Жеке мүдде туралы декларацияны толтыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 20 тамыздағы № 746 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз.

      "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-5-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жеке мүдде туралы декларацияны толтыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 20 тамыздағы
№ 746 қаулысымен
бекітілген

Жеке мүдде туралы декларацияны толтыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке мүдде туралы декларацияны толтыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-5-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және жеке мүдделер туралы декларацияны толтыру тәртібі мен оның нысанын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар:

      1) жеке мүдде – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамның, лауазымды адамның өзі, өзінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жекжаттары және (немесе) онымен байланысы бар басқа да адамдар үшін мүліктік және (немесе) мүліктік емес сипаттағы игіліктерді, пайданы немесе артықшылықтарды иемденудегі, алудағы немесе табудағы мүдделілігі;

      2) жақын туыстар – ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), атасы, әжесі, немерелері;

      3) жекжаттар – жұбайының (зайыбының) ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), ата-анасы мен балалары;

      4) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген адаммен байланысы бар басқа да адамдар (бұдан әрі – байланысы бар басқа да адамдар) – асырап алған балаларының жұбайы (зайыбы), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілерінің (қарындастарының) жұбайы (зайыбы) және балалары, ата-аналарының ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) және олардың балалары, онымен бірлескен шаруашылық жүргізетін адамдар, оның асырауындағы адамдар, бұрынғы жұбайы (бұрынғы зайыбы), акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған адамға және (немесе) оның жақын туыстарына, жұбайына (зайыбына), жекжаттарына тиесілі заңды тұлға, осы тармақтың 1) тармақшасында аталған адам және (немесе) оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жекжаттары басқаруға қатысатын заңды тұлға;

      5) қызмет (жұмыс) бойынша ауысу – жоғары тұрған, тең дәрежелі, төмен тұрған лауазымдарға конкурс бойынша, конкурссыз, ауысу, ротациялау тәртібімен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда орналасу арқылы лауазымдық жағдайдың өзгеруі.

      3. Мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Құрылтайының немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарының мүшелігіне кандидаттарды;

      2) автомобиль жолдарында техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын адамдарды және мемлекеттік бюджеттің қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды және (немесе) бағдарламаларды іріктеуге қатысатын не жобаларды және (немесе) бағдарламаларды мемлекеттік бюджеттің қаражатынан қаржыландыру немесе мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну туралы шешімдер қабылдауға қатысатын алқалы органдардың мүшелерін (мемлекеттік лауазымды не мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымды атқаратын адамдарды қоспағанда) қоспағанда, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, лауазымды адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларды орындаумен байланысты лауазымға орналасқан қызметі (жұмысы) бойынша ауысқан күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жеке мүдде туралы декларация толтырады.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген адамдар қосымша декларация беру мерзімін ескергенде жеке мүдде туралы декларация тапсырмағаны немесе уақтылы тапсырмағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылуға тиіс.

2-тарау. Жеке мүдде туралы декларацияны толтыру тәртібі

      5. Осы Қағидалардың 3-тармағында аталған адамдар осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке мүдде туралы декларация толтырады, онда:

      1) өзімен бірге бір мемлекеттік органда (оның ішінде оның аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдарында, ведомстволық бағынысты ұйымдарында және (немесе) жоғары тұрған мемлекеттік органдарда), ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жекжаттары және (немесе) байланысы бар басқа да адамдар;

      2) ақы төленетін басқа қызмет (педагогикалық, ғылыми, шығармашылық немесе өзге де қызмет);

      3) Қазақстан Республикасында және (немесе) шет мемлекеттерде тіркелген коммерциялық ұйымдарға, жеке кәсіпкерлікке қатысуы, оның ішінде атқаратын лауазымға орналасқанға дейін бір жыл ішінде қатысуы туралы;

      4) меншік құқығымен немесе өзге де заттай құқықпен тиесілі мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы мәліметтерді көрсетеді.

      6. Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінде ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жекжаттары заңды тұлғалардың акцияларына (жарғылық капиталға қатысу үлестеріне) иелік ететін және (немесе) басқаруына қатысатын болса және бұл заңды тұлғалар осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген адам еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органмен, ұйыммен немесе квазимемлекеттік сектор субъектісімен азаматтық-құқықтық қатынастарда болса, мұндай адамдар жеке мүдде туралы декларацияда осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мәліметтермен қатар осындай заңды тұлғалар туралы мәліметтерді де көрсетеді.

      7. Жеке мүдде туралы декларация жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) не кадр қызметінің функцияларын атқаратын жауапты адамға жазбаша түрде беріледі.

      8. Жеке мүдде туралы декларацияда мәліметтер толық немесе анық көрсетілмесе, осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген адамдар декларация берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жеке мүдде туралы қосымша декларация беруге құқылы.

      9. Жеке мүдде туралы декларацияда көрсетілуге тиіс жаңа мәлімет пайда болған жағдайда осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген адамдар мұндай мәлімет пайда болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) не кадр қызметінің функцияларын атқаратын жауапты адамға жеке мүдде туралы жаңартылған декларацияны тапсырады.

3-тарау. Жеке мүдделер туралы декларацияны жинауға жауапты адамдар

      10. Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінде персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) жұмыскерлері қатарынан немесе кадр қызметінің функцияларын атқаратын жауапты адамдардың арасынан жеке мүдде туралы декларацияларды жинауға жауаптылар тағайындалады.

      11. Жеке мүдде туралы декларация осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген адамдардың жеке ісіне қоса тіркеледі.

  Жеке мүдде туралы
декларацияны толтыру
қағидаларына қосымша
Нысан

Жеке мүдде туралы декларация

      Мен _____________________________________________________________

      (декларация тапсыратын адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН

      __________________________________________________________________

      (атқаратын лауазымы, декларация тапсыратын адам жұмыс істейтін мемлекеттік

      органның/ ұйымның/квазимемлекеттік сектор субъектісінің атауы)

      __________________________________________________________________

      (лауазымға тағайындау туралы актінің түрі, күні және нөмірі)

      өз жауапкершілігіммен мәлімдеймін:

1. Бір мемлекеттік органда (оның ішінде оның аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдарында, ведомстволық бағынысты ұйымдарында және (немесе) жоғары тұрған мемлекеттік органда), ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде жұмыс істейтін жақын туыстарым, жұбайым (зайыбым), жекжаттарым және (немесе) менімен байланысы бар басқа да адамдар¹ туралы

Р/с

Туыстық/жекжаттық дәрежесі, байланыс сипаты

Т.А.Ә.

Жұмыс орны, атқаратын лауазымы









2. Ақы төленетін басқа қызмет (педагогикалық, ғылыми, шығармашылық немесе өзге де қызмет) туралы

Р/с

Жұмыс берушінің (тапсырыс берушінің) атауы/ Т.А.Ә.

Жұмыс берушінің (тапсырыс берушінің) БСН/ЖСН

Шарттық қатынастардың нысаны (еңбек, азаматтық-құқықтық)

Орындалатын қызметтің сипаты (атқаратын лауазымы)











3. Қазақстан Республикасында және (немесе) шет мемлекеттерде тіркелген коммерциялық ұйымдарға, жеке кәсіпкерлікке қатысуы, оның ішінде атқаратын лауазымға орналасқанға дейінгі бір жыл ішіндегі қатысуы туралы

Р/с

Бизнес субъектісінің ұйымдық-құқықтық нысаны, атауы (ЖШС, АҚ, ЖК, шетелдік компания)

Деректемелер (БСН, ЖСН, шетелдік заңды тұлғалар үшін тіркеу нөмірі мен ел)

Қатысу үлесінің мөлшері (заңды тұлғалар үшін)

Иелену кезеңі (лауазымға тағайындалғанға дейін бір жыл ішінде иелігінде болған болса)











4. Меншік құқығымен немесе өзге де заттай құқықпен тиесілі мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы

Р/с

Берілген мүліктің түрі (жарғылық капиталдардағы акциялар, коммерциялық үй-жайлар, жер учаскелері және басқа), саны, үлес өлшемі және өзге де анықтамалық деректер көрсетіле отырып

Сенімгерлік басқарушы туралы мәліметтер (заңды тұлғалар үшін атауы, БСН, заңды мекенжайы/жеке тұлғалар үшін Т.А.Ә., ЖСН, тіркелген мекенжайы)

Сенімгерлік басқару шартының деректемелері (нөмірі, күні, қолданылу мерзімі)

Шарттың мемлекеттік тіркелуі туралы мәліметтер (бар болса)











5. Менің жақын туыстарым, жұбайым (зайыбым), жекжаттарым акцияларына (жарғылық капиталға қатысу үлестеріне) иелік ететін және (немесе) басқаруына қатысатын заңды тұлғалар туралы²

Р/с

Заңды тұлғаның атауы

Деректемелер (БСН)

Акцияларды (үлестерді) иеленетін немесе басқаруға қатысатын адам (Т.А.Ә., туыстық/байланыс дәрежесі)

Қатысу үлесінің мөлшері немесе басқару сипаты











      Толтырылған күні ____________________ Қолы ___________________

      ¹ Неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезден бастап бір жыл өткен соң бұрынғы жұбайы

      (зайыбы) туралы мәліметтер ұсынылмайды.

      ² Егер заңды тұлға мемлекеттік органда, ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор

      субъектісінде ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық

      функцияларды орындайтын адам еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік

      органмен, ұйыммен немесе квазимемлекеттік сектор субъектісімен азаматтық-

      құқықтық қатынастарда болса, көрсетілген адам толтырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады