"Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Өнеркәсіп және құрылыс саласындағы мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Қаржы және корпоративтік басқару департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық қабылданған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде оның көшірмесін электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялауды және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Министрдің міндетін атқарушы | Қ. Қажкенов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 13 маусымдағы № 209 бұйрығымен бекітілген |
Өнеркәсіп және құрылыс саласындағы мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Өнеркәсіп және құрылыс саласындағы мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және өнеркәсіп және құрылыс саласындағы мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу тәртібін анықтайды.
2-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу тәртібі
2. Мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу кезінде орындаушының осы Қағиданың 7 тармағында көрсетілген негіздейтін құжаттармен расталған тікелей және жанама шығыстары ескеріледі.
3. Орындаушының тікелей шығыстарына орындалатын мемлекеттік тапсырмамен тікелей байланысты шығыстар жатады.
Жанама шығыстарға орындаушының тұтастай қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті, бірақ мемлекеттік тапсырма орындау процесінде тікелей қолданылмайтын шығыстар жатады.
4. Мемлекеттік тапсырма құны мынадай формула бойынша айқындалады:
Қ = Шт + Шж
мұнда,
Қ – мемлекеттік тапсырманың құны;
Ш т – тікелей шығыстар;
Ш ж – жанама шығыстар.
5. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:
1) мемлекеттік тапсырманы тікелей жүзеге асыратын персоналдың еңбекақысы;
2) мемлекеттік тапсырманы тікелей орындайтын персоналға қатысты салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар;
3) мемлекеттік тапсырманы тікелей орындайтын персоналдың іссапар шығыстары (ел ішіндегі және (немесе) елден тыс жерлердегі қызметтік сапарлар);
4) сарапшыларды тарту (бірлесіп орындаушылар) (шығыстар орындалатын жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер көлемінің екіден бірінен шекті көлемінен аспау қажет);
5) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын тауарлар мен материалдарды сатып алу;
6) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын байланыс қызметтері;
7) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін пайдаланылатын үй-жайларды жалға алу төлемі;
8) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін ақпараттық дерекқорларға жазылу және қолжетімділік;
9) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын аударма қызметтері.
6. Жанама шығыстар мынадай шығыстарды:
1) әкімшілік персоналдың еңбек ақысын;
2) мемлекеттік тапсырманы тікелей орындайтын персоналға қатысты төлемдерді қоспағанда, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды;
3) негізгі құралдар мен материалдық емес активтерге қызмет көрсетуді және жөндеуді;
4) өзге де шығыстарды (режимдік объектілерді қүзету қызметтері, банктік қызметтер, полиграфиялық және типографиялық шығыстар, курьерлік қызметтер) қамтиды.
7. Мемлекеттік тапсырманы орындау үшін бюджеттік сұраным қалыптастыруда шығыстардың әрбір бабы негіздеме құжаттармен расталады (орындаушының штаттық кестесі, есептер, шарттар көшірмесі, кемінде үш дана баға ұсыныстары).
8. Мемлекеттік тапсырманы орындау үшін қажетті тауарлардың құнын айқындау кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу веб-порталынан орташа баға пайдаланылады.