Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2026 жылғы 9 қазандағы № 262 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 12 қазанда № 40144 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 290-бабының 11-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
Ж. Алиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Жасанды интеллект
және цифрлық даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2026 жылғы 9 қазандағы
№ 262 бұйрығына
қосымша

Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару қағидалары

1-тарау. Жалпы қағидалар

      1. Осы Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 291-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:

      1) базалық жиырма төрт айлық кезең – тиісті үш айлық есептік кезеңнің бірінші айының алдындағы жиырма төрт күнтізбелік ай;

      2) есептік анықтама – оператор қалыптастыратын, көміртегі квотасы бірліктерін сатудың негізінің бар екендігі туралы қорытындыны, көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінің көлемі туралы мәліметтерді және сату параметрлері бойынша ұсынысты қамтитын құжат;

      3) есептік кезең – көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасы айқындалатын күнтізбелік кезең;

      4) көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасы – тиісті есептік кезең үшін көміртегі квотасы бірліктерімен жасалған мәмілелердің жиынтық құнын осындай мәмілелер бойынша көміртегі квотасы бірліктерінің жиынтық көлеміне бөлу арқылы айқындалатын баға;

      5) көміртегі нарығын тұрақтандыру резерві – көміртегі нарығында көміртегі бірліктерінің ұсынысын реттеуге арналған көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі;

      6) оператор – көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы;

      7) сату қорытындылары туралы есеп – оператор аукцион және жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысулардың аяқталу нәтижелері бойынша қалыптастыратын құжат;

      8) уәкілетті орган – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган;

      9) үш айлық есептік кезең – оның қорытындылары бойынша көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сатудың бағалық негізінің бар немесе жоқ екені айқындалатын қатарынан үш күнтізбелік ай.

      3. Осы Қағидалар көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару кезінде туындайтын қатынастарға, оның ішінде:

      1) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде тұрған көміртегі квотасы бірліктерін есепке алуға;

      2) қайталама көміртегі нарығындағы бағаларға мониторинг жүргізуге;

      3) көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасын айқындауға;

      4) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сатудың негіздерін айқындауға;

      5) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен сатылатын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемін айқындауға;

      6) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін бастапқы көміртегі нарығында сатуға;

      7) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару жөніндегі шешімдерді дайындау, қабылдау және орындау кезінде уәкілетті орган мен оператордың өзара іс-қимылына қолданылады.

      4. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқарудың мақсаты көміртегі квотасы бірліктерінің ұсынысын реттеу арқылы көміртегі нарығының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

      5. Уәкілетті орган мен оператор көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін Кодексте және осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен басқарады.

      6. Уәкілетті орган көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару кезінде:

      1) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқаруды ұйымдастырады және осы Қағидаларда көзделген шешімдердің қабылдануын қамтамасыз етеді;

      2) есептік анықтамаларды, оператордың талдамалық материалдары мен ұсыныстарын қарайды;

      3) оператордың осы Қағидаларда белгіленген есептеу тәртібін сақтауын, есептік анықтаманың мазмұнының толықтығын және қорытындылардың ұсынылған бастапқы деректерге сәйкестігін тексереді;

      4) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сату туралы немесе сатуға негіздердің жоқтығы туралы шешім қабылдайды;

      5) есептік анықтаманы қарау үшін қажетті қосымша ақпаратты оператордан сұратады.

      7. Оператор көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару кезінде:

      1) Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде (бұдан әрі – мемлекеттік тізілім) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінің шотын ашады және жүргізеді;

      2) көміртегі квотасы бірліктерінің есебін жүргізуді қамтамасыз етеді;

      3) қайталама көміртегі нарығындағы мәмілелердің есебін жүргізуді қамтамасыз етеді;

      4) осы Қағидаларда көзделген есептеулерді жүзеге асырады;

      5) есептік анықтаманы дайындайды және уәкілетті органға ұсынады;

      6) уәкілетті органның шешімінің орындалуын қамтамасыз етеді және Көміртегі бірліктерінің сауда қағидаларына сәйкес аукцион өткізуді ұйымдастырады;

      7) көміртегі квотасы бірліктерін саудаға жіберу, лоттарды шығару, клиринг және есеп айырысу мәселелері бойынша қор биржасымен, брокермен, клирингтік ұйыммен және (немесе) депозитариймен өзара іс-қимыл жасайды;

      8) көміртегі квотасы бірліктерінің мемлекеттік тізілімде аударылуын қамтамасыз етеді;

      9) сату қорытындылары туралы есепті қалыптастырады, оны уәкілетті органға ұсынады және осы Қағидаларда көзделген көлемде мәліметтерді жариялайды;

      10) шешімнің орындалуына әсер етуі мүмкін техникалық ақаулар және өзге де мән-жайлар туралы уәкілетті органды хабардар етеді.

2-тарау. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін қалыптастыру

      8. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резерві Кодексте және осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен көміртегі квотасы бірліктерінен қалыптастырылады.

      9. Кодекстің 291-бабының 8-тармағында белгіленген көміртегі квотасы бірліктерінің қолданылу мерзімі аяқталатын күннің алдындағы күнгі жағдай бойынша мемлекеттік тізілімдегі оператордың шотында және Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарының резервінде қалған көміртегі квотасы бірліктері көміртегі нарығын тұрақтандыру резервіне аударылады.

      Оператор көрсетілген көміртегі квотасы бірліктерін Кодекстің 291-бабының 8-тармағында белгіленген олардың қолданылу мерзімі аяқталатын күннің алдындағы 1 (бір) жұмыс күні ішінде көміртегі нарығын тұрақтандыру резервіне аударады.

      10. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервіне есепке жатқызылған көміртегі квотасы бірліктері мемлекеттік тізілімде Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарының резервінен бөлек есепке алынады.

      11. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде тұрған көміртегі квотасы бірліктері Кодекстің 291-бабының 8-тармағында белгіленген олардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде қалады.

      12. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде тұрған көміртегі квотасы бірліктері осы Қағидаларға және Көміртегі бірліктерінің сауда қағидаларына сәйкес бастапқы көміртегі нарығында сатылған жағдайларды қоспағанда, квоталанатын субъектілерге тегін бөлінбейді.

3-тарау. Көміртегі квотасы бірліктерін сатудың негіздері

      13. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервіндегі көміртегі квотасы бірліктері қайталама көміртегі нарығындағы көміртегі квотасы бірлігінің қатарынан үш күнтізбелік айдың қорытындылары бойынша орташа өлшемді бағасы көрсетілген үш айлық кезеңнің бірінші айының алдындағы жиырма төрт күнтізбелік айда қалыптасқан көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасының үш еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда сатылады:

      ОӨБ3 > 3 × ОӨБ24,

      мұнда:

      ОӨБ3 – үш айлық есептік кезеңдегі көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасы;

      ОӨБ24 – базалық жиырма төрт айлық кезеңдегі көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасы.

      14. Үш айлық есептік кезеңдегі орташа өлшемді баға есептеу жүргізілетін айдың алдындағы қатарынан үш күнтізбелік айдағы барлық ескерілетін мәмілелер бойынша ай сайын айқындалады.

      15. Базалық жиырма төрт айлық кезеңдегі орташа өлшемді баға үш айлық есептік кезеңнің бірінші айының алдындағы жиырма төрт күнтізбелік айдағы барлық ескерілетін мәмілелер бойынша айқындалады.

      16. Оператор әрбір күнтізбелік ай аяқталғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген есептеуді жүргізеді.

      17. Көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасы осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген шартқа сәйкес келген жағдайда, оператор есептеулер аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға келесі мәліметтерді қамтитын есептік анықтаманы қалыптастырады және жібереді:

      1) есептеулер жүргізілген кезеңдер;

      2) үш айлық есептік кезеңдегі орташа өлшемді бағаны есептеу;

      3) базалық жиырма төрт айлық кезеңдегі орташа өлшемді бағаны есептеу;

      4) ескерілген мәмілелердің саны, жиынтық көлемі және жиынтық құны туралы мәліметтер;

      5) есептеуден алып тасталған мәмілелер және оларды алып тастау негіздері туралы мәліметтер;

      6) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде тұрған көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі туралы мәліметтер;

      7) сатудың бағалық негізінің бар екендігі туралы қорытынды;

      8) сатылатын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі, лоттардың параметрлері және аукцион өткізу мерзімдері бойынша ұсыныс.

      18. Уәкілетті орган есептік анықтаманы оны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды. Қосымша мәліметтер ұсыну қажет болған жағдайда, уәкілетті орган көрсетілген мерзім ішінде операторға сұрау жібереді.

      Оператор уәкілетті органның тиісті сұрауын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қосымша мәліметтерді жібереді.

      Уәкілетті орган есептік анықтаманы қарауды қосымша мәліметтерді алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде аяқтайды.

      19. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен өткізілуге жататын көміртегі квотасының бірліктерінің көлемі өткізу туралы шешім қабылданған күндегі көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде тұрған көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы көлемі негізге алына отырып, мынадай тәртіппен айқындалады:

      1) резервтің көлемі 100 000 (жүз мың) көміртегі квотасының бірлігінен аз болған кезде – көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде тұрған көміртегі квотасы бірліктерінің бүкіл көлемі мөлшерінде;

      2) резервтің көлемі 100 000 (жүз мың) көміртегі квотасының бірлігі және одан көп болған кезде – көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде тұрған көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы көлемінің 25 (жиырма бес) пайызы мөлшерінде.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайда өткізілуге жататын көміртегі квотасы бірліктерінің есептелген көлемінің мәні көміртегі квотасының бірліктерінің бүтін санына дейін жоғары қарай дөңгелектенеді.

4-тарау. Орташа өлшемді бағаны есептеу

      20. Оператор ай сайын күнтізбелік ай аяқталғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей қайталама көміртегі нарығында жасалған көміртегі квотасы бірліктерімен мәмілелерге мониторинг жүргізеді.

      21. Мониторинг жүргізу және есептеу үшін мемлекеттік тізілімнің мәліметтері пайдаланылады.

      22. Көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасын есептеу үшін қайталама көміртегі нарығында жасалған, олар бойынша есеп айырысу аяқталған және олар бойынша аудару мемлекеттік тізілімде көрсетілген көміртегі квотасы бірліктерімен жасалған мәмілелер ескеріледі.

      23. Тиісті есептік кезеңдегі көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасы келесі формула бойынша айқындалады:

      ОӨБ = ЖҚ / ЖК,

      мұнда:

      ОӨБ – көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасы;

      ЖҚ – есептік кезеңдегі көміртегі квотасы бірліктерімен жасалған мәмілелердің жиынтық құны;

      ЖК – есептік кезеңдегі осындай мәмілелер бойынша көміртегі квотасы бірліктерінің жиынтық көлемі.

      24. Мәмілелердің жиынтық құны әрбір мәміле бойынша бір көміртегі квотасы бірлігінің бағасы мен көміртегі квотасы бірліктерінің саны көбейтінділерін қосу арқылы айқындалады.

      25. Көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасын есептеу кезінде мыналар ескерілмейді:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен жарамсыз деп танылған мәмілелер;

      2) қор биржасының, клирингтік ұйымның қағидаларында және (немесе) сауда-саттықты ұйымдастырушының қолданылатын өзге де қағидаларында белгіленген тәртіппен күші жойылған мәмілелер;

      3) олар бойынша есеп айырысу аяқталмаған не көміртегі квотасы бірліктерінің ауысуы мемлекеттік тізілімде көрсетілмеген мәмілелер.

      26. Егер есептік кезеңде қайталама көміртегі нарығында көміртегі квотасы бірліктерімен мәмілелер болмаған жағдайда, көміртегі квотасы бірлігінің орташа өлшемді бағасын есептеу және көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сату жүзеге асырылмайды.

5-тарау. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сату тәртібі

      27. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сату оператор арқылы Көміртегі бірліктерінің сауда қағидаларында белгіленген тәртіппен аукцион шарттарында жүзеге асырылады.

      28. Осы Қағидалардың 13-тармағында көзделген негіз бойынша көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сату күнтізбелік ай ішінде бір реттен артық жүзеге асырылмайды.

      29. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сату туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.

      30. Уәкілетті орган есептік анықтаманы қарау аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде операторға көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сату туралы шешімді не тиісті негізді көрсете отырып, өткізу үшін негіздердің жоқ екендігі туралы шешімді жібереді.

      31. Осы Қағидалардың 30-тармағында көзделген көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасының бірліктерін өткізу туралы шешімде:

      1) сату негізін;

      2) сатылатын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемін;

      3) аукцион өткізу күнін немесе кезеңін;

      4) аукцион өткізу туралы ақпаратты жариялау мерзімін;

      5) оператордың сату қорытындылары туралы есепті ұсыну мерзімін.

      32. Оператор уәкілетті органның шешімін алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Көміртегі бірліктерінің сауда қағидаларына сәйкес аукционды ұйымдастыру үшін қажетті құжаттар мен тапсырмаларды сауда-саттықты ұйымдастырушыға, брокерге, клирингтік ұйымға және (немесе) депозитарийге жібереді.

      33. Аукцион өткізу күні және көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен сатылатын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі туралы ақпарат оператордың және сауда ұйымдастырушының интернет-ресурстарында аукцион өткізу күніне дейін кемінде 5 (бес) жұмыс күні бұрын жарияланады.

      34. Аукцион өткізудің техникалық мүмкін еместігі не уәкілетті органның шешімін орындауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар анықталған жағдайда, оператор бұл туралы уәкілетті органды дереу хабардар етеді.

      Уәкілетті орган сату күнін, көлемін немесе өзге де параметрлерін өзгерту туралы не шешімнің күшін жою туралы шешім қабылдайды. Оператор тиісті ақпараттың жариялануын қамтамасыз етеді.

      35. Аукцион қорытындылары бойынша сатылмаған көміртегі квотасы бірліктері көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде сақталады.

      36. Сатып алушыларға көміртегі квотасы бірліктерін аудару Көміртегі бірліктерінің сауда қағидаларында және Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіппен оператор жүзеге асырады.

      37. Оператор аукцион қорытындылары бойынша есеп айырысу аяқталғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға сату қорытындылары туралы есепті жібереді.

      38. Сату қорытындылары туралы есеп келесіні қамтиды:

      1) аукцион өткізу күні және сауда-саттықты ұйымдастырушы туралы мәліметтер;

      2) сатуға шығарылған көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі;

      3) берілген сатып алуға арналған өтінімдердің саны және жалпы көлемі;

      4) сатылған көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі, жасалған мәмілелердің саны және сату бағасы;

      5) аукцион қорытындылары бойынша сатылмаған көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі;

      6) барлық операциялар аяқталғаннан кейін көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде қалған көміртегі квотасы бірліктерінің қалдығы.

      39. Оператор аукцион өткізу күні, сатуға шығарылған және сатылған көлем, сату бағасы және көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінің қалдығы туралы мәліметтерді есеп айырысулар аяқталғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында жариялайды.

      40. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінде көміртегі квотасы бірліктері болмаған жағдайда, көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квоталарын сату жүзеге асырылмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады