден, халықтың СӨС қағидаттарын ұстануы төмен, денсаулық үшін ортақ жауапкершілік төмен, халық скринингке шақырудан бас тартады, жұмыс берушілердің жұмыс орнындағы канцерогендерге жауапкершілігі жеткіліксіз, қолайсыз экологиялық жағдай (канцерогендердің қоршаған орта объектілеріне – ауа, су, топырақ, тамақ өнімдеріне әсері), зиянды әдеттермен күрестің жеткіліксіздігі, адамның папиллома вирусына (бұдан әрі – АПВ) қарсы вакциналық профилактика жүргізілмейді.
Екіншіден, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу үшін медициналық жабдықтардың болмауына немесе толығымен қолжетімді болмауына байланысты өңірлерде онкологиялық көмектің біркелкі көрсетілмеуі:
онкологиялық орталықтардың 50,0 %-ы радиологиялық және операциялық-реанимациялық жабдықтарды орнату үшін заманауи талаптарға сәйкес келмейді, моральдық және техникалық тұрғыдан ескірген.
халықаралық сарапшылар мен клиникалық нұсқаулықтарда (МАГАТЭ) 60-70 % ұсынылғанымен, сәулелік емдеумен қамту деңгейі төмен – 32,9 %, бұл елдегі заманауи сәулелік жабдықтардың жетіспеушілігіне байланысты;
өңірлердің диагностикалық жабдықтармен (КТ, МРТ, маммографтар, бейнеэндоскопиялық аппараттар және т.б.) қамтамасыз етілу деңгейінің жеткіліксіздігі: Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстары мен Астана қаласының онкологиялық орталықтарында КТ және МРТ аппараттары жоқ. 5 және одан бұрынғы жылдары орнатылған бейнеколоноскоптардың үлесі – 68,7 %, маммографтар (8 және одан көп жыл) – 52,1 %, маммографиялық жабдықтарды цифрландыру деңгейі – 84 %. Халықаралық стандарттарға сәйкес 1,5 млн тұрғынға 1 ПЭТ/КТ аппараты қажет, бүгінде елімізде 9 аппараты бар 7 орталық жұмыс істейді. ПЭТ/КТ зерттеулерімен еліміздің батыс, ішінара оңтүстік өңірлері қамтылмаған;
зерттеудің маңызды және міндетті: морфологиялық, иммундық-гистохимиялық, молекулалық-генетикалық және басқа да әдістерін жүргізуге арналған зертханалық жабдық жоқ немесе олар тозған. Бүгінде молекулалық-генетикалық зертханалар тек медициналық жоо бар 6 қалада ғана (Астана, Алматы, Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Шымкент қалалары) бар. Елде референс-онкогематологиялық зертхана жоқ және диагнозды растау үшін пациенттердің талдаулары Ресейге жіберіледі;
тиісті аппаратураның болмауына және технологиялардың кең таралуына байланысты хирургиялық емдеу мүмкіндіктері шектелген (аз инвазивті, интервенциялық). Өңірлік онкологиялық орталықтардың операциялық блоктары моральдық тұрғыдан ескірген (Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау облыстары, Шымкент қаласы), интервенциялық және анестезиологиялық-реанимациялық жабдықтардың тапшылығы қазіргі кезеңде хирургиялық онкологиялық көмек көрсету кезінде стандарт болып табылатын бақыланатын, ұзақ, аралас, көлемді хирургиялық араласуды жүргізу мүмкіндігін шектейді;
онкологиялық пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде, әсіресе таргетті және иммундық онкологиялық препараттарға қол жеткізу бөлінісінде проблемалар бар. Таблетка/капсула түрінде шығарылатын (ауыз қуысы арқылы қабылданатын дәрілік зат (бұдан әрі – ДЗ) заманауи ісікке қарсы препараттардың көп бөлігі (ауруына әсер етуге бейімделген таргетті препараттар) амбулаториялық деңгейде қолданылуға тиіс және стационарлық бюджетке түскен жүктемені азайтып, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (бұдан әрі – АДҚ) тізбесіне енгізілуге тиіс. Инфузияларды (помпалар, инфузоматтар және т.б.) ыңғайлы жүргізілуін күшейте, сондай-ақ ересектердің де, балалардың да дәрілік заттардың (орталықтандырылған цитостатиктерді араластыру кабинеттері) шығыстарын оңтайландыра отырып, ем қабылдау жағдайларын жақсарту қажет. Астана қаласын қоспағанда, өңірлерде медицина персоналы үшін ресурс үнемдейтін және қауіпсіз болып табылатын орталықтандырылған дәрілік заттарды араластыру кабинеттері жоқ;
онкологиялық пациенттерге стационарлық деңгейде паллиативтік көмек негізінен хоспистер мен паллиативтік көмек көрсету орталықтарында не көпбейінді клиникалардың паллиативтік бөлімшелерінде көрсетіледі. Сондай-ақ 2018 жылдан бастап барлық өңірлерде онкологиялық науқастарға арналған паллиативтік көмек көрсететін мобильді бригадалар ұйымдастырылып, жұмыс істеуде, бұл басым бағыт болып табылады және оны одан әрі дамыту талап етіледі. 2022 жылы Қазақстан аумағында 221 мобильді бригада жұмыс істеді, олар үйде паллиативтік медициналық көмек көрсету үшін 99930 рет шыққан. Алайда, өңірлердегі мобильді бригадалар МСАК-та жұмыс істейді, ондағы медицина қызметкерлері паллиативтік онкологиялық науқастарға шыға отырып, өздерінің ағымдағы жұмысын сонымен қоса атқаратындықтан, құрылған бригадалардың санынан жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасын көре алмаймыз. Бұл ретте толыққанды мультипәндік көмек көрсету тұрғысынан даярлықтары әлсіз, симптоматикалық емдеу және паллиативтік науқастардың сатылап ауырсынуын басу, күтім жасау және психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету үшін меңгерген білімдері мен дағдылары жеткіліксіз. Соның салдарынан үйдегі көмектің сапасы мен көлемі айтарлықтай жоғары емес. Халықаралық ұсынымдарға сәйкес 2024 – 2025 жылдары көрсеткішті 40 %-дан 70 %-ға дейін арттыруға ұмтыла отырып, пациенттерді мобильді бригадалармен қамтуды ұлғайту қажет. Онкологиялық науқастарды оңалту өте қажет. Дұрыс, жақсы ұйымдастырылған оңалту көмегі онкологиялық пациенттердің тұрмыс сапасын жақсарта отырып, өміршеңдігіне айтарлықтай әсер етеді. Қазіргі уақытта еліміздің онкологиялық орталықтарында тек 2 толыққанды оңалту бөлімшесі (Орал және Семей қалаларында) мен ҚазОРҒЗИ-да психологиялық көмек көрсететін бөлім бар. Онкологиялық аурудан кейін оңалтуды жүргізу үшін көптеген дәрігерлер, психологтар, социологтар, заңгерлер, протезистер, ЕДШ нұсқаушылары, әлеуметтік қамсыздандыру органдарының жұмыскерлері және т.б. мамандық өкілдерінің көмек көрсетуі болжанады, өйткені еңбекке қабілеттілікті барынша қалпына келтіру толық физикалық, психологиялық, әлеуметтік және кәсіби бейімделуді қажет етеді.
Үшіншіден, барлық онкологиялық көмек көрсету деңгейлеріндегі кадрлар тапшылығы.
Диагностикалау мен жаңа емдеу технологияларын (аз инвазивті емдеу әдістері) енгізу мәселелері бойынша мамандарды, оның ішінде білімі медициналық емес (физиктер, дозиметристер, химиктер), сондай-ақ сабақтас мамандықтар бойынша мамандарды (цитологтар, патоморфологтар, эндоскопистер, ядролық медицина мамандары) даярлау мен оқытудың қажеттігі.
Төртіншіден, қатерлі ісіктері бар пациенттерді диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары мен әдістемелік тәсілдер саласындағы өзінің ғылыми базасы мен әзірлемелерінің жеткіліксіз болуы.
Бесіншіден, ауруы анықталған кезден бастап жоғары мамандандырылған көмек көрсетілу мен оңалтуға дейін онкологиялық пациенттердің бағдарын қадағалау мүмкіндігі жоқ денсаулық сақтаудағы цифрландырудың төмен деңгейі, қашықтан консультация беруді, жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу қажет. Оңтайлы цифрландыру пациенттің, "жасыл дәліз" бағдарын мониторингтеу, динамикалық байқау, пациенттерді өткен зерттеулер, жүргізілген ем және одан әрі қарайғы бақылау жөніндегі ұсынымдар туралы хабардар ету бөлінісінде қажет.
Көрсетілген проблемаларды шешу үшін қатерлі ісіктің пайда болу жиілігін төмендету, онкологиялық науқастардың өміршеңдігін күшейту үшін қажетті негізгі өзгерістерді жүргізуге мүмкіндік беретін бес жылдық стратегия ретінде Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспар (бұдан әрі – Жоспар) әзірленді.
Жоспардың іс-шаралары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) елдері мен Қазақстан арасындағы онкологиялық науқастардың профилактикасы, диагностикалау және емдеу саласындағы медициналық көмек ретіндегі алшақтықты еңсеруге, ҚІ бар пациенттерді қазіргі уақытта басымды болып отырған стационарлық емдеуден амбулаториялық күтімнің неғұрлым заманауи түрлеріне, сонымен бірге оларға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауды жалғастыра отырып ауыстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанда онкологиялық пациенттерге қажетті медициналық көмектің толық спектрін ұсынуды қамтамасыз ету нәтижесінде онкологиялық көмекті импортпен алмастыруға баса назар аударылатын болады.
Онкологиялық көмекті ұйымдастыруда халықаралық трендтерге сәйкес:
балалар мен жасөспірімдерге, мұғалімдер мен тәрбиешілерге білім беру арқылы негізгі қауіп факторлары туралы хабардар болуды арттыруға;
обырға қарсы профилактикалық іс-шаралар мен скринингтерге халықтың ортақ жауапкершілігіне және белсенді қатысуына;
обырды дербестендірілген диагностикалау мен емдеуді енгізуге;
көпбейінді клиникалар жағдайында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде онкологиялық көмек көрсетудің мультипәндік тәсілін қамтамасыз етуге;
IT-технологиялар мен цифрландыруды белсенді түрде енгізуге (телемедицина, жасанды интеллект мүмкіндіктері және т.б.);
онкологиядағы ғылыми зерттеулерді ілгерілетуге баса назар аударылатын болады.
Жоспарды іске асыру нәтижесінде Қазақстан Республикасындағы онкологиялық жағдайдың көрсеткіштері жақсарады.
"Жасыл дәлізді" іске асыру шеңберінде обырды жедел диагностикалау орталықтарын құру, диагностика мен емдеу процестерін стандарттау мен басқару, өңірлерде емдеу-диагностикалық жабдықтардың әмбебап болуы, хирургиялық араласудың тиімділігін жоспарлау және мониторингтеу, сондай-ақ паллиативтік көмекті тиімді оңалту және жетілдіру есебінен пациенттің көмек жүйесіндегі бағдарын оңтайландыруға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде онкологиялық көмек көрсетудің бірыңғай стандарттары болады. Онкологиялық көмек көрсетудің сапасы әзірленген KPI-ге сәйкес МСАК деңгейінде де, стационарлық деңгейде де бағаланатын болады.
Жоспарды іске асыруда:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдардың халыққа онкологиялық көмек көрсетуді жетілдіруге бағытталған іс-қимылын үйлестіру;
Жоспардағы міндеттерді шешу үшін үкіметтік емес ұйымдар (бұдан әрі – ҮЕҰ) мен мүдделі тұлғаларды тарту болжанған, осылардың шеңберінде "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры өзінің ішкі регламентіне сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын болады, атап айтқанда, заманауи сәулелік және химиялық терапия жүргізуге арналған жабдықтарды орнату жөніндегі қайырымдылық жобаларды іске асыру, онкологиялық және онкогематологиялық пациенттерді, ересек адамды да, баланы да инновациялық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жетекші шетел орталықтарында еліміздің онкологиялық көмек көрсететін мамандарын оқыту.
Кешенді жоспардың іс-шаралары бес бағыт бойынша іске асырылатын болады.
Тәуекел факторларының профилактикасы және оны басқару.
Тиімділігі жоғары ерте диагностикалау.
Мамандандырылған емдеуді дамыту.
Паллиативтік көмек көрсету және оңалту.
Ғылым мен кадрлық әлеуетті дамыту.
Жоғарыда аталғандар ағымдағы онкологиялық жағдайға және оның даму үрдістеріне, осы саладағы проблемалардың жай-күйіне және Мемлекет басшысы қойып отырған міндеттерді шешу мақсатында мемлекеттік органдардың мұқтаждығына жүргізілген талдауға негізделген Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірлеу мен қабылдаудың қажеттігін растайды.
Ескертпелер:
* республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын іс-шаралар бойынша шығыстардың көлемі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды параметрлерін және республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің мүмкіндіктерін ескере отырып, тиісті жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде нақтыланатын болады. Бұл ретте шығыстар тиісті жылдарға ұсынылатын іс-шаралардың өзектілендірілген есептері, басымдықтары мен құны негізінде түзетілуі мүмкін.
Қаржыландыру көлемі
Қаржыландыру көзі | Жиыны | 2023 жылы (млн теңге) | 2024 жылы (млн теңге) | 2025 жылы (млн теңге) | 2026 жылы (млн теңге) | 2027 жылы (млн теңге) |
Республикалық бюджет (барлығы), оның ішінде: | 271 410,0 | 13 120,9 | 61 363,8 | 95 021,9 | 66 774,0 | 35 129,3 |
көзделген қаражат шегінде | 35 161,2 | 12 410,1 | 11 681,1 | 11 070,0 | - | - |
қосымша | 236 248,9 | 710,9 | 49 682,7 | 83 951,9 | 66 774,0 | 35 129,3 |
Жергілікті бюджет, оның ішінде: | 14 920,1 | 2 074,1 | 5 532,6 | 5 515,8 | 898,8 | 898,8 |
Бюджеттен тыс қаражат оның ішінде: | 174 340,3 | 43 690,1 | 46 447,3 | 58 155,2 | 12 906,7 | 13 141,0 |
МӘМС | 45 071,6 | - | 8 385,4 | 10 638,5 | 12 906,7 | 13 141,0 |
"Қазақстан халқына" ҚҚ | 129 228,7 | 43 650,1 | 38 061,9 | 47 516,7 | - | - |
Жиыны | 460 670,4 | 58 885,1 | 113 343,7 | 158 692,9 | 80 579,6 | 49 169,1 |
Аббревиатуралардың толық жазылуы:
"ӘлМСҚ" КеАҚ | – | "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамы |
"БҚМУ" КеАҚ | – | "Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамы |
БТҚ | – | бюджеттен тыс қаражат |
БФЭКТ | – | бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография |
ДСМ | – | Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі |
Еңбекмині | – | Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі |
ЖАО | – | жергілікті атқарушы орган |
ЖБ | – | жергілікті бюджет |
ЖСҚ | – | жобалау-сметалық құжаттама |
ИГХ | – | иммундық-гистохимиялық |
ИФТ | – | иммундық фенотиптеу |
КТ | – | компьютерлік томография |
"ҚазОжРҒЗИ" АҚ | – | "Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты" акционерлік қоғамы |
МӘМС | – | міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру |
МСАК | – | медициналық-санитариялық алғашқы көмек |
МҰ | – | медициналық ұйымдар |
ОМ | – | Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі |
"ПБХҒО" АҚ | – | "Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы" акционерлік қоғамы |
ПЭТ | – | позитрондық-эмиссиялық томография |
"ПІБ МО" ММ | – | "Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы" мемлекеттік мекемесі |
РБ | – | республикалық бюджет |
"РЭДСО" ШЖҚ РМК | – | "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны |
СБК | – | сапа жөніндегі біріккен комиссия |
"Сұңқар" ОО" RT" ЖШС | – | "Сұңқар" онкологиялық орталығы" RT" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі |
"ҰҒДСДО" ШЖҚ РМК | – | "Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны |
"ҰҒОО" ЖШС | – | "Ұлттық ғылыми онкология орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі |
"ҰНО" АҚ | – | "Ұлттық нейрохирургия орталығы" акционерлік қоғамы |
ЖИЦДМ | – | Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі; |
"ЯМжОО" ШЖҚ КМК | – | Абай облысы Денсаулық сақтау басқармасының "Ядролық медицина және онкология орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны |
"UMC" КҚ | – | "University Medical Center" корпоративтік қоры |