Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералды Үкіметі
дипломатиялық паспорттар иелерінің сапарларын жеңілдетуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап Визалық талаптардан босату
1. Қазақстан Республикасының азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері Аустрия Республикасының аумағына немесе 1985 жылғы 14 маусымдағы жалпы шекараларда тексерулерді біртіндеп алып тастау туралы 1990 жылғы 19 маусымдағы Шенген келісімін қолдану туралы Конвенцияға қол қойған кез келген елдің аумағына кірген кезден бастап есептелетін 180 (жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге виза алу талабынан босатылады.
2. Аустрия Республикасының азаматтары – жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері Қазақстан Республикасының аумағына кірген күннен бастап 180 (жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге виза алу талабынан босатылады.
2-бап Кіру және шығу шарттары
Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасының жарамды дипломатиялық паспорттарының иелері жауапты иммиграциялық билік орындары айқындаған кез келген өткізу пункттері арқылы екінші Тараптың аумағына кіре алады және шыға алады. Сонымен қатар, оларға қауіпсіздік, иммиграциялық, кедендік, санитарлық және басқа да нормалармен байланысты және осындай жарамды паспорттардың иелеріне заңды түрде қолданылатын шектеулерден өзге қандай да бір шектеулер қойылмайды.
3-бап Ұзақ мерзімді болу, жұмысқа орналасу
Осы Келісімнің 1-бабының ережелері екінші Тарап мемлекетінің аумағында 1-бапта көрсетілген мерзімнен артық болуды немесе жұмысқа орналасуды жоспарлайтын адамдарға қолданылмайды.
4-бап Артықшылықтары мен иммунитеттері бар азаматтар
Халықаралық құқыққа сәйкес артықшылықтары мен иммунитеттері бар және қабылдаушы ел берген тиісті сәйкестендіру картасының иелері болып табылатын кез келген Тарап мемлекеттерінің азаматтарына осы сәйкестендіру картасы жарамды болған және кірген кезде Қазақстан Республикасының немесе Аустрия Республикасының жарамды дипломатиялық паспортымен бірге ұсынылған жағдайда, осы Тарап мемлекетінің аумағында болу немесе аумағына қайта кіру үшін виза немесе тұруға ықтиярхат талап етілмейді.
5-бап Ақпарат алмасу бойынша міндеттемелер
1. Тараптар осы Келісімге қол қойылған сәттен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 1-бабына сәйкес, тиісті Тарап пайдаланатын паспорттардың үлгілерімен алмасады, әрбір Тарап екінші Тарапқа жаңадан қолданысқа енген немесе өзгертілген дипломатиялық паспорттың үлгілерін олар күшіне енгенге дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын ұсынуға міндетті.
2. Тараптар өздерінің паспорттарды беруге қатысты ұлттық заңдары мен қаулыларындағы өзгерістер туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы лайықты түрде хабардар ететін болады.
3. Егер Тараптардың бірінің азаматы екінші Тараптың аумағында осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген өзінің жарамды дипломатиялық паспортын жоғалтса, бұл туралы қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органдарына хабарлайды. Тиісті дипломатиялық немесе консулдық мекеме жоғарыда аталған азаматқа жаңа паспорт немесе жаңа жол жүру құжатын береді және ол туралы қабылдаушы елінің құзыретті органдарын хабардар етеді.
6-бап Құқықтары мен міндеттері
1. Осы Келісім Тараптардың кез келгені мемлекеттерінің азаматтарын шетелдіктердің келуіне, болуына және кетуіне қатысты екінші Тараптың заңдары мен ережелерін сақтау міндетінен босатпайды.
2. Тараптар қоғамдық тыныштық, тәртіп пен денсаулықты немесе ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі ықтимал деп саналатын адамдардың кіруінен бас тарту немесе олардың болу мерзімін қысқарту құқығын өзіне қалдырады.
7-бап Дауларды реттеу
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындаған кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Тараптар арасындағы тікелей консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.
8-бап Қолданылуын тоқтата тұру
1. Тараптардың әрқайсысы қоғамдық тәртіп, ұлттық қауіпсіздік, халық денсаулығы, екінші Тарап мемлекетінің аумағынан заңсыз көші-қонның едәуір өсуі немесе екінші Тараптың өз азаматтарының реадмиссиясына қатысты ынтымақтастығының болмауы себептері бойынша осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұра алады.
2. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру және қайта бастау туралы шешім қабылдайтын Тарап бұл туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етеді. Осы шешімнің күші екінші Тараптың ресми хабарламасын алғаннан кейін 14 (он төрт) күннен кейін күшіне енеді. Шұғыл жағдайларда осы Келісімнің қолданылуы дереу күшіне енуімен тоқтатылады. Бұл туралы дереу, бірақ тоқтата тұру туралы шешімнен кейін үш күннен кешіктірмей, тоқтата тұру үшін негіздер көрсетіле отырып, екінші Тарапқа хабарланады.
9-бап Түзетулер
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізуі мүмкін.
10-бап Күшіне енуі, қолданылуын тоқтатуы
1. Осы Келісім Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін олардың тиісті ұлттық заңнамасында көзделген барлық талаптарды орындағаны туралы бір-бірін хабардар еткен айдан кейінгі екінші айдың бірінші күні күшіне енеді. Соңғы хабарлама алынған күн түпкілікті болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағына қарамастан, осы Келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы заңсыз болған адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы Келісім күшіне енгеннен кейін күшіне енеді.
3. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар ете отырып, осы Келісімнің қолданысын кез келген уақытта тоқтата алады. Мұндай жағдайда Келісім осындай хабарлама алынған күннен бастап үш айдан кейін қолданысын тоқтатады.
Осы Келісім 2025 жылғы 28 ақпанда Астана қаласында қазақ, неміс, ағылшын және орыс тілдерінде, екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Аустрия РеспубликасыныңФедералды Үкіметі үшін |