Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 29 шілдедегі № 571 қаулысына мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидалары мынадай мазмұндағы 38 және 39-тармақтармен толықтырылсын:
"38. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті есепті жылдағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының ұсынымдарын орындау жөніндегі жол картасының жобасын (бұдан әрі – Жол картасының жобасы) әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасына келісуге жібереді.
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Жол картасының жобасы келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде оны келіседі не бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға Жол картасының жобасына ұсынымдар және (немесе) ұсыныстар береді.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Жол картасының жобасын оның іс-шараларының орындалуына жауапты мемлекеттік органдармен келісу бойынша ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді кезеңдерге іске асыру мерзімдерін айқындайды.
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы Жол картасының жобасын келіскеннен кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына бекітуге жібереді.
39. Жол карталарының тармақтарын орындау үшін жауапты мемлекеттік органдар тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-і күнінен кешіктірмей, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға Жол картасының орындау мерзімі есепті кезеңге келетін тармақтарының іске асырылу барысы туралы ақпарат береді.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-ы күнінен кешіктірмей, Жол картасы тармақтарының орындалуы туралы ақпаратты жинайды және талдайды, Жол картасының тармақтарын бақылаудан шығару туралы шешім қабылдау үшін оны Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасына жібереді.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының ұстанымын алғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына Жол картасы тармақтарының іске асырылу барысы туралы ақпарат пен Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Жол картасының орындалуы жөніндегі мониторинг нәтижелері туралы ақпарат жібереді.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
