Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу қағидалары бекітілсін.
2. "Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 10 маусымдағы №182 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23102 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық ғылым және білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
А. Сапаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі 2025 жылғы 30 мамырдағы № 184 бұйрығымен бекітілген |
Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу тәртібін айқындайды.
2-тарау. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу тәртібі
2. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құны тікелей, жанама және үстеме шығыстардың сомасына сүйене отырып мынадай формула бойынша белгіленеді:
Қ = ∑ТШ+ЖШ+ҮШ,
мұнда:
Қ – зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құны;
ТШ – тікелей шығыстар;
ЖШ – жанама шығыстар;
ҮШ – үстеме шығыстар.
3. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын есептеген кезде зерттеу жұмысын орындауға тікелей қатысатын барлық жұмыскерлердің жалақысы штаттық кестеге сәйкес лауазымдар бойынша әрбір жұмыскер бойынша жеке көрсетіледі.
4. Тікелей шығыстарға:
1) зерттеулерді, консалтингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын жұмыскерлердің жалақысы;
2) тартылатын сыртқы сарапшылар көрсететін қызметтер құны жатады.
5. Жанама шығыстарға іссапар шығыстары жатады.
6. Үстеме шығыстарға:
1) материалдар мен жабдықтарды сатып алу;
2) көлік шығыстары;
3) ғимаратты жалға алу;
4) жабдықтар мен техниканы жалға алу;
5) ғылыми-ұйымдастырушылық сүйемелдеу;
6) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;
7) басқа да шығыстар (тікелей зерттеулерді және консалтингтік көрсетілетін қызметтерді жүргізу үшін қажетті ақпараттық қызметтер, коммуналдық қызметтер (электр энергиясы, жылыту, сумен жабдықтау және кәріз, қоқыс шығару), ғимаратты ұстауға және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар, байланыс және интернет қызметтері, банктік қызметтер) жатады.
7. Зерттеулер, консалтингтік көрсетілетін қызметтер жүргізу үшін сыртқы сарапшыларды тарту азаматтық-құқықтық мәміле жасасу негізінде жүзеге асырылады.