Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін келісу тәртібіне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2021 жылғы 9 ақпандағы № 11 шешімі

      Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттамаға (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 14 қосымша) сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 19 желтоқсандағы № 168 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін келісу тәртібіне қосымшаға сәйкес өзгерістер енгізілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының Төрағасы
М. Мясникович

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2021 жылғы 9 ақпандағы
№ 11 шешіміне
ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін келісу тәртібіне енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР

      1. Тәртіп мынадай редакцияда жазылсын:

  "Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2016 жылғы 19 желтоқсандағы
№ 168 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН
(Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2021 жылғы 9 ақпандағы
№ 11 шешімінің редакциясында)

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін келісу ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттаманы (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 14 қосымша) (бұдан әрі – Хаттама) іске асыру мақсатында әзірленді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін айқындау кезінде мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) іс-қимылдарының реттілігін белгілейді.

      2. Осы Тәртіптің мақсаттары үшін мына мағыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "болжамды әзірлеудің екінші кезеңі" – Армения Республикасы үшін –Армения Республикасының орта мерзімді перспективаға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, Беларусь Республикасы үшін – Беларусь Республикасының қысқа мерзімді перспективаға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасының орта мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, Қырғыз Республикасы үшін – Қырғыз Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес Қырғыз Республикасының орта мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді болжамы, Ресей Федерациясы үшін – Ресей Федерациясының кезекті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы);

      "болжамдардың дербес сыртқы өлшемдері" – әр мүше мемлекеттің ұлттық экономикасының дамуына айтарлықтай әсерін тигізетін Хаттаманың 8-тармағында белгіленген болжамдардың сыртқы өлшемдерінің тізбесіне кірмейтін көрсеткіштер;

      "болжамды әзірлеудің бірінші кезеңі" – мүше мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала болжамын әзірлеу кезеңі (Армения Республикасы үшін – Армения Республикасының орта мерзімі перспективаға әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, Беларусь Республикасы үшін – Беларусь Республикасының алдағы жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасының орта мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, Қырғыз Республикасы үшін – Қырғыз Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес Қырғыз Республикасының орта мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді болжамын әзірлеу үшін макроэкономикалық шарттары, Ресей Федерациясы үшін – Ресей Федерациясының кезекті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының сценарийлік шарттары мен негізгі өлшемдері);

      "болжамды кезең" – ағымдағы жылды (болжам қалыптастырылған жылды) есепке алмағанда 3 жылдан тұратын кезең);

      "уәкілетті органдар" – құзыретіне әлеуметтік-экономикалық дамудың ресми болжамдарын дайындау және (немесе) Комиссиямен өзара іс-қимыл жататын мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдары.

      Осы Тәртіпте пайдаланылатын өзге ұғымдар Хаттамада айқындалған мағыналарда қолданылады.

      3. Комиссия Brent маркалы мұнай бағасының болжамдарына және әлемдік экономиканың даму қарқынының болжамдарына қатысты бөлікте халықаралық ұйымдар (органдар) ашық қолжетімділікке орналастыратын ақпаратқа мониторинг жүргізуді жүзеге асырады. Уәкілетті органдар Комиссияға көрсетілген болжамдарды қалыптастыратын халықаралық ұйымдар (органдар) туралы ұсыныстар жіберуге құқылы.

      4. Осы Тәртіптің 3-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын мониторинг нәтижелері бойынша Комиссия жыл сайын 1 сәуірге дейін Brent маркалы мұнай бағасының интервалдық сандық мәндерінің болжамдары мен әлемдік экономиканың даму қарқынының болжамдары бойынша бастапқы ұсыныстарды қалыптастырады және мүше мемлекеттерге жібереді.

      5. Уәкілетті органдар болжамды әзірлеудің бірінші кезеңінде жыл сайын 1 мамырға дейін Комиссияға әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарының ұлттық жобаларының базалық сценарийлерінде және сценарийлік шарттарда көзделген болжамдардың сыртқы өлшемдерінің сандық мәндері бойынша болжамды кезеңге ұсыныстар жібереді. Ресей Федерациясының уәкілетті органдары да көрсетілген мерзімде Комиссияға ішкі тұтыну үшін жеткізілетін табиғи газдың болжамды бағасының шамамен өзгеру аралығы және Urals маркалы мұнайдың болжамды бағасы туралы ақпарат береді. Макроэкономикалық болжамдау мақсатында Ресей Федерациясының уәкілетті органдары беретін табиғи газдың болжамды бағасының шамамен өзгеру аралығы туралы көрсетілген ақпарат болжанатын кезеңде мүше мемлекеттерге табиғи газды жеткізу бағасы бойынша Ресей Федерациясының міндеттемесі болып табылмайды.

      6. Ресей Федерациясының уәкілетті органдарынан ішкі тұтыну үшін жеткізілетін табиғи газдың болжамды бағасының шамамен өзгеру аралығы туралы және Urals маркалы мұнайдың болжамды бағасы туралы ақпарат келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде Комиссия оны Армения Республикасына, Беларусь Республикасына және Қырғыз Республикасына жібереді.

      7. Уәкілетті органдар осы Тәртіптің 5-тармағында белгіленген мерзімде Комиссияға Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуметтік-экономикалық болжамдарын талдамалық (анықтамалық) мақсаттарда әзірлеу кезінде Комиссияның пайдалануы үшін болжамдардың дербес сыртқы өлшемдері туралы ақпарат (бар болса) жібереді.

      Еуразиялық экономикалық одақтың әзірленетін әлеуметтік-экономикалық болжамдарының сапасын арттыру мақсатында Комиссия уәкілетті органдармен бірге Комиссия дайындаған болжамдардың сыртқы өлшемдерінің аралық сандық мәндері жөніндегі ұсыныстарды, сондай-ақ мүше мемлекеттер және мүше мемлекеттердің саудадағы негізгі әріптестері экономикаларының болжамды кезеңде дамуының негізгі көрсеткіштері мәндерінің болжамдарын талқылайды.

      8. Brent маркалы мұнай бағасы болжамдарының және әлемдік экономиканың даму қарқынының интервалдық сандық мәндерін айқындау қосымшаға сәйкес талаптарға сай жүзеге асырылады.

      9. Комиссия жыл сайын 10 мамырға дейін болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін мүше мемлекеттерге келісуге жібереді.

      10. Мүше мемлекеттер жыл сайын 20 мамырға дейін Комиссия ұсынған болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін келіседі.

      11. Комиссия Алқасы жыл сайын 5 шілдеге дейін мүше мемлекеттермен келісілген болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін бекітеді.

      12. Уәкілетті органдар болжамды әзірлеудің екінші кезеңінде Комиссия Алқасы бекіткен болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын қалыптастырады және Хаттаманың 4-тармағының 7-тармақшасына сәйкес Комиссия Алқасы бекіткен келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы ақпарат алмасу тәртібіне сәйкес оларды Комиссияға жібереді.

      13. Мүше мемлекет ресми әлеуметтік-экономикалық даму болжамына болжамдардың сыртқы өлшемдерінің мәні Комиссия Алқасы болжамды кезеңге бекіткен интервалдық сандық мәндердің шегінен асып кететін өзгерістер енгізген жағдайда осы мүше мемлекеттің уәкілетті органы Комиссияға осы өзгерістер енгізілген күнінен бастап 5 жұмыс күн ішінде тиісті ақпаратты жолдайды.

      14. Комиссия осы Тәртіптің 13-тармағында көрсетілген ақпарат келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде мүше мемлекеттерге осындай өзгерістердің енгізілгені туралы хабарлама жібереді.".

      2. Көрсетілген Тәртіпке қосымшада:

      а) атауындағы "бағасы" деген сөз "бағалары" деген сөзбен ауыстырылсын;

      б) 6-тармақтағы "жылына орта есеппен" деген сөздер алып тасталсын.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады