Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 19 маусымдағы № 299 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 24 маусымда № 39064 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 30 сәуірдегі № 226 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36081 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларында:

      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) жасанды интеллект моделі – арнаулы міндеттерді орындау үшін әзірленген және өзгеріп отыратын жағдайларға бейімделе алатын, жинақталған тәжірибе негізінде оқып-үйренуге болатын және өз қызметінің процестері мен нәтижелерін оңтайландыра білетін бағдарламалық өнім;";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Ұлттық сөздік қорды қалыптастыру жүйені пайдаланушыларға функционалдық және цифрлық сервистерге қолжетімділік беруді көздейді.";

      8-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Ұлттық сөздік қорға қойылатын функционалдық және техникалық талаптарды, деректерді жинауға, өңдеуге және жүйелеуге арналған цифрлық жүйенің техникалық ерекшеліктерін және техникалық қызмет көрсету кестесін бекітуді;";

      5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Ұлттық сөздік қормен интеграциялануға қабілетті цифрлық ресурстардың тізбесін қалыптастыруды;

      6) ашық деректер платформаларын пайдалануды және цифрлық технологиялар мен киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік стандарттарға сәйкес келуін қамтамасыз етуді қамтиды.";

      10-тармақта:

      8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) цифрлық жүйеге енгізілетін деректер қорын жинауды, өңдеуді, сақтауды жүзеге асыруды;";

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) цифрлық жүйенің субъектілері арасында мәліметтермен ақпараттық алмасуды;";

      14) және 15) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14) киберқауіпсіздік шараларын сақтауды;

      15) цифрлық жүйені жаңарту және жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуді;";

      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) пайдаланушылар үшін цифрлық жүйені өздігінен оқуға арналған нұсқаулықтың әзірленуін;".

      2. "Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін айқындау бойынша тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 12 қаңтардағы № 9 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 37844 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін айқындау бойынша тестілеуді өткізу қағидаларында:

      15-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Тестілеуге өтініштерді қабылдау ҰТО-ның цифрлық жүйесі арқылы келесі мерзімдерде:";

      17-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) денсаулық жағдайы бойынша "Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы № ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21660 болып тіркелген) нысан бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы және (немесе) медициналық анықтама және (немесе) Қазақстан Республикасының цифрлық үкімет порталынан үзінді болған кезде;";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Тестілеуге кіргізу кезінде тестілеу әкімшісі ғимаратқа және аудиторияға оқу-әдістемелік әдебиеттердің, сөздіктің, тест тапсырмаларының мазмұнын ашатын мәліметтер мен жазбалар бар ақпаратты тасығыштың, әртүрлі форматтағы қағаздың, фото және бейне аппараттың, ақпараттарды тасымалдау функциясымен жабдықталған кез келген мобильді байланыс құралдарының (мобильді телефондар, планшеттер, ноутбуктер, плейерлер, модемдер (мобильді роутерлер), радио-электронды байланыстың кез келген түрлерінің (Wi-Fi, Bluetooth, Dect, смарт сағат, смарт көзілдірік, диктофон, сымды және сымсыз құлаққаптар, микро құлаққап) кіргізілуіне және қолданылуына жол бермеу шараларын жүзеге асырады.".

      3. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының үшінші, төртінші абзацтарын, 2-тармағының жетінші және сегізінші абзацтарын қоспағанда, 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады