1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға 1999 жылғы 17 маусымда Лондонда жасалған Су және денсаулық проблемалары туралы хаттама ратификациялансын.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
| Бейресми ayдарма |
1992 ЖЫЛҒЫ ШЕКАРААРАЛЫҚ СУ АРНАЛАРЫ МЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛДЕРДІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ЖӨНІНДЕГІ КОНВЕНЦИЯҒА СУ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАРЫ ТУРАЛЫ ХАТТАМА
Осы Хаттаманың Тараптары
судың өмір сүру үшін қажетті екеніне және судың адамның негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға жеткілікті мөлшерде және сапада болуы адамдардың денсаулығын нығайтудың да, орнықты дамудың да алғышартының бірі болып табылатынына өзіне есеп бере отырып;
сапасы жақсы таза су мен үйлесімді және тиісті түрде пайдаланылатын су ортасының адам денсаулығы мен әл-ауқаты үшін пайдасын тани отырып;
жерүсті және жерасты суларының мөлшері мен сапасына адам қызметінің қолайсыз әсері болған жағдайда олардың қалпына келу қасиеті шектеулі жаңартылатын ресурстар болып табылатынын, тиісті шектеулерді кез келген сақтамау осы ресурстардың бар болуына және олардың сапасына тәуелді адамдардың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін қысқа мерзімді де, ұзақ мерзімді де жағымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін және нәтижесінде гидрологиялық циклді орнықты басқару адам қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін де, қоршаған ортаны қорғау үшін де қажет болып табылатынын ескере отырып;
адамның негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға жеткілікті мөлшердегі және сападағы судың жетіспеушілігі нәтижесінде туындайтын халықтың денсаулығы үшін салдары және осындай жетіспеушіліктің әсіресе қолайсыз жағдайда және әлеуметтік шеттеу жағдайында өмір сүріп жатқан адамдардың әлсіз тобы үшін айтарлықтай салдарын ескере отырып;
сумен байланысты ауруларды болғызбау, олардың таралу дәрежесін шектеу және қысқарту жекелеген ел шегінде де, сондай-ақ мемлекеттер арасында да барлық деңгейде және барлық секторлар арасында неғұрлым тығыз ынтымақтастық негізінде тек қана қанағаттандырарлық түрде шешуге болатын маңызды және шұғыл міндеттер болып табылатынын түсіне отырып;
сумен байланысты ауруларға қатысты қадағалау және ерте алдын алу жүйелері мен ден қою жүйелерін құру ауруларды болғызбаудың, олардың таралу дәрежесін шектеудің және қысқартудың маңызды аспектілері болып табылатынын да түсіне отырып;
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта және даму жөніндегі конференциясының (Рио-де-Жанейро, 1992 жыл) тұжырымдарын, атап айтқанда Қоршаған орта және даму жөніндегі Рио-де-Жанейро декларациясы мен XXI ғасырға арналған Күн тәртібін, сондай-ақ XXI ғасырға арналған Күн тәртібін одан әрі жүзеге асыру бағдарламасын (Нью-Иорк, 1997 жыл) және
Орнықты даму жөніндегі комиссияның тұщы суды орнықты басқару туралы кейінгі шешімін (Нью-Иорк, 1998 жыл) басшылыққа ала отырып;
1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияның тиісті ережелерін басшылыққа ала отырып және осы ережелерді неғұрлым кеңінен пайдалануға жәрдемдесудің де, Конвенцияны халық денсаулығын сақтауды нығайту жөніндегі одан әрі шаралармен толықтырудың да қажеттілігін атап көрсете отырып;
1991 жылғы Шекарааралық тұрғыдан қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы конвенцияны, 1992 жылғы Өнеркәсіптік авариялардың шекарааралық әсері туралы конвенцияны, 1997 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының Кеме қатынамайтын халықаралық ағын суларын пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны және 1998 жылғы Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылыктың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияны назарға ала отырып;
1989 жылғы Қоршаған орта және денсаулық сақтау жөніндегі еуропалық хартияда, 1994 жылғы Қоршаған орта және денсаулық сақтау туралы Хельсинки декларациясында және "Еуропа үшін қоршаған орта" процесі бойынша министрлер декларацияларында, ұсынымдары мен қарарларында қамтылған тиісті қағидаттарды, мақсаттарды және ұсынымдарды да назарға ала отырып;
Еуропадағы басқа да эқологиялық бастамалардың, құжаттардың және процестердің, сондай-ақ қоршаған орта мен денсаулық сақтау саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарларын және қоршаған орта саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарларын дайындаудың және жүзеге асырудың негізділігі мен орындылығын тани отырып;
сумен байланысты ауруларды болғызбау, олардың таралу дәрежесін шектеу және қысқарту мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайту үшін жасап жатқан күш-жігерін жоғары бағалай отырып;
Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымының Еуропалық өңірлік комитетіне мүше мемлекеттердің ластанумен күресу және адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтауға ықпал ететін су ортасын сақтау және қалпына келтіру саласында қол жеткізген оң нәтижелерінің көптеген мысалдарымен жігерлене отырып;
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
МАҚСАТ
Осы Хаттаманың мақсаты су экожүйелерін қорғауды және сумен байланысты ауруларды болғызбауды, олардың таралу дәрежесін шектеуді және қысқартуды қоса алғанда, су шаруашылығы қызметін басқаруды жетілдіру жолымен орнықты даму шеңберінде барлық тиісті деңгейде, яғни жалпы мемлекеттік көлемде, сондай-ақ шекарааралық және халықаралық тұрғыдан жеке негізде де және үжымдық негізде де адамның денсаулығы мен әл-ауқатын сақтауға жәрдемдесу болып табылады.
2-бап
АНЫҚТАМАЛАР
Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:
1. "Сумен байланысты аурулар" адам денсаулығы үшін өлім, мүгедектік, ауру немесе кез келген судың мөлшері мен сапасының жай-күйінен немесе өзгеруінен тікелей немесе жанама түрде туындаған бүзылулар сияқты кез келген елеулі теріс салдарды білдіреді.
2. "Ауызсу" адамның ауызсу ретінде, тамақ өңдеу және дайындау үшін, жеке гигиена үшін немесе осыған ұқсас мақсаттарда пайдаланатын немесе пайдалануға арналған суды білдіреді.
3. "Жерасты сулары" жер бетінен төмен сіңіру аймағында және топырақпен немесе топырақ асты тікелей жалғасатын кез келген суды білдіреді.
4. "Тұйықталған сулар" ғимарат ішінде де, одан тыс жерлерде де жерүсті тұщы немесе жағалау маңы суларынан бөлінген жасанды түрде жасалған су айдындарын білдіреді.
5. "Шекарааралық сулар" екі немесе одан да көп мемлекет арасындағы шекараны белгілейтін немесе кесіп өтетін немесе осындай шекараларда орналасқан кез келген жерүсті немесе жерасты суларын білдіреді; шекарааралық сулар тікелей теңізге құйылатын жағдайларда, мұндай шекарааралық сулардың шектері олардың жағалауларындағы шағын су бойында орналасқан нүктелер арасындағы олардың сағасын кесіп өтетін түзу сызықпен шектеледі.
6. "Сумен байланысты аурулардың шекарааралық салдары" бір Тараптың юрисдикциясындағы ауданда пайда болатын және мұндай салдарлар шекаралық әсер болып табылатынына не табылмайтынына қарамастан, екінші Тараптың юрисдикциясындағы аудандағы сулардың мөлшері мен сапасының күйінен немесе олардың өзгеруінен тікелей немесе жанама түрде туындайтын өлім, мүгедектік, ауру немесе бұзылу сияқты адам денсаулығы үшін кез келген елеулі зиянды салдарды білдіреді.
7. "Шекарааралық әсер ету" табиғи көзі Конвенцияның сол немесе өзге де Тарапының юрисдикциясындағы ауданда толық немесе ішінара орналасқан, Конвенцияның екінші Тарапының юрисдикциясындағы ауданда қоршаған ортаға адам қызметінен туындайтын шекарааралық сулардың жай-күйінің өзгеруі нәтижесінде туындайтын кез келген елеулі зиянды салдарды білдіреді. Қоршаған ортаға осындай салдардың қатарына адамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне, флораға, фаунаға, топыраққа, ауаға, суға, климатқа, ландшафтқа және тарихи ескерткіштерге немесе басқа да материалдық объектілерге әсер ететін салдар немесе осы факторлардың өзара іс-қимылы жатады; олардың қатарына осы факторлардың өзгеруі нәтижесінде пайда болатын мәдени мұра немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайлар салдары да жатады.
8. "Санитариялық-профилактикалық іс-шаралар" ұжымдық жүйелер арқылы не жекелеген үй шаруашылықтарына немесе кәсіпорындарға қызмет көрсететін қондырғылардың көмегімен адам тыныс-тіршілігінің қалдықтарын немесе тұрмыстық сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, өңдеуді және жоюды немесе қайта пайдалануды білдіреді.
9. "Ұжымдық жүйе":
a) бірқатар үй шаруашылықтарын немесе кәсіпорындарды ауызсумен қамтамасыз ету жүйесін және/немесе
b) бірқатар үй шаруашылықтарына немесе кәсіпорындарға қызмет көрсететін және қажет болған кезде өнеркәсіптік сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және жоюды немесе қайта пайдалануды қамтамасыз ететін және жұмыс істеуін мемлекеттік сектор органы, жеке сектор кәсіпорны немесе осы екі сектор арасындағы әріптестік арқылы қамтамасыз ететін санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуге арналған жүйені білдіреді.
10. "Су шаруашылығы қызметін басқару жоспары" аумақтық аудан шегіндегі немесе жерасты суларын сіңіру аймағындағы нақты су ресурстары мен объектілерін, олардың экожүйелерін қорғауды қоса алғанда, игеру, пайдалану, қорғау және/немесе қолдану жоспарын білдіреді.
11. "Жұртшылық" бір немесе бірнеше жеке немесе заңды тұлғаларды және ұлттық заңнамаға немесе практикаға сәйкес олардың қауымдастықтарын, ұйымдары мен топтарын білдіреді.
12. "Мемлекеттік орган":
a) ұлттық, өңірлік және басқа деңгейдегі әкімшілікті;
b) қоршаған ортаға, денсаулық сақтауға, санитариялық-профилактикалық іс-шараларға, су шаруашылығы қызметін басқаруға немесе сумен жабдықтауға қатысы бар нақты міндеттерді, қызметті немесе көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, мемлекеттік әкімшілік функцияларды ұлттық заңнамаға сәйкес орындайтын жеке немесе заңды тұлғаларды;
c) мемлекеттік міндеттерді немесе функцияларды орындайтын немесе жоғарыдағы а) немесе b) тармақшаларында көрсетілген органның немесе тұлғаның бақылауымен халыққа қызметтер көрсететін кез келген басқа жеке немесе заңды тұлғаларды;
d) Tapaп болып табылатын, 21-бапта аталған кез келген өңірлік экономикалық интеграция ұйымының мекемелерін білдіреді.
Осы анықтама сот немесе заң шығарушы ретінде әрекет ететін органдарды немесе мекемелерді қамтымайды.
13. "Жергілікті" мемлекеттік деңгейден төмен аумақтық бірліктердің барлық тиісті деңгейіне жатады.
14. "Конвенция" 1992 жылғы 17 наурызда Хельсинкиде қабылданған Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияны білдіреді.
15. "Конвенция Тараптарының Кеңесі" Конвенция Тараптары оның 17-бабына сәйкес құрған органды білдіреді.
16. "Тарап", егер мәтінде өзгеше көрсетілмесе, осы Хаттамамен байланысты болуға өз тарапынан келісім берген және осы Хаттама ол үшін күшіне енген мемлекетті немесе 21-байта аталған өңірлік экономикалық интеграция ұйымын білдіреді.
17. "Тараптар Кеңесі" Тараптардың 16-бапқа сәйкес құрған органын білдіреді.
3-бап
ҚОЛДАНЫС АЯСЫ
Осы Хаттаманың ережелері:
a) жерүсті тұщы суларына;
b) жерасты суларына;
c) эстуарийлерге;
d) рекреациялық мақсаттарға немесе акваөсіру әдісімен балық өсіру немесе моллюскілер мен шаянтәрізділерді өсіру немесе жинау үшін пайдаланылатын жағалау маңы суларына;
e) шомылуға қолжетімді тұйықталған суларға;
f) тарту, тасымалдау, тазарту немесе жабдықтау процесіндегі суларға;
g) жинау, тасымалдау, тазарту және ағызу немесе қайта пайдалану процесіндегі сарқынды суларға қолданылады.
4-бап
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Мақсаты су ресурстарын орнықты пайдалану, қоршаған ортадағы судың адамның денсаулығына қауіп төндірмейтіндей сапасын қамтамасыз ету және су экожүйелерін қорғау болып табылатын су шаруашылығы қызметін басқарудың кешенді жүйелерінің шеңберінде Тараптар сумен байланысты ауруларды болғызбау, олардың таралу дәрежесін шектеу және қысқарту үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.
2. Тараптар, атап айтқанда:
a) өздерінің саны мен шоғырлануына байланысты құрамында адамның денсаулығына ықтимал қауіп төндіретін қандай да бір микроорганизмдер, паразиттер мен заттардан таза, сапасы жақсы ауызсумен барабар жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында барлық тиісті шараларды қабылдайды. Ол ауызсудың көзі ретінде пайдаланылатын су ресурстарын қорғауды, суды тазартуды және ұжымдық жүйелерді құру, жетілдіру және оларға қызмет көрсетуді қамтиды;
b) адамның денсаулығы мен қоршаған ортаны жеткілікті деңгейде қорғауды қамтамасыз ететіндей стандартқа сәйкес келетін барабар санитариялық-профилактикалық іс-шараларды қамтамасыз ету мақсатында барлық тиісті шараларды қабылдайды. Оған негізінен ұжымдық жүйелерді құру, жетілдіру және оларға қызмет көрсету арқылы қол жеткізіледі;
c) ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қауіпті заттардың басқа да ағызулары мен шығарындыларын қоса алғанда, ауызсу көздері ретінде пайдаланатын су ресурстарын және олардың тиісті су экожүйелерін басқа көздерден ластанудан тиімді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында барлық тиісті шараларды қабылдайды. Ол адамның денсаулығына және су экожүйелеріне қауіпті деп есептелетін заттардың ағызулары мен шығарындыларын тиімді азайтуға және жоюға бағытталған;
d) суды рекреациялық мақсатта пайдалану, суды акваөсіру үшін пайдалану, моллюскілер мен шаянтәрізділерді өсіру және жинау үшін пайдалану, сарқынды суларды ирригациялау үшін пайдалану немесе сарқынды суларды өңдеудің қалдықтарын ауыл шаруашылығында немесе акваөсіруге пайдалану нәтижесінде туындайтын сумен байланысты аурулардан адамның денсаулығын қорғау бойынша жеткілікті шараларды;
e) сумен байланысты аурулардың өршуіне немесе пайда болуы жағдайларына әкеп соғуы мүмкін ахуалды қадағалап отыру және осындай өршу мен жағдайларға және олардың қатеріне ден қою үшін тиімді жүйелерді қамтамасыз ету мақсатында барлық тиісті шараларды қабылдайды.
3. Бұдан әрі осы Хаттамада "ауызсу" және "санитариялық-профилактикалық іс-шаралар" деп аталған кезде олар ауызсуды және осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс санитариялық-профилактикалық іс-шараларды білдіреді.
4. Тараптар ұсынылатын кез келген шараны:
a) адам денсаулығы,
b) су ресурстары және
c) орнықты даму үшін артықшылықтарды;
кемшіліктер мен шығындарды қоса алғанда, оның барлық салдары тұрғысынан бағалау негізінде барлық осындай шараларды қабылдайды;
оның шеңберінде ұсынылатын кез келген шараның қоршаған ортаның әртүрлі салаларына әсер етуінің әр алуан жаңа түрлері ескеріледі.
5. Тараптар орнықты болып табылатын және қолда бар мүмкіндіктерді іске асыруды ынталандыратын құқықтық, әкімшілік және экономикалық жағдайлар жасау үшін барлық тиісті іс-қимыл жасайды және олардың шеңберінде мемлекеттік, жекеше және ерікті секторлар сумен байланысты ауруларды болғызбау, олардың таралу дәрежесін шектеу және қысқарту мақсатында су шаруашылығы қызметін басқаруды жетілдіруге әрқайсысы өзінің жеке сипаты тұрғысынан өз үлесін қоса алады.
6. Тараптар осы Хаттаманың қолданыс аясына жататын кез келген су ортасына елеулі әсер етуі мүмкін басқа субъектілердің шаралар қабылдау мүмкіндігін қарайтын немесе шаралар қабылдауды мақұлдайтын мемлекеттік органдардан осы шаралардың адамдардың денсаулығына кез келген ықтимал әсерін тиісті түрде ескеруін талап етеді.
7. Тарап Шекарааралық тұрғыдан қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі конвенцияның Тарапы болып табылса, осы Тараптың мемлекеттік органдарының осы Конвенцияның жоспарланған шараға қатысты талаптарын сақтауы осы баптың 6-тармағында көзделген осы шараға қатысты таланты да қанағаттандыруға тиіс.
8. Осы Хаттаманың ережелері Тараптардың осы Хаттамада жазылғаннан басқа неғұрлым қатаң шараларды жүзеге асыруды жалғастыру, қабылдау немесе қолданысқа енгізу құқықтарын қозғамайды.
9. Осы Хаттамада көзделген талаптардың Конвенцияда немесе жоғарыда көрсетілген басқа да қолданыстағы халықаралық келісімде көзделген тиісті талаптарға қарағанда неғұрлым қатаң болып табылатын жағдайларды қоспағанда, осы Хаттаманың ережелері Конвенциядан немесе кез келген басқада халықаралық келісімнен туындайтын осы Хаттаманың кез келген Тарапының құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.
5-бап
ҚАҒИДАТТАР МЕН ТӘСІЛДЕР
Осы Хаттаманы жүзеге асыру жөнінде шаралар қабылдау кезінде Тараптар, атап айтқанда, мынадай қағидаттар мен тәсілдерді басшылыққа алады:
a) сақтық шараларын қолдану қағидатын басшылыққа алады, оған сәйкес сумен байланысты ауруларды болғызбау, олардың таралу дәрежесін шектеу және қысқарту жөніндегі шаралар ғылыми зерттеулерде бір жағынан осы шаралар бағытталған фактормен және екінші жағынан осы фактордың сумен байланысты аурулардың таралуына және/немесе оның шекарааралық әсеріне ықтимал үлесі арасындағы себеп-салдарлық байланысы толықтай анықталмады деген негізде кейінге қалдырылмауға тиіс;
b) "ластаушы төлейді" қағидатын басшылыққа алады, оған сәйкес ластануды болғызбау, шектеу және қысқарту жөніндегі шараларға байланысты шығыстарды ластаушы өтейді;
c) Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес мемлекеттердің қоршаған орта және даму саласындағы өз саясатына сәйкес өзіне меншікті ресурстарын әзірлеуге егеменді құқығы бар және олардың юрисдикциясы немесе бақылауы шеңберіндегі қызметтің ұлттық юрисдикцияның қолданысынан тыс басқа мемлекеттердің немесе аудандардың қоршаған ортасына залал келтірмеуін қамтамасыз ету үшін жауапты болады;
d) су ресурстарын басқару қазіргі ұрпақтың қажеттіліктері келешек ұрпақтардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндігіне нұқсан келтірместен қанағаттандырылатындай етіп жүзеге асырылады;
e) сумен байланысты аурулардың өршуін және таралу жағдайларын болғызбау үшін және ауызсудың көзі ретінде пайдаланылатын су ресурстарын қорғау үшін профилактикалық шаралар қабылдаған жөн, себебі мұндай шаралар зиянды салдарға қатысты неғұрлым пәрменді болып табылады және жағдайды түзету жөніндегі шараларға қарағанда шығыны тұрғысынан тиімдірек болуы мүмкін;
f) су ресурстарын басқару жөніндегі шаралар да ең төменгі тиісті әкімшілік деңгейде жүзеге асырған жөн;
g) судың әлеуметтік, экономикалық және эқологиялық құндылығы бар, сондықтан да су шаруашылығы қызметін басқаруды осы құндылықтардың неғұрлым қолайлы және орнықты үйлесуін қамтамасыз ететіндей түрде жүзеге асырған жөн;
h) суды тиімді пайдалануға экономикалық құралдар мен ақпараттандыруды арттырудың көмегімен ықпал ету керек;
i) су және денсаулық мәселелері бойынша шешімдер қабылдау процесінде ақпаратқа қол жеткізу және жұртшылықтың қатысуы, басқалармен қатар, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсарту және оларды жүзеге асыруға жәрдемдесу, жұртшылықтың тиісті мәселелер туралы хабардар болуын қамтамасыз ету, жұртшылыққа өз алаңдаушылығын білдіруге мүмкіндік беру және мемлекеттік органдарға осындай алаңдаушылықты тиісінше ескеруге мүмкіндік беру мақсатында қажет. Мұндай қол жеткізу мен мұндай қатысуды тиісті шешімдерді сотта және әкімшілік қайта қарауға тиісті қолжетімдікпен толықтыру керек;
j) су ресурстарын басқаруды әлеуметтік-экономикалық даму мен табиғи экожүйелерді қорғау арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ету, сондай-ақ су ресурстарын басқаруды қоршаған ортаның басқа да аспектілерінің сапасын реттеу жөніндегі заңнамалық шаралармен байланыстыру мақсатында мүмкіндігінше су жинау алаңдары негізінде кешенді түрде жүзеге асыру керек.
Мұндай кешенді тәсілді су жинау алаңының шекарааралық болатынына немесе болмауына қарамастан, онымен байланысты жағалау маңы суларын, жерасты суларын сіңіру аймағының бүкіл жиынтығын немесе осындай су жинаудың немесе жерасты суларын сіңіру аймағының тиісті бөліктерін қоса алғанда, бүкіл аумағында қолдану керек;
k) сумен байланысты ауруларға әлдеқайда осал адамдарды қорғауға ерекше көңіл аударған жөн;
l) суға барабар мөлшер тұрғысынан да, барабар сапа тұрғысынан да тең қол жеткізуді қоғамның барлық мүшесіне, әсіресе қолайсыз жағдайда қалғандарға немесе әлеуметтік шеттетуден зардап шегетіндерге беру керек;
ш) мемлекеттік сектордағы да және жеке сектордағы да жеке және заңды тұлғалар мен мекемелерге жеке және жария құқықта бекітіп берілген суға қатысты өз құқықтары мен құзыреттерін жүзеге асырған кезде қарымта шара тәртібімен су ортасын қорғауға және су ресурстарын сақтауға жәрдемдесу керек; және
h) осы Хаттаманы орындау процесінде жергілікті проблемаларды, қажеттіліктер мен білімдерін тиісінше ескерген жөн.
6-бап
НЫСАНАЛЫ КӨРСЕТКІШТЕР МЕН БАҚЫЛАУ МЕРЗІМДЕРІ
1. Осы Хаттаманың мақсатына жету үшін Хаттама Тараптары:
a) ауызсуға барлық адамның қол жеткізуіне;
b) мақсаты су ресурстарын орнықты пайдалану, қоршаған ортадағы судың адам денсаулығына қауіп төндірмейтіндей сапасын қамтамасыз ету және су экожүйелерін қорғау болып табылатын, су шаруашылығы қызметін басқарудың кешенді жүйелері шеңберінде барлығына қатысты санитариялық-профилактикалық іс-шараларды іске асыруға қол жеткізеді.
2. Осы мақсаттарда Тараптардың әрқайсысы сумен байланысты аурулардан қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін қол жеткізуге немесе қолдауға қажет нәтижеліліктің нормалары мен деңгейлеріне қатысты ұлттық және/немесе жергілікті нысаналы көрсеткіштерді белгілейді және жариялайды. Бұл нысаналы көрсеткіштер кезең-кезеңмен қайта қаралады. Бұл ретте олар жұртшылықтың транспарентті және әділ негізде қатысуы үшін тиісті практикалық және/немесе басқа да шараларды көздейді және жұртшылықтың қатысу нәтижелерін тиісті есепке алуды қамтамасыз етеді. Жалпымемлекеттік немесе жергілікті мән-жайлар оларды сумен байланысты ауруларды болғызбау, олардың таралу дәрежесін шектеу және қысқарту үшін қажет етпейтін жағдайларды қоспағанда, мұндай нысаналы көрсеткіштер, басқалармен қатар, мыналарды:
a) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірлеген ауызсудың сапасын бақылау жөніндегі нұсқауды ескере отырып, жабдықталатын ауызсудың сапасын;
b) сумен байланысты аурулардың өршуі мен жағдайларының ауқымын қысқартуды;
c) ауызсумен жабдықтаудың ұжымдық жүйелерімен қызмет көрсетілуге тиіс немесе олар үшін басқа құралдар арқылы ауызсумен жабдықтауды жақсарту қажет болатын олардың аумағының ауданын немесе халық топтарының санын немесе үлесін;
d) санитариялық-профилактикалық іс-шаралардың ұжымдық жүйелерімен қызмет көрсетілуге тиіс немесе олар үшін санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүйесін басқа құралдардың көмегімен жақсарту қажет болатын аумақтың ауданын немесе халық топтарының санын немесе үлесін;
e) осындай ұжымдық жүйелермен және тиісінше басқа да осындай сумен жабдықтау құралдарымен және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүйелерімен қол жеткізілуге тиіс тиімділік деңгейлерін;
f) ауызсу көздері ретінде пайдаланылатын суларды қорғауды қоса алғанда, сумен жабдықтауды және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүйесін басқару саласында танылған тиісті практиканы қолдануды;
g) сарқынды суларға арналған қоллекторлық жүйелерден осы Хаттаманың қолданыс аясына жататын суларға:
i) өңделмеген сарқынды сулардың және
ii) нөсерлі сарқынды сулардың өңделмеген ағындарын ағызу жиілілігін;
һ) сарқынды суларды тазарту қондырғыларынан сарқынды суларды осы Хаттаманың қолданыс аясына жататын суларға ағызу сапасын;
i) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ауыл шаруашылығы мен акваөсіруде сарқынды сулар мен адам тыныс-тіршілігінің қалдықтарын қауіпсіз пайдалану жөніндегі нұсқау ережелерін және Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасын ескере отырып, санитариялық-профилактикалық іс-шаралардың ұжымдық жүйелерінен немесе санитариялық тазалауға арналған басқа да қондырғылардан сарқынды сулардың тұнбасын алып тастау немесе қайта пайдалану және суару үшін пайдаланылатын сарқынды сулардың сапасын;
j) шомылу үшін жалпыға қолжетімді немесе акваөсіруге немесе моллюскілер мен шаянтәрізділерді өсіру немесе жинауға пайдаланылатын ауызсу көзі ретінде пайдаланылатын судың сапасын;
k) шомылу үшін жалпыға қолжетімді тұйықталған суларды басқару саласындағы танымал тиісті практиканы қолдануды;
l) осы Хаттаманың қолданыс аясына жататын су ресурстары мен объектілеріне қолайсыз әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін және осылайша сумен байланысты аурулардың туындау қаупінің көздері болып табылатын ерекше ластанған жерлерді анықтауды және ретке келтіруді;
m) барлық түрдегі көздерден ластануды шектеу саласында танылған тиісті практиканы қолдануды қоса алғанда, су ресурстарын ұтымды пайдалану, әзірлеу, қорғау және қолдану жүйелерінің тиімділігін;
n) 7-баптың 2-тармағында көзделген ақпаратты жариялау арасындағы кезеңде осы тармақта көрсетілген нысаналы көрсеткіштерге жататын, жабдықталатын ауызсудың және басқа да сулардың сапасы туралы ақпаратты жариялау кезеңділігін қамтиды.
3. Хаттама Тарапы мәртебесін алған кезден бастап екі жыл ішінде әрбір Тарап осы баптың 2-тармағында айтылған нысаналы көрсеткіштерді, сондай-ақ оларға қол жеткізудің бақылау мерзімдерін белгілейді және жариялайды.
4. Егер нысаналы көрсеткішке қол жеткізу үшін жүзеге асырудың ұзақ процесі талап етілсе, аралық немесе кезең-кезеңділік нысаналы көрсеткіштер белгіленеді.
5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуге жәрдемдесу мақсатында Тараптардың әрқайсысы:
a) өзінің құзыретті органдарының жұмысын үйлестіру үшін ұлттық немесе жергілікті деңгейде тетіктер құрады;
b) су жинау алаңдары мен жерасты суларын сіңіру аймақтарына көбірек бағдарлана отырып, шекарааралық, ұлттық және/немесе жергілікті деңгейде су шаруашылығы қызметін басқару жоспарларын әзірлейді. Бұл ретте олар жұртшылықтың транспарентті және әділ негізде қатысуы үшін тиісті практикалық және/немесе басқа да шараларды көздейді және жұртшылықтың қатысу нәтижелерін тиісті есепке алуды қамтамасыз етеді. Мұндай жоспарлар осы банта аталған нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу жөніндегі ұсыныстар туралы және тиісті бақылау мерзімдері туралы жұртшылықты толық хабардар болуын қамтамасыз ету жағдайында басқа мақсаттарда әзірленетін басқа да тиісті жоспарлардың, бағдарламалардың немесе құжаттардың құрамдас бөлігі болуы мүмкін;
c) ауызсу сапасы стандарттарының сақталуын бақылау және қамтамасыз ету үшін құқықтық және ұйымдастырушылық негіз жасайды және қолдайды;
d) бақылау, қол жеткізуге жәрдем көрсету және қажет болған кезде осы баптың 2-тармағында аталған нысаналы көрсеткіштер белгіленген нәтижеліліктің басқа да нормалары мен деңгейлерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті жағдайларда құқықтық және институционалдық тетіктерді қоса алғанда, тетіктерді құрады және қолдайды.
7-бап
ПРОГРЕСТІ ШОЛУ ЖӘНЕ БАҒАЛАУ
1. Тараптардың әрқайсысы:
a) 6-баптың 2-тармағында аталған нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу бағытындағы өз прогресіне;
b) осы прогрестің сумен байланысты ауруларды болғызбауға, олардың таралу дәрежесін шектеуге немесе қысқартуға қаншалықты ықпал еткенін бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіштерге қатысты деректерді жинауды және бағалауды жүзеге асырады.
2. Тараптардың әрқайсысы өзі жүргізіп отырған деректерді жинау мен бағалау нәтижелерін кезең-кезеңмен жариялайды. Мұндай жарияланымдардың кезеңділігін Тараптар Кеңесі белгілейді.
3. Тараптардың әрқайсысы осындай деректерді жинау мақсатында жүргізілетін су мен ағындардың сынамаларын алу нәтижелерінің жұртшылық үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
4. Осындай деректерді жинау және бағалау негізінде әрбір Тарап 6-баптың 2-тармағында аталған нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізудегі прогреске кезең-кезеңмен шолу жасайды және осы прогресті бағалауды жариялайды. Мұндай шолулардың кезеңділігін Тараптар Кеңесі белгілейді. 6-баптың 2-тармағына сәйкес неғұрлым жиі шолулар жүргізу мүмкіндігіне нұқсан келтірместен, осы тармақта аталған шолулар 6-баптың 2-тармағында аталған нысаналы көрсеткіштерді ғылыми және техникалық білімдер тұрғысынан оларды нақтылау тәртібімен шолуды қамтиды.
5. Тараптардың әрқайсысы 17-бапта аталған хатшылыққа жиналған және талданған деректерді, сондай-ақ қол жеткізілген прогресті бағалауды қамтитын қысқаша баяндаманы басқа Тараптар арасында тарату үшін ұсынады. Мұндай баяндамалар Тараптардың Кеңесі белгілеген басшылыққа алатын қағидаттарға сәйкес келуге тиіс. Бұл басшылыққа алатын қағидаттар Тараптардың осы мақсат үшін басқа халықаралық форумдар үшін дайындалған тиісті ақпаратты қамтитын баяндамаларды пайдалана алатындығын көздейді.
6. Тараптар Кеңесі осындай қысқаша баяндамалар негізінде осы Хаттаманы жүзеге асыруда қол жеткізілген прогреске бағалау жүргізеді.
8-бап
ДЕН ҚОЮ ЖҮЙЕЛЕРІ
1. Тараптардың әрқайсысы:
a) мыналар:
i) сумен байланысты аурулардың өршуі мен жағдайларын немесе осындай өршудің немесе жағдайлардың, оның ішінде судың ластануы немесе төтенше ауа райы құбылысының салдарынан туындайтын өршудің немесе жағдайлардың елеулі қатерін анықтау;
ii) тиісті мемлекеттік органдарды осындай ершу, жағдайлар немесе қатер туралы жедел және анық хабардар ету;
iii) сумен байланысты ауру негізінде адамдардың денсаулығына кез келген сөзсіз қатер төнген жағдайда зардап шегуі мүмкін халық арасында мемлекеттік органдардың қолында бар және халыққа залалды болғызбау және азайту шараларын қолдануға көмегін тигізетін барлық ақпаратты тарату;
iv) тиісті мемлекеттік органдардың және тиісті жағдайларда жұртшылықтың қарауына профилактикалық және қалпына келтіру іс-шараларына қатысты ұсынымдарды беру үшін кешенді ұлттық және/немесе жергілікті қадағалау және ерте алдын алу жүйелерін құруды, жетілдірудінемесе оған қызмет көрсетуді;
b) осындай өршу, жағдайлар немесе қатер туындаған жағдайларда ден қою үшін төтенше жағдайлардағы кешенді ұлттық және жергілікті іс-қимыл жоспарларын мұқият және уақтылы дайындауды;
c) тиісті мемлекеттік органдарға төтенше жағдайлардағы нақты іс-қимыл жоспарына сәйкес осындай өршу, жағдайлар немесе тәуекелмен байланысты ахуалға ден қою бойынша қажетті мүмкіндіктер беруді тиісінше қамтамасыз етеді.
2. Қадағалау және ерте алдын алу жүйелерін, төтенше жағдайлардағы іс-қимыл жоспарларын және сумен байланысты аурулардың туындауына ден қою бойынша мүмкіндіктерді басқа салаларға қатысты ұқсас тетіктермен үйлестіруге болады.
3. Хаттаманың Тарапы мәртебесін алған кезден бастап үш жыл ішінде Тараптардың әрқайсысы осы баптың 1-тармағында аталған қадағалау және ерте алдын алу жүйелерін, төтенше жағдайлардағы іс-қимыл жоспарларын қолданысқа енгізеді және ден қою бойынша мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.
9-бап
ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ ХАБАРДАР БОЛУЫ, ОҚЫТУ, ДАЯРЛАУ, ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН ТӘЖІРИБЕЛІК-КОНСТРУКТОРЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖӘНЕ АҚПАРАТ
1. Тараптар:
a) су шаруашылығы қызметін басқару мен денсаулық сақтаудың және олардың арасындағы өзара байланыстың маңыздылығына;
b) жеке және жария құқықта бекітілген және жеке және заңды тұлғалардың және мемлекеттік сектордың да және жеке сектордың да мекемелерінің суға қатысты құқықтары мен өкілеттіліктеріне, сондай-ақ олардың су ортасын қорғауға және су ресурстарын сақтауға жәрдемдесу бойынша моральдық міндеттемелеріне қатысты халықтың барлық тобының ақпараттандырылуын арттыруға бағытталған шараларды қабылдайды.
2. Тараптар:
a) су шаруашылығы қызметін басқаруға, сумен жабдықтауға және санитариялық-профилактикалық іс-шараларға жауапты адамдардың өздерінің жұмыстарының адамдардың денсаулығын сақтауға қатысты аспектілерін түсінуіне;
b) адамдардың денсаулығын сақтауға жауапты адамдардың су шаруашылығы қызметін басқарудың, сумен жабдықтаудың және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүйесінің негізгі қағидаттарын түсінуіне ықпал етеді.
3. Тараптар су ресурстарын басқару, сумен жабдықтау жүйелерін пайдалану және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүйелерін іске асыру үшін қажетті кәсіптік және техникалық кадрлардың білім алуын және оларды даярлауды көтермелейді, сондай-ақ оларды қайта даярлауды және олардың білімдері мен дағдыларын жетілдіруді көтермелейді. Осындай білім беру және даярлау денсаулық сақтаудың тиісті аспектілерін қамтуға тиіс.
4. Тараптар:
a) ғылыми зерттеулер жүргізуді және сумен байланысты ауруларды болғызбаудың, олардың таралу дәрежесін шектеудің және қысқартудың шығын тұрғысынан тиімді құралдары мен әдістерін әзірлеуді;
b) ұзақ мерзімді үрдістерге, алаңдаушылық туғызатын қазіргі факторларға және бұрын туындаған проблемаларға, сондай-ақ оларды табысты шешу жолдарына қатысты деректерді өңдеуге мүмкіндік беретін кешенді ақпараттық жүйелерді әзірлеуді және осындай ақпаратты құзыретті органдарға ұсынуды көтермелейді.
10-бап
ЖҰРТШЫЛЫҚҚА ХАБАРЛАУ
1. Тараптардың нақты ақпаратты немесе құжаттарды жариялауы туралы осы Хаттаманың талаптарына қосымша әрбір Тарап өз заңнамасы шеңберінде мемлекеттік органдарда бар және мынадай:
a) 6-бапқа сәйкес нысаналы көрсеткіштерді және оларға қол жеткізу мен су шаруашылығы қызметін басқару жоспарларын қабылдаудың бақылау мерзімдерін белгілеу;
b) 8-бапқа сәйкес қадағалау және ерте алдын алу жүйелерін құру, жетілдіру және оларға қызмет көрсету және төтенше жағдайлардағы іс-қимыл жоспарларын қабылдау;
c) 9-бапқа сәйкес жұртшылықтың хабардар болуын арттыруға, білім беруге, даярлауға, ғылыми зерттеулерге, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға және ақпаратқа жәрдемдесу сияқты мәселелерді кеңінен талқылауға қажетті ақылға қонымды мәліметтерді алуға мүмкіндік беретін ақпаратты жұртшылықтың қарауына беру шараларын қабылдайды.
2. Әрбір Тарап осы Хаттаманың сақталуына қатысты басқа ақпаратты беру туралы өтінішке жауап ретінде мемлекеттік органдардың ұлттық заңнама шеңберінде ақылға қонымды мерзімдерде жұртшылыққа сондай ақпаратты беруін қамтамасыз етеді.
3. Тараптар 7-баптың 4-тармағында және осы баптың 1-тармағында аталған ақпаратпен жұртшылықтың ақылға қонымды мерзімдерде оны тексеру мақсатында тегін танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді және жұртшылықтың өкілдеріне Тараптардан мұндай ақпараттың көшірмелерін ақылға қонымды ақыға алуы үшін іс жүзінде мүмкіндіктер береді.
4. Осы Хаттамада ешнәрсе, егер:
a) мемлекеттік органда бұл ақпарат болмаса;
b) ақпарат беру туралы өтініш анық негізсіз болып табылса немесе тым жалпы түрде тұжырымдалса; немесе
c) ақпарат оларды дайындаудың соңғы кезеңіндегі материалдарға немесе мемлекеттік органдардың ішкі хат алмасуына қатысты болса, мұндай ерекшелік жұртшылықтың оны жария етуге мүдделілігі ескеріле отырып, ұлттық заңнамада немесе қалыптасқан практикада көзделсе, мемлекеттік органнан ақпаратты жариялау немесе жұртшылыққа ақпарат беру талап етілмейді.
5. Осы Хаттамада ешнәрсе, егер мұндай ақпаратты жария ету:
a) құпиялылық ұлттық заңнамада көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар жұмысының мұндай құпиялылығына;
b) халықаралық қатынастарға, ұлттық қорғанысқа немесе мемлекеттік қауіпсіздікке;
c) сот төрелігін жүзеге асыруға, адамдар үшін әділ сот талқылауына қатысу мүмкіндігіне немесе мемлекеттік органдардың қылмыстық немесе тәртіптік сипаттағы тергеп-тексеруді жүргізу қабілеттілігіне;
d) заңды экономикалық мүдделерді қорғау мақсатында құпиялылық заңмен қорғалатын жағдайларда коммерциялық немесе өнеркәсіптік ақпараттың мұндай құпиялылығына теріс әсер ететін болса, мемлекеттік органнан мұндай ақпаратты жариялау немесе жұртшылыққа ақпарат беруталап етілмейді. Осы шеңберде қоршаған ортаны қорғауға қатысты шығарындылар мен ағызулар туралы ақпарат жария етуге жатады;
e) зияткерлік меншік құқығына;
f) тиісті тұлға ұлттық заңнаманың ережелеріне сәйкес жұртшылыққа осындай ақпаратты беруге келісім бермеген кезде жеке тұлғаға қатысты жеке деректердің және/немесе архивтердің құпиялылығына;
g) егер бұл Tapaп осындай жолмен әрекет етуге құқықтық міндеттемеге байланысты болмаса немесе егер бұл тарапқа осындай міндеттеме жүктеу мүмкін болмаса және бұл Тарап тиісті материалды жария етуге келісім бермесе, сұратылған ақпаратты ұсынған үшінші тараптың мүдделеріне; немесе
һ) осы ақпараттың қатысы бар қоршаған ортаға, мысалы, сирек кездесетін түрлердің көбею орындарына теріс әсер ететін болса, мемлекеттік органнан Мұндай ақпаратты жариялау немесе жұртшылыққа ақпарат беру талап етілмейді.
Бас тарту үшін жоғарыда аталған негіздер жұртшылықтың осы ақпаратты жария етуге мүдделілігін ескере отырып және сұратылған ақпараттың қоршаған ортаға шығарындылар мен ағызуларға жататындығын не жатпайтындығын ескере отырып шектеулі түсіндіріледі.
11-бап
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Тараптар:
a) осы Хаттаманың мақсаттарын қолдау үшін халықаралық әрекеттерді жүзеге асыруда;
b) тиісті сұрау салулар болған кезде, осы Хаттаманы орындау үшін ұлттық және жергілікті жоспарларды жүзеге асыруда ынтымақтасады және қажет болған жағдайда бір-біріне көмек көрсетеді.
12-бап
БІРЛЕСКЕН ЖӘНЕ КЕЛІСІЛГЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІС-ҚИМЫЛДАР
Тараптар 11-баптың а) тармақшасына сәйкес:
a) 6-баптың 2-тармағында аталған мәселелер бойынша бірлесіп келісілген нысаналы көрсеткіштерді әзірлеуге;
b) сумен байланысты ауруларды болғызбауға, олардың таралу дәрежесін шектеуге немесе төмендетуге қатысты іс-қимылдардың қаншалықты сәтті екенін көрсету үшін 7-баптың 1 b) тармағының мақсаттары үшін көрсеткіштерді әзірлеуге;
c) 8-бапқа сәйкес қамтамасыз етілетін ұлттық жүйелер шеңберінде бірлескен немесе келісілген қадағалау жүйелері мен ерте алдын алу жүйелерін, төтенше жағдайлардағы іс-қимылдар жоспарларын және ден қою бойынша мүмкіндіктерді жасауға немесе оларға қосымша сумен байланыстыаурулардың өршуі мен жағдайларына және осындай өршу мен жағдайлардың,әсіресе судың ластануына немесе төтенше ауа райы құбылыстарына байланысты елеулі қатердің болуына ден қою мақсатында;
d) сумен байланысты аурулардың өршуі мен жағдайларына және осындай өршу мен жағдайлардың, әсіресе судың ластануына немесе төтенше ауа райы құбылыстарына байланысты елеулі қатердің болуына ден қою саласындағы өзара көмекке;
e) кешенді ақпараттық жүйелер мен дерекқорларды әзірлеуге, ақпарат, сондай-ақ техникалық және құқықтық білім мен тәжірибе алмасуға;
f) бір Тараптың құзыретті органдарының басқа Тараптардың:
i) сумен байланысты аурулардың өршуіне немесе жағдайларына, және
ii) анықталған осындай өршу мен жағдайлардың елеулі қатеріне ұшырауы мүмкін тиісті органдарын жедел және нақты хабардар етуіне;
g) сумен байланысты аурулар туралы ақпаратты жұртшылық арасында таратудың тиімді құралдары туралы ақпарат алмасуға қатысты халықаралық іс-қимылдарды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастыққа ықпал етеді.
13-бап
ШЕКАРААРАЛЫҚ СУЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
1. Қандай да бір Тараптар сол бір шекарааралық сулармен шектесетін жағдайларда, олар 11 және 12-баптар бойынша өздерінің басқа міндеттемелеріне қосымша ынтымақтасады және қажет болған кезде сумен байланысты аурулардың шекарааралық салдарын болғызбауға, шектеуге және қысқартуға бір-біріне көмек көрсетеді. Атап айтқанда, олар:
a) шекарааралық сулар және олармен байланысты проблемалар мен тәуекелдер туралы сол сулармен шектесетін басқа Тараптармен ақпарат пен білім алмасады;
b) сумен байланысты аурулардың өршуі мен жағдайларына және осындай өршу мен жағдайлардың, әсіресе судың ластануына немесе төтенше ауа райы құбылыстарына байланысты елеулі қатерінің болуына ден қою мақсатында сол бір шекарааралық сулармен шектесетін басқа Тараптармен бірге 6-баптың 5 b) тармағына сәйкес су шаруашылығы қызметін басқарудың бірлескен немесе келісілген жоспарларын және 8-баптың 1-тармағына сәйкес қадағалау және ерте алдын алу жүйелерін және төтенше жағдайлардағы іс-қимылдар жоспарларын қолданысқа енгізуге ұмтылады;
c) теңдік және өзара түсіністік негізінде осы Хаттаманың негізгі қағидаттарына кез келген қайшылықтарды жою мақсатында және осы Хаттаманың мақсаттарына қатысты өздерінің өзара қатынастары мен тәртібін айқындау үшін өздерінің шекарааралық суларына қатысты келісімдері мен басқа да уағдаластықтарын бейімдеуді жүргізеді;
d) сумен байланысты тиісті ауру тудыруы мүмкін адам денсаулығына зиянды әсердің ауырлығына қатысты олардың кез келгенінің өтініші бойынша бір-біріне консультация береді.
2. Хаттаманың тиісті Тараптары Конвенцияның Тараптары болып табылатын жағдайларда, шекарааралық әсер ету болып табылатын сумен байланысты аурулардың кез келген шекарааралық салдарына байланысты мұндай ынтымақтастық пен көмек Конвенцияның ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
14-бап
ҰЛТТЫҚ ІС-ҚИМЫЛДАРДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛДДУ
11-баптың b) тармақшасына сәйкес ұлттық және жергілікті жоспарларды жүзеге асыруда ынтымақтастықты жүзеге асыру және бір-біріне жәрдем көрсету кезінде Тараптар, атап айтқанда:
a) шекарааралық, ұлттық және/немесе жергілікті тұрғыдан су шаруашылығы қызметін басқару жоспарларын және сумен жабдықтауды жақсарту схемалары мен санитариялық-профилактикалық іс-шараларды дайындауға;
b) қаржыландыру көздеріне қолжетімділікті жеңілдету мақсатында осындай жоспарлар мен схемаларға сәйкес жобаларды, әсіресе инфрақұрылымды дамыту жобаларын әзірлеуді жетілдіруге;
c) осындай жобаларды тиімді орындауға;
d) қадағалау және ерте алдын алу жүйелерін құруға, төтенше мән- жайлардағы іс-қимыл жоспарларын әзірлеуге және сумен байланысты аурулар туындаған жағдайда ден қою бойынша мүмкіндіктерді жасауға;
e) осы Хаттаманы жүзеге асыруды қолдау үшін қажетті заңнаманы дайындауға;
f) негізгі кәсіптік және техникалық кадрларға білім беруге және оларды даярлауға;
g) ғылыми зерттеулерге және сумен байланысты ауруларды болғызбаудың, олардың таралу дәрежесін шектеудің және қысқартудың шығын тұрғысынан тиімді құралдары мен әдістерін әзірлеуге;
h) су шаруашылығы қызметтері жұмысының тиімділігі мен сапасын мониторингілеу мен бағалаудың тиімді желілерінің жұмыс істеуіне және кешенді дерекқорлар мен ақпараттық жүйелерді дамытуға;
i) зертханааралық салыстыруды қоса алғанда, мониторинг бойынша қызметтің кепілдік берілген сапасын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында олардың қалай жақсы көмек көрсете алатындығы туралы мәселені қарайды.
15-бап
САҚТАЛУЫН ҚАРАУ
Тараптар 7-бапта аталған шолулар мен бағалаулар негізінде осы Хаттаманың ережелерін Тараптардың сақтауын қарайды. Тараптар өздерінің бірінші кеңесінде конфронтациялық емес, соттан тыс және консультативтік сипаттағы сақтауды бақылау жөніндегі көпжақты шараларды белгілейді. Бұл шаралар жұртшылықтың тиісінше қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
16-бап
ТАРАПТАР КЕҢЕСІ
1. Тараптардың бірінші кеңесі осы Хаттама күшіне енген күннен бастап он сегіз айдан кешіктірілмей шақырылады. Кейіннен кезекті кеңестер осы баптың 2-тармағының мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, Тараптар айқындайтын тұрақты аралықтар арқылы, бірақ үш жылда бір реттен сиретпей шақырылады. Тараптар кезектен тыс кеңестерді, егер олар бұл туралы кезекті кеңесте немесе Тараптардың бірінің жазбаша өтініші бойынша шешім қабылдаса, бұл өтінішті барлық Тарап хабардар етілген күннен бастап алты ай ішінде Тараптардың кемінде үштен бірі қолдаған жағдайда өткізеді.
2. Тараптар дың кезекті кеңестері мүмкіндігінше Конвенция Тараптарының кеңестері сияқты мерзімдерде өткізіледі.
3. Тараптар өз кеңестерінде осы Хаттаманың орындалуын тұрақты түрде бақылайды және осы мақсатты ескере отырып:
a) сумен байланысты ауруларды болғызбауға, олардың таралу дәрежесін шектеуге және төмендетуге қатысты саясат пен әдіснамалық тәсілдерді қарауды жүзеге асырады, 11, 12, 13 және 14-баптарға сәйкес оларды келісуді көтермелейді және шекарааралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтады;
b) осы Хаттаманы жүзеге асыру саласындағы прогресті Тараптар Кеңесі белгілеген басшылыққа алатын қағидаттарға сәйкес Тараптар ұсынатын ақпарат негізінде бағалайды. Мұндай басшылыққа алатын қағидаттар ақпаратұсыну жөніндегі жұмыстың қайталану мүмкіндігін болғызбауға тиіс;
c) Конвенцияны жүзеге асыруда қол жеткізілген прогресс туралы хабардар етіледі;
d) Конвенция Тараптарының Кеңесімен ақпарат алмасады және онымен бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырады;
e) қажет болған жағдайда Еуропалық экономикалық комиссияның және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің тиісті органдарының көрсетілетін қызметтеріне жүгінеді;
f) басқа құзыретті халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес органдардың осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізуге байланысты барлық кеңеске және басқа да қызмет түрлеріне қатысу шарттарын айқындайды;
g) ақпаратқа қол жеткізуге, шешімдер қабылдау процесіне жүртшылықтың қатысуына және осы Хаттама шеңберінде сот және әкімшілік тәртіппен шешімдерді қайта қарау рәсімдеріне жұртшылықтың қол жеткізуіне қатысты одан әрі шаралар қабылдау қажеттілігін осы мәселелер бойынша басқа халықаралық форумдарда алынған тәжірибе тұрғысынан қарайды;
һ) осы Хаттамаға және Конвенцияға сәйкес бірлесіп жүзеге асырылуға жататын жобаларды қоса алғанда, жұмыс бағдарламасын әзірлейді және осы жұмыс бағдарламасын жүзеге асыру үшін қажетті кез келген органдарды құрады;
i) осы Хаттаманың ережелерін жүзеге асыруға ықпал ететін басшылыққа алатын қағидаттар мен ұсынымдарды қарайды және қабылдайды;
j) бірінші кеңесте өз кеңестері рәсімінің қағидаларын қарайды және консенсуспен қабылдайды. Рәсімнің осы қағидалары Конвенция Тараптарының Кеңесімен үйлесімді ынтымақтастыққа жәрдемдесуге бағытталған ережені қамтиды;
k) осы Хаттамаға түзетулер туралы ұсыныстарды қарайды және қабылдайды;
l) осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін талап етілуі мүмкін кез келген қосымша шараларды қарайды және жүзеге асырады.
17-бап
ХАТШЫЛЫҚ
1. Еуропалық экономикалық комиссияның Атқарушы хатшысы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының Өңірлік директоры осы Хаттамаға байланысты мынадай хатшылық функцияларын орындайды:
a) Тараптардың кеңестерін шақырады және дайындайды;
b) осы Хаттаманың ережелеріне сәйкес алынған баяндамаларды және басқа да ақпаратты Тараптарға береді;
c) қолда бар ресурстар негізінде Тараптар Кеңесі айқындауы мүмкін осындай өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Еуропалық экономикалық комиссияның Атқарушы хатшысы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының Өңірлік директоры:
a) Өзара түсіністік туралы меморандумда өз функцияларының аражігін ажырату тетіктерін егжей-тегжейлі айқындайды және тиісінше бұл туралы Тараптар Кеңесін хабар дар етеді;
b) Тараптарға 16-баптың 3-тармағында аталған жұмыс бағдарламасының элементтері мен орындалу шарттары туралы хабарлайды.
18-бап
ХАТТАМАҒА ТҮЗЕТУЛЕР
1. Кез келген Tapaп осы Хаттамаға түзетулер ұсына алады.
2. Осы Хаттамаға түзетулер туралы ұсыныстар Тараптар Кеңесінде қаралады.
3. Осы Хаттамаға ұсынылатын кез келген түзетудің мәтіні хатшылыққа жазбаша түрде ұсынылады, ол оны қабылдау ұсынылатын кеңес басталғанға дейін тоқсан күннен кешіктірмей барлық Тараптың назарына жеткізеді.
4. Осы Хаттамаға түзету кеңеске қатысушы Тараптар өкілдерінің консенсусымен қабылданады. Қабылданған түзетуді хатшылық Депозитарийге жолдайды, ол оны қабылдау үшін барлық Тарап арасында таратады. Түзету оны қабылдаған Тараптар үшін осы түзетуді қабылдау туралы өз құжаттарын осы Тараптардың үштен екісі Депозитарийге сақтауға тапсырған күннен кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді. Түзету кез келген басқа Тарап үшін осы Тарап түзетуді қабылдау туралы өз құжатын сақтауға тапсырған күннен кейінгі тоқсаныншы күні күшіне енеді.
19-бап
ДАУЫС БЕРУ ҚҰҚЫҒЫ
1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, әрбір Тараптың бір дауысы болады.
2. Өңірлік экономикалық интеграция ұйымдары Тараптар болып табылатын өздеріне мүше мемлекеттердің санына тең дауыстар санына ие бола отырып, өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өзінің дауыс беру құқығын жүзеге асырады. Мұндай ұйымдар, егер оларға мүше мемлекеттер өздерінің дауыс беру құқығын жүзеге асырса, өзінің дауыс беру құқығын жоғалтады және керісінше болады.
20-бап
ДАУЛАРДЫ РЕТТЕУ
1. Осы Хаттаманы түсіндіруге немесе қолдануға қатысты екі немесе одан көп Тараптың арасында дау туындаған кезде олар дауды келіссөздер арқылы немесе дауға қатысушы Тараптар үшін қолайлы кез келген басқа тәсілмен реттеуге ұмтылады.
2. Осы Хаттамаға қол қою, ратификациялау, қабылдау немесе бекіту немесе оған қосылу кезінде немесе одан кейін кез келген уақытта кез келген Тарап Депозитарийге осы баптың 1-тармағына сәйкес реттелмеген дауға қатысты осындай міндеттемені өзіне қабылдайтын кез келген Тарап үшін міндетті ретінде дауларды реттеудің мынадай құралдарының бірін:
a) егер Хаттама Тараптары Конвенцияның Тараптары болып табылса және олардың әрқайсысына қатысты Конвенцияда көзделген дауды реттеудің бір немесе екі құралын міндетті деп санауға келіссе, Конвенцияға байланысты туындайтын дауларды реттеуге қатысты Конвенцияның ережелеріне сәйкес дауды реттеуді;
b) егер Тараптар төрелік немесе дауды реттеудің қандай да бір басқа нысаны туралы уағдаласпаса, кез келген басқа жағдайда дауды Халықаралық Соттың қарауына беруді қабылдайтыны туралы жазбаша түрде мәлімдей алады.
21-бап
ҚОЛ ҚОЮ
Осы Хаттама 1999 жылғы 17 маусымда Лондонда "Қоршаған орта және денсаулық" министрлер деңгейіндегі үшінші Конференцияны өткізуге байланысты, содан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі Орталық мекемелерінде 2000 жылғы 18 маусымға дейін Еуропалық экономикалық комиссияға мүше мемлекеттердің, Дүниежүзілік денсаулықсақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетіне мүше мемлекеттердің, 1947 жылғы 28 наурыздағы Экономикалық және әлеуметтік кеңестің 36(IV) қарарының 8-тармағына сәйкес Еуропалық экономикалық комиссия жанындағы консультативтік мәртебесі бар мемлекеттердің, сондай-ақ өз мүшеме мемелекеттері осы мәселелерге қатысты шарттар жасау өкілеттіктерін қоса алғанда, осы Хаттамада реттелетін мәселелер бойынша өкілеттіктер берген Еуропалық экономикалық комиссияға немесе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетіне мүше егемен мемлекеттер құрған өңірлік экономикалық интеграция ұйымдарының қол қоюы үшін ашық.
22-бап
РАТИФИКАЦИЯЛАУ, ҚАБЫЛДАУ, БЕКІТУ ЖӘНЕ ҚОСЫЛУ
1. Осы Хаттама оған қол қойған мемлекеттер мен өңірлік экономикалық интеграция ұйымдарының ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады.
2. Осы Хаттама 21-бапта көрсетілген мемлекеттер мен ұйымдарға қосылу үшін ашық.
3. 21-байта көрсетілген, осы ұйымға мүше мемлекеттердің ешқайсысы Тарап болып табылмаған кезде Тарап болатын кез келген ұйым осы Хаттамада көзделген барлық міндеттемемен байланысты болады. Осындай ұйымдардың бір немесе бірнеше мүше мемлекеті Тараптар болып табылатын кезде осындай ұйымдар жағдайында осы ұйым және оған мүше мемлекеттер осы Хаттама бойынша өз міндеттемелерін орындау жөніндегі тиісті міндеттемелерге қатысты шешім қабылдайды. Мұндай жағдайларда осы ұйым мен мүше мемлекеттер осы Хаттамада көзделген құқықтарды бір мезгілде пайдалана алмайды.
4. 21-бапта көрсетілген өңірлік экономикалық интеграция ұйымдары өздерінің ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттарында осы Хаттамада реттелетін мәселелерге қатысты өз құзыретінің шектері туралы мәлімдейді. Бұл ұйымдар Депозитарийді өз құзыреті шегінің кез келген елеулі өзгерісі туралы да хабардар етеді.
5. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
23-бап
КҮШІНЕ ЕНУІ
1. Осы Хаттама ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы он алтыншы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
2. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін өңірлік экономикалық интеграция ұйымы сақтауға тапсыратын кез келген құжат осындай ұйымға мүше мемлекеттер сақтауға тапсыратын құжаттарға қосымша ретінде қаралмайды.
3. 21-бапта көрсетілген, осы Хаттаманы ратификациялайтын, қабылдайтын немесе бекітетін немесе ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы он алтыншы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін оған қосылатын әрбір мемлекет немесе ұйым үшін Хаттама осындай мемлекет немесе ұйым өзінің ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжатын тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
24-бап
ШЫҒУ
Қандай да бір Тарап үшін осы Хаттама күшіне енген күннен кейін үш жыл өткен соң кез келген уақытта осы Тарап Депозитарийге жазбаша хабарлама жіберу арқылы Хаттамадан шыға алады. Кез келген осындай шығу Депозитарий ол туралы хабарлама алған күннен кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
25-бап
ДЕПОЗИТАРИЙ
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың Депозитарийі ретінде әрекет етеді.
26-бап
ТЕҢТҮПНҰСҚАЛЫ МӘТІНДЕР
Осы Хаттаманың ағылшын, неміс, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері теңтүпнұсқалы болып табылатын төлнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына сақтауға тапсырылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісінше уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.
Лондонда бір мың тоғыз жүз тоқсан тоғызыншы жылғы 17 маусымда ЖАСАЛДЫ.
Жоғарыда аталған мәтін 1999 жылы 17 маусымда Лондонда жасалған, түпнұсқасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылған Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманың шынайы көшірмесі екендігін растаймын.
|
Бас хатшы, Заң кеңесшісі (Бас хатшының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары) үшін |
| Ханс Корелл |
|
Біріккен Ұлттар ұйымы, Нью-Йорк 1999 жылғы 18 маусым |
1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманың қазақ тіліндегі мәтіні ағылшын тіліндегі тең түпнұсқалы мәтініне сәйкес келетінін растаймын.
|
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі |
Т. Сұлтанғазиев |
