"Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсыну" қызметін көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру және оны іске асыру барысында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің м.а 2025 жылғы 4 желтоқсандағы № 338-НҚ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы № 659/НҚ, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 26 желтоқсандағы № 418 және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 25 желтоқсандағы № 489 бірлескен бұйрығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 9-тармақтан қараңыз.

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 10 шілдедегі № 497 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі туралы ереженің 14-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кейбір мәселелері туралы ереженің 14-тармағының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 14-тармағының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы Ереженің 14-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 16 қыркүйектегі № 353 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 15-тармағын орындау үшін БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. Ақмола облысы Көкшетау, Ақкөл қалаларында және Павлодар облысы Павлодар қаласында "әлеуметтік әмиян" арқылы халыққа мемлекеттік қолдаудың монетарлық емес шаралары режимінде "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсыну" қызметін көрсету жөніндегі пилоттық жобаны (бұдан әрі – Пилоттық жоба) іске асыру.

      2. Осы бірлескен бұйрыққа қосымшаға сәйкес пилоттық жобаны іске асыру алгоритмі бекітілсін.

      3. Ақмола және Павлодар облыстарының әкімдіктері (келісім бойынша) пилоттық жобаны іске асыруға қатысатын сауда объектісінде "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32474 болып тіркелген) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының болуын қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру департаментімен, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамымен және "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" акционерлік қоғамымен бірлесіп мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар туралы деректерді "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдау жүйесіне беруді қамтамасыз етсін.

      5. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі "BTS Digital" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (келісім бойынша) бірлесіп:

      1) "Smart Bridge"-ге өтінім беру арқылы Дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисіне (бұдан әрі – ДҚБ сервисі) қосылуды;

      2) пилоттық жоба шеңберінде қызмет көрсету кезінде "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ДҚБ сервисі арқылы дербес деректер субъектісінің немесе оның заңды өкілінің келісімін алуды қамтамасыз етсін.

      6. "BTS Digital" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (келісім бойынша) "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 49-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына, 38-бабы 2-1 тармағының 2) және 4) тармақшаларына, 54-бабы 3-2 тармағына, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларының 4 және 8-тармақтарына сәйкес:

      1) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтардың оң нәтижелері бар хаттамалардың болуын;

      2) мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігі жөніндегі бірлескен жұмыстар туралы шарттың болуын;

      3) өзінің ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығының (бұдан әрі – Орталық) болуын және оның жұмыс істеуі не Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес үшінші тұлғаларда ақпараттық қауіпсіздік жедел орталығының қызметін ұсынуға шарт жасасу, сондай-ақ Орталықтың Ақпараттық қауіпсіздік ұлттық үйлестіру орталығымен өзара іс-қимылын;

      4) деректерді қорғау, ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігі стандарттарын орындау және сервистердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен белгіленген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз етсін.

      7. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар берген және пайдаланған цифрлық азық-түлік ваучерлерінің саны, сондай-ақ оны өткеннен кейін, өткізілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемі туралы деректерді қоса алғанда, пилоттық жобаның қорытындылары туралы ақпарат дайындауды;

      2) осы бұйрыққа мемлекеттік органдар басшыларының соңғысы қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялауды және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      8. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министріне, жетекшілік ететін Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлеріне жүктелсін.

      9. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді және 2026 жылғы 1 мамырға дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
________С. Жакупова
      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
_________Ж. Мадиев
      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
_________А. Сапаров
      Қазақстан Республикасы
      Сауда және интеграция министрінің
міндетін атқарушы
__________Ж. Кушукова

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
2025 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 418,
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық даму
министрі
2025 жылғы 17 желтоқсандағы
№ 659/НҚ,
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
2025 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 489 мен
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция
министрінің міндетін атқарушы
2025 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 338-НҚ Бірлескен бұйрыққа
қосымша

"Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсыну" қызметін көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру барысында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іске асыру және өзара іс-қимыл алгоритмі

      1. Осы "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін беру" қызметін көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру барысында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іске асыру және өзара іс-қимыл алгоритмі (бұдан әрі – Алгоритм) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсыну арқылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын тиімді атаулы қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған.

      2. Осы Алгоритмде мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:

      1) төмендетілген баға – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар шекті сауда үстемесі шегінде ай сайын бір адамға белгіленген жеңілдікпен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алатын баға;

      2) әлеуетті көрсетілетін қызметті алушы - есепті айдан алдыңғы айдың соңғы күніне мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылатын (шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде) және пилоттық жоба іске асырылатын аумақта тұратын, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы тұлға (отбасы);

      3) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – олардың есебінен адамның физиологиялық қажеттіліктері қанағаттандырылатын азық-түлік тауарларының тізбесі, "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32474 болып тіркелген);

      4) "әлеуметтік әмиянның" әзірлеушісі (бұдан әрі - әзірлеуші) - eGov Mobile орналастырылған "әлеуметтік әмиянға" айрықша авторлық құқығы бар "Aitu – Төлем шешімдері" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

      5) ваучер сомасы (бұдан әрі - жеңілдік) – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының әрбір мүшесіне бір айлық есептік көрсеткішке тең белгіленген мөлшер. Жеңілдіктің мөлшері баға деңгейіне және өңірдің ерекшеліктеріне байланысты түзетілуі мүмкін, алайда оның шамасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті сауда үстемесінен аспауға тиіс;

      6) дүкен – пилоттық жобаны іске асыруға қатысатын стационарлық сауда объектісі;

      7) қызмет – көрсетілетін қызметті алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсыну;

      8) көрсетілетін қызметті беруші – қызметті көрсететін, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган;

      9) көрсетілетін қызметті алушы – Алгоритмге қосымшаға сәйкес жауап берілген SMS-хабарлама арқылы көрсетілетін қызметті алуға келісім берген Әлеуетті көрсетілетін қызметті алушы;

      10) қысқа мәтіндік хабарлама (бұдан әрі – SMS-хабарлама) – ұялы байланыс операторының ұялы байланыс желісі арқылы ақпаратты қабылдауы және беру бойынша көрсететін қызметі;

      11) қосымшалар дүкені – мобильді қосымшалардың цифрлық дүкені, оның көмегімен абоненттің смартфонына "электрондық үкімет" порталының "eGov Mobile" мобильді қосымшасын орнатуға болады

      12) мобильді азаматтар базасы (бұдан әрі - МАБ) – "электрондық үкіметті" пайдаланушылардың абоненттік нөмірлерінің бірыңғай базасы;

      13) монетарлық емес мемлекеттік қолдау шаралары – мемлекет мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ақшалай баламасы жоқ тауарлар немесе қызметтер түрінде беретін көмек;

      14) пилоттық жоба – енгізілетін реттеудің нәтижесін анықтау мақсатында мемлекеттік орган жүргізетін рәсім;

      15) проактивті қызмет – көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін қызмет;

      16) тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде ақпаратты жинауға және өңдеуге арналған, тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінің қосалқы жүйесі, міндетті түрде Ұлттық тауарлардың каталогын қолдана отырып;

      17) цифрлық азық-түлік ваучері (бұдан әрі – ваучер) – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу кезінде жеңілдік түрінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға "әлеуметтік әмиян" арқылы көрсетілетін нысаналы қолма-қол ақшасыз қолдау, ол ақпараттандыру объектісі болып табылады және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады;

      18) "электрондық үкімет" порталының "eGov Mobile" мобильді қосымшасы (бұдан әрі - eGov Mobile) – ұялы байланыс және Интернет желісі арқылы мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізуді ұсынатын бағдарламалық өнім;

      19) "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – ЭҮП) – "электрондық үкіметтің" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;

      20) "e-Otinish" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - e-Otinish) – азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы;

      21) "Smart Data Ukimet" ақпараттық-талдау жүйесі (бұдан әрі - SDU) – мемлекеттік органдар басқарушылық шешімдер қабылдау үшін пайдаланатын деректерді жинауға және талдауға арналған жүйе;

      22) QR-код - "әлеуметтік әмиянда" генерацияланатын матрицалық штрих код.

      Осы Алгоритмде пайдаланылатын барлық өзге терминдер Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы", "Ақпараттандыру туралы" Заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мәндерге сәйкес келеді.

2-тарау. Пилоттық жобаны іске асыру

      3. "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсыну" қызмет көрсету жөніндегі пилоттық жоба халықты мемлекеттік қолдаудың монетарлық емес шаралары режимінде "әлеуметтік әмиян" арқылы проактивті тәсілмен іске асырылады және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың пайдасына қолданылады.

3-тарау. Ваучерлер

      4. Ваучерлерді көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж деп танылған көрсетілетін қызметті алушының отбасының әрбір мүшесіне ұсынады.

      5. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын көрсетілетін қызметті алушы төмендетілген бағамен сатып алынады.

      6. Ваучерді белсендіру көрсетілетін қызмет алушының қызметті алуға келісімін растаған жағдайда өз бетінше ағымдағы айдың соңғы күніне дейін ай сайын жүзеге асырылады. Ай аяқталғаннан кейін ваучерді белсендіру мүмкін емес.

      7. Қызмет шеңберінде берілген белсендірілмеген ваучерлер ай аяқталғанға дейін қолданылады.

4-тарау. Дүкендерге қарыз беру

      8. Пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында дүкендерге қарыз беру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19123 болып тіркелген) Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы дүкендерге тауар қорларын қалыптастыру үшін қарыз береді.

      10. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз ету және ақылық талаптарының шарттарымен жүзеге асырылады.

      11. Шарттық міндеттемелерді орындау шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері:

      1) цифрлық азық-түлік ваучері есебінен берілетін жеңілдікті ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін төмендетілген бағамен сатады;

      2) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сәйкестендіру мақсатында арнайы жапсырмалармен (стикерлермен) таңбалануды қамтамасыз етеді;

      3) "әлеуметтік әмиянмен" кассалық жабдықтың интеграциясын жүзеге асырады.

      12. Дүкен айналым қаражатын алған жағдайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін сатып алу бағасы бойынша жүзеге асырылады. Өнімді тікелей ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінен жеткізген кезде – бағаны ұстап қалуды ескере отырып қалыптастырылатын баға бойынша бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен.

      Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды ақпараттық сүйемелдеу мақсатында сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесі пайдаланылады.

5-тарау. Ваучерлерді ұсыну және пайдалану тетігі

      13. Қызмет көрсету үшін қолданыстағы шарттарға және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 7 қарашадағы №925 қаулысымен бекітілген деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес SDU халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның автоматтандырылған ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтер негізінде ай сайын әлеуетті көрсетілетін қызметті алушылардың тізімін саралайды және қалыптастырады.

      14. SDU әлеуетті көрсетілетін қызметті алушылардың қалыптастырылған тізімін ЭҮП-ға береді.

      15. ЭҮП-да алынған әлеуетті көрсетілетін қызметті алушылардың тізімі бойынша SMS-хабарламаларды жіберу үшін әлеуетті көрсетілетін қызметті алушылардың МАБ-да абоненттік нөмірлерінің болуына автоматты түрде тексеру жүргізіледі.

      16. Әлеуетті көрсетілетін қызметті алушылардың абоненттік нөмірлерін өзектендіруге және дұрыстығына "Ұлттық ақпараттық технологиялар" Акционерлік қоғамына тиесілі МАБ жауап береді.

      17. МАБ-да әлеуетті көрсетілетін қызметті алушының абоненттік нөмірі болмаған жағдайда, ЭҮП Қызмет процесін аяқтауға бастамашылық жасайды. Әлеуетті көрсетілетін қызметті алушының абоненттік нөмірінің болмауы туралы жазба ЭҮП тіркеу журналында тіркеледі және SDU-ға беріледі.

      18. Әлеуетті көрсетілетін қызметті алушылардың тізімі SDU-да ай сайын ағымдағы айдың 4 - күніне дейін жаңартылады.

      19. МАБ-да әлеуетті көрсетілетін қызметті алушының абоненттік нөмірі болған жағдайда, ағымдағы айдың 5-ші күні оның абоненттік құрылғысына осы Алгоритмге қосымшаға сәйкес Қызметті алуға келісім беруге немесе одан бас тартуға сұрау салуды қамтитын SMS-хабарлама жіберу жүзеге асырылады.

      20. Бастапқы SMS-хабарламаға жауап болмаған жағдайда 5 күнтізбелік күн өткеннен кейін қайта SMS-хабарлама жіберіледі. Ағымдағы айдың соңына дейін әлеуетті көрсетілетін қызметті алушыдан жауап болмаған не қызмет көрсетуге бас тартуды алған жағдайда-тиісті айда ваучерді белсендіру мүмкіндігі жойылады.

      21. Өзара SMS–хабарлама арқылы келісімді растаған әлеуетті көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті алушы болып танылады.

      22. Келісімді алғаннан кейін ЭҮП көрсетілетін қызметті алушының деректерін "әлеуметтік әмиянға" жолдайды, соның негізінде ваучер ашылады. Ваучерге қол жеткізу үшін көрсетілетін қызметті алушы SMS-хабарламада жіберілген дербес сілтеме бойынша өтеді немесе eGov Mobile қолданбалар дүкені арқылы дербес орнатады, авторизацияланады және "әлеуметтік әмиянның" тиісті бөліміне өтеді.

      23. "Әлеуметтік әмиянда" көрсетілетін қызметті алушылардың ЭҮП-дан алған деректері негізінде ваучерлер автоматты түрде қалыптастырылады.

      24. QR-код ұсынылғаннан және дүкенде оқығаннан (сканерлегеннен) кейін, қызметті алушы жоба шеңберінде белгіленген арзандатылған бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

      25. QR-код оқығаннан (сканерлегеннен) кейін дүкен ваучердің қалдық сомасын "әлеуметтік әмиянға" сұраныс жіберу арқылы тексереді.

      26. Төлегеннен кейiн дүкен төлем мәртебесi және тауар позицияларының тiзбесi туралы деректердi "әлеуметтік әмиянға" жібереді.

      27. Ваучерін пайдаланғаннан кейін "Тарих" бөлімінде "әлеуметтік әмиянда" оны пайдалану мәртебесі көрсетіледі.

      28. "әлеуметтік әмияннан" көрсетілетін қызметті берушіге күн сайын ваучерлерінің жандануы туралы және қызметті ұсыну туралы есептілік ұсынылады.

      29. Көрсетілетін қызметті алушының "әлеуметтік әмиянда" көрсетілетін қызметтің сапасын дүкенде бағалауға, шағым жіберуге пилоттық жобаны жүргізу кезеңінде "әлеуметтік әмиянда" көрсетілген функциялардың іске асырылуына қарай "e-Otinish" ақпараттық жүйесі арқылы Ақмола және Павлодар облыстарының әкімдіктеріне жіберуге мүмкіндігі бар.

      30. Қызметтерді байқаудан өткізу жөніндегі пилоттық жобаны жүргізу кезеңінде тараптардың келісімі бойынша қызметтерді көрсету кезінде процестердің, тәсілдердің өзгеруі мүмкін.

      31. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылы қызмет көрсету кезінде ақпараттық жүйелердің үздіксіз және дұрыс жұмысын қамтамасыз ету үшін тұрақты негізде жүргізіледі.

      32. Әмиянды әзірлеуші "әлеуметтік әмиянның" дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

  "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік
көмек алушыларға цифрлық
азық-түлік ваучерлерін ұсыну"
қызметін көрсету жөніндегі
пилоттық жобаны іске асыру
барысында мемлекеттік
органдар мен ұйымдардың іске
асыру және өзара іс-қимыл
алгоритміне қосымша

      Проактивті тәсілмен қызмет көрсетуге оның келісімін алу үшін көрсетілетін қызметті алушыға сұрау салу

      1. SMS-хабарлама – бастау:

      "Құрметті пайдаланушы!

      Сіздің отбасыңызға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ваучер түрінде жеңілдік бар.

      Дербес деректерді өңдеуге келісім немесе бас тарту мынадай комбинациямен жүзеге асырылады: 21*1 – "ИӘ", 21*2 – "ЖОҚ" дегенді білдіреді.

      Толық ақпарат алу үшін _________ нөмірі бойынша хабарласу қажет".

      Келісім ағымдағы ай аяқталғанға дейін ұсынылады және көрсетілетін қызметті көрсету кезеңінде қолданылады.

      2. SMS-хабарлама, көрсетілетін қызметті алуға үміткердің келісімі кезіндегі жауабы (көрсетілетін қызметті алуға үміткер 21*1 терген жағдайда):

      "Әлеуметтік әмияннан" әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ваучер алу келісіміңіз сәтті өңделді. Ваучерді алу үшін https://egovmobile.page.link/socwallet" сілтемесі арқылы eGov mobile мобильді қосымшасына тіркелу қажет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады