Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеу жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі № 393 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 26 қыркүйекте № 36952 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Су кодексінің 25-бабының 2-тармағы 12) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы Ереженің 15-тармағы 492-1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеу жөніндегі қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нагаспаев

 

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және
құрылыс министрінің
2025 жылғы 25 қыркүйектегі
№ 393 бұйрығымен бекітілген

Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеу жөніндегі қағидалар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеу жөніндегі қағидалар (бұдан әрі –Қағидалар) Қазақстан Республикасы Су кодексінің 25-бабы 2-тармағының 12) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы Ереженің 15-тармағы 492-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарлары (бұдан әрі – Даму жоспарлары) – жеке елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру жүйесін кемінде он жыл ұзақ мерзімді кезеңге дамытуды айқындайтын құжат;

      2) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің электрондық моделі – орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің техникалық-экономикалық жай-күйі туралы ақпаратты сақтауға, мониторингілеуге және өзектендіруге, көрсетілген орталықтандырылған жүйелерде жедел-диспетчерлік басқару тетігін жүзеге асыруға, гидравликалық есептеулер жүргізуді қамтамасыз етуге арналған дереқорды, бағдарламалық және техникалық құралдарды қамтитын ақпараттық жүйе;

      3) облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытудың бірыңғай жоспарлары – республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар аумақтарында сумен жабдықтауды және су бұруды қамтамасыз ететін орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің техникалық-экономикалық жай-күйінің, оларды даму бағыттарының графикалық топографиялық-геодезиялық кіші негіз, ғарыш және аэрофототүсірілім материалдары негізінде жерасты коммуникацияларының схемалары, сызбалары, жоспарлары) және мәтіндік сипаттамаларының жиынтығы.

      3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, Даму жоспарларында көзделмеген іс-шараларды іске асыруға және қаржыландыруға жол берілмейді.

      4. Даму жоспарларының орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерін өзектендіруге (түзетуге) жол беріледі.

      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда Даму жоспарының қысқа мерзімді кезеңін өзектендіруге (түзетуге) жол беріледі.

2-тарау. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеу, өзектендіру (түзету) тәртібі

1-Параграф. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларын әзірлеу тәртібі

      5. Даму жоспарларын әзірлеудің мақсаты суды ұтымды пайдалануды ескере отырып, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қолжетімді технологиялар мен су және энергия үнемдеу технологияларын енгізу негізінде орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту болып табылады.

      6. Жоспар орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне жүргізілген техникалық аудит қорытындылары бойынша әзірленеді.

      7. Даму жоспарын тиісті жергілікті өкілді органдар бекітеді.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытудың бірыңғай жоспарларын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жергілікті атқарушы орган әзірлейді және Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 148-бабына сәйкес мемлекеттік инвестициялық жобаларды, аса маңызды объектілерді, жалпы елдік маңызы бар жобаларды қамтиды және оны облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті өкілді органы бекітеді.

      8. Даму жоспарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларына, елді мекендердің бас жоспарларына немесе энергиямен жабдықтау, газбен жабдықтау және жылумен жабдықтау схемаларын, халық санының болжамды өсуін және ауыз сумен жабдықтау көздері мен сарқынды суларды жинақтаушылардың болуын ескере отырып, халқы аз елді мекендерді дамыту мен салу схемаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдар әзірлейді.

      9. Даму жоспарлары кемінде он жыл мерзімге әзірленеді.

      Бұл ретте, Даму жоспарлары шеңберінде іске асырылатын іс-шаралар тізбесі тиісінше 3, 5 және 10 жылдың қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдеріне қалыптастырылады.

      10. Даму жоспарларын әзірлеу:

      1) аумақтық жоспарлау құжаттары, күрделі құрылыс нысандарын жоспарлы орналастырудың функционалдық аймақтары және аумақтарды пайдаланудың ерекше жағдайлары бар аймақтар туралы мәліметтер;

      2) инженерлік-геологиялық ізденістер мен зерттеулер материалдары, жерасты коммуникацияларының тіркеу-кадастрлық жоспарлары және геологиялық қазбалардың атластары, инженерлік-геодезиялық ізденістер мен зерттеулер материалдары, жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрының картографиялық және геодезиялық негіздері, жария кадастрлық карталар, аумақтардың кадастрлық карталары, схемалар, сызбалар, топографиялық-геодезиялық негіздер, ғарыш және аърофототүсірілім материалдары;

      3) орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелері нысандарының техникалық жай-күйі туралы, оның ішінде орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерін техникалық зерттеп- қарау нәтижелері туралы мәліметтерді;

      4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес ауыз судың сапасы туралы, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес сарқынды сулардың құрамы мен қасиеті туралы деректер;

      5) сумен жабдықтау немесе) су бұру жүзеге асыратын ұйымдармен іске асырылатын инвестициялық бағдарламалар туралы, суды және (немесе) сарқынды суларды тасымалдау, ауыз судың сапасын белгіленген талаптарға сәйкес келтіру жөніндегі жоспарлардағы іс-шаралар туралы, ластаушы заттардың төгінділерін азайту жоспарларындағы, экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларындағы, белгіленген тәртіппен бекітілген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларындағы іс-шаралар туралы (елді мекендерді әзірлеу жоспарларын әзірлеу сәтінде қолданыстағы осындай инвестициялық бағдарламалар мен жоспарлар болған жағдайда) мәліметтерді;

      6) су тұтыну режимдері және су шығынының деңгейі туралы мәліметтерді ескере отырып жүзеге асырылады.

      11. Даму жоспарлары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен, қоршаған ортаны қорғау, су қорын қорғау және пайдалану, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс саласындағы уәкілетті органдармен келісіледі.

      12. Даму жоспарларының іс-шараларын орындау мониторингін жергілікті атқарушы органдармен және сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін табиғи монополиялар субъектілерімен бірлесіп, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      13. Жергілікті атқарушы органдар:

      1) Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жоспарларында көзделген іс-шаралардың іске асырылу барысы туралы ақпаратты жинау және жүйелендіру;

      2) жартыжылдық негізде уәкілетті органға орындалған жұмыстардың көлемін, қуаттарды іске қосудың нақты көрсеткіштерін, сондай-ақ қол жеткізілген нәтижелерді көрсете отырып, іс-шаралардың орындалуы туралы есеп береді.

      14. Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган:

      1) бекітілген Жүйелерді дамыту жоспарларында көзделген іс-шаралардың (жергілікті атқарушы органдар ұсынатын есептік деректердің) уақтылы орындалуын бақылауды жүзеге асырады; мониторингтің ақпараттық жүйелерінің деректерін; көшпелі тексерулердің нәтижелері).

      2) іске асырылатын іс-шаралардың тиімділігіне талдау жүргізеді;

      3) белгіленген мерзімдер мен нысаналы көрсеткіштерден ауытқулар анықталған кезде Жүйелерді дамыту жоспарларының іс-шараларын түзету туралы ұсыныстар енгізеді.

2-Параграф. Су жабдықтау және су бұруды дамыту жоспарларын өзектендіру (түзету) тәртібі

      15. Сумен жабдықтауды және су бұруды дамыту жоспарларын өзектендіру (түзету) мына жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) орталықтандырылған су жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің салынған, қайта жаңартылған және жаңғыртылған объектілерін пайдалануға беру;

      2) табиғи жағдайлар мен климаттың өзгеруіне байланысты сумен жабдықтау жағдайларының (сумен жабдықтаудың әлеуетті көздерінің гидрогеологиялық сипаттамаларының) өзгеруі;

      3) даму жоспарларының қолданылу кезеңінде орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелеріне техникалық аудит жүргізу;

      4) ластаушы заттардың төгінділерін азайту жоспарларында, экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламаларында, осы Қағиданың 10-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларында көзделген іс-шараларды іске асыру;

      5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес ауыз судың сапасын сәйкестендіру жоспарларында көзделген іс-шараларды іске асыру;

      6) жылумен жабдықтаудың (ыстық сумен жабдықтаудың) ашық жүйелерінің жұмыс істеуін тоқтату (жылумен жабдықтаудың (ыстық сумен жабдықтаудың) ашық жүйелерін пайдалана отырып, ыстық сумен жабдықтауды тоқтату) жөніндегі іс-шараларды іске асыруға байланысты тиісінше орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бойынша су беру және сарқынды суларды бұру көлемінің өзгеруі және осындай жүйелерге қосылған (технологиялық тұрғыдан қосылған) абоненттерді жабық жылумен жабдықтау (ыстық сумен жабдықтау) жүйелеріне көшіру;

      7) аудандардың, қалалардың, кенттердің және ауылдық округтердің орталықтандырылған су бұру жүйелеріне орталықтандырылған су бұру (кәріз) жүйесін жатқызу туралы мәліметтерді даму жоспарларына енгізу не мұндай мәліметтерді сумен жабдықтау және су бұру схемасынан алып тастау.

      16. Даму жоспарлары күшіне енген немесе өзектендірілген (түзетілген) күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде ресми жариялануға тиіс.

      17. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы (бұдан әрі - электрондық модель) елу мың және одан да көп халқы бар елді мекендер үшін, сондай-ақ жиынтық халқы елу мың және одан да көп халқы бар екі және одан да көп елді мекенді қамтамасыз ететін сумен жабдықтаудың және су бұрудың орталықтандырылған жүйелері үшін әзірленеді (топтық су таратқыштар).

      Электрондық модель және бағдарламалық қамтамасыз ету ақпараттық-коммуникациялық жүйенің құрамында қолданысқа енгізіледі және ақпараттандыру саласындағы заңнамада белгіленген ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне қойылатын ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жұмыс істейді.

      18. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің электрондық моделін бағдарламалық қамтамасыз ету (бағдарламалар пакеті) мынадай ақпаратты сақтау, мониторингілеу және өзектендіру міндеттерін шешуді көздейді:

      1) орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің объектілерін топографиялық картографиялық жергілікті жерге байланыстыра отырып, графикалық бейнелеу;

      2) орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің негізгі нысандарының сипаттамасы;

      3) орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің жұмыс режимдерінің нақты сипаттамаларын (маусымға байланысты магистральдық құбырлар мен желілердегі ең жоғары, ең төменгі, орташа су алу, өрт және авариялар сағаттарында барлық сорғы станциялары үшін шығын мен қысымның сағаттық көрсеткіштері) және олардың жекелеген элементтерін сипаттау;

      4) орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелеріінң желілерінде жүзеге асырылатын қайта қосулардың барлық түрлерін модельдеу бекіту-реттеу арматурасының жай-күйін өзгерту, қосу және ажырату, сорғы агрегаттарының топтарын реттеу, реттегіштер қондырғыларын өзгерту);

      5) су құбыры мен кәріз жүйелерінің учаскелері бойынша су, ағын су шығыстарын айқындау және қысым шығындарын есептеу;

      6) кәріз желілерін (өздігінен ағатын және қысымды) гидравликалық есептеу;

      7) сызбалардың әртүрлі нұсқаларын модельдеу мақсатында орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелері нысандарының (су құбыры және (немесе) кәріз желілері учаскелері, тұтынушылардың сорғы станциялары) сипаттамаларының өзгерістерін есептеу;

      8) су беру және сарқынды суларды бұру режимдерін қамтамасыз ету тұрғысынан орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерін перспективалық дамыту сценарийлерінің орындалуын бағалау.

      19. Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің электрондық үлгісінің деректер базасы мыналарды қамтиды:

      1) модельдеу бағдарламасының сипаттамасы, оның құрылымы, алгоритмдері, есептеулерді орындау кезіндегі мүмкіндіктер мен шектеулер ;

      2) су беру және бөлу жүйесінің моделін, сарқынды суларды жинау және бұру жүйесінің моделін сипаттау;

      3) орталықтандырылған сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелері нысандарының бастапқы деректерін және сипаттамаларын сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жүйелерінің электрондық моделіне енгізу, шығару жүйесін және көшіру тәсілін, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге модельдеу нәтижелерін сипаттау;

      20. Осы Қағиданың 15-тармағының 7) тармақшасында көзделген шарттар дамыту жоспарларын өзектендіру (түзету) мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне және олардың элементтеріне кезеңдік техникалық аудит жүргізу кезінде;

      2) елді мекеннің иесіз қалған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін және олардың элементтерін беру кезінде жүзеге асырылады.

      21. Даму жоспарларына сумен жабдықтаудың және су бұрудың орталықтандырылған жүйелерін дамыту көрсеткіштерінің жоспарлы мәндері және сумен жабдықтау және су бұру саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес айқындалатын осы көрсеткіштердің жылдар бойынша бөлінген мәндері енгізіледі.

3-тарау. Елді мекендердің сумен жабдықтау жүйелерін дамыту жоспары

      22. Дамыту жоспары мыналарды қамтиды:

      1) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің ағымдағы жай-күйін бағалау:

      халық саны (нақты және болжамдық), демографиялық сипаттамасы;

      қала құрылысын дамыту келешегі (тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіп, әлеуметтік нысандар);

      климаттық және географиялық ерекшеліктер;

      сумен жабдықтау көздерінің және су бұру шарттарының болуы.

      2) орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау мен су бұру аймақтары;

      су құбыры және кәріз желілерінің ұзындығы мен тозуы;

      халықты орталықтандырылған сумен жабдықтаумен және су бұрумен қамтамасыз ету;

      су жинағыштардың болуы, техникалық жай-күйі және өнімділігі; сорғы станциялары, тазарту құрылыстары (ауыз су және сарқынды су);

      ауыз судың сапасы және сарқынды суларды тазарту дәрежесі (зертханалық деректер бойынша);

      жүйелердегі апаттылық пен шығындар .

      3) ауыз және техникалық суды тұтынудың болжамды теңгерімдері, суды тұтынудың әртүрлі сценарийлерін ескере отырып, сарқынды сулардың мөлшері мен құрамы:

      суды тұтынудың және сарқынды сулардың түзілуінің өсу болжамы;

      сумен жабдықтау көздері мен тазарту құрылыстарының қуаттарын есептеу;

      ресурстар тапшылығы мен артық қуаттарды (су, техникалық, қаржылық) бағалау.

      4) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің қазіргі және жоспарланған орналасу карталары (схемалары)

      5) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытудың негізгі бағыттары, нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері

      сумен жабдықтауды және су бұруды қамтамасыз етуді нысаналы көрсеткіштерге дейін жеткізу;

      су шығындарын азайту, энергия тиімділігін арттыру, айналымдағы сумен жабдықтауды жүргізу;

      ауыз судың және сарқынды суларды тазартудың сапасын жақсарту;

      көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру;

      экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      түйінді нысаналы көрсеткіштер;

      көрсетілетін қызметтер сапасының және экологиялық тиімділіктің индикаторлары.

      6) су үнемдеуді ескере отырып, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау, жаңғырту, күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспары

      жаңа желілерді салу және қолданыстағы желілерді қайта жаңғырту;

      су тарту, сорғы және тазарту құрылыстарын жаңғырту;

      автоматтандыру және диспетчерлеу жүйелерін енгізу;

      есепке алынбаған су тұтынуды қысқартужөніндегі іс- шаралар;

      экологиялық іс-шаралар (су нысандарына төгінділер).

      7) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары;

      іс-шараларды іске асырудың кезең-кезеңімен мерзімі (қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспектива);

      іс-шаралардың басымдығы;

      8) қаржыландыру көздері мен көлемі туралы ақпарат;

      іс-шаралар құнын алдын ала бағалау;

      қаржыландырудың болжамды көздері (республикалық бюджет, жергілікті бюджет, табиғи монополиялар субъектілерінің қаржы қаражаты, халықаралық қаржы институттары).

1-Параграф. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің ағымдағы жай-күйін бағалау

      23. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің ағымдағы жай-күйін бағалаудың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) судың сенімді және үздіксіз берілуін қамтамасыз ету;

      2) санитарлық нормаларға сәйкес су сапасын ұстап тұру ;

      3) сарқынды суларды тиімді тазарту және қоршаған ортаның ластануын болдырмау;

      4) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жұмысын оңтайландыру.

      Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің ағымдағы жай-күйін бағалау мынадай тармақтарды қамтиды:

      1) елді мекеннің пайдалану аймақтарына сумен жабдықтау жүйесі мен құрылымының сипаттамасы;

      2) орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерімен қамтылмаған елді мекен аумақтарының сипаттамасы;

      3) сумен жабдықтаудың технологиялық аймақтарының, орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау аймақтарының (сумен жабдықтау тиісінше орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерін пайдалана отырып жүзеге асырылатын аумақтардың) сипаттамасы және орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерінің тізбесі;

      4) орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерінің техникалық аудиті нәтижелерінің сипаттамасы, оның ішінде:

      қолданыстағы сумен жабдықтау көздері мен су тарту құрылыстарының жай-күйін сипаттау;

      қолданылатын су дайындау технологиялық схемасының су сапасы нормативтерін қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігін бағалауды қоса алғанда, қолданыстағы су тазарту және дайындау құрылыстарының сипаттамасы;

      қолданыстағы сорғы станцияларының жай-күйі мен жұмыс істеуінің сипаттау, оның ішінде су қысымының (қысымның) белгіленген көлемі мен деңгейін беру үшін электр энергиясының үлестік шығысының арақатынасы ретінде бағаланатын су берудің энергия тиімділігін бағалау;

      желілердің тозу шамасын бағалауды және осы желілер арқылы тасымалдау процесінде су сапасын қамтамасыз ету мүмкіндігін айқындауды қоса алғанда, сумен жабдықтау жүйелерінің су құбыры желілерінің жай-күйі мен жұмыс істеуін сипаттау;

      елді мекендерді сумен жабдықтау кезінде туындайтын техникалық және технологиялық проблемаларды сипаттау, мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асыратын органдардың судың сапасы мен қауіпсіздігіне әсер ететін бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдарының орындалуын талдау;

      5) осындай объектілерді (осындай объектілер орналасқан аймақтардың шекараларын) көрсете отырып, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің объектілерін меншік құқығында немесе басқа заңды негізде иеленетін тұлғалардың тізбесі.

2-параграф. Ауыз және техникалық суды тұтынудың болжамды теңгерімдері, суды тұтынудың әртүрлі сценарийлерін ескере отырып, сарқынды сулардың саны мен құрамы

      24. Суды тұтынудың әртүрлі сценарийлерін ескере отырып, ауыз және техникалық суды тұтыну теңгерімі, сарқынды сулардың мөлшері мен құрамы мынадай тармақтарды қамтиды:

      1) ыстық, ауыз суды өндіру және тасымалдау кезінде оның құрылымдық құрамдас бөліктерін талдау мен бағалауды қоса алғанда, суды беру мен өткізудің жалпы теңгерімі;

      2) сумен жабдықтаудың технологиялық аймақтары бойынша ыстық, ауыз және техникалық суды берудің аумақтық теңгерімі (жылдық және тәулігіне ең көп су тұтыну );

      3) халықтың шаруашылық-ауыз су қажеттіліктеріне, заңды тұлғалардың өндірістік қажеттіліктеріне және елді мекендердің су тұтынушыларының қажеттіліктеріне (өрт сөндіру, суару, абаттандыру жұмыстары) бөлінген су тұтынушылар топтары бойынша ыстық, ауыз суды өткізудің құрылымдық теңгерімі;

      4) ) статистикалық және есептік деректерге және коммуналдық қызметтерді тұтынудың қолданыстағы нормативтері туралы мәліметтерге сүйене отырып, халықтың ыстық, ауыз, техникалық суды нақты тұтынуы туралы мәліметтер;

      5) ауыз суды, техникалық суды коммерциялық есепке алудың қолданыстағы жүйесін және есепке алу аспаптарын орнату жөніндегі жоспарларды сипаттау;

      6) елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесінің өндірістік қуаттарының резервтері мен тапшылығын талдау;

      7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, тұрғын үй қатынастары және коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкес ыстық, ауыз және техникалық судың шығысы негізінде, сондай-ақ халықтың суды тұтынуының ағымдағы көлемі мен құрылыс салу құрамы мен құрылымының даму перспективасы мен өзгеруін ескере отырып, оның серпінін негізге ала отырып есептелген аудандардың, қалалардың, кенттер мен ауылдық округтердің дамуын ескере отырып кемінде он жыл мерзімге ыстық, ауыз, техникалық суды тұтынудың болжамды теңгерімдері;

      8) көрсетілген жүйенің технологиялық ерекшеліктерін көрсететін ыстық сумен жабдықтаудың жабық жүйелерін пайдалана отырып, орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесінің сипаттамасы;

      9) ыстық, ауыз суды, техникалық суды нақты және күтілетін тұтыну туралы мәліметтер (жылдық, орташа тәуліктік, ең жоғарғы тәуліктік);

      10) технологиялық аймақтар бойынша бөле отырып, сумен жабдықтауды жүзеге асыратын ұйымдардың есептері бойынша анықталуы тиіс ыстық, ауыз, техникалық суды тұтынудың аумақтық құрылымының сипаттамасы;

      11) абоненттердің типтері бойынша сумен жабдықтауға, оның ішінде сумен жабдықтауға арналған тұрғын ғимараттарды, қоғамдық-іскерлік мақсаттағы объектілерді, өнеркәсіптік объектілерді, абоненттердің ыстық, ауыз суды, техникалық суды перспективалық тұтынуы туралы деректерді ескере отырып, ыстық, ауыз судың нақты шығыстарын негізге ала отырып су шығыстарын бөлу болжамы;

      12) ыстық, ауыз, техникалық суды тасымалдау кезіндегі нақты және жоспарланған шығындар туралы мәліметтер (жылдық, орташа тәуліктік мәндер);

      13) сумен жабдықтау және су бұрудың перспективалық теңгерімдері (жалпы - ыстық, ауыз, техникалық суды беру және өткізу теңгерімі, аумақтық - сумен жабдықтаудың технологиялық аймақтары бойынша ыстық, ауыз, техникалық суды беру теңгерімі, құрылымдық - абоненттер топтары бойынша ыстық, ауыз, техникалық суды өткізу теңгерімі);

      14) ыстық, ауыз суды, техникалық суды перспективалық тұтыну туралы деректерді және ыстық, ауыз суды, техникалық суды жеткізу мен тұтынудың талап етілетін көлемдерін, жылдар бойынша бөле отырып, технологиялық аймақтар бойынша қуаттардың тапшылығын (резервін) көрсете отырып, оны тасымалдау кезіндегі ыстық, ауыз суды, техникалық суды ысыраптың шамасын негізге ала отырып, су жинау және тазарту құрылыстарының талап етілетін қуатын есептеу;

      15) кепілдік беретін ұйым мәртебесі берілген ұйымның атауы.

3-параграф. Су үнемдеуді ескере отырып, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау, жаңғырту, күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспары

      25. Даму жоспарын әзірлеу шеңберінде техникалық аудит қорытындысының қорытындылары бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру көзделеді:

      1) жылдар бойынша бөле отырып, сумен жабдықтау жүйелерін дамыту жоспарларын іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар тізбесі, оның ішінде :

      жаңа нысандардың құрылысы (сумен жабдықтау көздері, оның ішінде су алу құрылыстары мен ұңғымалар; сорғы станциялары, ауыз суды тазарту құрылыстары және су жинақтау жүйелері; сумен жабдықтау және су бұру желілері, соның ішінде магистральдық құбырлар, тарату желілері, сондай-ақ нөсер кәрізі желілері; кәріздік тазарту құрылыстары, модульдік түрдегі жергілікті тазарту кешендері);

      тозған учаскелерді ауыстыра отырып, қолданыстағы объектілерді (сумен жабдықтау және су бұру желілерін; энергия тиімді жабдықты орната отырып, сорғы станцияларын; ауыз су мен сарқынды суды тазартудың қазіргі заманғы технологияларын енгізе отырып, тазарту құрылыстарын) реконструкциялау және жаңғырту;

      күрделі жөндеу (сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жекелеген учаскелерін; сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің құрылыстары мен жабдықтары);

      2) сумен жабдықтау схемаларын іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралардың техникалық негіздемелері, оның ішінде сумен жабдықтаудың әлеуетті көздерінің гидрогеологиялық сипаттамалары, сумен жабдықтау көздерінің санитариялық сипаттамалары, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру схемаларында көзделген іс-шараларды іске асыру нәтижесінде көрсетілген сипаттамалардың ықтимал өзгеруі;

      3) жаңадан салынып жатқан, реконструкцияланатын және пайдаланудан шығаруға ұсынылатын сумен жабдықтау жүйесінің объектілері туралы мәліметтер;

      4) сумен жабдықтауды жүзеге асыратын ұйымдардың объектілерінде диспетчерлеу, телемеханизация жүйелерін және су бұру режимдерін басқару жүйелерін дамыту туралы мәліметтер:

      5) ғимараттардың, құрылыстардың, құрылыстардың суды есепке алу аспаптарымен жарақтандырылуы және олардың тұтынылған су үшін есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде қолданылуы туралы мәліметтер;

      6) аудандардың, қалалардың, кенттердің және ауылдық округтердің аумағы бойынша құбырлардың (трассалардың) өту бағыттары нұсқаларының сипаттамасы және олардың негіздемелері;

      7) сорғы станцияларын, резервуарларды, су арынды мұнараларды орналастыру орны туралы ұсынымдар;

      8) орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау, суық сумен жабдықтау жүйелері объектілерін орналастырудың жоспарланған аймақтарының шекаралары;

      9) орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау, суық сумен жабдықтау жүйелері объектілерінің қазіргі және жоспарланған орналасу карталары (схемалары).

4-параграф. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары

      26. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері объектілерін пайдалану кезінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайтуға бағытталған шаралар кешенін қамтиды және:

      1) сумен жабдықтаудың жерүсті және жерасты көздері сапасының сипаттамасы:

      суды зертханалық зерттеу нәтижелерін талдау;

      санитариялық-химиялық, микробиологиялық және радиологиялық көрсеткіштер бойынша артықшылықтардың болуы;

      бас тоғандарды ықтимал ластау көздері.

      2) орталықтандырылған су бұру жүйелеріне жіберілетін сарқынды сулардың сапасы туралы мәліметтер:

      сарқынды сулардың сапа көрсеткіштерінің жол берілетін төгінділер нормативтеріне (ҚҚС) сәйкестігі;

      ластанған ағынды сулардың түзілу көздерінің сипаттамасы (өнеркәсіптік кәсіпорындар, тұрмыстық ағындар).

      3) тазарту құрылыстарының техникалық жай-күйі туралы ақпарат:

      негізгі көрсеткіштер бойынша ағынды суларды тазартудың нақты тиімділігі (БПК, ХПК, азот, фосфор, патогенді микрофлора);

      тазарту құрылыстарының істен шығу жиілігі және тазартылмаған немесе жеткіліксіз тазартылған сарқынды суларды ағызу жағдайлары.

      4) сарқынды суларды ағызудың су объектілеріне әсерін бағалау:

      экологиялық бақылау жөніндегі уәкілетті органдардың хаттамалары мен актілерінің болуы;

      су объектілерінің ластану фактілері, салынған айыппұлдар, нұсқамалар туралы мәліметтер.

      5) табиғат қорғау заңнамасының сақталуы туралы мәліметтер:

      жол берілетін төгінділердің келісілген нормативтерінің болуы;

      сумен жабдықтау көздерінің су қорғау аймақтары мен санитарлық-қорғау аймақтарының талаптарын орындау.

      6) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жұмыс істеуінің экологиялық қауіпсіздік дәрежесі туралы қорытынды:

      қолданыстағы жүйелердің қоршаған ортаға әсері туралы қорытынды;

      анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдар.

5-параграф. Қаржыландыру көздері мен көлемі туралы ақпарат

      27. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері объектілерін салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға күрделі қаржы салу кезінде қаржыландыру көлемі туралы ақпарат бекітілген жобалау-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздемелер негізінде айқындалады.

      Қазақстан Республикасында орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері объектілерін салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға күрделі қаржы салу кезінде қаржыландыру көзіне республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, су арналарының меншікті қаражаты кіреді.

6-параграф. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің қолданыстағы және жоспарланған орналасу карталары (схемалары)

      28. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің қазіргі және жоспарланған орналасу карталары (схемалары) су беру және сарқынды суларды бұру үшін пайдаланылатын желілердің орналасуы мен құрылымын көрсететін графикалық құжаттарды қамтиды, сондай-ақ ағымдағы жай-күйі мен жоспарланған өзгерістерді қамтиды.

      Қолданыстағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелері карталарда (схемаларда) сумен жабдықтау көзін, су жинау құрылыстарын, тазарту құрылыстарын, құбырларды, сорғы станцияларын, резервуарларды, қосу нүктелерін, сарқынды суларды бұру, сарқынды суларды тазарту құрылыстарын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін шартты белгілердің көмегімен көрсетіледі.

      Карталардағы (схемалардағы) жоспарланған өзгерістер желілердің кеңейтілуін, желілердің жаңғыртылуын, жаңа тазарту құрылыстарының құрылысын, су бұру схемаларының өзгеруін көрсететін жаңа элементтер немесе қолданыстағылардың өзгерістері түрінде белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады