Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 17 қарашадағы № 231-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Жедел-iздестiру қызметi туралы" 1994 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      мынадай мазмұндағы 24-1-баппен толықтырылсын:

      "24-1-бап. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар саласындағы лицензиялау

      1. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар саласындағы қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиялануға тиіс.

      2. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар саласындағы лицензиаттар тізбесін, нысандары мен мерзімділігін лицензиар біліктілік талаптары шеңберінде айқындайтын есептерді, хабарламаларды лицензиарға ұсынады.".

      2. "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы" 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      13-бап мынадай мазмұндағы 21-9) тармақшамен толықтырылсын:

      "21-9) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестікке жүргізілетін тексерулер мен жоспардан тыс тексерулер нысанында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар салаларында берілген рұқсаттар бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;".

      3. "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      31-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-3) Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестендіру құралдары басылған тауарларды бөлшек саудада өткізу кезінде сәйкестендіру құралдарын оқу арқылы деректерді тіркеп-белгілеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары арқылы операцияларды есепке алуды жүзеге асыруға;".

      4. "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      2-баптың 9) тармақшасындағы "Қазақстан Республикасының Үкіметі" деген сөздер алып тасталсын.

      5. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" 2010 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      27-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:

      "6. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) қажетті ақпаратты тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілген құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен көрсете отырып, ықтимал қауіп-қатер туралы және құрамында жасанды интеллект құрауыштары бар тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) (жасанды интеллект жүйесі өндірген, орындайтын және (немесе) көрсететін) қауіпсіз пайдаланудың шарттары туралы тұтынушыға хабар беруге міндетті.".

      6. "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      2) тармақшадағы "мәліметтер", "тіркелген сол мәліметтер" деген сөздер тиісінше "деректер, оның ішінде биометриялық деректер", "тіркеп-белгіленген сол деректер, оның ішінде биометриялық деректер" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 2-3) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-3) дербес деректерді автоматтандырылған өңдеу – ақпараттандыру объектісінің дербес деректерді өңдеуі, бұл меншік иесінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның өңдеу процесіне қатысуын болғызбайды;";

      2) 7-бапта:

      тақырыптағы "жалпыға бірдей қолжетімді көздерден алынған" деген сөздер алып тасталсын;

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Дербес деректерді жинау және өңдеу нақты, алдын ала айқындалған және заңды мақсаттарға қол жеткізумен шектелуге тиіс.

      Дербес деректерді субъектіге мүліктік залал және (немесе) моральдық зиян келтіру, оның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын шектеу мақсатында жинауға және өңдеуге жол берілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 11 және 12-тармақтармен толықтырылсын:

      "11. Дербес деректерді жалпыға бірдей қолжетімді көздерден мақсатсыз алу арқылы дерекқорларды құру немесе кеңейту үшін дербес деректерді жинауға, өңдеуге тыйым салынады.

      12. Субъектінің келісімі алынған жағдайды қоспағанда, субъектінің биометриялық деректерін жинау және оны сәйкестендіру жөніндегі технологиялық құралдарды, сондай-ақ жиналған биометриялық деректер мен сәйкестендіру ақпаратын қоғамдық орындарда пайдалану тек қана конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылуы мүмкін.";

      3) 8-бап мынадай мазмұндағы 5, 6 және 7-тармақтармен толықтырылсын:

      "5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта өзгеше белгіленбесе, дербес деректерді өңдеуге келісімнің қолданылу мерзімі дербес деректерді жинау мен өңдеу мақсаттарына қол жеткізуге қажетті мерзімнен аспайды.

      6. Егер дербес деректерді жинауға, өңдеуге келісімнің қолданылу мерзімі көрсетілмесе, ол берілген кезінде айқындалған өңдеу мақсаттарына қол жеткізілгенге дейін қолданыста болады деп есептеледі.

      7. Субъектінің немесе оның заңды өкілінің меншік иесін және (немесе) операторды, сондай-ақ үшінші тұлғаны хабардар ете отырып, дербес деректерді жинауға, өңдеуге келісімді кері қайтарып алуға құқығы бар.

      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес деректерді сақтау немесе өңдеу талап етілмесе, меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға он бес жұмыс күні ішінде оларды өңдеуді тоқтатуға не уәжді бас тартуды ұсынуға міндетті.";

      4) 17-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Дербес деректерді иесіздендіруді меншік иесі және (немесе) оператор өзі дербес жүргізген жағдайды қоспағанда, жасанды интеллектінің ұлттық платформасы үшін дербес деректерді жинау, өңдеу кезінде дербес деректерді иесіздендіруді жасанды интеллектінің ұлттық платформасының операторы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес жүзеге асырады.";

      5) 2-тарау мынадай мазмұндағы 19-1-баппен толықтырылсын:

      "19-1-бап. Дербес деректерді автоматтандырылған өңдеуге қойылатын талаптар

      1. Субъектінің келісімі алынған жағдайды қоспағанда немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, салдарынан субъектіде құқықтар, заңды мүдделер туындайтын, өзгеретін немесе тоқтатылатын дербес деректерді автоматтандырылған өңдеуге тыйым салынады.

      2. Меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға субъектіге өзінің дербес деректерін автоматтандырылған өңдеудің тәртібін және ықтимал салдарларды түсіндіруге, өзінің дербес деректерін автоматтандырылған өңдеуге қарсылық білдіру мүмкіндігін беруге, сондай-ақ субъектінің өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауы тәртібін түсіндіруге міндетті.

      3. Меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға осы баптың 2-тармағында көрсетілген қарсылықты алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны қарауға және субъектіні осындай қарсылықты қарау нәтижелері туралы хабардар етуге міндетті.

      Субъект меншік иелерінің және (немесе) оператордың, сондай-ақ үшінші тұлғаның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.".

      7. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 52-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Шектеусіз мерзімге берілген, ақпарат таралып кететін техникалық арналарды және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы қызметінің және ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметінің жұмысы шеңберіндегі арнаулы техникалық құралдарды анықтау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған лицензиялар, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар саласындағы және ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеуге арналған лицензиялар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап алты ай ішінде, қолданылу мерзімдері шектелген лицензиялар осы Заңға 1-қосымшаға сәйкес қайта ресімделуге тиіс.";

      2) 1-қосымшаның 27, 28 және 29-жолдары мынадай редакцияда жазылсын:

      "

27.

Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын әзірлеуге арналған лицензия


Иеліктен шығарылмайтын;
лицензияның қолданылу мерзімі – 5 жыл;
1-сынып

28.

Ақпарат таралып кететін техникалық арналарды және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы қызметінің және ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметінің жұмысы шеңберіндегі арнаулы техникалық құралдарды анықтау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған лицензия

1. Ақпарат таралып кететін техникалық арналарды және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдарды анықтау.
2. Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығы қызметінің шеңберінде ақпарат таралып кететін техникалық арналарды және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдарды анықтау.
3. Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметінің жұмысы шеңберінде ақпарат таралып кететін техникалық арналарды және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдарды анықтау.

Иеліктен шығарылмайтын; лицензияның қолданылу мерзімі – 3 жыл;
кіші қызмет түрлері үшін лицензияның қолданылу мерзімі – 3 жыл;
1-сынып

29.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдарды әзірлеу, өндіру, жөндеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия

1. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдарды әзірлеу және өндіру.
2. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдарды жөндеу және өткізу.

Иеліктен шығарылмайтын;
лицензияның қолданылу мерзімі – 5 жыл;
кіші қызмет түрлері үшін лицензияның қолданылу мерзімі – 5 жыл;
1-сынып

  ".

      8. "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      30-6) тармақшадағы "электрондық" деген сөз "шетелдік жеке және заңды тұлғалардың қатысуынсыз Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын, электрондық" деген сөздермен ауыстырылсын;

      30-7) тармақшадағы "осы Заңда белгіленген құзыретіне сәйкес қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға" деген сөздер "шетелдік жеке және заңды тұлғалардың қатысуынсыз Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын, осы Заңда белгіленген құзыретіне сәйкес ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасына ден қоюды жүзеге асыратын заңды тұлға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      43-1), 54) және 55) тармақшалар алып тасталсын;

      2) 7-2-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "10-1) дербес деректер субъектілеріне хабар беру мақсатында қауіпсіздігі бұзылған дербес деректерді өңдеуге құқылы;";

      3) мынадай мазмұндағы 9-1-баппен толықтырылсын:

      "9-1-бап. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы лицензиялау

      1. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен лицензиялануға тиіс.

      2. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы лицензиаттар тізбесін, нысандары мен мерзімділігін лицензиар біліктілік талаптары шеңберінде айқындайтын есептерді, хабарламаларды лицензиарға ұсынады.";

      4) 13-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 17-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "17-1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес ақпараттандыру субъектілерінің сұрау салуы бойынша деректерді талдауды жүзеге асырады;";

      5) 13-2 және 18-1-баптар алып тасталсын;

      6) 35-бап мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:

      "2-2. Жасанды интеллектінің ұлттық платформасы операторының құпия болып табылатын электрондық ақпараттық ресурстарға қол жеткізуі электрондық ақпараттық ресурстарды иесіздендіруді қамтамасыз ету ескеріле отырып жүзеге асырылады. Деректер жасанды интеллектінің ұлттық платформасының операторына деректерді басқару жөніндегі талаптарға сәйкес беріледі.";

      7) 36-баптың 6-тармағында:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Дербес деректерді автоматтандырылған өңдеу Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      үшінші бөлік алып тасталсын;

      8) 39-бап мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:

      "7. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілеріне жатқызылған жасанды интеллект жүйелерін құру мен дамыту Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.";

      9) 54-баптың 3-3-тармағында:

      бірінші абзацтағы "бір жыл ішінде" деген сөздер "алты ай ішінде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы төртінші және бесінші абзацтармен толықтырылсын:

      "ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтар рәсімінен өтеді;

      жүргізілген ақпараттық қауіпсіздік аудиті бойынша ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға ақпарат береді.".

      9. "Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      23-1-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Ұлттық пошта операторының Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендеріне қолма-қол ақшаны жеткізу жөніндегі шығындары (шығыстары) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын тәртіппен және шарттарда өтеледі.

      Мұндай шығындар Ұлттық пошта операторының акциялар пакетінің жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі болған жағдайда өтеледі.".

      10. "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" 2023 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) цифрлық актив айналымы – цифрлық активпен азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) цифрлық активтер биржалары – цифрлық активтердің сауда-саттығын, шығарылуын, есептелуін және сақталуын ұйымдастырушылық және техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар;";

      мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "6-1) цифрлық активті шығару – азаматтық құқықтар объектісі ретінде цифрлық активтің пайда болуына бағытталған әрекет;";

      8) тармақшадағы "деректерді шифрлаудың және өңдеудің" деген сөздер "шифрлаудың" деген сөзбен ауыстырылсын;

      9) тармақшадағы "және тұрғын аймақтың аумағынан тыс жерде орналасқан өндірістік ғимараттан тұратын," деген сөздер "тұратын, есептеу қуаттарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, тұрғын аймақтың аумағынан тыс жерде орналасқан," деген сөздермен ауыстырылсын;

      10) тармақшадағы "алынған" деген сөз "пайда болған (жасалған)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 8-бапта:

      4-тармақ алып тасталсын;

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Қазақстан Республикасының дара кәсіпкерлеріне, заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат етіледі және ол цифрлық активтер айналымын ұйымдастыруға жатпайды.";

      6-тармақ алып тасталсын;

      3) 10-баптың 4-тармағында:

      "алынған" деген сөз "пайда болған (жасалған)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына" деген сөздер "цифрлық активтердің айналымын ұйымдастыруға" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 11-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Цифрлық активтер айналымын ұйымдастыру жөніндегі қызметті цифрлық активтер биржалары жүзеге асырады.";

      2-тармақ "банкі" деген сөзден кейін ", Қазақстан Республикасының Ұлттық пошта операторы" деген сөздермен толықтырылсын;

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. "Астана" халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген, цифрлық активтерге байланысты қызметті жүзеге асыруға тиісті лицензиясыз немесе рұқсатсыз цифрлық активтер айналымын ұйымдастыруға тыйым салынады.".

      5) 14-бапта:

      бірінші абзацтағы "2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 4-тармағын қоспағанда, 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі, осы тармақ 2024 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:" деген сөздер "2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі." деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші абзац алып тасталсын.

      11. "Масс-медиа туралы" 2024 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      14-бап мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:

      "7. Жасанды интеллект жүйесі пайдаланыла отырып жасалған масс-медиа өнімін таратуға "Жасанды интеллект туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осындай өнім туралы хабар беру қамтамасыз етілген жағдайда ғана жол беріледі.".

      2-бап. Осы Заң 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 9-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады