Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2026 жылғы 22 маусымдағы № 17 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 23 маусымда № 39036 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.

      2. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасындағы
Адам құқықтары жөніндегі үәкіл
А. Ластаев

  2026 жылғы 22 маусымдағы
№ 17 Бұйрығына
қосымша

Қоса беріліп отырған өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 1 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31749 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережесінде:

      3-тармақта:

      1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған бар;";

      3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектелген деп таныған;";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Үйлестіру кеңесі мүшелерінің жалпы саны астанадан, әрбір облыстан республикалық маңызы бар қаладан өкілдік ету қағидаты бойынша сайланатын кемінде 20 (жиырма) мүшені құрауға тиіс.".

      2. "Алдын ала бару үшін ұлттық превентивтік тетікке қатысушылардан топтар қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 2 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31752 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Алдын ала бару үшін ұлттық превентивтік тетікке қатысушылардан топтар қалыптастыру қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. ҰАТ топтарын қалыптастыру алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың ерекшелігін ескере отырып, астана әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала үшін ҰАТ топтарының басшылары мен мүшелерінің жеке деректерін көрсете отырып, екі жылдық мерзімге жүзеге асырылады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Алдын ала баруды жүзеге асыратын ҰАТ тобының құрамына астанадан, басқа облыстардан, республикалық маңызы бар қалалардан ҰАТ топтарының өкілдері енгізілуі мүмкін".

      3. "Шағымдарды қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 3 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31748 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Шағымдарды қарау қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Шағымдарды қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (бұдан әрі – Уәкіл) және оның астанадағы, әрбір облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы өкілдерінің (бұдан әрі – Өкілдер) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы шағымдарды қарау тәртібін айқындайды.";

      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) арыз беруші – Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматы, азаматтығы жоқ адамдар мен олардың өкілдері;";

      44-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Құрылтайына немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданым жібереді;".

      4. "Ұлттық превентивтік тетікке қатысушыларды іріктеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2023 жылғы 27 қаңтардағы № 4 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31836 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ұлттық превентивтік тетікке қатысушыларды іріктеу қағидаларында:

      4-тармақта:

      2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған тұлғалар;";

      4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектелген деп таныған тұлғалар;".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады