"Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 9-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарында әскери даярлықтың сапасын мониторингтеу және талдау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі |
Д. Косанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрлігі
| Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі 2025 жылғы 13 қарашадағы № 1595 бұйрығымен бекітілді |
Білім беру ұйымдарында әскери даярлықтың сапасын мониторингтеу және талдау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Білім беру ұйымдарында әскери даярлықтың сапасын мониторингтеу және талдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 9-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру ұйымдарында әскери даярлықтың (бұдан әрі – ӘД) сапасын мониторингтеу және талдау тәртібін айқындайды.
2. Білім беру ұйымдарында ӘД сапасын мониторингтеу мен талдауды білім беру ұйымдарында азаматтарды әскери қызметке даярлау бөлігінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау және білім беру ұйымдарында әскери даярлық сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар дайындау мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жүзеге асырады.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) ӘД сапасын мониторингтеу – білім беру ұйымдарында әскери даярлық процесін жүзеге асыру нәтижесі мен шарттарындағы өзгерістердің жай-күйі мен динамикасын жүйелі бақылау, жинау, талдау және бағалау;
2) ӘД сапасы – білім беру ұйымдарындағы әскери даярлық жүйесін сипаттайтын және ӘД-да нақты қол жеткізілген нәтиженің, ӘД жүйесінің жұмыс істеу шарттарының заңнама талаптарына сәйкестігі дәрежесін көрсететін көрсеткіштер жиынтығы;
3) ӘД сапасын талдау – білім беру ұйымдарындағы ӘД-ның сандық және сапалық көрсеткіштерін өңдеу және бағалау.
4. Білім беру ұйымдарындағы әскери даярлық:
1) қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша әскерге шақыруға дейінгі даярлықты;
2) мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықты;
3) бастапқы әскери даярлықты;
4) запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери даярлықты қамтиды.
5. Қағидалар мынадай білім беру ұйымдарына қолданылады:
1) негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына, қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша әскерге шақыруға дейінгі даярлық бағдарламаларын іске асыратын балаларға қосымша білім берудің мектептен тыс ұйымдарына;
2) мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықты іске асыратын әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлығы бар мамандандырылған білім беру ұйымдарына;
3) бастапқы әскери даярлық көзделген орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына;
4) әскери кафедраларда (әскери факультеттерде) запастағы офицерлер мен запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери даярлықты іске асыратын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына.
6. Білім беру ұйымдарындағы ӘД сапасын мониторингтеу және талдау Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен ӘД-ны жүзеге асыратын білім беру ұйымдары арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырылады.
2-тарау. Білім беру ұйымдарында әскери даярлық сапасын мониторингтеу тәртібі
7. ӘД сапасын мониторингтеуді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – құрылымдық бөлімше) "Азаматтарды әскерге шақыруға дейінгі даярлауды жүзеге асыратын ұйымдардың тізілімі" ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – ӘШДТ АЖ) пайдаланып жүргізеді.
8. Білім беру ұйымдарында ӘД сапасын мониторингтеудің негізгі бағыты бастапқы әскери даярлықтың оқу бағдарламасын, Қорғаныс министрі бекіткен әскерге шақыруға дейінгі даярлық бойынша қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын, әскерге шақыруға дейінгі тереңдетілген даярлықтың мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламасын, Қорғаныс министрлігі бекіткен запастағы офицерлер мен запастағы сержанттарды әскери даярлау бағдарламаларын (бұдан әрі – ӘД бағдарламалары) меңгеру нәтижесін айқындау болып табылады.
9. ӘД түрлеріне сәйкес ӘД бағдарламаларын меңгеру нәтижесін айқындау үшін тестілік тапсырмаларды әзірлеуді құрылымдық бөлімше жүзеге асырады.
ӘД бағдарламалары бойынша білім алушыларды тестілеу жыл сайын онлайн форматында екінші тоқсанда, оның ішінде интерактивті сабақ жинағы бар виртуалды полигонның үш өлшемді симуляторын қолдану арқылы өткізіледі.
10. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген білім беру ұйымдары жыл сайын 1 шілдеден және 15 қаңтардан кешіктірмей ӘШДТ АЖ-ға мынадай көрсеткіштер бойынша ақпаратты енгізеді:
1) кадр әлеуеті;
2) оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілуі;
3) оқу-материалдық базамен қамтамасыз етілуі;
4) ӘД бойынша білім алушылардың ағымдағы және қорытынды үлгерімі;
5) өткізілген әскери-патриоттық тәрбие іс-шараларының саны;
6) білім алушылардың дене шынықтыру дайындығының көрсеткіштері.
11. ӘШДТ АЖ ақпаратты жүйелі есепке алуды, сондай-ақ сақтауды, жаңартуды, жинақтауды және қорғауды, мәліметтерді өңдеуді, индикаторларды есептеуді, динамикалық есептер мен диаграммаларды жасауды қамтамасыз етеді.
12. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген білім беру ұйымдарының басшылары ұсынылатын ақпараттың дұрыстығын және белгіленген мерзімнің сақталуын қамтамасыз етеді.
Білім беру ұйымдары ақпаратты ӘШДТ АЖ-ға уақтылы енгізбеген не шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты енгізген жағдайда құрылымдық бөлімше көрсетілген фактілерге жол берген білім беру ұйымдарынан ақпаратты верификациялауды сұратады. Білім беру ұйымдары он жұмыс күні ішінде қажетті түзетулерді енгізеді.
13. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген білім беру ұйымдарының жүйелі түрде ақпаратты уақтылы енгізбеу немесе шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты енгізу фактілері болған кезде құрылымдық бөлімше бұл туралы білім беру немесе ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді және тиісті ақпаратты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жанындағы әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестеріне енгізеді.
3-тарау. Білім беру ұйымдарында әскери даярлық сапасын талдау тәртібі
14. Тестілеу нәтижесін талдау және білім беру ұйымдары ӘШДТ АЖ-ға енгізген ақпарат негізінде жыл сайын шілдеде білім беру ұйымдарында ӘД-ның ағымдағы жай-күйін бағалау және оның сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстар көрсетілген білім беру ұйымдарында ӘД сапасын мониторингтеу және талдау бойынша талдамалы есеп (бұдан әрі – талдамалы есеп) қалыптастырылады.
15. Талдамалы есептің бөлімдері осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген білім беру ұйымдарына, оларға қатысты бөлігінде назарына жеткізу үшін жіберіледі және құқықтық салдары жоқ.
16. Талдамалы есеп Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне ұсынылады және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жанындағы әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесінің, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жанындағы әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерінің отырыстарында таныстырылады.
