Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің ережесі мен құрамын бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2026 жылғы 20 шілдедегі № 184 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-2-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің құрамы бекітілсін.

      2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің ережесі бекітілсін.

      3. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің жұмыс органы болып "Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі айқындалсын.

      4. "Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық көшірмесін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің ішкі саясат мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      6. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н. Сақтағанов


  Шығыс Қазақстан облысы
әкімдігінің
2026 жылғы "20" шілде
№ 184 қаулысына
1-қосымша

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің құрамы

Нұрғалиев
Ербол Жолдаспекұлы

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Кеңес төрағасы
 

Садырбаев Айдар Серқазыұлы
 

Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы

Миронова
Валентина Валерьевна

Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Кеңес хатшысы
 

Ахмедзянов
Руфит Наилевич
 

"Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы" қоғамдық қорының жетекшісі (келісім бойынша)
 

Ашимова
Аяужан Тұрсынбекқызы

"Шығыс Қазақстан облысының Азаматтық альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)
 

Бершімбекова
Гүлжамал Қаржауқызы

"JAN ANA" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі (келісім бойынша)
 

Дак
Виктор Сергеевич
 

"Антарес А" қоғамдық қорының жетекшісі (келісім бойынша)
 

Ербол
Бақытжан Ерболқызы
 

"Ұлағат" жастар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры (келісім бойынша)
 

Захарова
Людмила Сергеевна
 

"Шығыс Қазақстан облысы жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығы" заңды тұлғалар ұйымының төрағасы (келісім бойынша)
 

Кузовлева
Ольга Григорьевна
 

"Шығыс Қазақстан облысының заманауи және спорттық би, черлидинг және чир спорт федерациясы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі (келісім бойынша)
 

Натарова
Юлия Николаевна
 

"TRINTA" жеке қорының директоры (келісім бойынша)

Рахимбердин
Қуат Қажымұханұлы

"Қазақстанның халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша)
 

Сарсенбаев Жігер Төлегенұлы

"Шығыс Қазақстан облысының дебат клубы" жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі (келісім бойынша)
 

Таннир Ясса

"Қоғамның экологиялық даму орталығы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі (келісім бойынша)

  Шығыс Қазақстан облысы
әкімдігінің
2026 жылғы "20" шілде
№ 184 қаулысына
2-қосымша

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен үкіметтік емес ұйымдар (бұдан әрі – ҮЕҰ) арасындағы ынтымақтастықты және өзара іс-қимылды жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылған консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңестің мақсаты үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіру болып табылады.

      3. Өз қызметінде Қенес Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады.

2-тарау. Кеңестің міндеттері мен функциялары

      4. Кеңестің міндеттері:

      1) жергілікті атқарушы органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылдың оңтайлы жолдарын іздестіру;

      2) ҮЕҰ-ны мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және мемлекеттік гранттарды қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге тарту;

      3) азаматтық бастаманың дамуына жағдай жасау;

      4) мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және нығайту, бірлескен іс-шараларды үйлестіру және оларды іске асыру тетіктерін әзірлеу;

      5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және мемлекеттік гранттарды іске асыру шеңберіндегі мәселелерді шешуге бағытталған шараларды әзірлеу және іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдар мен ҮЕҰ іс-қимылдарының келісімділігін қамтамасыз ету.

      5. Өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін Кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік гранттар шеңберінде ҮЕҰ көрсететін қызметтерді мемлекеттік сатып алу лоттарының тақырыптарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

      2) жергілікті атқарушы органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі қызметтің тиімділігіне талдау жүргізеді және оны бағалайды;

      3) жергілікті атқарушы органдар мен ҮЕҰ арасындағы өзара іс-қимылды жетілдірудің нақты тетіктерін әзірлейді;

      4) Кеңестің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

      6. Кеңес:

      1) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеуге және оларды "Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің қарауына енгізуге;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан қажетті ақпараттық материалдарды сұратуға және алуға;

      3) талқыланатын мәселелерге қатысы бар мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың өкілдерін Кеңес отырысында сөз сөйлеу үшін шақыруға;

      4) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік гранттар шеңберінде іске асырылатын мемлекеттік сатып алу саласына мониторинг жүргізуге;

      5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін енгізу және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы.

3-тарау. Кеңестің құрылымы және оның жұмысын ұйымдастыру

      7. Кеңес тақ сандық құрамда Қенес төрағасынан, төрағаның орынбасарынан, хатшыдан және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болып табылатын Кеңес мүшелерінен тақ сандық құрамда қалыптастырылады.

      8. Кеңестің құрамын ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде жұмыс органы қалыптастырады.

      9. Кеңестің төрағасы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің ішкі саясат мәселелері жөніндегі орынбасары болып табылады, ол:

      1) Кеңестің жұмыс регламентін бекітеді;

      2) Кеңес отырыстарының күні мен уақытын белгілейді, Кеңестің кезекті және кезектен тыс отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;

      3) Кеңестің жұмысын жоспарлайды және оған жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      4) Кеңестің жұмыс жоспарын және отырыстарының күн тәртібін бекітеді.

      10. Хатшы Кеңес мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.

      Кеңестің хатшысы:

      1) Кеңестің жұмыс жоспарларының жобаларын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

      2) Кеңес отырыстарының күн тәртібі жобаларын қалыптастырады;

      3) Кеңес отырыстарына материалдар, сондай-ақ хаттамалық шешімдердің жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

      4) Кеңес мүшелерін Кеңестің кезекті отырыстарының өткізілетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабардар етеді, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

      5) Кеңес мүшелерінен отырыстардың күн тәртібіне қатысты ұсыныстарды қабылдайды және оларды төрағаның қарауына енгізеді;

      6) хаттамалық тапсырмалар шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады, әрбір келесі отырыста Кеңес мүшелерін бұрын қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы хабардар етеді.

      11. Жұмыс органы:

      1) Кеңес жұмысының жалпы ұйымдастырылуын жүзеге асырады;

      2) Кеңес қызметін ақпараттық-талдамалық және құжаттамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;

      3) ақпарат жинауды, өңдеуді, Кеңестің өткізілген отырыстары мен қаралған мәселелерді талдауды жүзеге асырады;

      4) Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен хат алмасуды жүргізеді;

      5) Кеңес қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      12. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, сондай-ақ Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің бастамасы бойынша, бірақ кемінде жарты жылда бір рет өткізіледі және оларға Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болып есептеледі.

      13. Кеңестің кезекті және кезектен тыс отырыстарының күнін, өткізу уақыты мен күн тәртібі Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Кеңес төрағасы айқындайды.

      14. Кезекті отырыстың күн тәртібі Кеңес мүшелеріне отырыс басталғанға дейін кемінде бес күнтізбелік күн бұрын жіберіледі.

      15. Кеңес шешімдерді отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелері санының жай көпшілік дауысымен қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      16. Кеңестің шешімдері хаттамалармен ресімделеді, оларға Кеңес төрағасы қол қояды.

      17. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады