БҰЙРЫҚ ЕТЕМІН:
1. "Коммуналдық қызметтер тізбесін және Коммуналдық қызметтер көрсету бойынша үлгілік қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 249 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20542 тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үлгілік қағидаларында:
1-тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) бірыңғай төлем құжаты - коммуналдық және қосымша қызметтерге ақы төлеуді жүзеге асыру үшін жасалған, төлем және (немесе) ақша аударымы негізінде немесе оның көмегімен жүзеге асырылатын электрондық нысанда қалыптастырылған құжат;";
мынадай мазмұндағы 1-1) және 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"1-1) биллинг - абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ оларды тарифтеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
1-2) бірыңғай есеп айырысу орталығы (бұдан әрі - БЕО) - уәкілетті орган айқындайтын жұмыс істеу талаптары мен тәртібіне сәйкес келетін, бірыңғай төлем құжатын қалыптастыруды жүзеге асыратын және ақпараттық жүйелер негізінде коммуналдық көрсетілетін қызметтерді берушілер мен коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін заңды тұлғалар;";
мынадай мазмұндағы 9-1) және 9-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"9-1) қаржы ұйымдары - қызметі "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Заңмен реттелетін банктер, сондай-ақ "Төлем ұйымдары және төлем жүйелері туралы" Заңға сәйкес қызметін жүзеге асыратын, БЕО-ның қаржы серіктестері болып табылатын, меншікті төлем құралдарын (касса, интернет-банкинг, мобильді қосымшалар, терминалдар және басқа да құралдар) пайдалана отырып бірыңғай төлем құжаты негізінде тұтынушылардан төлемдерді қабылдайтын және алынған ақшалай қаражатты қызметтерді жеткізушілердің есеп шоттарына аударатын төлем ұйымдары;
9-2) қосымша қызметтер - бұл коммуналдық қызметтер болып табылмайтын, бірақ жайлы және қауіпсіз тұруды қамтамасыз етуге бағытталған жеке меншік үйлерді қоса алғанда, тұрғын үй қорын ұстаумен, қызмет көрсетумен және пайдаланумен тікелей байланысты қызметтер;";
13) және 14) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"13) сумен жабдықтау – су ресурстарын жинауды, сақтауды, дайындауды, беруді және бөлуді қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;
14) су бұру – сарқынды суларды жинауды, тасуды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне, сарқынды суларды жинақтағыштарға немесе жергілікті жер бедеріне ағызуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;";
мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшасымен толықтырылсын:
"15-1) транзиттік шот - екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылатын, көрсетілген қаражатты тиісті қызметтерді көрсетушілердің есеп айырысу шоттарына кейіннен автоматтандырылған түрде бөлумен, Бірыңғай төлем құжаты негізінде коммуналдық қызметтерді тұтынушылардан түсетін ақшалай қаражатты жинақтауға арналған арнайы банктік шот;";
мынадай мазмұндағы 18-1) және 18-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"18-1) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы электрондық нысандағы ақпаратты орталықтандырылған түрде жинау және сақтаудың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – Орталықтандырылған түрде жинаудың АЖ-сы) – бұл тұрғын үй қорын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты талдау және тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру үшін ТКШ ақпараттандыру объектілерінен ақпаратты шоғырландыруды қамтамасыз ететін, мемлекеттік ақпараттық жүйе;
18-2) тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техникалық оператор - энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техникалық операторы ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға;".
20) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"20) тұтынушы - коммуналдық және өзге де қосымша қызметтерді пайдаланатын немесе пайдалану ниеті бар жеке немесе заңды тұлға;".
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Қосылыс желісі арқылы коммуналдық қызметтер үшін тұтынушы мен коммуналдық қызметтерді жеткізуші арасында жеке және (немесе) жария шарттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалады.
Меншік иелерінің бірлестіктері немесе кондоминиум объектісін басқару субъектілері коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен (қызметтің әр түріне) ынтымақтастық туралы шарттар жасайды.
Мүлік иелерінің бірлестіктері немесе кондоминиум объектісін басқару субъектілері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға сервистік қызмет субъектілерімен шарт жасаса алады.
Тікелей бірлескен басқару кезінде ынтымақтастық шарттары кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға коммуналдық қызметтер көрсететін ұйымдар және пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелерімен немесе пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің көпшілігімен жасалады. Бұл ретте пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің барлығы немесе көпшілігі шарттың бір тарабы ретінде әрекет етеді.
Егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы жеткізуші мен тұтынушы арасындағы шарт қолданыстағы заңнамаға қайшы келмеуі тиіс және белгісіз мерзімге жасалған болып саналады.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы немесе кондоминиум объектісін басқару субъектілері үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтардың, сондай-ақ кондоминиум объектісінің ортақ меншігі болып табылатын есепке алу аспаптарын техникалық күйінде күтіп-ұстауды қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет субъектісімен шарт жасасуы мүмкін.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы немесе кондоминиум объектісін басқару субъектілері не пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық иелері, сондай-ақ жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауды қамтамасыз ететін сервистік қызмет субъектісі жеткізушіге, оның өкілдеріне коммуналдық инженерлік жүйелерге, есепке алу аспаптарына, коммуналдық қалдықтарды орналастыру және сақтау орындарына кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді.";
мынадай мазмұндағы 11-1-тармақпен толықтырылсын:
"11-1. Жергілікті атқарушы органдар есептердің ашықтығын қамтамасыз етуге, тарифтердің сақталуын бақылауға, қателерді анықтауға, тұтынушылардың құқықтарын теріс пайдалануды болдырмауға және қорғауға бағытталған БЕО мен қызметтерді жеткізушілер ұсынатын ақпаратты жинау, өңдеу және талдау арқылы коммуналдық қызметтер үшін есеп айырысу мониторингін жүзеге асырады."
14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы немесе кондоминиум объектісін басқару субъектілері не пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық иелері кондоминиум объектісін жылыту маусымына дайындық жұмыстарын "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес жергілікті өкілді органдар бекіткен жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларына сәйкес ұйымдастырады.
15. Мүлiк меншік иелерi бiрлестiгiнiң төрағасы немесе кондоминиум объектiсiн басқару субъектiлерi пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің тұтынушыларынан коммуналдық көрсетілетін қызметтердің тиісінше көрсетпегені туралы және (немесе) үзіліспен көрсеткені туралы фактілер бойынша хабарламаны қабылдайды, тиісті актіні қалыптастыра отырып жеткізушімен бірлесіп осындай фактіні салыстырып тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді.";
мынадай мазмұндағы 9) және 10) тармақшалармен толықтырылсын:
"9) "ТКШ бірыңғай платформасынан" бірыңғай төлем құжатының электрондық нұсқасын алады;".
10) қажет болған жағдайда қағаз түріндегі төлем құжатын жеткізуді ұйымдастыруды БЕО жүзеге асырады. Бұл ретте, қағаз төлем құжаты тұтынушы қол қойған қағаз түріндегі төлем құжатын алуға өтініш болған кезде жеткізіледі.";
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) БЕО-ға электрондық нысанда бірыңғай төлем құжатын қалыптастыру үшін тұтынушыға жасалған шарттар негізінде көрсетілген коммуналдық және қосымша қызметтер үшін қажетті ақпаратты ай сайын ұсынады;";
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"8) өзге тұтынушылардың талаптарды орындамау себептері бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген себептер бойынша коммуналдық қызметтерді көрсетуден бас тартпайды және тұтынушыны коммуналдық қызметтерді алуда шектемейді;";
мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:
"10) БЕО-ға берілетін деректердің шынайлылығы мен дұрыстығы үшін, оның ішінде тарифтерге, қызметтердің көлеміне, шарттардың талаптарына, есептеу аспаптарының деректеріне, тұтыну нормативтеріне және басқа да параметрлерге сәйкестігін қоса алғанда тұтынушылар алдында жауапты болады. Сондай-ақ ол ақпаратты келісім-шарттармен және есеп құжаттарымен салыстырады, арифметикалық қателіктерді, қате күндер мен тарифтерді қоса алғанда, қателерді анықтайды және жояды.";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Коммуналдық көрсетілетін қызметтерге төлемдерді қабылдау жеткізушінің және (немесе) екінші деңгейдегі банктер, төлем ұйымдары, сондай-ақ ақшалай қаражатты пошталық аударымдармен жүзеге асыратын пошта байланысы операторларының кассалары арқылы жүзеге асырылады.";
мынадай мазмұндағы 23-1, 23-2 және 23-3-тармақтармен толықтырылсын:
"23-1. БЕО бірыңғай төлем құжаты негізінде түскен ақшалай қаражатты тек қана қаржы ұйымдарының арнайы транзиттік шоттарында жинақтайды. Жеткізушілерге қаражат аудару тұтынушылардан нақты түскен төлемдер туралы деректер БЕО деректерін өңдегеннен кейін үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
23-2. Екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жеткізушілердің есеп шоттарына бөлінгенге дейін транзиттік шоттағы ақша қаражатының сақталуын қамтамасыз етеді.
23-3. Жеткізушілерге арнайы транзиттік шоттан ақша қаражаты уақтылы аударылмаған жағдайда, өсімпұлды есептеуі және төлеуі БЕО мен қаржы ұйымдары, оның ішінде екінші деңгейдегі банктер және транзиттік шот ашылған банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасында жасалатын есеп айырысу-кассалық қызметтерді көрсетуге арналған келісім-шарттардың шарттарымен айқындалады.";
24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"24. Коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеу мерзімі тұтынушы мен жеткізушінің арасындағы шартпен айқындалады, бұл ретте, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, төлем есептеуден кейінгі айдың жиырма бесінен кешіктірілмей жүргізіледі.";
30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"30. Көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстау үшін коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін төлемақы мәселесі мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы немесе кондоминиум объектісін басқару субъектісі немесе коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тікелей жеткізуші арқылы пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жиналысында шешіледі.";
мынадай мазмұндағы 4-1-тараумен толықтырылсын:
"4-1-тарау. БЕО-ның талаптары мен жұмыс тәртібі.
31-1. Жергілікті атқарушы органдар заңнаманың талаптарына сәйкес келетін бекітілген өлшемшарттар негізінде, БЕО іріктеу жөніндегі конкурсты ұйымдастырады;
31-2. Әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында қызметін облыс шегінде, оның қалаларын, аудандарын, аудандық маңызы бар қалаларын және ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, жүзеге асыратын бір немесе бірнеше БЕО жергілікті атқарушы орган болып айқындалуы мүмкін. БЕО жеткізушілерден барлық есептеулерді тұтынушыға ұсынылатын бір төлем құжатына біріктіреді. БЕО-ны айқындау қолданыстағы заңнамаға сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады;
31-3. БЕО шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды қоса алғанда, кәсіпкерлік қызмет субъектілері нысанында не заңнамада және жергілікті атқарушы органдардың шешімдерінде көзделген өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрылады.
31-4. БЕО абоненттердің дерекқорына қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді, тұтынушылар үшін жеке кабинеттер ашады, жеткізушілерге есеп беруді қалыптастырады және ұсынады, ай сайын жоспарлы есептеулер мен нақты төлемдер туралы ақпаратты беруді жүзеге асырады, сондай-ақ "Орталықтандырылған түрде жинаудың АЖ-мен" интеграциялау арқылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптарды сақтауды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ақпараттық қауіпсіздікті ескере отырып тұтынушылар туралы деректерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
31-5. БЕО жеткізуші ұсынған есеп айырысу шоттары туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады;
31-6. БЕО биллингтік жүйені пайдаланады не функцияларды белгіленген талаптарға сәйкес тиісінше орындауды қамтамасыз ететін қажетті бағдарламалық-техникалық құралдары мен білікті мамандары бар сыртқы ұйымды (биллингтік компанияны) тартады;
31-7. БЕО жеткізуші ұсынған ақпараттың және ұсынылған шоттардың сәйкестігіне толық жауапты болады;
31-8. Есептеулердің дұрыстығын жоспарлы ішкі тексерулер тоқсанына кемінде бір рет, жоспардан тыс тексерулер - тұтынушылардан немесе уәкілетті органдардан өтініштер келіп түскен кезде жүргізіледі;
31-9. Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда БЕО бастама жасайды:
1) анықталған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде бұзушылықтарды тіркеуге;
2) анықталған бұзушылықтарды негіздей отырып, тиісті құрылымдық бөлімшелерге хабарлама жіберуге;
3) тиісті шотты түзетуге бастамашылық етуге;
31-10. Қателер мен сәйкессіздіктер анықталған кезде олар туралы ақпарат, сондай-ақ тексеру нәтижелері ішкі талаптарға сәйкес тіркеуге және құжаттамалық ресімдеуге жатады;
БЕО міндетті:
1) шоттарды ұсынудың ішкі рәсімін қайта қарауды жүргізуге;
2) тиісті ішкі талаптарды қайта қарауға бастамашылық жасауға;
3) қателер мен сәйкессіздіктер анықталған жағдайларда тіркеу журналына және сәйкессіздік туралы актіні немесе ішкі қызметтік есепті ресімдей отырып, сәйкессіздіктерді тіркеуге;
31-11. Барлық тексерулердің нәтижелері құжатпен ресімделуге және жүргізілген күннен бастап кемінде үш жыл бойы сақталуға тиіс;
31-12. БЕО-ға қойылатын талаптар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды тұлға ретінде тіркеу;
2) ол ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган беретін сәйкестік аттестатымен немесе өзі аккредиттеген ұйым берген сәйкестік сертификатымен расталуға тиіс ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Бірыңғай талаптарға сәйкес пайдаланылатын есепке алу және есеп айырысу процестерін автоматтандыру үшін қазіргі заманғы ақпараттық жүйелердің болуы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ақпараттық коммуникациялық технологиялар және ақпараттық-қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды сақтау;
4) кемінде екі екінші деңгейдегі банкпен жасалған келісімдердің болуы;
5) тұтынушылардың дербес деректерін қорғау тетіктерінің болуы.
31-13. БЕО функциялары:
1) белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес әртүрлі байланыс арналары арқылы нақты уақыт режимінде тұтынушыларды консультациялық қолдауды қамтамасыз ету;
2) міндетті түрде хабардар ете отырып және бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзарту құқығымен азаматтардың шағымдары мен өтініштерін он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарау;
3) БЕО-ның ресми сайттарында және ақпараттық ресурстарында жариялау:
а) басқару органдарының ұйымдық құрылымы мен құрамы туралы мәліметтер;
б) пайдаланылатын технологиялық шешімдер мен ақпараттық жүйелердің тізбесі;
в) деректер қауіпсіздігін және жүйенің істен шығуға төзімділігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау;
г) төлемдер, пайдаланушылар саны және жұмыс тиімділігінің негізгі көрсеткіштері туралы жалпы ақпарат;
д) жергілікті атқарушы органдардың және басқа да уәкілетті органдардың сұрау салуы бойынша шотта көрсетілген коммуналдық қызметтер бойынша берешек туралы ақпарат.
31-14. БЕО қызметінің нәтижелілігін бағалау:
1) БЕО қызметінің нәтижелілігін бағалау үшін сапа мен қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына қол жеткізуге, есеп айырысу мерзімдері мен дәлдігін сақтауға, сондай-ақ тұтынушылардың қанағаттануына бағытталған бағдарлар белгіленеді;
2) Нәтижелілікті бағалау мынадай аспектілерді қамтуы мүмкін, бірақ олармен шектелмейді:
а) қызмет көрсету сапасы және тұтынушылардың сауалдары мен шағымдарына жауап беру уақыты;
б) ұсынылған шоттардың дұрыстығы мен уақтылылығы пайызы;
в) деректердің қауіпсіздігі және дербес деректерді қорғау деңгейі;
г) тұтынушылардың ұсынылатын қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі;
д) қызметтерді тұтыну туралы алынған деректерді ескере отырып, есептеулер мен түзетуші есептерді уақтылы ұсыну;
е) тұрғындарға шоттарды төлеудің әртүрлі тәсілдерін қамтамасыз ету үшін екінші деңгейдегі банктермен және төлем ұйымдарымен шарттардың және интеграцияның болуы.
3) Жергілікті атқарушы органдар БЕО-мен шарттық қатынастар шеңберінде белгіленген бағдарларға қол жеткізуді бақылауды жүзеге асырады;
4) Мониторинг және шарттардың орындалуын орындау нәтижелері БЕО-ның ресми ресурстарында тұрақты есеп беруге және жариялауға жатады;
5) Әрбір бағыт үшін нормативтік құқықтық актілерге, БЕО ішкі регламенттеріне және шарттық міндеттемелерге сәйкес нақтыланатын нысаналы мәндер белгіленеді;
6) БЕО қызметінің нәтижелілігін бағалау бір күнтізбелік жыл ішіндегі деректер негізінде жүргізіледі. Белгіленген бағдарлар мен бағалаудың оң нәтижелеріне қол жеткізілген жағдайда, тиісті шарттық қатынастардың қолданылу кезеңі келесі бес жылға ұзартылуы мүмкін.";
34 және 35-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"34. Жеткізуші коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынбау немесе сапасы төмен мемлекеттік қызметтер көрсету фактісін куәландырудан бас тартқан кезде тұтынушы мыналар көрсетілген акт жасауға және жазбаша өтініш жазуға құқылы:
1) коммуналдық қызметтер көрсетуден бас тартудың (ажыратудың) немесе оны сапасыз жеткізуің басталған уақыты;
2) коммуналдық көрсетілетін қызметтер сапасы нашарлауының сипаты;
3) өтінім берудің уақыты және оны тіркеу нөмірі (жеткізушінің журналы бойынша);
4) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді қалпына келтіру уақыты (оның сапасының қалыпқа келуі);
5) коммуналдық көрсетілетін қызметтер болмаған (сапасының нашарлаған) кезеңі.
Тұтынушы көппәтерлі тұрғын үйде тұрған кезде өтінішке және аакт-қа тұтынушы және кемінде екі адам қол қояды, оның ішінде: үй кеңесінің мүшесі, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы немесе кондоминиум объектісін басқару субъектісі не пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері тікелей бірлескен басқару кезінде және өнім берушіге жолданады.
Тұтынушы жеке тұрғын үйде тұрған кезде өтініш пен актіге тұтынушы қол қояды.
Егер дау тараптардың келісімі бойынша шешілмесе, тұтынушы сотқа жүгінеді.
35. Коммуналдық көрсетілетін қызметтерді пайдалану кезінде тұтынушы жол берген бұзушылықтар жеткізуші мен тұтынушы өкілдерінің екі жақты актісінде ресімделеді, олардың біреуі тұтынушыға беріледі.
Акт тұтынушы қол қоюдан бас тартқан кезде де жарамды деп есептеледі, бірақ оны кемінде үш адамнан тұратын комиссия ресімдеген жағдайда:
өнім берушінің, үй кеңесінің өкілдері және мүлік иелері бірлестігінің төрағасы немесе кондоминиум объектісін басқару субъектісі;
жақын маңдағы жеке тұрғын үйлерде тұратын екі тұрғын қатысқан жағдайда, тұтынушы жеке тұрғын үйде тұрған кезде бұзушылықты фотофиксациялау және (немесе) бейнетіркеу актісіне қоса беріледі.";
2. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1. осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2. осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында оны ресми жариялағаннан кейін орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі."
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
энергетика министрлігі