ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
Ескерту. 01.09.2026 бастап қолданысқа енгізіледі – осы бұйрықтың 4-тармағымен.
"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 146-бабының 2-2-тармағының үшінші бөлігіне және 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес
БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жеке сот орындаушыларының кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі | Е. Сарсембаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
| Қазақстан Республикасы | |
| Әділет министрі | |
| 2026 жылғы 10 тамыздағы | |
| № 771 бұйрығына | |
| қосымша |
Жеке сот орындаушыларының кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шартын бекіту туралы
______қаласы, облысы 20___ жылғы "__" _________ сериясы ____ № _____________________________________, сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығына 20___ жылғы "___" ________ № __________ лицензиясы бар, бұдан әрі "Сақтандырушы" деп аталатын (Сақтандырушының атауы), ___________________ негізінде әрекет ететін, ____________________ атынан (Сақтандырушы өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), бір тараптан, және бұдан әрі "Сақтанушы" деп аталатын, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мүшесі болып табылатын жеке сот орындаушысы ______________________ атынан (жеке сот орындаушысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), екінші тараптан, бұдан әрі бірлесіп Тараптар, ал жеке-жеке Тарап деп аталатын, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – Азаматтық кодекс), "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң), "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының негізінде төмендегілер туралы осы Жеке сот орындаушыларының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын (бұдан әрі – Шарт) жасасты.
1-тарау. Шартта пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Шартта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Пайда алушы – осы Шартқа сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;
2) Сақтандырушы – сақтандыру ұйымы ретінде тіркелген және сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Шарт пайдасына жасалған тұлғаға (Пайда алушыға) осы Шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті заңды тұлға;
3) Сақтанушы – Сақтандырушымен осы Шартты жасасқан жеке сот орындаушысы;
4) Сақтандырылушы – өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға. Осы Шартта Сақтанушы бір мезгілде Сақтандырылушы болып табылады;
5) сақтандыру мүддесі – сақтанушының (Сақтандырылушының, Пайда алушының) тәуекелдерді болғызбауға және сақтандыру жағдайының басталуына жол бермеуге мүліктік мүддесі;
6) сақтандыру объектісі – Сақтанушының (Сақтандырылушы тұлғаның) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты үшінші тұлғаға келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүдделері;
7) сақтандыру сомасы – сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде Сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;
8) сақтандыру сыйлықақысы – Сақтанушы Сақтандырушыға соңғысы сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтанушыға Пайда алушыға сақтандыру төлемiн жүргiзу мiндеттемелерiн қабылдағаны үшiн төлеуге мiндеттi ақша сомасы;
9) сақтандыру төлемі – сақтандыру жағдайы басталған кезде Сақтандырушының Пайда алушыға сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;
10) үшінші тұлға – Шарттың тарапы болып табылмайтын, өзіне қатысты атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызмет жүзеге асырылған және жеке сот орындаушысының кәсіби міндеттерін қасақана емес бұзуы салдарынан мүліктік мүдделеріне зиян келтірілген тұлға.
2-тарау. Шарттың нысанасы
2. Сақтанушы Сақтандырушыға сақтандыру сыйлықақысын төлеуге міндеттенеді, ал Сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде үшінші тұлғаға (Пайда алушыға) осы Шартта көзделген мөлшерде сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндеттенеді.
3-тарау. Сақтандыру сомасы мен сақтандыру сыйлықақысының мөлшері
3. Осы Шарт бойынша сақтандыру сомасы Заңның 146-бабының 2-1-тармағына сәйкес _________ (сомасы жазбаша) теңге мөлшерінде белгіленді.
4. _______ (сомасы жазбаша) теңге мөлшеріндегі сақтандыру сыйлықақысы Тараптар Шартқа қол қойған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ақшаны Сақтандырушының банктік шотына аудару не Сақтандырушының кассасына қолма-қол ақша енгізу арқылы біржолғы төлеммен төленеді.
5. Ақшаның Сақтандырушының банктік шотына немесе кассасына түскен күн сақтандыру сыйлықақысы төленген күн болып есептеледі.
4-тарау. Сақтандыру төлемін жүзеге асыру шарттары мен тәртібі
6. Сақтандырушыға сақтандыру төлемі туралы талапты Сақтанушы не үшінші тұлға сақтандыру жағдайының басталғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша нысанда қояды.
7. Сақтанушы Сақтандырушыға мынадай құжаттарды ұсынуға міндетті:
1) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өтініш;
2) Шарттың көшірмесі;
3) сақтандыру жағдайының басталу фактісін растайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттары;
4) Пайда алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (жеке тұлға үшін) немесе заңды тұлғаның өкіліне берілген сенімхаттың түпнұсқасы;
5) банктік шоттың деректемелерін растайтын құжат.
8. Сақтандыру төлемі Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында (теңгемен) жүзеге асырылады.
9. Сақтандырушы Сақтанушыдан сақтандыру төлемін барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
5-тарау. Сақтандыру жағдайлары
10. Сақтандырылушы тұлғаның атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде жіберген кәсіби қателіктері нәтижесінде үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу бойынша Сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталуы осы Шарт бойынша сақтандыру жағдайы болып табылады. Ол заңды күшіне енген сот шешімімен не үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне зиян келтірілгенін растайтын құжаттарға сәйкес Сақтандырушының үшінші тұлғаның зиянды өтеу туралы талабын мойындауымен расталады.
11. Кәсіби қателіктер деп мыналар түсініледі:
1) процестік құжаттарды дұрыс ресімдемеу;
2) атқарушылық құжатты орындағаннан, жеке сот орындаушысының қызметіне және борышкерге зиян келтіруге алып келген орындау жөніндегі шығыстарға ақы төленгеннен кейін мәжбүрлеп орындату шараларын уақтылы жоймау;
3) өзіне қатысты атқарушылық әрекеттер жүргізілетін тұлғаға зиян келтіруге алып келген жасалатын әрекеттердің салдары туралы оған хабар бермеу;
4) Сақтанушы (Сақтандырылушы тұлға) атқарушылық іс жүргізу тараптарынан алған құжаттарды жоғалту немесе бүлдіру;
5) өз қызметінің нәтижесінде өзіне белгілі болған коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз жария ету;
6) мүлікті негізсіз алып қою және оны бүлдіру;
7) мүлікті өткізу және беру тәртібіне қойылатын талаптарды сақтамау салдарынан зиян келтіру;
8) атқарушылық құжаттарды орындау барысында үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне зиян келтіруге әкеп соққан өзге де әрекеттер (әрекетсіздік).
12. Егер атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты үшінші тұлғаларға келтірілген зиян Сақтанушының (Сақтандырылушы тұлғаның) кәсіби міндеттерін қасақана емес бұзуының салдары болса, сақтандыру жағдайы басталды деп есептеледі.
13. Сақтандыру жағдайының басталу фактісі жеке сот орындаушысының қызметін бақылау қорытындылары бойынша Заңның 169-бабымен көзделген органдардың шешімімен расталады.
14. Сақтандыру жағдайының басталғанын, сондай-ақ одан келтірілген залалды дәлелдеу Сақтанушыға (Пайда алушыға, Сақтандырылушыға) жүктеледі.
6-тарау. Тараптардың құқықтары мен міндеттері
15. Сақтандырушы:
1) осы Шартта белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру сыйлықақысын алуға;
2) құзыретті ұйымдардан сақтандыру жағдайының басталу фактісін растайтын құжаттарды сұратуға;
3) сақтандыру жағдайы басталған кезде келтірілген зиян мөлшерін және сақтандыру төлемінің сомасын айқындауға құқылы.
16. Сақтандырушының Қазақстан Республикасының заңдарында және осы Шартта көзделген өзге де құқықтары мен міндеттері болады.
17. Сақтандырушы:
1) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;
2) Сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы сақтандыру сыйлықақысын қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлеу мүмкіндігін беруге (Сақтандыру шарты электрондық нысанда жасалған жағдайда);
3) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемін жүзеге асыруға;
4) сақтандыру жағдайының басталу фактісін және Сақтандырушы өтеуге тиіс зиян мөлшерін растайтын құжаттар жеткіліксіз болған кезде оларды алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жетіспейтін және (немесе) дұрыс ресімделмеген құжаттардың толық тізбесін көрсете отырып, бұл туралы өтініш берушіге хабарлауға;
5) Сақтанушыдан (Пайда алушыдан) өтініш алған кезде Сақтанушының (Пайда алушының) талаптарын қарауға және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, 5 (бес) жұмыс күні ішінде жазбаша жауап беруге;
6) Сақтанушыдан (Пайда алушыдан) сақтандыру омбудсманына жолданатын өтінішті алған кезде осы өтінішті, сондай-ақ оған қоса берілген құжаттарды алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сақтандыру омбудсманына қайта жолдауға міндетті.
18. Сақтанушы:
1) Сақтандырушыдан сақтандыру талаптарын, өзінің Шарт бойынша құқықтары мен міндеттерін түсіндіруді талап етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес Шартты мерзімінен бұрын бұзуға;
3) Сақтандырушыға (оның ішінде филиалы, өкілдігі арқылы) талаптарын көрсете және оларды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша өтініш жолдауға не Шарттан туындайтын дауларды реттеу үшін қаржы омбудсманына (тікелей қаржы омбудсманына не Сақтандырушы, оның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) немесе сотқа өтініш жасауға;
4) жеке сот орындаушысының кәсіби қателігі нақты жасалған күннен бастап 3 (үш) жыл ішінде оқиғаны сақтандыру жағдайы деп тану туралы өтінішпен Сақтандырушыға жүгінуге құқылы.
19. Сақтанушы:
1) Шартта белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру сыйлықақысын төлеуге;
2) сақтандыру жағдайынан болатын залалды азайту шараларын қолдануға;
3) атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде келтірілген зиянды өтеу туралы үшінші тұлғаның талап қойғаны өзіне белгілі болған уақыттан бастап дереу, бірақ 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл туралы Сақтандырушыға қолжетімді тәсілмен (ауызша, жазбаша) хабарлауға міндетті. Ауызша хабар кейіннен (жетпіс екі сағат ішінде) жазбаша расталуы тиіс. Егер Сақтанушы дәлелді себептермен көрсетілген әрекеттерді орындауға мүмкіндігі болмаған жағдайда, ол мұны құжатпен растауы тиіс;
4) сақтандыру төлемін алу үшін қажетті барлық құжаттарды Сақтандырушыға ұсынуға;
5) Сақтандыру шартын жасасу үшін қажетті ақпаратты (атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты үшінші тұлғаға төленген залал тарихын, Сақтанушыны сәйкестендіретін және оның жеке сот орындаушысы ретіндегі өкілеттігін растайтын құжаттарды) ұсынуға;
6) өзі тартқан бағалаушының (тәуелсіз сарапшының) қызметтеріне ақы төлеуге міндетті.
20. Сақтанушының Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Шартта көзделген өзге де құқықтары мен міндеттері болады.
21. Үшінші тұлға (Пайда алушы):
1) жеке сот орындаушысының кәсіби қателігі нақты жасалған күннен бастап 3 (үш) жыл ішінде оқиғаны сақтандыру жағдайы деп тану туралы өтінішпен Сақтандырушыға жүгінуге;
2) Сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлауға;
3) сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды сақтанушының орнына жинауға және оларды Сақтандырушыға ұсынуға;
4) келтірілген зиян мөлшерін бағалау үшін тәуелсіз сарапшыны таңдауға;
5) Сақтандырушы (оның ішінде Сақтандырушының интернет-ресурсы арқылы) және (немесе) тәуелсіз сарапшы жүргізген келтірілген зиян мөлшерін бағалау нәтижелерімен және сақтандыру төлемінің мөлшерін есептеумен танысуға;
6) осы Шартта белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін алуға;
7) жеке сот орындаушыларының кәсіптік жауапкершілігін міндетті Сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін Сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;
8) келтірілген зиян сомасының алынған сақтандыру төлемі сомасынан асатын мөлшерінде Сақтанушыға зиянды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
7-тарау. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босату негіздері
22. Егер сақтандыру жағдайы мыналардың салдарынан болса, Сақтандырушы сақтандыру төлемінен толық немесе ішінара бас тартуға құқылы:
1) қажетті қорғаныс және (немесе) аса қажеттілік жағдайында жасалған әрекеттерді қоспағанда, Сақтанушының, Сақтандырылушының және (немесе) Пайда алушының сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететін қасақана әрекеттері;
2) Сақтанушының, Сақтандырылушының және (немесе) Пайда алушының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттері;
3) үшінші тұлғалардың сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететін әрекеттері;
4) үшінші тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттері;
5) лицензияның не Республикалық палатадағы мүшеліктің қолданылуы тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған кезеңде атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыру.
23. Мыналар да Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуына негіз болуы мүмкін:
1) Сақтанушының Сақтандырушыға сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелі, сақтандыру жағдайы және оның салдары туралы көрінеу жалған мәліметтерді хабарлауы;
2) Сақтанушының сақтандыру жағдайынан болатын залалды азайту шараларын қасақана қолданбауы;
3) Сақтанушының Сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталу мән-жайларын тергеп-тексеруге және келтірілген зиян мөлшерін белгілеуге кедергі келтіруі;
4) Сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарламау;
Егер уақтылы хабарламау немесе Сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарламау дәлелді себептерге байланысты болса және Сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталу фактісі мен үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне зиян келтірілгенін растайтын құжаттар ұсынылса, сондай-ақ бүлінген мүлікті сақтандыру жағдайы басталғаннан кейінгі тікелей күйінде қарап-тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етілсе, бұл сақтандыру төлемінен бас тартуға негіз болып табылмайды;
5) Сақтанушының сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға өзінің талап қою құқығынан бас тартуы, сондай-ақ Сақтандырушыға талап қою құқығының өтуі үшін қажетті құжаттарды беруден бас тартуы. Егер сақтандыру өтемі төленіп қойса, Сақтандырушы оны толық немесе ішінара қайтаруды талап етуге құқылы;
6) заңнамада көзделген басқа да жағдайлар.
24. Сақтандыру төлемінен бас тартуға негіздер болған кезде Сақтандырушы құжаттарды алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде сақтандыру төлемі туралы өтініш берген тұлғаға бас тарту себептерінің уәжді негіздемесімен бірге сақтандыру төлемінен толық немесе ішінара бас тарту туралы тиісті шешімді жазбаша нысанда жіберуге міндетті.
8-тарау. Форс-мажорлық мән-жайлар
25. Егер тиісті орындау еңсерілмейтін күш мән-жайларының, оның ішінде дүлей зілзалалардың, әскери іс-қимылдардың, ядролық жарылыс әсерінің, ереуілдердің, халық толқуларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының құқықтық актілерінде көзделген тыйым салу шараларының салдарынан мүмкін болмаса және бұл мән-жайлар Тараптардың осы Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындауына тікелей әсер етсе, Тараптар осы Шарт бойынша міндеттемелерді ішінара немесе толық орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.
26. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары салдарынан осы Шарт бойынша міндеттемелерін орындауға мүмкіндігі болмаған Тарап олар басталған кезден бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей бұл туралы екінші Тарапты жазбаша хабардар етуге және тиісті дәлелдемелерді ұсынуға міндетті.
27. Форс-мажорлық мән-жайлардың әрекеті құзыретті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тиісті құжаттарымен немесе ресми мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы расталуы тиіс.
28. Тиісінше хабарламау Тарапты жоғарыда көрсетілген кез келген мән-жайға осы Шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершіліктен босататын негіз ретінде сілтеме жасау құқығынан айырады.
29. Егер еңсерілмейтін күш мән-жайлары бір айдан астам уақыт бойы жалғасса, Тараптардың кез келгені осы Шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.
9-тарау. Шарттың қолданылу мерзімі мен орны
30. Осы Шарт Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген күннен бастап күшiне енедi және Тараптар үшiн мiндеттi болады, сондай-ақ 20__ жылғы "__" _____ дейін қолданылады.
31. Сақтандыру арқылы қорғаудың қолданылу кезеңі Шарттың қолданылу мерзіміне сәйкес келеді.
32. Осы Шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының аумағы Шарттың қолданылу орны болып табылады.
10-тарау. Шартты өзгерту және тоқтату
33. Шартқа енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар жазбаша ресімделіп, оларға Тараптар қол қойған жағдайда заңды күшіне ие болады.
34. Осы Шарттың қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) осы Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған кезде;
2) осы Шарттың 5-тарауында көрсетілген сақтандыру жағдайы басталған кезде оның қолданылу мерзімі ішінде сақтандыру төлемі жүзеге асырылғанда тоқтатылады.
35. Осы Шарттың тоқтатылуы Сақтандырушыны осы Шарттың қолданылу кезеңінде орын алған және кейіннен сақтандыру жағдайлары деп танылған сақтандыру жағдайлары бойынша Пайда алушыға сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетінен босатпайды. Сақтандыру төлемін сақтандыру жағдайы орын алған кезеңде осы Шартты жасасқан Сақтандырушы жүзеге асырады.
36. Шарт Азаматтық кодексте белгіленген жағдайларда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.
11-тарау. Тараптардың жауапкершілігі
37. Тараптар осы Шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауаптылықта болады.
12-тарау. Қорытынды ережелер
38. Осы Шарт бойынша Тараптар арасында туындайтын барлық даулар келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
39. Тараптар келісімге қол жеткізбеген келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешіледі.
