"Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидаларын және (немесе) пайдалану тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 9 ақпандағы № 77 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      "2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидалары және (немесе) пайдалану тәртібі бекітілсін.

      2. "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидаларын және (немесе) оны пайдалану тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 14 қыркүйектегі № 802 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 9 ақпандағы
№ 77 қаулысымен
бекітілген

"Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидалары және (немесе) пайдалану тәртібі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген, таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу қағидалары және (немесе) пайдалану тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) "2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес әзірленді және "Қарағандышахтатарату" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – "Қарағандышахтатарату" ЖШС) берілген, таратылған шахталар жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу және (немесе) пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Зардап шеккен жұмыскер ала алмай қалған, осыған дейін алып тұрған не бұдан әрі де алып тұратыны анық жалақы (табыс), сондай-ақ егер зардап шеккен адам көмек пен күтiмнiң осындай түрлерiне мұқтаж болып, оларды тегiн алмайды деп танылса, оның денсаулығына зақым келуінен туындаған шығыс (дәрі-дәрмек сатып алу, медициналық қарап-тексерілу, сауықтыру, бөгде адамның бағып-күтуi, протез салғызу, банктердің, пошталардың көрсетілетін қызметтері және өзгелері) өтеледі.

      3. Жұмыскер қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 940-бабында көрсетілген адамдардың залалды (зиянды) өтетiп алу құқығы бар.

2-тарау. Таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты пайдалану тәртібі

      4. "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға берілген, таратылған шахталар жұмыскерлерінің өміріне және денсаулығына келтірілген залалды (зиянды) өтеу сомалары осы Қағидаларға сәйкес республикалық бюджет есебінен өтелуге тиіс.

      Залалды (зиянды) өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргізіледі.

      5. Жұмыскер ала алмай қалған, өтелетін жалақы (табыс) мөлшерi зардап шеккен адамның кәсiби еңбекке қабiлетiн, болмаса – жалпы еңбекке қабiлетiн жоғалтуының дәрежелерiне сәйкес келсе, мертігуіне немесе денсаулығына өзгедей зақым келгенге дейiнгi не еңбекке жарамдылығынан айырылу орын алғанға дейiнгi орташа айлық табысының (кiрiсiнiң) пайыздарымен айқындалады.

      6. Таратылған шахталардың жұмыскерлеріне "Қарағандышахтатарату" ЖШС төлейтін залал (зиян) сомаларын өтеу таратылған шахталардың осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады, ол инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне барабар жыл сайын ұлғайтылып тұрады.

3-тарау. Таратылған шахталардың жұмыскерлеріне келтірілген залалды өтеуге берілетін қаражатты бөлу

      7. Залалды (зиянды) өтеу сомаларын есептеуді және төлеуді "Қарағандышахтатарату" ЖШС жүргізеді.

      8. Көмір өнеркәсібі саласындағы уәкілетті орган тиісті жылға бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес ай сайын 7-күнге дейін "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ны қаржыландыруды жүзеге асырады.

      9. "Қарағандышахтатарату" ЖШС залалды (зиянды) өтеудің есептелген сомаларын алушылардың шотына қолма-қол емес тәсілмен аударуды жүргізеді.

      10. Залалды (зиянды) өтеу сомаларын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының басқа мемлекеттеріне жіберу залалды (зиянды) өтетіп алуға құқығы бар жұмыскерлердің тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.

      "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға банктер, пошта бөлімшелері көрсететін қызмет шығындары қызметтер көрсету шарттарымен айқындалады.

      11. Бөлінген қаражат бойынша "Қарағандышахтатарату" ЖШС ай сайын, келесі айдың 20-күніне дейін, көмір өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органға алдыңғы ай үшін есеп береді.

      12. Таратылған шахталардың залал (зиян) өтемін алатын, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде тұратын жұмыскерлері "Қарағандышахтатарату" ЖШС-ға тоқсанына бір рет (тоқсанның бірінші айының 10-күнінен кешіктірмей) жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін, сондай-ақ айына бір рет (айдың 5-күнінен кешіктірмей) нақты тұрғылықты жері туралы мәлімет беріп тұрады.

      13. Пайдаланылмаған бюджет қаражатын қайтару Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  "Қарағандышахтатарату"
жауапкершілігі шектеулі
серіктестігіне берілген,
таратылған шахталардың
жұмыскерлеріне келтірілген
залалды өтеуге берілетін
қаражатты бөлу қағидаларына
және (немесе) пайдалану
тәртібіне қосымша

Таратылған шахталардың тізбесі

      1. Долинск.

      2. Дубовск.

      3. Майқұдық.

      4. Северная.

      5. Топар.

      6. Шерубай-Нұра.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады