Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартты ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 21 шiлдедегi № 216-VIII ҚРЗ.

      2024 жылғы 19 сәуірде Астанада жасалған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарт

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы

      1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Мәңгілік достық туралы шартты басшылыққа ала отырып,

      2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа бейілділігін растай отырып,

      саяси диалогты дәйектілікпен терендетуге және өзара тиімді көпжоспарлы ынтымақтастықты қарқындатуға өзара ұмтылысты негізге ала отырып,

      көпқырлы екіжақты қатынастарға ұзақ мерзімді сипат беруге, оларды достықтың, бауырластықтың, тату көршіліктің, өзара сыйластықтың мызғымас байланыстары негізінде саяси, экономикалық, сауда, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да перспективалық салаларда барынша дамытуға ұмтыла отырып,

      екіжақты қатынастардың одан әрі жан-жақты дамуы екі мемлекеттің де ілгерілеуі мен өркендеуіне және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететініне сенімді бола отырып,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына өзінің бейілділігін тағы да растай отырып,

      қазіргі Қазақстан-Қырғыз қатынастарын сапалы жаңа деңгейге шығаратын ынтымақтастықтың жаңа және неғұрлым жетілдірілген нысандарына қол жеткізуге ұмтыла отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Уағдаласушы Тараптар одақтастық қатынастарды одан әрі кеңейту және тереңдету үшін алдымен аса жоғары және жоғары деңгейлерде тұрақты кездесулер тетіктерін пайдаланып және жетілдіре отырып, екіжақты қатынастар мәселелері мен өзара мүддені білдіретін өзекті халықаралық проблемаларды тұрақты талқылауды жүргізе отырып, үйлестірілген мақсатқа бағытталған күш-жігер жұмсайды.

2-бап

      Уағдаласушы Тараптар одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары Мемлекетаралық Кеңесі қызметінің маңызды рөлін атап өтеді.

3-бап

      Уағдаласушы Тараптар парламентаралық байланыстарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының Парламенті мен Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Парламентаралық Кеңес шеңберінде де одан әрі дамытуды және нығайтуды қолдайды.

4-бап

      Уағдаласушы Тараптар қолданыстағы халықаралық шарттар негізінде әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастық пен өзара іс-әрекетті дамытады және нығайтады, сондай-ақ тиісті шарттық-құқықтық базаны жетілдіреді.

5-бап

      Уағдаласушы Тараптар ұзақ мерзімді негізде жан-жақты ынтымақтастық, сенім, теңдік және ұлттық мүдделерді өзара ескеру, тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық түтастықты және Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттік шекараларының мызғымастығын өзара құрметтеу, сондай-ақ олардың өзара міндегтемелерін адал орындауы негізінде одақтастық қатынастарды құрады және дамытады.

      Уағдаласушы Тараптардың бірінің пікірі бойынша үшінші мемлекеттер тарапынан қарулы шабуыл жасау қаупін төндіретін ахуал туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар оны бейбіт жолмен реттеуге ықпал ететін шараларды қабылдау мақсатында екіжақты негізде де, өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық ұйымдар шеңберінде де бірімен-бірі дереу тиісті консультациялар жүргізеді.

      Уағдаласушы Тараптар екінші Уағдаласушы Тарапқа қарсы бағытталған қандай да бір блоктарға немесе одақтарға қатыспау міндеттемесін растайды, сондай-ақ қандай да бір іс-әрекеттерге қатысудан тартынатын болады.

      Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы өз аумағы мен ресурстарының екінші Уағдаласушы Тарапқа қарсы агрессияға немесе өзге де дұшпандық әрекеттерге дайындалу немесе оларды жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекеттік егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына нұқсан келтіру үшін пайдаланылуына жол бермейді.

      Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында екінші Уағдаласушы Тарапқа қарсы қарулы іс-әрекеттерге дайындалу немесе оларды жүзеге асыру мақсатында үшінші мемлекеттердің коммуникациялар жүйесін және басқа да инфрақұрылымын пайдалануына жол бермеуге міндеттенеді.

6-бап

      Уағдаласушы Тараптар терроризмді, экстремизмді және сепаратизмді, трансұлттық ұйымдасқан қылмысты, киберқылмысты, заңсыз көші-қонды, адам саудасын, қару-жарақтың, есірткінің, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын қоса алғанда, қауіпсіздіктің жаңа сын-тегеуріндері мен қатерлеріне қарсы іс-әрекетте ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді.

      Уағдаласушы Тараптар Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасындағы трансшекаралық сын-тегеуріндерге, қатерлер мен тәуекелдерге тиімді түрде қарсы іс-әрекет жасау мақсатында келісілген шекара саясатын жүргізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының ортақ шекарасын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.

7-бап

      Уағдаласушы Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде тауарларға, көрсетілетін қызметтерге және инвестицияларға өзара қол жеткізу үшін қолайлы жағдайлар жасау, оларды өз мемлекеттерінің аумақтарында қорғау, өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес экономиканың әртүрлі секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ екі елдің ұлттық экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін және халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды қабылдау арқылы кеңейтеді және тереңдетеді.

8-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді негізге ала отырып, сауда рәсімдерін оңайлатуға, қағазсыз сауда саласындағы озық нысандарды, әдістер мен технологияларды қалыптастыруға және жетілдіруге өзара жәрдемдесуге ұмтылады.

      Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың жеке және заңды тұлғалары үшін кәсіпкерлік қызметке қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.

      Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың заңды және жеке тұлғаларының меншік құқығы мен мүлкін қорғауға кепілдік береді.

9-бап

      Уағдаласушы Тараптар өзара көлік байланысын нығайту мақсатында халықаралық көлік дәліздерін, оның ішінде Уағдаласушы Тараптардың аумағы арқылы өтетін автомобиль және темір жолдарды дамыту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді және тереңдетеді.

      Транзиттік-көліктік әлеуетті кеңейту және өнімдер мен тауарлардың транзитін жеңілдету мақсатында Уағдаласушы Тараптар "Қарасу" және "Ақ-тілек" автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен құруды жеделдету бойынша шаралар қабылдайды.

      Уағдаласушы Тараптар ұлттық мүдделерді ескере отырып, Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуін қайта бастау және жаңаларын ашу бойынша шаралар қабылдайды.

10-бап

      Уағдаласушы Тараптар халықаралық автомобиль және теміржол қатынасы және ұлттық тасымалдаушылар үшін, оның ішінде өнімді екі елдің нарықтарына уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуге қабілетті көлік инфрақұрылымын дамыту есебінен қолайлы жағдайлар жасау саласында ынтымақтасады.

      Уағдаласушы Тараптар интеграция шеңберінде көлік және коммуникация саласында, оның ішінде ақпараттық көлік жүйелері мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту саласында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытады, сондай-ақ жүктер мен жолаушыларды өзара тасымалдауды жүзеге асыру үшін қажет қолайлы құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайлардың жасалуына және жетілдірілуіне ықпал етеді.

11-бап

      Уағдаласушы Тараптар өңіраралық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өте отырып, өңірлер арасындағы тікелей байланыстарды дамыту және нығайту үшін, оның ішінде жыл сайынғы негізде үкімет басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу арқылы қажет жағдайлар жасауды жалғастырады.

12-бап

      Уағдаласушы Тараптар агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыру, өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорындарды ұйымдастыру, сондай-ақ өз аумақтарында қолайлы жағдайлар жасау арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тығыз ынтымақтасады.

13-бап

      Уағдаласушы Тараптар екі елдің бауырлас халықтарының рухани және мәдени жақындығын нығайтуға белсенді ықпал етеді, мәдениет, туризм және ақпарат саласындағы өзара байланыстарды тереңдетеді, қажет қолдауды қамтамасыз етеді және екі халықтың тарихи және мәдени мұрасын танымал ету бойынша бірлескен қызметті жүзеге асырады.

14-бап

      Уағдаласушы Тараптар ғылым және жоғары білім саласындағы, оның ішінде академиядық ұтқырлық, қос дипломды бағдарламалар, өзара қызығушылық тудыратын бірлескен ғылыми зерттеулерді іске асыру шеңберінде, сондай-ақ азаматтар үшін жоғары оқу орындарында оқуға квоталарды ұлғайту, жоғары оқу орындарының филиалдарын, бірлескен факультеттер мен оқу орындарын ашу жолымен ынтымақтастықты кеңейтеді.

      Уағдаласушы Тараптар мемлекеттік қызметте адами капиталды дамыту саласында ынтымақтасады.

15-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына және өздері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес білім алу, жұмысқа орналасу, еңбекке ақы төлеу, басқа да әлеуметтік кепілдіктер беру кезінде азаматтардың тең құқықтарына кепілдік береді.

      Уағдаласушы Тараптар заңсыз көші-қонға, оның ішінде жеке тұлғалардың өз аумағынан және ол арқылы заңсыз орын ауыстыруына қарсы күресуде ынтымақтасады.

      Уағдаласушы Тараптар қауіпсіз, реттелген және занды еңбек көші- қоны саласындағы қатынастарды дамытуға ұмтылады.

16-бап

      Уағдаласушы Тараптар су ресурстарын тиімді пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтады және су-энергетикалық ынтымақтастықтың өзара тиімді тетігін құру бойынша шаралар қабылдайды.

      Уағдаласушы Тараптар табиғатты ұтымды пайдалану, екіжақты шарттық-құқықтық базаны жетілдіру және дамыту мәселелері бойынша, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау саласында консультациялар өткізу арқылы ынтымақтастықты жалғастырады.

17-бап

      Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына, өздері қатысушы болып табылатын екіжақты және көпжақты халықаралық шарттарға сәйкес әрекет ете отырып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзара тығыз іс-әрекет жасайды, экологиялық апаттардың, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы экологиялық апаттардың алдын алу және олардың салдарымен күресу саласындағы ынтымақтастықты нығайтады.

      Уағдаласушы Тараптар өз халқы мен аумақтарының тыныс-тіршілігіне қауіп төндіретін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуда және оларды жоюда өзара көмек көрсетеді.

18-бап

      Уағдаласушы Тараптар энергетика саласындағы өзара іс-әрекетті одан әрі нығайтуға дайын екендігін білдіреді, оның ішінде электр энергетикалық әлеуетті бірлесіп дамыту мүмкіндіктерін оң бағалайды және қоршаған ортаға барынша ұқыпты қарай отырып, энергияның барлық түрдегі көздерін белсенді пайдалану кезінде ынтымақтастықтың ықтимал жолдарын зерделеуге ниетті.

19-бап

      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың өздері қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

20-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар Уағдаласушы Тараптар арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешілуге тиіс.

      Уағдаласушы Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөліктері болып табылатын, жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Шарттың 22-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

21-бап

      Осы Шарт Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес осы Ұйымның Хатшылығында тіркелетін болады.

22-бап

      Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажет мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап он екі ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2024 жылғы "19" сәуірде Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикасы
      Үшін үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады