Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы имплементациялық хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 26 шілдедегі № 559 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы имплементациялық хаттаманың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы имплементациялық хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің

2025 жылғы 26 шілдедегі
№ 559 қаулысымен
мақұлданған
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы имплементациялық хаттама

            Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі (бұдан әрі жеке-жеке "Тарап" және бірлесіп "Тараптар" деп аталады)

            2009 жылы 22 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және техника саласындағы келісімді назарға ала отырып,

            өз мемлекеттерінің ұлттық экономикаларын дамыту үшін ғылым мен техниканың маңыздылығын мойындай отырып,

            теңдік пен өзара тиімділік негізінде ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға ниет білдіре отырып,

            төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Жалпы ережелер

            Тараптар осы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы имплементациялық хаттаманың (бұдан әрі –Имплементациялық хаттама) ережелеріне және Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес Тараптардың зерттеу ұйымдары, университеттері мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ғылым және техника саласындағы ынтымақтастықты көтермелейді және қолдайды.

2-бап. Құзыретті органдар

      Тараптардың осы Имплементациялық хаттаманы орындауға жауапты құзыретті органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҚР ҒЖБМ) және Түркия Республикасының Үкіметі атынан Түркияның Ғылым және технологиялық зерттеулер жөніндегі кеңесі (TÜBITAK) болып табылады.

3-бап. Ынтымақтастық нысандары

            Ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      3.1 Бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеу.

      3.2 Академиялық зерттеулер жүргізу мақсатында ғалымдармен алмасу.

      3.3 Бірлескен академиялық ғылыми және технологиялық іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу.

      3.4 Технопарктерді басқару туралы ақпаратпен алмасу, бірлескен озық тәжірибе орталықтары мен бірлескен зертханалар құру жөніндегі іс-шараларды жүргізу.

      3.5 Зерттеулер, әзірлемелер және инновациялар бойынша Еуропалық Одақтың (EU FPs) негіздемелік бағдарламаларына қатысу.

4-бап. Өзара мүдделілікті білдіретін салалар

            Тараптардың әрқайсысы үшін басым міндеттерді ескере отырып, Тараптар өзара мүдделілікті білдіретін мынадай салаларда ынтымақтастықты дамытатын болады:

      a. Жаратылыстану ғылымдары.

      b. Инженерия және технологиялар.

      c. Медицина және денсаулық туралы ғылым.

      d. Ауыл шаруашылығы ғылымдары және ветеринария.

      e. Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар.

5-бап. Бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобалар

      Осы Имплементациялық хаттаманың 3.1-тармағына сәйкес бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобалар былайша жүзеге асырылады:

      5.1 Егер екі Тарап жазбаша түрде өзгеше уағдаласпаса, Тараптар ұсыныстар конкурсын екі жыл сайын бір мезгілде жариялайды.

      5.2 Өтінімдерді беру және бағалау шарттары, сондай-ақ конкурсты өткізудің басқа да қағидалары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес олардың өзара келісімі бойынша айқындалады.

6-бап. Жекелеген ғалымдармен және сарапшылармен алмасу
(қысқа мерзімді сапарлар)

      Осы Имплементациялық хаттаманың 3.2-тармағына сәйкес жекелеген ғалымдармен алмасу былайша жүзеге асырылады:

      6.1 Бірлескен зерттеу жобаларын қоспағанда, Тараптар әрбір бағыт бойынша жекелеген ғалымдармен және сарапшылармен алмасу үшін жыл сайынғы сегіз апталық квота туралы уағдаласады, бұл ретте әрбір сапардың ұзақтығы он күннен аспауға тиіс.

      6.2 Сапарды ұйымдастырудың алдында Тараптардың әрқайсысының ғалымдары бастапқы байланыстарды өздері орнатады және нақты тақырып бойынша ынтымақтастық туралы уағдаласады. Жіберуші Тарап қабылдаушы Тарапқа әрбір сапарға дейін кем дегенде екі ай бұрын осы Имплементациялық хаттамаға қосымша болып табылатын қысқа мерзімді академиялық сапарға арналған өтінімнің нысанында көрсетілген ақпаратты ұсынады. Қабылдаушы Тарап бағдарламаны қарайды, пысықтайды және бекітеді.

7-бап. Бірлескен академиялық іс-шаралар

      Осы Имплементациялық хаттаманың 3.3-тармағына сәйкес бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру былайша жүзеге асырылады:

      7.1 Ұсыныстарда өтініш берушілер, қатысушылар және ұсынылатын іс-шаралар туралы қажетті ақпарат қамтылуға тиіс.

      7.2 Ғылыми және технологиялық іс-шараларды өткізу жөніндегі ұсыныстарды ҚР ҒЖБМ және TÜBITAK мақұлдауға тиіс.

8-бап. Шығыстар

      Осы Имплементациялық хаттамадан туындайтын бірлескен жобаларға, ғалымдармен және сарапшылармен алмасуға, бірлескен академиялық іс-шараларға арналған шығыстар, егер Тараптар өзге жазбаша шешім қабылдамаса, мынадай негізде жабылады:

      8.1 Бірлескен ғылыми зерттеулер, әзірлемелер және қысқа мерзімді сапарлар үшін:

      жіберуші Тарап жол жүруге, тұруға және ақшалай жәрдемақыға байланысты барлық ілеспе шығыстарды өзінің ережелері мен нұсқамаларына сәйкес төлейді;

      жіберуші Тарап медициналық қызмет көрсетуді қоса алғанда, өз ғалымдарын шұғыл медициналық сақтандыруға жауаптылықта болады.

      8.2 Жобалар бойынша зерттеушілермен алмасуды қаржылай қолдаудан бөлек, Тараптар өздерінің тиісті жобалық топтарына бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер үшін, егер олар мұны орынды деп тапса, қосымша қаржы құралдарын ұсына алады. Екі Тараптың тепе-теңдік негізінде қаржыландыруы құпталады, бірақ міндетті емес.

      8.3 Бірлескен академиялық іс-шараларға қатысу үшін:

      жіберуші Тарап өз ғалымдарының жол жүруіне, тұруына, жәрдемақыларына және оларды шұғыл медициналық сақтандыруға байланысты барлық ілеспе шығындарды, соның ішінде өздерінің қағидалары мен нұсқамаларына сәйкес медициналық көмек көрсетуді өзіне алады;

      қабылдаушы Тарап іс-шараны ұйымдастыру және өткізу бойынша барлық шығыстар үшін толық көлемде жауаптылықта болады.

9-бап. Алынған ақпаратты тарату

      9.1 Осы Имплементациялық хаттама шеңберінде бірлескен қызмет нәтижесінде алынған ғылыми және технологиялық нәтижелер мен кез келген басқа ақпарат жоба бойынша Тараптардың жазбаша келісімімен және Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын зияткерлік меншік құқықтарына қатысты халықаралық келісімдерге, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес беріледі, хабарланады, жарияланады немесе коммерциялық мақсаттарда пайдаланылады.

      9.2 Бірлескен ғылыми-зерттеу жобасын орындаудың алдында жоба бойынша әріптестер арасында зияткерлік меншік құқықтарын иелену туралы келісім қол қойылуы тиіс. Зияткерлік меншік құқықтары туралы келісімге Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және екі Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес дауларды шешу тәртібі туралы ережелерді көздеуге тиіс.

10-бап. Іске асыру және құқықтық аспектілер

      10.1 Осы Имплементациялық хаттама Тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және дамыту мақсатында жасалды.

      10.2 Осы Имплементациялық хаттаманы түсіндіруге және қолдануға байланысты кез келген дауды Тараптар дипломатиялық арналар арқылы шешеді.

      10.3 Осы Имплементациялық хаттамада көзделген ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларға қатысты әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес оларды жүзеге асыру үшін ең үздік ықтимал жағдайларды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

      10.4 Осы Имплементациялық хаттама Тараптар жасасқан басқа да халықаралық келісімдерден туындайтын қандай да бір міндеттемелердің шынайылығына немесе орындалуына әсер етпейді.

11-бап. Күшіне енуі және қолданылуын тоқтату

      11.1 Осы Имплементациялық хаттама соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді, сол арқылы Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді.

      11.2 Осы Имплементациялық хаттама Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер осы Имплементациялық хаттаманың ажырамас бөлігі болып табылады және осы баптың 11.1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      11.3 Осы Имплементациялық хаттама бес жыл мерзіммен жасалады және егер Тараптардың бірі өзінің осы Имплементациялық хаттаманың қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар етпеген жағдайда келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      11.4 Жазбаша хабарлама қолданылуын тоқтату дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап алты айдан кейін күшіне енеді. Осы Имплементациялық хаттаманың қолданылуын тоқтату осы Имплементациялық хаттамаға сәйкес жүзеге асырылатын, Имплементациялық хаттаманың қолданылуы тоқтатылған кезде толық аяқталмаған жобаларға немесе бағдарламаларға әсер етпейді.

            Осыны куәландыру үшін Тараптар өздерінің тиісінше уәкілеттік берілген өкілдері арқылы осы Имплементациялық хаттамаға қол қойды.

      жылғы " " қаласында қазақ, түрік, және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады. Түсіндіруде алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының Түркия Республикасының
      Үкіметі үшін Үкіметі үшін

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Түркия
Республикасының Үкіметі
арасындағы ғылым және
технологиялар саласындағы
ынтымақтастық туралы
имплементациялық хаттамаға
қосымша

Қысқа мерзімді академиялық сапарға арналған өтінімнің нысаны

      1. Тегі.

      2. Аты.

      3. Ғылыми мекеменің атауы.

      4. Байланыс телефоны.

      5. Мамандануы.

      6. Сапар мерзімі.

      7. Баратын жері.

      8. Ғалымдардың аттары/бару жоспарланатын зерттеу институттарының атаулары.

      9. Сапар бағдарламасы.

      10. Сапар мақсаты мен күтілетін нәтижелердің қысқаша сипаттамасы.

      11. Өтініш берушінің түйіндемесі мен жарияланымдарының тізімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады