Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 20 қазандағы № 882 қаулысымен мақұлданған |
|
| Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі
Тараптардың өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес және теңдік, өзара пайда мен құрмет қағидаттары негізінде энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуге өзара ниеттерін негізге ала отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
1996 жылғы 16 қыркүйекте Баку қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді назарға ала отырып,
Қазақстан-Әзербайжан энергетика саласындағы ынтымақтастығын дамыту Тараптар мемлекеттерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетініне сенімді бола отырып,
энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаты осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген салаларда Тараптар арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу болып табылады.
Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар мынадай уәкілетті органдарды тағайындайды:
Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі;
Әзербайжан Республикасының Үкіметі атынан – Әзербайжан Республикасының Энергетика министрлігі.
Уәкілетті органдардың өзгергені туралы Тараптар бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
Тараптар ынтымақтастықты мынадай салаларда дамытады:
мұнай және газ;
жаңартылатын энергия көздері;
өзара мүдделілік тудыратын басқа да ынтымақтастық салалары.
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық, оның ішінде мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында мұнай мен газ өндіру жөніндегі бірлескен қызмет;
энергетикалық, оның ішінде мұнай-газ жобаларына өзара тиімді үлестік қатысу;
бөлек келісімдерде айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасында өндірілген мұнайды Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу;
Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясын Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы Еуропа өңіріне экспорттау жөніндегі жобаларға қатысу;
Тараптардың келісуі бойынша көмірсутектерді өндіру, тасымалдау, сақтау, қайта өңдеу саласындағы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігі және басқа да бағыттардағы бірлескен жобаларды іске асыру;
энергетика мәселелері бойынша екіжақты консультациялар өткізу;
ақпарат, сараптамалық пікірлер, тәжірибе, практикалық және ғылыми біліммен, зерттеу нәтижелерімен алмасу;
өзара сапарлар ұйымдастыру;
біліктілікті арттыру және оқыту мақсатында мамандармен алмасу;
өзара инвестицияларды ынталандыру;
Тараптармен қосымша келісілуі мүмкін өзге де ынтымақтастық нысандары.
Өзара мүдделілік болған жағдайда Тараптар арасында қаржылық міндеттемелердің талаптарын қоса алғанда, ынтымақтастық нысандары мен әдістері туралы бөлек халықаралық шарттар жасалуы мүмкін.
Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес, егер Тараптар жазбаша түрде өзгеше келіспесе, осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды дербес көтереді.
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға қатысты кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
Басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелер
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын өзге халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелеріне әсерін тигізбейді.
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын бөлек хаттамалар түрінде ресімделетін және осы Келісімнің 9-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім бес (5) жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы оның қолданылуын кезекті бесжылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде алты (6) ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы тоқтату ниеті туралы хабарламаса, келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылып тұрады.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылуы кезеңінде жүзеге асырыла бастаған және Келісімнің қолданылуы тоқтатылған сәтке дейін аяқталмаған жобалар бойынша Тараптардың міндеттемелерін қозғамайды.
____ жылы ____________ қаласында қазақ, әзербайжан және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар Келісімнің орыс тіліндегі мәтініне жүгінеді.
|
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Әзербайжан РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
