"Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы кейбір мәселелер" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 78-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық нысандағы мәтінін "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдау;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Министр | Е. Нағаспаев |
| Қазақстан Республикасы | |
| Өнеркәсіп және құрылыс | |
| министрінің | |
| 2026 жылғы 19 қазандағы № 525 бұйрығымен бекітілген |
Мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) Қазақстан Республикасының қайта өңдеу кәсіпорындарында шикізатты өңдеу тарифтерін айқындаудың бірыңғай және айқын тетігін қалыптастыру мақсатында әзірленді.
2. Осы Әдістеме:
тарифті айқындау тәртібін;
тарифті есептеу кезінде ескерілетін шығындардың құрамын;
бастапқы деректердің тізбесін;
тарифті белгілеу және жариялау тәртібін айқындайды.
3. Осы Әдістеменің мақсаттары:
Қазақстан Республикасында минералдық шикізатты терең өңдеуді дамыту үшін жағдайлар жасау;
шикізат өндірушілер мен өңдеушілердің экономикалық мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету;
тарифті қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз ету.
4. Осы Әдістеме мынадай қағидаттарға негізделеді:
жоспарлы шығындарды жабу;
есептеулердің объективтілігі мен ашықтығы;
қолданудың біркелкілігі;
бастапқы деректердің дұрыстығы.
5. Осы Әдістеменің күші Қазақстан Республикасының шикізат өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындарында қолданылады.
6. Осы Әдістеменің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) шикізат – мыс концентраты, өнеркәсіптік мыс өнімі, құрамында алтыны бар мыс концентраты, құрамында алтыны бар пирит концентраты, құрамында мыс және (немесе) бағалы металдар бар өзге де концентраттар;
2) өңдеу кәсіпорны – Қазақстан Республикасының аумағында шикізатты өңдеуді жүзеге асыратын және осы Әдістемеге сәйкес тарифтерді белгілейтін заңды тұлға;
3) құрғақ метрлік тонна (ҚМТ) – ылғал мөлшерін қоспағанда, салмағы 1 000 (бір мың) килограмды құрайтын метрлік тонна;
4) бизнес-жоспар – жылдық бюджетті, өндірістік бағдарламаны және кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасын қамтитын, өңдеу кәсіпорнының өндірістік-қаржылық қызметін жоспарлы кезеңге басқарудың негізгі құралы;
5) шикізат өндіруші – Қазақстан Республикасының аумағында шикізатты өндіруді және (немесе) жасауды жүзеге асыратын және оны өңдеу кәсіпорнына өңдеуге беретін заңды тұлға.
2-тарау. Шикізатты өңдеу тарифін айқындау тәртібі
1-параграф. Жалпы ережелер
7. Тарифті айқындау үшін мынадай бастапқы деректер пайдаланылады:
1) шикізатты өңдеудің жылдық көлемі және катодты мыс шығарылымының жылдық көлемі;
2) шикізатты өңдеуге арналған жалпы шығындар;
3) инвестициялық құрамдастырушылар (k1 және k2);
4) тарифті есептеуге негіз болатын құжаттар.
8. Шикізатты өңдеудің жылдық көлемі және катодты мыс шығарылымы өңдеуші кәсіпорынның бекітілген өндірістік бағдарламасына сәйкес айқындалады.
9. Шикізатты өңдеуге арналған жалпы шығындар осы Әдістемеге қосымшаға сәйкес баптар тізбесі бойынша тариф қолданылатын жылға арналған өңдеуші кәсіпорынның бекітілген бюджеті мен бизнес-жоспары негізінде айқындалады.
10. Инвестициялық құрамдастырушыларды (k1 және k2) есептеу кезінде мыналар ескеріледі:
1) өңдеуші кәсіпорынның бекітілген инвестициялық бағдарламасы;
2) күрделі салымдардың көлемі;
3) құрылатын өндірістік объектілердің жобалық қуаты;
4) инвестициялық жобалардың өтелу мерзімдері.
11. Тарифті есептеуге:
1) өңдеуші кәсіпорынның өндірістік бағдарламасы;
2) өңдеуші кәсіпорынның бекітілген бюджеті және бизнес-жоспары;
3) инвестициялық бағдарлама;
4) күрделі салымдардың есептемесі;
5) бастапқы деректердің дұрыстығын растайтын өзгеде құжаттар негіз болады.
2-параграф. Шикізатты өңдеу тарифін есептеу тәртібі
12. Шикізатты өңдеу тарифі (Treatment Charge, TC) өңдеуге арналған үлестік шығындар, нормативтік пайда және инвестициялық құрамдас бөліктер негізге алына отырып айқындалады.
Тарифті есептеу келесі формула бойынша жүзеге асырылады:
TC = TCS + P + k1 + k2
мұнда:
TC – осы Әдістемеге сәйкес өңдеуші кәсіпорын есептейтін және белгілейтін, шикізаттың бір құрғақ метрлік тоннасын қара мыс құрамындағы металдар алынғанға дейін өңдегені үшін төлем мөлшері, Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) долларымен шикізаттың ҚМТ-сы үшін көрсетілетін және қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) есепке алусыз айқындалатын шама (АҚШ доллар/ҚМТ);
TCS – осы Әдістемеге сәйкес айқындалатын, шикізатты қара мыс құрамындағы металдар алынғанға дейін өңдеуге жұмсалатын үлестік шығындар, АҚШ долларымен шикізаттың ҚМТ-сы үшін көрсетілетін шама (АҚШ доллар/ҚМТ);
P – осы Әдістемеде белгіленген табыстылық нормативі негізге алына отырып айқындалатын, өңдеуші кәсіпорынның есептік пайдасы, АҚШ долларымен шикізаттың ҚМТ-сы үшін көрсетілетін шама (АҚШ доллар/ҚМТ);
k1 – кәсіпорынның бекітілген бизнес-жоспарының құрамында инвестициялық бағдарламада көзделген және қолданыстағы өңдеу қуаттарын қолдауға, қайта құруға, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, экологиялық және энергетикалық тиімділігін арттыруға байланысты күрделі салымдарды қаржыландыруға арналған тарифтердің бөлігі, көрсетілетін шама АҚШ доллар/ҚМТ;
k2 – кәсіпорынның бекітілген бизнес-жоспарының құрамында инвестициялық бағдарламада көзделген және жаңа өңдеу қуаттарын салуға, жаңа технологиялық қайта бөлімдерді құруға және өндірісті кеңейту жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға байланысты күрделі салымдарды қаржыландыруға арналған тарифтердің бөлігі, көрсетілетін шама АҚШ доллар/ҚМТ.
13. Кезекті күнтізбелік жылға арналған тарифті есептеу кезінде тариф қолданылған жылға бекітілген бюджеттің және өңдеуші кәсіпорынның бизнес-жоспарының жоспарлы көрсеткіштері ғана қолданылады. Тарифті анықтау кезінде алдыңғы кезеңдердің нақты деректері қолданылмайды және олар тек мониторинг және талдау мақсатында ғана пайдаланылады.
14. Тарифті есептеу кезінде ескерілетін және Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында (теңгемен) көрсетілген шығындар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында (https://nationalbank.kz/ru/news/macrosurvey/rubrics/2624) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Макроэкономикалық сауалнамасының нәтижелерінде жарияланған, тиісті жылға арналған теңгенің АҚШ долларына шаққандағы болжамды орташа жылдық бағамының медиандық мәні бойынша АҚШ долларына қайта есептеледі. Шығындарды есептеу үшін есептеу күніне қолжетімді Макроэкономикалық сауалнаманың соңғы жарияланған мәні қолданылады.
15. Валюталық тәуекелдердің әсерін барынша азайту үшін 14-тармақта айқындалған АҚШ долларына қатысты теңге бағамы өзгерген жағдайда тиісті түзету коэффициенті енгізіледі, бұл келесі формула бойынша есептеледі:
Kv = A ÷ B
мұнда:
Kv – түзету коэффициенті;
A – 14-тармаққа сәйкес белгіленген АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы;
B – АҚШ долларының теңгеге қатысты нақты орташа жылдық бағамы.
16. Нақты орташа жылдық бағамның болжамды бағамнан ауытқуына байланысты кезекті күнтізбелік жылдың шикізатты қайта өңдеуге жұмсалатын үлестік шығындары құрамында ескерілетін айырма келесі формула бойынша айқындалады:
DTCS = TCS*(Kv – 1)
мұнда:
DTCS – теңгенің АҚШ долларына қатысты нақты орташа жылдық бағамының болжамды бағамнан ауытқуына байланысты, АҚШ доллар/ҚМТ шамасында көрсетілетін, шикізатты өңдеуге арналған үлестік шығындарды түзету шамасы;
TCS – осы Әдістемеге сәйкес айқындалатын, шикізатты қара мыс құрамындағы металдар алынғанға дейін өңдеуге жұмсалатын үлестік шығындар, көрсетілетін шама АҚШ доллар/ҚМТ;
Kv – осы Әдістемеге сәйкес есептелген түзету коэффициенті.
17. Шикізатты қайта өңдеуге арналған үлестік шығындар келесі формула бойынша айқындалады:
TCS = Z ÷ (Q + M*2,20462)
мұнда:
Z – тарифті қолдану жылына кәсіпорынның бекітілген бюджеті мен бизнес-жоспары негізінде айқындалатын, осы әдістеменің қосымшасына сәйкес баптардың тізбесі бойынша өндірістік өзіндік құны мен жалпы және әкімшілік шығыстарды қамтитын шикізатты катодты мысқа дейін қайта өңдеу бойынша қызметтер көрсетуге байланысты және өңдеу кәсіпорнында толық шеккен өңдеу кәсіпорны шығындарының жиынтығы, көрсетілетін шама АҚШ доллар;
Q – кәсіпорынның бекітілген өндірістік бағдарламасына сәйкес тарифтерді есептеу мақсатында қабылданатын шикізатты өңдеудің жоспарлы жылдық көлемі, көрсетілетін шама ҚМТ;
М – өңдеуші кәсіпорынның бекітілген өндірістік бағдарламасына сәйкес тарифтерді есептеу мақсатында қабылданатын катодты мыстың жоспарлы жылдық шығарылымы, көрсетілетін шама тонна;
2,20462 – тарифті қолданған жылы қайта өңдеуге арналған жалпы шығындардан қара мыстың құрамындағы металдар алынғанға дейін шикізатты қайта өңдеуге арналған шығындарды бөлуді қамтамасыз ететін қайта есептеу коэффициенті.
18. Қайта өңдеуші кәсіпорынның есептік пайдасы мына формула бойынша айқындалады:
P = TCS × r
мұнда:
P – осы Әдістемеде белгіленген табыстылық нормативі негізге алына отырып айқындалатын өңдеуші кәсіпорынның есептік пайдасы, көрсетілетін шама АҚШ доллар/ҚМТ;
TCS – осы Әдістемеге сәйкес айқындалатын, шикізатты қара мыс құрамындағы металдар алынғанға дейін өңдеуге жұмсалатын үлестік шығындар, көрсетілетін шама АҚШ доллар/ҚМТ;
r – нормативтік пайданы есептеу кезінде қолданылатын кірістілік көрсеткіші, көрсетілетін шама (%).
Табыстылық нормативі (r) Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының интернет-ресурсында (https://stat.gov.kz/ru/industries/business-statistics/stat-struct/publications/) жарияланған "Ірі және орта кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметі" ресми статистикалық ақпаратының деректері бойынша тариф белгіленген күннің алдындағы аяқталған соңғы 20 тоқсандағы Қазақстан Республикасының ірі және орта кәсіпорындарының табыстылығының тоқсандық мәндерінің орташа арифметикалық мәні ретінде айқындалады.
19. k1 және k2 инвестициялық құраушылар қолданыстағы және жаңадан құрылған өндірістік қуаттар үшін бөлек анықталады.
K1 инвестициялық құраушы келесі формула бойынша есептеледі:
k1 = Ʃinv1 ÷ n1 ÷ Q
мұнда:
Ʃinv1 – кәсіпорынның қолданыстағы өндірістік қуаттарды қолдау, реконструкциялау, жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыруға, экологиялық және энергетикалық тиімділікті арттыруға бойынша бекітілген бизнес-жоспары құрамында инвестициялық бағдарламада көзделген күрделі салымдардың жалпы көлемі, көрсетілетін шама АҚШ доллары;
n1 – тиісті инвестициялық жобалардың өтелу мерзімі, жыл;
Q – шикізатты өңдеудің жылдық көлемі, көрсетілетін шама ҚМТ/жыл.
K2 инвестициялық құраушы келесі формула бойынша есептеледі:
k2 = Ʃinv2 ÷ n2 ÷ Q
мұнда:
Ʃinv2 – кәсіпорынның жаңа қайта өңдеу қуаттарын салуға бекітілген бизнес-жоспарының құрамында инвестициялық бағдарламада көзделген күрделі салымдардың жалпы көлемі, көрсетілетін шама АҚШ доллары;
n2 – тиісті инвестициялық жобалардың өтелу мерзімі, жыл;
Q – шикізатты өңдеудің жылдық көлемі, көрсетілетін шама ҚМТ/жыл.
Инвестициялық құрауыштарды есептеу кезінде кәсіпорынның бекітілген бизнес-жоспарының құрамында инвестициялық бағдарламада көзделген күрделі салымдар ескеріледі.
20. Шикізатты жеткізудің коммерциялық шарттарын қалыптастырудың халықаралық практикасын қолдану мақсаттары үшін Refining Charge (RC) есептік мәні, егер Тараптардың шартында өзгеше көзделмесе, халықаралық практикада қабылданған арақатынаста бекітілген тарифтің мәні (TC) негізінде айқындалады.
RC Cu есептеу деңгейі бекітілген ішкі TC деңгейі негізінде келесі формула бойынша анықталады:
RC Cu (АҚШ центі/фунт) = TC (АҚШ доллар/ҚМТ) ÷ 10
Тарифтердің арақатынасы 10:1-ге тең деп қабылданады – бір фунт катодты мыс үшін АҚШ центімен белгіленген RC Cu мәні ҚМТ үшін АҚШ долларымен берілген TC мәнінің оннан бір бөлігін құрайды.
3-параграф. Тарифтерді белгілеу, жариялау және қолдану тәртібі
21. ТС және RC Cu тарифтерді белгілеу келесі кезекпен жүзеге асырылады:
қайта өңдеуші кәсіпорынның осы Әдістемеге сәйкес ТС және RC Cu тарифтерді дербес есептеуі;
қайта өңдеуші кәсіпорынның ТС және RC Cu тарифтерді жариялауы;
белгіленген тарифтер туралы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін хабардар ету.
22. ТС және RC Cu тарифтерді қайта өңдеуші кәсіпорын осы Әдістемеге сәйкес жүргізілген есептеу негізінде дербес белгілейді.
Қайта өңдеуші кәсіпорын өзінің ресми интернет-ресурсында кезекті күнтізбелік жылға белгіленген тарифтерді оларды қолдану жылының алдындағы жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей, бір мезгілде Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне хабарлама жібере отырып жариялайды.
23. Жарияланған ТС және RC Cu тарифтер тиісті күнтізбелік жыл ішінде шикізатты қайта өңдеуге шарттарды жасасу кезінде қолданылады және бөлек төленеді.
Қайта өңдеуші кәсіпорын қажет болған жағдайда бір мезгілде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамын, инфляцияның болжамды деңгейін және кәсіпорынның бекітілген инвестициялық бағдарламасын ескере отырып есептелген, келесі екі күнтізбелік жылға арналған тарифтердің болжамды мәндерін жариялайды.
| Әдістемеге қосымша |
Қайта өңдеуге жалпы шығындар (Z)
№ | Атауы | Сома, АҚШ доллар |
1 | Өндірістік өзіндік құны, барлығы: | |
1.1 | Резервтер | |
1.2 | Персонал | |
1.3 | Жөндеу және техникалық қызмет көрсету | |
1.4 | Энергия | |
1.5 | Материалдар, шикізат, реагенттер | |
1.6 | Салықтар | |
1.7 | Еңбекті қорғау | |
1.8 | Көлік шығындары | |
1.9 | Күзет | |
1.10 | Қоршаған ортаны қорғау | |
1.11 | Іссапар шығындары | |
1.12 | Сақтандыру | |
1.13 | Байланыс | |
1.14 | Банк қызметтері | |
1.15 | Консультациялық қызметтер | |
1.16 | Өзгелер | |
2 | Жалпы және әкімшілік шығыстар, барлығы: | |
2.1 | Резервтер | |
2.2 | Персонал | |
2.3 | Жөндеу және техникалық қызмет көрсету | |
2.4 | Энергия | |
2.5 | Материалдар, шикізат, реагенттер | |
2.6 | Салықтар | |
2.7 | Еңбекті қорғау | |
2.8 | Көлік шығындары | |
2.9 | Күзет | |
2.10 | Қоршаған ортаны қорғау | |
2.11 | Іссапар шығындары | |
2.12 | Сақтандыру | |
2.13 | Байланыс | |
2.14 | Банк қызметтері | |
2.15 | Консультациялық қызметтер | |
2.16 | Өзгелер | |
3 | Банктік сыйақы мен комиссияларды төлеуге арналған шығыстар | |
4 | Өңдеуге жұмсалатын жалпы шығындар (Z) (4 = 1 + 2 + 3) |