Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік тапсырмасының құнын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Экономика және қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында оның орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Министр | С. Нұрбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 28 мамырдағы № 278 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекеттік тапсырмасының құнын айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік тапсырмасының құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 16-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және бюджеттік сұранымды қалыптастыру кезінде бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
мемлекеттік тапсырма – жарғылық капиталына мемлекет қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де заңды тұлғаларға жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге және басқа да міндеттерді орындауға тапсырыс беру.
2-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібі
3. Мемлекеттік тапсырманың құны мемлекеттік тапсырманы орындауға тікелей қатысатын, тікелей және жанама шығыстар негізге алына отырып мынадай формула бойынша айқындалады:
Қ = ТШ + ЖШ, мұндағы
Қ – мемлекеттік тапсырманың құны;
ТШ – тікелей шығыстар;
ЖШ – жанама шығыстар.
3-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындауға арналған шығындар түрлері
4. Мемлекеттік тапсырманың құнына мынадай шығыстар енгізілмейді:
1) ықтимал залалдарға резервтер қалыптастыру;
2) өткен кезеңдердің өзге де қарыздары мен залалдарын жабу;
3) демеушілік көмек;
4) айыппұл, өсімпұл және тұрақсыздық айыбы.
5. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:
1) әкімшілік персоналды қоспағанда, мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыратын ұйымдар (персоналының) жалақысы;
2) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, персоналды әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілердің аударымдары, мемлекеттік тапсырманы орындайтын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары;
3) қосылған құн салығы;
4) мемлекеттік тапсырманы орындайтын персоналдың іссапар шығыстары (ел ішіндегі және (немесе) елден тыс жерлердегі қызметтік сапарлар);
5) сыртқы сарапшыларды тарту;
6) мемлекеттік тапсырманы орындауға арналған материалдардың осы санын пайдалануды растайтын есептері бар материалдарды (шығыс материалдарын; кеңсе тауарларын; материалдық қорды) сатып алу;
7) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын жалға берілетін уақыт және (немесе) километраж көрсетілген көлік қызметтері;
8) полиграфиялық шығыстар (бланкілік өнімдерді: сауалнамаларды, бағыттардың парақтарын, карточкаларды, есептерді, тест тапсырмаларын, үлестірме материалдарды тираждау, құжаттарды түптеу, тігу және өңдеу);
9) курьерлік қызметтер (материалдарды тарату);
10) жалға берілетін үй-жайларда мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу қажет болған жағдайларда жалдау ақысы;
11) банктік қызметтер;
12) ақпараттық-коммуникациялық қызметтер, байланыс қызметтері (қалааралық телефон келіссөздерді, телефондар үшін абоненттік төлем, пошта-телеграф шығындарын, факс, электрондық пошта, интернетті қосқанда);
13) мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын аударма беттерінің санын көрсете отырып, растайтын есептеулері бар аударма қызметтері.
6. Жанама шығыстар көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) өзіндік құнына тікелей жатпайды және мынадай шығыстарды қамтиды:
1) әкімшілік персоналдың жалақысы;
2) әлеуметтік салық, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілердің аударымдары, жұмыс берушінің, әкімшілік персоналдың міндетті зейнетақы жарналары;
3) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер (мүлік салығы, көлік құралдарына салынатын салық, жер салығы және басқалар);
4) әкімшілік персоналдың іссапар шығыстары (ел ішіндегі және (немесе) елден тыс жерлердегі қызметтік сапарлар);
5) негізгі құралдар мен материалдық емес активтерге қызмет көрсету және жөндеу;
6) басқа да шығыстар (коммуналдық қызметтер, жеке меншіктегі үй-жайлары немесе ғимараттары болмаған жағдайда үй-жайларды немесе ғимараттарды жалға алу, өрт қауіпсіздігі және арнайы талаптарды сақтау, күзет қызметтері, аудиторлық қызметтер, нотариаттық қызметтер, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу).
7. Жоспарланатын шығыстардың әрбір бабы ағымдағы қаржы жылы үшін қызметтер, жұмыстар көрсету туралы шарттардың көшірмесі ұсыныла отырып негізделеді, шарттар болмаған жағдайда сатып алынатын қызметтер мен жұмыстардың әрбір түрі бойынша отандық маркетплейстерден бағалар туралы кемінде 3 (үш) ұсыныс қоса беріледі.
Маркетплейсте ақпарат болмаған жағдайда кемінде 3 (үш) прайс - парақ ұсынылады.
Бұл ретте Тапсырыс беруші ұсынылған нұсқалардың ең төменгі құнынан аспайтын бағаға бағдарланады.