Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2014 жылғы 9 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Ермекұлы Сауранбаевқа 2014 жылғы 9 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының | |
| Премьер-Министрі | О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 10 желтоқсандағы № 1076 қаулысымен мақұлданған |
|
| Жоба |
2014 жылғы 9 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі
өздерінің арасында, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы және үшінші елдерге/елдерден жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында
2014 жылғы 9 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 12-бабын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
Келісімнің "Жүк тасымалдары" деген 5-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
"5-бап. Жүк тасымалдары
1. Тараптардың бірінің әрбір тасымалдаушысы тасымалдауға арналған рұқсатсыз бос немесе тиелген көлік құралын екінші Тарап мемлекетінің аумағына:
а) бір Тарап мемлекетінің аумағындағы пункт пен екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы пункт арасында;
б) екінші Тарап мемлекеті аумағы арқылы транзитпен жүктерді тасымалдау үшін уақытша әкелуге құқығы бар.
2. Үшінші елдерге/елдерден жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын Тараптардың тасымалдаушылары төменде көрсетілгендей рұқсаттар негізінде жүзеге асырады:
а) әрбір рұқсат өтеусіз негізде беріледі және бір жүк көлік құралын бір рейс барып-қайту үшін пайдалануға жарамды;
б) әр Тараптың құзыретті органдары жыл сайын және өзара негізде жүктерді тасымалдауға арналған жарамды рұқсаттар санымен алмасады.".
Осы Хаттама Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
Осы Хаттама өз қолданысын Келісіммен бір мезгілде тоқтатады.
20__ жылғы "____" ____________ (Күн Хижрасы бойынша 1404 жылғы 20 азарға сәйкес келеді) қаласында әрқайсысы қазақ, парсы, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей.
Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
|
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Иран Ислам РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
