"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 3-тармағы 2-2) тармақшасының сегізінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Клиентті (оның өкілін), бенефициарлық меншік иесін скорингтік модульде тиісінше тексеру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторингі агенттігінің Қаржы мониторингі субъектілерімен жұмыс департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Құқықтық қамтамасыз ету департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігі Төрағасының бірінші орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының міндетін атқарушы |
К. Бижанов |
| 2025 жылғы 8 желтоқсандағы № 19 бұйрығымен бекітілген |
Клиентті (оның өкілін), бенефициарлық меншік иесін скорингтік модульде тиісінше тексеру қағидалары
1. Осы Клиентті (оның өкілін), бенефициарлық меншік иесін скорингтік модульде тиісті тексеру қағидалары Қазақстан Республикасының "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" (бұдан әрі - Заң) Заңының 5-бабы 3-тармағының 2-2) тармақшасының сегізінші бөлігіне сәйкес әзірленген және скорингтік модульде клиентті (оның өкілін), бенефициарлық меншік иесін тиісті тексеру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) скорингтік модуль – клиенттің (оның өкілінің) тәуекелін айқындау үшін әртүрлі дереккөздерден алынған ақпаратты қамтитын, қаржы мониторингі субъектілері ерікті түрде пайдаланатын автоматтандырылған жүйе;
2) уәкілетті орган – Заңға сәйкес қаржы мониторингiн жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмдi қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын мемлекеттiк орган.
3. Скорингтік модульде жеке деректерді көрсетпестен, қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттері (олардың өкілдері) жүзеге асырған шекті және күмәнді операциялардың саны туралы жиынтық деректерді қамтитын дербестендірілмеген ақпарат болады.
4. Қаржы мониторингі субъектілері скорингтік модуль арқылы клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін мына жағдайларда тиісті тексеруден өткізеді:
1) клиентпен (оның өкілімен) іскерлік қатынастар орнату кезінде;
2) ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар жүргізу кезінде, соның ішінде күмәнді операциялар бойынша;
3) клиент (оның өкілі), бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған ақпараттың дұрыстығына күмән туындаған жағдайда.
5. Клиентті (оның өкілін), бенефициарлық меншік иесін тиісті тексеру клиент ұсынған немесе өзге дереккөздерден алынған ақпарат пен (немесе) құжаттар негізінде, соның ішінде скорингтік модуль нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
6. Скорингтік бағалау критерийлері жасалған операциялардың жиілігі, көлемі мен бағыты туралы деректерді терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбелері бойынша тексеру нәтижелерін қамтиды.
7. Қаржы мониторингі субъектілері Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ете отырып, скорингтік модульді өздерінің ақпараттық жүйелерінде ерікті түрде пайдаланады.
8. Скорингтік модульдің нәтижелері ұсынымдық сипатта болады және клиенттер (олардың өкілдері) мен (немесе) операциялардың тәуекел деңгейін алдын ала бағалау мақсатында пайдаланылады.
