Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және "Ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ашық деректер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2017 жылғы 26 маусымдағы № 15/165 қаулысының күші жойылды деп тану туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі № 22/32 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2025 жылғы 8 қыркүйекте № 36807 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кейбір қаулыларының тізбесі бекітілсін.

      2. "Ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ашық деректер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2017 жылғы 26 маусымдағы № 15/165 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15440 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы аппаратының заң бөлімі осы қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылсын.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы
Н. Абдиров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуратурасы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және ақпарат министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау
комиссиясының Төрағасы
2025 жылғы 8 қыркүйектегі
№ 22/32 қаулысымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір қаулыларының тізбесі

      1. "Арнаулы уақытша шот ашу және сайлау қорының қаражатын жұмсау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 7 тамыздағы № 19/222 қаулысына (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тіркеу тізілімінде № 870 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Арнаулы уақытша шот ашу және сайлау қорының қаражатын жұмсау қағидаларында:

      9-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9-1. Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттың сайлау қоры:

      1) кандидаттың жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен екі жүз еседен аспауға тиісті өз қаражатынан;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен бес жүз еседен аспауға тиісті ерікті қайырмалдықтарынан құралады.

      Жеке тұлғаның ерікті қайырмалдықтарының шекті мөлшерлері жиынтығында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінен жиырма бес еседен және Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының ерікті қайырмалдықтарының шекті мөлшерлері жиынтығында елу еседен аспауға тиіс.";

      16-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламент депутаттығына, мәслихат депутаттығына кандидат және партиялық тізімін ұсынған саяси партия өздерiнің сайлау қорлары қаражатынан:".

      2. "Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың депутаттық қызметпен байланысты шектеулерді, депутаттық әдеп ережелерін сақтауына байланысты, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға, оларды өкілеттігінен және депутатқа ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыруға байланысты мәселелерді Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына дайындау жөніндегі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2016 жылғы 22 маусымдағы № 40/137 қаулысына (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тіркеу тізілімінде № 13954 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың депутаттық қызметпен байланысты шектеулерді, депутаттық әдеп ережелерін сақтауын, депутаттардың өкілеттігін тоқтатуды, оларды өкілеттігінен және депутатқа қолсұғылмаушылықтан айыруды Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына дайындау мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды қолсұғылмаушылықтан айыру мәселелері жөніндегі ережені бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануды, олардың депутаттық қызметпен байланысты шектеулерді, депутаттық әдеп ережелерін сақтауын, депутаттардың өкілеттігін тоқтатуды, оларды өкілеттігінен және депутатқа қолсұғылмаушылықтан айыруды Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына дайындау мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды қолсұғылмаушылықтан айыру мәселелері жөніндегі ереже бекітілсін.";

      Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың депутаттық қызметпен байланысты шектеулерді, депутаттық әдеп ережелерін сақтауына байланысты, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға, оларды өкілеттігінен және депутатқа ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыруға байланысты мәселелерді Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына дайындау жөніндегі ережені бекіту туралы:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Депутаттарға жазалау шараларын қолдануды, олардың депутаттық қызметпен байланысты шектеулерді, депутаттық әдеп ережелерін сақтауын, депутаттардың өкілеттігін тоқтатуды, оларды өкілеттігінен және депутатқа қолсұғылмаушылықтан айыруды Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына дайындау мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды қолсұғылмаушылықтан айыру мәселелері жөніндегі ереже";

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Депутаттарға жазалау шараларын қолдануды, олардың депутаттық қызметпен байланысты шектеулерді, депутаттық әдеп ережелерін сақтауына байланысты, депутаттардың өкілеттігін тоқтатуды, оларды өкілеттігінен және депутатқа қолсұғылмаушылықтан айыруды Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына дайындау мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды қолсұғылмаушылықтан айыру мәселелері жөніндегі ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 52-бабы 6-тармағын, "Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 33-бабы 4-тармағын, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 47-бабы 3-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 11 қарашадағы № 3205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы туралы ереженің 15-тармағы 23) тармақшасын іске асыру мақсатында бекітілді.

      2. Ереже Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының (бұдан әрі – Орталық сайлау комиссиясы) депутаттарға Конституцияның 52-бабы 2-тармағының талаптарын бұзғаны үшін жазалау шараларын қолдануды, олардың депутаттық қызметпен байланысты шектеулерді, депутаттық әдеп ережелерін сақтауын, депутаттардың өкілеттігін тоқтатуды, оларды өкілеттігінен және депутатқа қолсұғылмаушылықтан айыруды Қазақстан Республикасы Парламентінің (бұдан әрі – Парламент) қарауына дайындауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды қолсұғылмаушылықтан айыруын регламенттейді.";

      5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға, оларды өкілеттігінен және депутатқа қолсұғылмаушылықтан айыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидаттарды қолсұғылмаушылықтан айыруға байланысты мәселелерін қарау";

      мынадай мазмұндағы 21 және 22-тармақтармен толықтырылсын:

      "21. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Қазақстан Республикасының Президенттiгіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге немесе сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға келiсiм алу туралы ұсынымы Орталық сайлау комиссиясымен ол келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.

      22. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынымын қарау нәтижелері бойынша Орталық сайлау комиссиясы қорытынды шығарады, ол шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жіберіледі.".

      3. "Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшін қаражат бөлу қағидалары мен көлемдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 25 тамыздағы № 12/202 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17426 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшін қаражат бөлу қағидалары мен көлемдерінде:

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Кандидаттар өздерінің сайлау алдындағы бағдарламаларымен шығуы үшін оларға мемлекет бөлген қаражат шеңберінде баспа және/немесе интернет басылымдардағы, теле-, радиоарналардағы жарияланымдар көлемін өз беттерінше қайта бөлуге құқылы.

      5. Мемлекет кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің бағдарламаларымен шығуы үшін: теледидардан (тікелей эфирде немесе жазып алынған - он бес минут; радиодан - он минут; мерзімді баспасөз басылымдарында немесе интернет басылымдарда 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялауы үшін бірдей көлемде қаражат бөлінуіне кепілдік береді.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады