БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15313 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларында:
1-1-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) ақшалай үлес – әскери қызметшілерді материалдық қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылатын ай сайын төленетін үлес түрі.
Мерзімді қызмет əскери қызметшілерін, әскери, арнайы оқу орнының кадеттері мен курсанттарын қоспағанда, əскери қызметшілердің ақшалай үлесі ақшалай жабдықталымды (лауазымдық айлықақыны жəне əскери атағы бойынша айлықақыны), қызмет өткерудің ерекше жағдайы үшін үстемеақыны жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да үстемеақы мен қосымша төлемді қамтиды.
Мерзімді қызмет əскери қызметшілерінің, әскери, арнайы оқу орнының кадеттері мен курсанттарының ақшалай үлесі (стипендиясы) тек лауазымдық айлықақыны қамтиды;";
1-1-тармақ мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:
"7) ісі мен лауазымын қабылдау күні – ісі мен лауазымын қабылдау-тапсыру актісі бекітілген, әскери қызметшінің ісі мен лауазымын қабылдау туралы баянатына командир қарар қойған күн, ол ісі мен лауазымын қабылдау туралы командирдің бұйрығында көрсетіледі;
8) ісі мен лауазымын тапсыру күні – ісі мен лауазымын қабылдау-тапсыру актісі бекітілген, әскери қызметшінің ісі мен лауазымын тапсыру туралы баянатына командир қарар қойған күн, ол ісі мен лауазымын тапсыру туралы командирдің бұйрығында көрсетіледі.";
7-2-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Ақшалай төлемді есептеу резервтегі қызметті нақты өткеру күндеріне пропорционалды түрде жүргізіледі.";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Сарбаз (матрос) және сержант (старшина) лауазымына тағайындалған әскери қызметшіге лауазымдық айлықақы ісі мен лауазымын қабылдау туралы бұйрық шығарылған күннен бастап төленеді.
Ісі мен лауазымын қабылдағанға дейін:
1) мерзімді әскери қызметті аяқтағаннан кейін лауазымға қабылданған және тағайындалған әскери қызметшіге – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қбп қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесінде (бұдан әрі – еңбекке ақы төлеу жүйесі) белгіленген лауазымның 2-деңгейі бойынша лауазымдық айлықақы;
2) әскери арнайы орта оқу орнын бітірген әскери қызметшіге – еңбекке ақы төлеу жүйесінде белгіленген лауазымның 3-деңгейі бойынша лауазымдық айлықақы;
3) келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген әскери қызметшіге командирдің (басшының) әскери бөлім (мекеме) жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрығы шығарылған күннен бастап – еңбекке ақы төлеу жүйесінде белгіленген лауазымның 2-деңгейі бойынша лауазымдық айлықақы төленеді.";
68-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Сауықтыруға арналған жәрдемақы сомасын есептеу осы айдағы күнтізбелік күннің нақты саны негізге алынып, пропорционалды түрде есептеледі.";
97-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"97-2. Әскери қызметшіге сыйлықақы беру белгілі бір кезеңдегі жұмыс қорытындысы, жалпы осы әскери бөлімнің (мекеменің) немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты (үздіксіз) жұмыс істеуі кезек күттірмейтін және алдын ала болжанбаған жұмыстың шұғыл орындалуына байланысты сол жұмысты орындағаны, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстары жоспарының іс-шараларын, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің немесе Премьер-Министрінің актілері мен тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындағаны, егер осы өкілеттіктер қызметкерлердің лауазымдық міндеттеріне кірмесе, заң жобаларын, конвенцияларды, келісімдерді, шарттарды, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлегені, лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз әскери қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздерде сыйлықақы беруді мереке күндеріне, мереке және мерейтой күндеріне, әскери қызметшілердің мерейтойына орайластыруға жол беріледі.
Әскери қызметшілердің мерейтойы олардың 40 жасқа толуы, сондай-ақ әрбір келесі 5 жас деп саналсын.";
97-3-тармақтың 3) және 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"3) әскери қызметке жаңадан кірген, тиісті әскери бөлімде (мекемеде) сыйлықақы төлеу туралы шешім қабылданған күнге күнтізбелік отыз күннен аз қызмет өткерген (Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты бір әскери бөлімнен (мекемеден) екіншісіне ауысуды қоспағанда), сондай-ақ тікелей жоғарыда көрсетілген әскери бөлім (мекеме) командирімен (басшысымен) еңбек шартын бұзғаннан кейін әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасаған кезде;
6) әскери қызметші мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқу демалысында болған кезеңде;";
97-3 тармақ мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
"7) егер сыйлықақы төлеу туралы шешім қабылданған күнге ол күнтізбелік отыз күннен аз жұмыс істесе, ұзақтығы алты және одан көп ай болатын оқу демалысынан, баласы үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстан шыққан жағдайда.";
97-6-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Осы тармақтың Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің сыйлықақы беру туралы шешімінің болуы бөлігіндегі талаптары әскери қызметшілердің мерейтойына (туған күніне, егер әскери қызметші 40 жасқа және әрбір келесі 5 жасқа толса, бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде) сыйлықақы берілетін жағдайға қолданылмайды.";
97-9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"97-9. Әскери қызметшіге оның ауыр материалдық жағдайына байланысты материалдық көмек көрсету мынадай жағдайда:
1) оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары қайтыс болғанда – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде;
2) өзі некеге тұрған кезде – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының үш еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде;
3) баласы туған, ол бала асырап алған кезде – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының үш еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде;
4) әскери қызметшіге өзіне қатысты құқыққа сыйымсыз әрекет жасау (тонау, ұрлық және басқа) салдарынан мүліктік залал келтірілгенде, сондай-ақ зілзала (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және басқа) болғанда – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының үш еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде;
5) қосымша қаржы шығыны талап етілетін емделу (санаторлықтан басқа, күнтізбелік он және одан көп күн стационарлық немесе амбулаторлық емделу), емдеу мекемесінен тиісті құжат болғанда (операцияға төлем шот, дәрілік препараттарға шығыс және тағы басқа) – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының үш еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде;
6) зейнеткерлікке шыққан кезде – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының үш еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады.
Әскери қызметшіге материалдық көмек көрсету көрсетілген жағдайлар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында қызмет еткен кезеңде туындағанда жүзеге асырылады.";
97-10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"97-10. Әскери қызметшіге материалдық көмек тиісті материалдық көмек көрсету жөніндегі комиссияға оның ауыр материалдық жағдайы туралы баянаты негізінде көрсетіледі. Баянатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары қайтыс болғанда:
Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
оның жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) және (немесе) жекжаттарының қайтыс болу фактісін растайтын құжаттың көшірмесі;
қайтыс болған адаммен туыстығын растайтын құжаттардың көшірмесі;
2) өзі некеге тұрғанда:
ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі;
некеге тұру туралы куәліктің көшірмесі;
3) баласы туғанда, ол бала асырап алғанда:
Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
баланың (балалардың) туу туралы куәлігінің көшірмесі;
бала (балалар) асырап алғанын растайтын құжаттардың көшірмесі;
4) әскери қызметшіге өзіне қатысты құқыққа сыйымсыз әрекет жасау (тонау, ұрлық және басқа) салдарынан мүліктік залал келтірілгенде:
Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
оны жәбірленуші ретінде тану туралы қаулының көшірмесі;
5) әскери қызметшіге зілзала (өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және басқа) салдарынан мүліктік залал келтірілгенде:
Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
мүліктік залал келтірілгенін растайтын Қазақстан Республикасының ішкі істер органынан немесе жергілікті атқарушы органнан құжаттардың көшірмесі;
6) қосымша қаржы шығыны талап етілетін емделу (санаторлықтан басқа, күнтізбелік он және одан көп күн стационарлық немесе амбулаторлық емделу) болғанда:
Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
қызмет орны бойынша әскери-медициналық мекемеден оларда тиісті бөлімшелердің не арнайы жабдықтың болмауына байланысты медициналық көрсеткіштер бойынша медициналық көмек көрсетудің мүмкін еместігі туралы анықтама;
емделуден өткенін растайтын құжаттардың көшірмесі;
дәрілік заттарды, дәрі-дәрмекті, ақылы медициналық қызметтер көрсетуді төлеу туралы кассалық кіріс ордеріне фискалды чектер немесе түбіртектер;
7) әскери қызметші зейнеткерлікке шыққанда:
Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
еңбек сіңірген жылдарын көрсетумен зейнетақымен қамсыздандыруға құқық беретін қызметтен шығару туралы бұйрықтан үзінді.
Материалдық көмек көрсету туралы баянат осы Қағидалардың 97-9-тармағында көзделген жағдайлар туындаған күннен бастап екі ай ішінде беріледі.
Әскери қызметшіге зейнеткерлікке шыққанда материалдық көмек көрсетуге оның бөлiм тiзiмiнен шығарылған күнге дейiн бiр айдан кешiктiрмей берілген баянаты негізінде жол беріледі.".
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты |
Д. Қосанов |
