Зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құнын белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 5 маусымдағы № 169 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 12 маусымда № 36255 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құнын белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
С. Жакупова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
2025 жылғы 5 маусымдағы
№ 169 бұйрығымен
бекітілген

Зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құнын белгілеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құнын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құнын белгілеу тәртібін белгілейді.

2-тарау. Зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құнын белгілеу тәртібі

      2. Зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құны тікелей, жанама және үстеме шығыстардың сомалары негізінде келесі формула бойынша белгіленеді:

      Қ = ∑ТШ+ЖШ+ҮШ,

      мұнда:

      Қ – зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құны;

      ТШ – тікелей шығыстар;

      ЖШ – жанама шығыстар;

      ҮШ – үстеме шығыстар.

      3. Зерттеулердің, консалтингтік қызметтердің құнын есептеу кезінде штат кестесіне сәйкес лауазымдар бойынша зерттеулерге және консалтингтік қызметтер көрсетуге тікелей қатысатын барлық жұмыскерлердің жалақысы әрбір жұмыскер бойынша жеке көрсетіледі.

      4. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:

      1) зерттеулер, консалтингтік қызметтерді жүзеге асыратын жұмыскерлердің жалақысы;

      2) тартылатын сыртқы сарапшылар қызметтерінің құны;

      5. Жанама шығыстарға іссапар шығыстары жатады.

      6. Үстеме шығыстарға мыналар жатады:

      1) материалдар мен жабдықтарды сатып алу;

      2) көлік шығыстары:

      3) үй-жайды жалға алу;

      4) жабдықтар мен техниканы жалға алу;

      5) ғылыми-ұйымдастырушылық сүйемелдеу;

      6) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;

      7) өзге де шығыстар (зерттеулер мен консалтингтік қызметтерді жүргізу үшін тікелей қажетті ақпараттық қызметтер, коммуналдық қызметтер (электр энергиясы, жылыту, сумен жабдықтау және кәріз, қоқыс шығару), ғимаратты күтіп ұстауға және қызмет көрсетуге, байланыс және интернет қызметтеріне, банк қызметтеріне арналған шығыстар).

      7. Зерттеулер, консалтингтік қызметтерді жүргізу үшін сыртқы сарапшыларды тарту азаматтық-құқықтық мәміле жасасу негізінде жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады