"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 19 қыркүйектегі № 772 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 19 қыркүйектегі
№ 772 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 2 шілдедегі
№ 673 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-1-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) биометриялық сәйкестендіру – жеке басты физиологиялық және биологиялық өзгермейтін белгілері негізінде сәйкестендіретін шаралар кешені;

      2) мемлекеттік тұрғын үй қоры – коммуналдық тұрғын үй қорына, мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорына не мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорына тиесілі және республикалық немесе коммуналдық мүлік құрамына кіретін тұрғынжайлар;

      3) коммуналдық тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемеге бекітілген, жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы тұрғын үйлер;

      4) мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қоры – мемлекеттік кәсіпорынның қарауындағы тұрғын үйлер;

      5) мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемені қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің қарауындағы тұрғын үйлер;

      6) тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй).

      Модульдік (мобильді) тұрғын үй деп жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара бөлімшелерінде және өзге де жабық объектілерде орналасқан арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің тұруына арналған және пайдаланылатын объект түсініледі;

      7) тұрғынжайды жекешелендіру – Заңға сәйкес жүзеге асырылатын, азаматтардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұрып жатқан тұрғынжайларды меншігіне сатып алуы;

      8) қызметтік тұрғынжай – мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін және өздерінің еңбек қатынастарының сипатына байланысты міндеттерін орындау кезеңінде, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді ротациялау жүзеге асырылған кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналған айрықша құқықтық режимі бар тұрғын үй;

      9) қызметтік тұрғынжайға теңестірілген тұрғынжай – коммуналдық тұрғын үй қорынан мемлекеттік қызметшілерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары, қызметкерлеріне, сондай-ақ мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан осы мемлекеттік кәсіпорынның қызметкерлеріне берілетін тұрғын үй;

      10) жатақхана – еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдардың, оқу кезеңінде студенттер (курсанттар, аспиранттар) мен оқушылардың, сондай-ақ жатақхананың меншік иесімен немесе иесімен еңбек шарты бар басқа да адамдардың тұруы үшін арнайы салынған немесе қайта жабдықталған тұрғын ғимарат;

      11) тұрғынжайдың қалдық құны – тұрғын үйдің табиғи тозуын шегергендегі тұрғын үйдің бастапқы құны;

      12) өтініш беруші – осы Қағидаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жекешелендіруге өтініш берген тұлға;

      13) тұрғынжайды жалдау шарты – оған сәйкес жалдауға беруші жалдаушыға тұрғынжайды немесе оның бір бөлігін ақы төлеп пайдалану құқығын беретін шарт;

      14) жалдаушы – тұрғынжайды жалдау шартындағы тұрғынжайды немесе оның бір бөлігін пайдалануға алушы тарап;

      15) бюджеттік ұйымдар – мемлекеттік мекемелер және қазыналық кәсіпорындар;

      16) ведомстволық тұрғынжай қоры – мемлекеттік мекемелердің теңгерімінде тұрған, тұрғын үй комиссиясының шешімі бойынша ауысу тәртібімен лауазымға тағайындалатын мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндеттерін орындау кезеңінде тұру үшін одан әрі жекешелендіру құқығынсыз беруге арналған қызметтік тұрғынжайлар;

      17) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы (бұдан әрі – тізілімінің веб-порталы) – Интернет желісінде www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша орналасқан, тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарттар бойынша электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін интернет-ресурс;

      18) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыскерлері, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттік қызметте, мемлекеттік кәсіпорында немесе бюджеттік ұйымдарда (мемлекеттік сайланбалы қызметте болу мерзімін қоса алғанда) кемінде 10 (он) жыл (жиынтығында) жұмыс істесе, сондай-ақ егер еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:

      1) ұйымның таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;

      2) одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;

      3) зейнеткерлікке шығуына байланысты тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын қызметтiк тұрғынжайларға теңестiрiлген тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.

      Ғарыш қызметі саласында 15 (он бес) жылдан астам жұмыс өтілі бар ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер тұрғынжайды өтеусіз жекешелендіреді.

      Қызметтiк тұрғынжайға теңестiрiлген тұрғынжай берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.

      4. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары мен судьялар, мемлекеттік қызметте, бюджеттік ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда немесе судья лауазымында (мемлекеттік сайланбалы қызметте болған мерзімін қоса алғанда) кемінде 10 (он) жыл (жиынтығында) жұмыс істесе, сондай-ақ еңбек қатынастары мынадай:

      1) ұйымның таратылуы, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқартылуына;

      2) одан әрі жұмыс істеуге кедергі келтіретін сырқатына;

      3) зейнеткерлікке шығуына;

      4) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы лауазымында болу мерзімінің аяқталуына байланысты негіздер бойынша тоқтатылса, жұмыс істеген мерзіміне қарамастан, олар өздері тұрып жатқан қызметтік тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.

      Қызметтік тұрғынжай берілген жұмыскер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның жұмыс істеген мерзіміне қарамастан, қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.

      Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы ретінде қызметтік тұрғынжай берілген Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастар қызметтік тұрғынжайда кемінде 5 (бес) жыл тұрған болса, олар өздері тұрып жатқан қызметтік тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.

      5. Еңбек сiңiрген жылдары күнтiзбелік есептеумен 10 (он) жыл және одан көп болған құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері немесе әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау органдарындағы, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен немесе әскери қызметтен қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттың қысқартылуына байланысты шығарылған адамдар өздері тұрып жатқан қызметтік тұрғынжайларға теңестірілген тұрғынжайларды немесе жекешелендіруге жататын қызметтік тұрғынжайларды қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылы.

      Еңбек сiңiрген жылдары күнтiзбелік есептеумен 20 (жиырма) жыл және одан көп болған құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері немесе әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау органдарындағы, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен немесе әскери қызметтен қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқартылуына байланысты шығарылған адамдар өздері тұрып жатқан қызметтік тұрғынжайларға теңестірілген тұрғынжайларды немесе жекешелендіруге жататын қызметтік тұрғынжайларды өтеусіз жекешелендіруге құқылы.

      Құқық қорғау органдарындағы, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен немесе әскери қызметтен шығарылған, осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде аталған, қызметтік тұрғынжайға теңестірілген немесе қызметтік тұрғынжай берілген адам қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда жекешелендіру құқығы қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасы мүшелеріне өтеді.

      Құқық қорғау органының, арнаулы мемлекеттік органның, азаматтық қорғау органының қызметкері немесе әскери қызметші қызмет өткеру кезінде қаза болған (қайтыс болған) жағдайда аталған қаза болған (қайтыс болған) адамның отбасы мүшелерінің осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтік тұрғынжайға теңестірілген тұрғынжайды немесе қызметтік тұрғынжай алуға және оны өтеусіз жекешелендіруге құқығы бар.

      6. Бірнеше жалдаушы тұратын тұрғынжайды барлық жалдаушылардың және олардың кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен ғана жекешелендiруге болады. Бұл жағдайда тұрғын үй барлық жалдаушылардың ортақ үлестiк меншiгiне өтедi.

      7. Мыналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген, өздері тұрып жатқан тұрғынжайларды меншігіне өтеусіз алады:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Тұрғынжай берілген Ұлы Отан соғысының ардагері қайтыс болған жағдайда оны тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді;

      2) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

      3) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегі авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;

      4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;

      5) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, басқа кезеңдерде әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған әскери қызметшілер;

      6) Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;

      7) мыналар:

      еңбек сiңiрген жылдары күнтiзбелік есептеумен 20 (жиырма) жыл және одан көп болған;

      еңбек сіңірген жылдары күнтізбелік есептеумен 10 (он) жыл және одан көп болған және жасына қарамастан мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды), оның ішінде бала кезінен мүгедектігі бар адамды (мүгедектігі бар адамдарды) асырап-бағып отырған әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметтен немесе құқық қорғау органдарындағы, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттың қысқартылуына байланысты шығарылған адамдар.

      Әскери қызметтен немесе құқық қорғау органдарындағы, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен шығарылған, осы тармақшаның бірінші бөлігінде аталған, тұрғынжай берілген адам қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оны өтеусіз жекешелендіру құқығы қаза тапқан (қайтыс болған) адамның отбасы мүшелеріне өтеді;

      8) өз-өзіне қол жұмсау (өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу жағдайларын қоспағанда), қылмыстық құқық бұзушылық жасау, алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйді туғызатын заттарды (сол тектестерді) медициналық емес мақсатта тұтыну салдарынан қаза тапқанды (қайтыс болғанды) қоспағанда, еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшінің, құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы қызметкерінің отбасы мүшелері;

      9) ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер. Тұрғын үй берілген ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оны өтеусіз алу құқығы қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлеріне ауысады;

      10) саяси қуғын-сүргіндер құрбандары, сондай-ақ "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ақталған, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдар.

      8. Коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін тұрғынжайды жалдаушы Заңда көзделген шарттарда және осы Қағидаларда айқындалатын тәртіппен қалдық құны бойынша жекешелендіре алады.

      9. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жалдаушы оны кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып жекешелендiреді.

      10. Мыналар:

      1) бөлек-бөлек жасалған жалдау шарттарына сәйкес бірнеше жалдаушыға жалға беріліп, осы жалдаушылардың бірі сатып алуды жүзеге асыруға келіспейтін болса;

      2) уақытша құрылыстардағы;

      3) белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмейтін;

      4) одан әрі тұруға жарамсыз болуына байланысты тұрғын емес үй-жайлар етіп қайта жабдықталуға тиіс;

      5) жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағында орналасқан;

      6) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің аумағында орналасқан;

      7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан;

      8) бұзылуға тиіс;

      9) ауысу тәртібімен лауазымға тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңіне ведомстволық тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайлар жекешелендірілмейді.

      Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға, оқу кезеңінде студенттерге (курсанттарға, кадеттерге, тыңдаушыларға, аспиранттарға) және оқушыларға берілген төсектік үлгідегі, сондай-ақ бөлме үлгісіндегі тұрғын үй-жайлар да жекешелендірілмейді.

      11. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген бір тұрғынжайды ғана жекешелендіруге құқылы, мұның тұрғынжайды купондық тетік арқылы жекешелендіруге қатысы жоқ, бұл тетік азаматтың тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асыруынан бас тарту үшін негіз болмайды.

      Негізгі жалдаушының отбасы мүшесінің бұрын жекешелендірілген тұрғынжайда елу пайыз немесе одан аз үлесінің болуы кейіннен оның мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіру құқығын іске асыруына кедергі болмайды.

      12. Егер Қазақстан Республикасының азаматтары:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында өзге тұрғынжайы болса, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлесінің болуы есепке алынбайды;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша міндеттемесі болса;

      3) жекешелендіруге өтініш берген кезге дейін соңғы 5 (бес) жыл ішінде өздеріне меншік құқығында тиесілі болған тұрғынжайды иеліктен шығарса;

      4) біржолғы тұрғын үй төлемдерін, ақшалай өтемақы алса немесе тұрғын үй төлемдерін пайдалану арқылы тұрғынжайды меншікке алу міндеттемелерін орындаса, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жекешелендіре алмайды.

2-тарау. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйді жекешелендіру тәртібі

      13. Тұрғынжайды жекешелендіру туралы шешімді мыналар қабылдайды:

      1) коммуналдық тұрғын үй қорынан – жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй комиссиялары;

      2) мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан – мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй комиссиялары;

      3) мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан – мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй комиссиялары.

      Тұрғын үй комиссиялары туралы үлгі ережені тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітеді.

      14. Тұрғынжайды жекешелендіру осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес үлгілік нысан бойынша тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартпен ресімделеді.

      15. Тұрғынжайды жекешелендіру тәртібімен меншігіне алу үшін өтініш беруші Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 12 тамыздағы № 437 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23983 болып тіркелген) бекітілген "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру" мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидалардың (бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидалар) талаптарына сәйкес құжаттарды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына не "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынады.

      16. Тұрғын үй комиссиялары өтініш беруші осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген құжаттарды тапсырған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде дауыс беру жолымен тұрғынжайды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды немесе дәлелді бас тарту туралы шешім шығарады.

      Құжаттар тұрғын үй комиссиясының қарауына "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы ұсынылған болса, тұрғын үй комиссиясының құрамы порталда қалыптастырылады.

      Тұрғын үй комиссиялары дауыс беру және шешім қабылдау үшін тізілімнің веб-порталына кіруді ЭЦҚ-ны пайдалана отырып немесе жеке басын биометриялық сәйкестендіру арқылы жүзеге асырады.

      17. Тұрғын үй комиссиясы тұрғынжайды жекешелендіруден Мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі қағидаларда көрсетілген негіздер бойынша дәлелді бас тартады.

      18. Тұрғын үй комиссиясы тұрғынжайды жекешелендіру туралы шешім шығарғаннан кейін тұрғынжайды беретін орган тұрғынжайдың қалдық құнын:

      1) мемлекеттiк мекемелер "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 мамырдағы № 223 бұйрығына;

      2) мемлекеттiк кәсіпорындар Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есептейді.

      19. Жекешелендіру туралы шешім шығарылғаннан кейін тұрғынжайды мемлекеттік кәсіпорындар немесе мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік тұрғын үй қорынан коммуналдық меншікке беру "Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 85 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32641 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншікті бір түрінен екіншісіне беру қағидаларына (бұдан әрі – Беру қағидалары) сәйкес беру туралы шешім шығарылған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде тізілімнің веб-порталын пайдалану арқылы электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      Жекешелендіру туралы шешім шығарылғаннан кейін тұрғынжайды коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын мен коммуналдық мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан коммуналдық тұрғын үй қорына беру күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде тізілімнің веб-порталын пайдалану арқылы электрондық нысанда жүргізіледі.

      20. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру туралы қабылданған шешім туралы және Беру қағидаларына сәйкес ресімделген мүлікті қабылдау-беру актісі (беру актісі) туралы мәліметтерді жұмыс органы тізілімнің веб-порталына тұрғынжайға құқықтар құқықтық кадастрда қайта тіркелген күннен бастап үш күндік мерзімде енгізеді.

      21. Тұрғынжайды беретін орган жекешелендіруге жататын тұрғынжайды коммуналдық тұрғын үй қорына ауыстыруды жүзеге асырған кезде сонымен бір мезгілде өтініш берушіге төленуге тиіс сома көрсетілген тұрғынжайдың құны туралы анықтама беріледі.

      22. Жекешелендіруге жататын тұрғынжай коммуналдық тұрғын үй қорына ауыстырылғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы орган мен өтініш беруші арасында тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ-ны пайдалана отырып немесе жеке басын биометриялық сәйкестендіру арқылы тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт жасалады.

      Тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт жасасудан бас тартылған не оны белгіленген мерзімде жасамаған жағдайда бұрын республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілген тұрғынжай күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде республикалық меншікке қайтарылуға жатады.

      23. Тізілімнің веб-порталы арқылы тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт жасалғаннан кейін, осы Қағидалардың 25-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, өтініш беруші күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жергілікті бюджетке төленуге тиіс тұрғынжайдың құнын төлейді.

      Форс-мажорлық мән-жайлар туындаған жағдайларды, яғни еңсерілмейтін күш жағдайларын (дүлей апаттар немесе болжап білу немесе алдын алу мүмкін емес өзге жағдайлар), сондай-ақ ұрыс қимылдарын қоспағанда, көрсетілген мерзімде тұрғынжайдың құны төленбеген кезде жергілікті атқарушы орган тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзады, оны бұзғанға дейін өтініш берушіні кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын хабардар етеді.

      Тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт бұзылған кезде күнтізбелік 10 (он) күн ішінде жергілікті атқарушы орган немесе мемлекеттік кәсіпорынның немесе мемлекеттік мекеменің әкімшілігі (жалға беруші) мен өтініш беруші (жалдаушы) арасында жазбаша нысанда мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдау (қосымша жалдау) шарты жасалады. Мұндай шарттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды.

      24. Тұрғынжай меншікке өтеусіз алынған кезде төлем жүргізілмейді.

      25. Тұрғынжайды жекешелендiретiн өтініш берушілер тұрғынжайдың құнын бөліп төлей алады.

      Қалдық құны 15 (он бес) миллион теңгеден аз тұрғынжай 10 (он) жылға дейінгі мерзімге бөлiп төлеуге беріледі.

      Қалдық құны 15 (он бес) миллион теңгеден асатын тұрғынжай 15 (он бес) жылға дейінгі мерзімге бөлiп төлеуге беріледі.

      Тұрғынжайды жекешелендiретiн өтініш берушілер күнтiзбелiк 30 (отыз) күн iшiнде тұрғынжайды жекешелендiру туралы шартта белгiленген тұрғынжай құнының кемiнде 10 (он) пайызы мөлшерiнде бастапқы жарна енгiзедi.

      Тұрғынжай құнын бөліп төлеу шарттары мен мерзімдері тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартта көзделеді. Бөліп төлеуді ескергендегі төлемнің жалпы сомасы тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарттың ажырамас қосымшасы болып табылатын тұрғынжайдың құнын төлеу графигінде көрсетіледі.

      Форс-мажорлық мән-жайлар туындаған жағдайларды, яғни еңсерілмейтін күш жағдайларын (дүлей апаттар немесе болжап білу немесе алдын алу мүмкін емес өзге жағдайлар), сондай-ақ ұрыс қимылдарын қоспағанда, көрсетілген мерзімде тұрғынжайдың құны төленбеген кезде жергілікті атқарушы орган тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзады, оны бұзғанға дейін өтініш берушіні кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын хабардар етеді.

      Тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт бұзылған кезде күнтізбелік 10 (он) күн ішінде жергілікті атқарушы орган немесе мемлекеттік кәсіпорынның немесе мемлекеттік мекеменің әкімшілігі (жалға беруші) және өтініш беруші (жалдаушы) арасында жазбаша нысанда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдау (қосымша жалдау) шарты жасалады. Мұндай шарттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды.

      26. Тұрғынжайды бөліп төлеу жолымен жекешелендіру туралы шешімді белгіленген тәртіппен алғаннан кейін өтініш берушінің жұмыс орнының өзгеруі оның көрсетілген шешім бойынша тұрғынжайды жекешелендіру құқығын одан әрі іске асыруына әсерін тигізбейді.

      27. Өтініш берушіден алынған төлемнің сомасы тұрғынжай құнының жартысынан артық болған жағдайды қоспағанда, өтініш беруші тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартта көзделген төлем графигі бойынша тұрғынжайдың құнын 6 (алты) ай қатарынан төлемеген жағдайда жергілікті атқарушы орган тұрғынжайды жекешелендiру туралы шартты бiржақты тәртiппен бұзады, оны бұзғанға дейін өтініш берушіні кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын хабардар етеді.

      Тұрғынжайдың құнының жартысынан көбін төлеген өтініш беруші график бойынша тұрғынжай құнын 6 (алты) ай бойы төлемеген жағдайда жергілікті атқарушы орган тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартты бұзбай, берешекті сот тәртібімен өндіріп алады.

      28. Тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт өзінің бастамасы бойынша бұзылған кезде не төлем графигі бойынша тұрғынжай құны 6 (алты) ай қатарынан төленбеген жағдайда тұрғынжайдың құнын өтеу үшін енгізілген сома өтініш иесіне қайтарылады, одан тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт жасалып, ол бұзылғанға дейінгі уақыт аралығында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды пайдаланғаны үшін төлем сомасы шегеріледі. Бұл сома жеткіліксіз болған кезде өтініш иесі тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт жасалып, ол бұзылғанға дейінгі уақыт аралығында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды пайдаланғаны үшін төлем сомасындағы айырманы өтейді.

      Өтініш берушімен тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт бұзылған кезде бұрын республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілген тұрғынжай күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде республикалық меншікке қайтарылады.

      29. Тұрғынжайды жекешелендіру шарты екі данада жасалады, оның біреуі жергілікті атқарушы органда сақталады, екінші өтініш берушіге беріледі.

  Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан
берілетін тұрғын үйлерді
жекешелендiру қағидаларына
қосымша

Тұрғынжайды жекешелендіру туралы № ____ үлгі шарт

      20__ жылғы "___" ____________

      _________________________________________________________________

      ______________ (әкімшілік-аумақтық бірліктің және елді мекеннің атауы)

      _____________________________________________________________атынан

      (жергілікті атқарушы органның атауы)

      бұдан әрі "Меншік иесінің өкілі" деп аталатын ____________________________

      _____________________________________________________________________

      тегі, аты және әкесінің аты (бар болса)

      және бұдан әрі "Сатып алушы" деп аталатын азамат

      _____________________________________________________________________

      тегі, аты және әкесінің аты (бар болса)

      (бұдан әрі – "Тараптар" аталып) төмендегілер туралы осы шартты жасасты.

1-тарау. Шарттың мәні

      1.1. (Бұл тармақ тұрғынжайды оның құнын өтеп алған жағдайда толтырылады).

      1) мына мекенжай бойынша орналасқан:

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________;

      тұрғынжайға меншік құқығын Меншік иесінің өкілі береді, ал Сатып алушы және

      онымен үнемі бiрге тұратын, оның ішінде уақытша тұрмайтын отбасы мүшелерi

      _____________________________________________________________________

      (отбасы мүшелерінің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса)

      оның құнын 20__ жылғы "___" _________ дейін төлейді (тұрғынжай құны бөліп

      төленген жағдайда төлем осы шартқа қосымшаға сәйкес тұрғынжай құнын төлеу

      графигі бойынша жүргізіледі) және оны бірлескен ортақ меншікке алады;

      2) тұрғынжай:

      жалпы ауданы _____ м2, оның ішінде тұрғын ауданы _______ м2, тұрғын емес ауданы ___________м2;

      3) тұрғынжайды меншігіне алған соң кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі үлес Сатып алушыға өтеді;

      4) тұрғынжай құны ________________________ теңге сомасында деп белгіленеді;

      (цифрлармен және жазумен)

      5) Сатып алушы тұрғынжай құнын ________________________________________

      теңге сомасында (цифрлармен және жазумен)

      күнтізбелік отыз күн ішінде төлейді, бұл 20__ жылғы "__" _____ № ____

      ______________________________________________

      (түбіртек, шот-фактура немесе төлем туралы чек)

      құжатпен расталады не осы шартқа қосымшаға сәйкес тұрғынжай құнын төлеу графигі бойынша тұрғынжай құнын _______ жылға дейінгі мерзіммен бөліп төлейді;

      6) тұрғынжайға меншiк құқығы ол тіркеу органында тіркелген күнінен бастап туындайды.

      Осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген тұрғынжай құнының толық төленуі тұрғынжайға меншiк құқығының туындауы үшін негіз болып табылады.

      1.2. (Бұл тармақ тұрғынжай өтеусіз берілген жағдайда толтырылады).

      1) мына мекенжай бойынша орналасқан:

      ____________________ тұрғынжайға меншік құқығын Меншік иесінің өкілі береді,

      ал Сатып алушы және онымен үнемі бiрге тұратын, оның ішінде уақытша тұрмайтын

      отбасы мүшелері ___________________________________________

      (отбасы мүшелерінің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса)

      ортақ бірлескен жеке меншікке алады;

      2) тұрғынжай:

      жалпы ауданы _______ м2, оның ішінде тұрғын ауданы _______ м2, тұрғын емес ауданы _____________ м2;

      3) тұрғынжайды меншігіне алған соң кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі үлес Сатып алушыға өтеді;

      4) тұрғынжай құны ______________________________________ теңге сомасында

      (цифрлармен және жазумен)

      белгіленеді;

      5) тұрғынжайға меншiк құқығы ол тіркеу органында тіркелген күнінен бастап пайда болады.

      Осы Шартқа Тараптардың қол қоюы тұрғынжайға меншік құқығының пайда болуына негіз болып табылады.

2-тарау. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      2.1. Меншік иесінің өкілі:

      1) Форс-мажорлық мән-жайлар туындаған жағдайларды, яғни еңсерілмейтін күш жағдайларын (дүлей апаттар немесе болжап білу немесе алдын алу мүмкін емес өзге жағдайлар), сондай-ақ ұрыс қимылдарын қоспағанда, өтініш беруші тұрғынжайдың құнын төлем графигі бойынша төлемеген жағдайда жергілікті атқарушы орган тұрғынжайды жекешелендіру туралы шартты біржақты тәртіппен бұзады, оны бұзғанға дейін өтініш берушіні кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын хабардар етеді.

      2) осы шарт бойынша төлемнің уақтылы және толық аударылуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

      2.2. Сатып алушы:

      1) тұрғынжайдың толық құнын төлеп не тұрғынжайды оның құнын өтеп алатын болса,

      ____________________жыл мерзімге дейін бөліп төлеу арқылы жекешелендіруге;

      (бөліп төлеу мерзімі көрсетіледі)

      2) тұрғынжай оның құны бөліп төлеу арқылы өтеліп алынатын болса, жекешелендірілетін тұрғынжай құнын мерзімінен бұрын өтеуге;

      3) мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды пайдаланғаны үшін Меншік иесінің өкіліне тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт жасалған және ол бұзылғанға дейінгі уақыт аралығындағы төлем сомасын өтеп, өз бастамасымен осы шартты бұзуға құқылы.

      2.3. Меншік иесінің өкілі:

      1) осы шарт бойынша, оның ішінде __________________ жылға дейін бөліп

      (бөліп төлеу мерзімі)

      төлеу тәртібімен тұрғынжай құнының төлемін қабылдауға;

      2) тұрғынжайды жекешелендіру туралы тұрғынжай құнын бөліп төлеу көзделетін шарт бұзылатын болса, тұрғынжайды жекешелендіру туралы шарт жасалған және ол бұзылғанға дейінгі уақыт аралығында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды пайдаланғаны үшін төленетін соманы шегеріп, тұрғынжай құнын өтеу үшін енгізілген соманы тұрғынжайды жекешелендіретін азаматтарға қайтаруға;

      3) тұрғынжайдың құны толық төленетін болса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген, Сатып алушы тұрып жатқан тұрғынжайды оның меншігіне беруге (тұрғынжай оның құны өтеліп Сатып алынатын болса);

      4) мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген, Сатып алушы тұрып жатқан тұрғынжайды оның меншігіне беруге (тұрғын үй өтеусіз алынатын болса) міндетті.

      2.4. Сатып алушы:

      1) тұрғынжайды оның құнын өтеп алған кезде тұрғынжай құнын күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде төлеуге;

      2) тұрғынжайды оның құнын бөліп төлеу арқылы өтеп алған кезде күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осы шартта белгіленген тұрғынжай құнының 10 (он) пайызынан кем болмайтын мөлшерде бастапқы жарна енгізуге, сондай-ақ осы шартқа қосымшаға сәйкес тұрғынжай құнын төлеу графигі бойынша тұрғынжай құнын төлеуге;

      3) осы шарт бойынша өз құқықтары мен міндеттерін үшінші тұлғаларға бермеуге;

      4) Меншік иесінің өкілі сұратқан кезде тұрғынжай құнының төленгенін растайтын құжаттарды ұсынуға;

      5) тұрғынжайды өтеусіз алған кезде тұрғынжайды меншікке қабылдауға;

      6) тұрғынжайды оның құнын өтеп алған кезде тұрғынжай құнын толық төлегеннен кейін тұрғынжайды меншігіне қабылдауға міндетті.

3-тарау. Басқа шарттар

      3.1. Осы шарт Сатып алушы, Меншік иесінің өкілі үшін бірдей заңды күші бар мемлекеттік және орыс тілдерінде екі данада жасалды және ол Тараптар қол қойған сәттен бастап күшіне енеді.

4- тарау. Тараптардың деректемелері мен қолдары

      Меншік иесінің өкілі Сатып алушы

      ___________________________ ________________________

      ___________________________ ________________________

      ___________________________ ________________________

      (деректемелері), мөр орны (бар болса) (деректемелері)

  Тұрғынжайды жекешелендіру
туралы шартқа қосымша

Тұрғынжай құнын төлеу графигі

Р/с

Төленетін сома (теңгемен)

Төлеудің тиісті мерзімі (күні, айы, жылы)

Төлеудің нақты мерзімі (төлемді растайтын түбіртектің немесе құжаттың нөмірін көрсетіп)

1


20 жылғы " " қаңтар

20 жылғы " " №

2


20 жылғы " " ақпан

20 жылғы " " №

3


20 жылғы " " наурыз

20 жылғы " " №


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады