Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 13 қарашадағы № 967 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Жұмабайұлы Дүйсембиевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 13 қарашадағы
№ 967 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі

      кедендік реттеу мәселелері бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ниетін басшылыққа ала отырып,

      1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық туралы келісімнің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,

      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден саласындағы өзара мүдделерін қамтамасыз етуге жәрдемдесуді қалай отырып,

      халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын, мемлекеттері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін басшылыққа ала отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:

      "лауазымды адамдар" – кеден қызметі өкілдігіне жұмыс істеу үшін жіберілген және осы Келісімнің 3-бабына сәйкес осы өкілдікке жүктелген функцияларды орындауға кіріскен адамдар;

      "кеден қызметі өкілдігі" – бір Тарап мемлекеті кеден қызметінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында әрекет ететін уәкілетті бөлімшесі;

      "кеден қызметі":

      Қазақстан Республикасында – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті;

      Өзбекстан Республикасында – Өзбекстан Республикасының Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Кеден комитеті;

      "отбасы мүшелері" – кеден қызметі өкілдігінің лауазымды адамдарының олармен үнемі бірге тұратын жұбайы (зайыбы) мен кәмелетке толмаған балалары.

      2. Тараптар өз мемлекеттерінің кеден қызметтерінің атаулары немесе функциялары өзгергені туралы дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі жазбаша хабардар етеді.

2-бап

      Тараптар өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдіктері жанынан Тараптар мемлекетінің аумағында кеден қызметінің өкілдіктерін ашады.

      Кеден қызметтері өкілдіктерін кеден қызметтері өкілдіктерінің басшылары басқарады.

      Лауазымды адамдар және олардың отбасы мүшелері болатын мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.

3-бап

      Кеден қызметі өкілдігі болатын мемлекеттегі өз қызметін өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі басшысының жалпы басшылығымен жүзеге асырады.

      Кеден қызметтері өкілдіктерінің лауазымды адамдарының саны Тараптар арасындағы келісім бойынша айқындалады.

4-бап

      Кеден қызметі өкілдігі мынадай негізгі функцияларды жүзеге асырады:

      кедендік реттеу мәселесі бойынша өз мемлекетінің мүдделерін білдіру;

      Тараптар мемлекеттері арасындағы кедендік ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысу;

      Кедендік инфрақұрылымды дамытуға және кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жедел шешімдерді қоса алғанда, Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтерінің кеден ісі саласындағы бірлескен ұсыныстарын әзірлеуге қатысу;

      кеден ісі мәселелері бойынша ақпарат алмасу;

      Тараптар мемлекеттерінің кеден ісі саласындағы халықаралық шарттарының іске асырылуын қамтамасыз етуге қатысу;

      Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден ісі саласындағы нормативтік құқықтық базасын үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      Тараптар мемлекеттерінің оқу орындарында кеден қызметтер лауазымды адамдарын кәсіптік оқытуды және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру мәселелерін келісуге қатысу.

5-бап

      Кеден қызметі өкілдігі болатын мемлекетте өз қызметін жүзеге асыру үшін болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес қажетті мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге ие бола алады және оларды жүзеге асыра алады.

6-бап

      Кеден қызметі өкілдігінің лауазымды адамдарының және олардың отбасы мүшелерінің болатын мемлекет аумағындағы болу тәртібі, құқықтары мен міндеттері болатын мемлекеттің заңнамасына, осы Келісімге және 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес реттеледі.

7-бап

      Тараптар өз мемлекетінің кеден қызметі өкілдігін күтіп ұстау бойынша шығыстарды дербес көтереді.

8-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын кез келген даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

9-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісім мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

11-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Тараптардың кез келгені осы Келісімнің қолданысын екінші Тарапқа өзінің осындай ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жіберу арқылы тоқтатуға құқылы. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданысы көрсетілген хабарлама алынған күннен бастап 6 (алты) ай өткеннен кейін тоқтатылады.

      Осы Келісім қолданысының тоқтатылуы оның қолданылу кезеңінде басталған және оның қолданылуы тоқтатылған кезде аяқталмаған жобалар мен бағдарламаларды Тараптардың жүзеге асыруына әсерін тигізбейді.

      20 жылғы "__" _______ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, өзбек және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады