Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандартын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 21 мамырдағы № 117 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 21 мамырда № 36137 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 74) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2025 жылғы 21 мамырдағы
№ 117 бұйрығына
қосымша

Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабының 74) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаудың сапасына, көлеміне және шарттарына қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Осы Стандартта қолданылатын терминдер мен анықтамалар:

      1) арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау – қызметтің қандай да бір түрін орындау қабілеттерін қалпына келтіруге немесе оның орнын толтыруға бағытталған көрсетілетін қызметтер мен іс-шаралар кешені;

      2) командалық бағалау – педагогтер тобының ерекше білім беру қажеттіліктерін, түзету-дамыту бағдарламасының негізгі бағыттарын айқындауы және арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаудың тиімді әдістерін таңдауы;

      3) мүмкіндігі шектеулі бала (балалар) (бұдан әрі – МШ балалар) – белгiленген тәртiппен расталған, туа бiткен, тұқым қуалаған, жүре пайда болған аурулардан немесе жарақаттардың салдарынан тiршiлiк етуi шектелген, дене және (немесе) психикалық кемiстiгi бар он сегiз жасқа дейiнгi бала (балалар).

      3. Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау мынадай принциптерге негізделеді:

      1) ерте педагогикалық көмек – баланың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтау;

      2) түзету-компенсаторлық бағыттылық – ағзаның сақталған анализаторлары, функциялары мен жүйелерін ескере отырып, бұзылыстарды алдын алу және түзету;

      3) түзету-дамытушылық бағыттылық – даму бұзылыстарын жеңу үшін жағдай жасау;

      4) ойлау, тіл және коммуникацияны дамыту – оқуда және әлеуметтенуде табысқа жетуді қамтамасыз ету үшін сөйлеу, ойлау, қарым-қатынас мәселелерін шешу;

      5) сабақтастық – білім беру ұйымдары арасындағы жүйелілік пен үздіксіздік;

      6) ғылымилық – ғылыми дәлелденген тәсілдер мен әдістерге сүйену;

      7) сараланған және жеке тәсіл – түзету жұмысының әдістерін, нысандары мен құралдарын таңдау кезінде әр баланың жеке ерекшеліктері, қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескеру;

      8) тұлғаға бағдарланған тәсіл – баланың жеке дамуын қолдау және оның әлеуетін ашу;

      9) іс-әрекеттік тәсіл – практикалық іс-әрекет арқылы баланы оқыту, дамыту және әлеуметтік бейімдеу процесіне белсенді қатыстыру.

      4. Осы Стандарт меншік нысанына қарамастан МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын білім беру субъектілеріне қолданылады.

2-тарау. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын субъектілер

      5. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын субъектілер:

      1) мектепке дейінгі білім беру ұйымдары;

      2) орта білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта);

      3) мамандандырылған білім беру ұйымдары;

      4) арнайы білім беру ұйымдары;

      5) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары;

      6) балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары.

3-тарау. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің шарттары

      6. МШ балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау келесі қызметтер кешенін қамтиды:

      1) командалық бағалау;

      2) жеке-дамыту бағдарламасын әзірлеу;

      3) түзету-дамыту сабақтарын өткізу;

      4) ата-аналарға немесе басқа да заңды өкілдерге, педагогтерге кеңес беру.

      7. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын субъектілер келесі іс-шараларды өткізеді:

      1) ата-аналарға немесе басқа да заңды өкілдерге бағалаудың мақсаты, міндеттері, әдістері және қолдаудың болжамды түрлері бойынша ақпарат береді;

      2) бағалау жүргізуге ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің жазбаша келісімін алады;

      3) алынған деректердің құпиялылығына және оларды тек баланың мүддесі үшін пайдаланатынына кепілдік береді;

      4) баланың қажеттіліктеріне сәйкес оқыту мен тәрбиелеуге, білім беру және дамытушы ортаны бейімдеуге жағдай жасайды;

      5) балалардың дағдыларының қалыптасу динамикасына бастапқы, аралық және қорытынды мониторингті жүзеге асырады;

      6) бағалау нәтижелері мен ұсынылған қолдау шараларын талқылау үшін ата-аналармен немесе басқа да заңды өкілдермен өзара әрекеттесуді қамтамасыз етеді;

      7) педагогтерге әдістемелік және кеңестік қолдау көрсетеді;

      8) мамандардың пәнаралық өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді.

      8. Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау есту, көру, сөйлеу, тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары, оқудағы ерекше қиындықтары бар, психикалық дамуы тежелген, зияты зақымдалған, қарым-қатынас және әлеуметтік өзара іс-әрекет бұзылыстары немесе қиындықтары (оның ішінде аутизмі немесе аутисттік спектр бұзылыстары), мінез-құлық және күрделі бұзылыстары бар балаларға ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің келісімімен көрсетіледі.

      9. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.

      10. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген) бекітілген Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес арнайы педагогтер (мұғалім-дефектолог, дефектолог, мұғалім-логопед, логопед, олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог), педагог-психолог, музыка (музыкалық жетекші), дене шынықтыру мұғалімдері (бұдан әрі – педагогтер) көрсетеді.

      11. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерін жасақтау "Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушысының 2023 жылғы 21 шілдедегі № 224 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33166 болып тіркелген) жүзеге асырылады.

      Штаттық құрам жүгінген МШ балалардың саны және олардың педагогтердің қызметіне қажеттіліктері негізінде қалыптастырылады.

      12. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін педагогтер құжаттаманы "Мектепке дейінгі ұйымдардың және жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарының, орта, арнаулы, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20317 болып тіркелген) электрондық және (немесе) қағаз түрінде жүргізеді.

      13. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын білім беру ұйымдарының қызметі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29329 болып тіркелген) бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, тиісті типтердегі және түрлердегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларымен реттеледі.

      14. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын білім беру ұйымдарын жарақтандыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 70 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13272 болып тіркелген) бекітілген Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

4-тарау. Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаудың сапасы мен көлемі

      15. МШ балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау педагогтермен командалық бағалау негізінде қамтамасыз етіледі және келесі мақсаттарда жүргізіледі:

      1) когнитивтік даму деңгейін анықтау (назар, есте сақтау, ойлау);

      2) моторлық дағдыларын бағалау (ұсақ және ірі моториканың дамуы);

      3) эмоционалдық-еріктік саласын бағалау (мазасыздық деңгейі, мінез-құлық ерекшеліктері, эмоционалдық фон);

      4) сөйлеу тілінің дамуын зерттеу (лексика-грамматикалық құрылым, фонетика-фонематикалық жүйе, сөйлеу тілін түсіну және шығару);

      5) оқу қиындықтарын анықтау (оқу, жазу, санау және есептеу дағдыларының деңгейі);

      6) әлеуметтік бейімделу деңгейін талдау (құрдастарымен және ересектермен өзара әрекеттесу қабілеті, өз бетінше әрекет ету деңгейі);

      7) балалардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес сабақтардың ұзақтығын, қарқындылығын және жиілігін анықтау.

      16. Жеке-дамыту бағдарламасы командалық бағалау негізінде МШ балаларға кешенді көмектің негізгі бағыттары мен мазмұнын айқындайды.

      17. Жеке-дамыту бағдарламасына баланың психофизикалық дамуының барлық қырын қамтитын түзету-дамыту бағдарламалары кіреді.

      18. Түзету-дамыту бағдарламасы дамуындағы бұзылыстардың түрлері бойынша МШ балалармен түзету-дамыту жұмысының мазмұнын, бағыттары мен реттілігін анықтайды.

      19. Түзету-дамыту бағдарламасы тиісті білім беру деңгейінің үлгілік оқу жоспарларының түзету компоненті сабақтарының арнайы оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді.

      20. Түзету-дамыту сабақтары топтық, шағын топтық және жеке сабақтар түрінде өткізіледі.

      21. Түзету-дамыту сабақтарын ұсыну нысаны баланың психофизикалық жағдайы мен мінез-құлқының ерекшеліктерімен, командалық бағалау педагогтерінің ұсыныстарымен айқындалады.

      22. Түзету-дамыту сабақтарын өткізу кезінде топтарды жинақтау дамудағы бұзылыстардың бірегейлігі қағидаты бойынша жүргізіледі.

      23. Түзету-дамыту сабақтарының ұзақтығы баланың жасына, жеке ерекшеліктеріне, сабақ нысанына байланысты командалық бағалау нәтижелері бойынша айқындалады.

      24. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын субъектілер ата-аналарға немесе басқа да заңды өкілдерге, педагогтерге дамудағы бұзылыстарының алдын алу, дамыту және қалпына келтіру, сондай-ақ балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселелері бойынша жеке, топтық консультациялар өткізеді.

      25. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын субъектілер ата-аналармен немесе басқа да заңды өкілдермен, педагогтермен келісім бойынша консультациялық сабақтар жоспарын әзірлейді.

      26. Туғаннан 1 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына жеке-дамыту бағдарламасына сәйкес айына 2 рет консультациялық сабақтар ұйымдастырылады. 1 жастан 3 жасқа дейінгі ерте жастағы балаларға ата-аналардың қатысуымен жеке және топтық сабақтар өткізіледі.

      27. МШ балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау оларды жеке, физикалық және когнитивті дамытумен қатар:

      1) естіп қабылдауын дамыту және ауызша сөйлеу тілін қалыптастыру, қалдық естуін дамыту, түсінікті, анық сөйлеу тілін жетілдіруге;

      2) қалдық көруін сақтау және дамыту, кеңістіктік және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау дағдыларын қалыптастыру, сөйлеу тілі дамуының, мимика мен пантомимиканың бұзылыстарын түзетуге;

      3) тірек-қимыл аппаратының бұзылу дәрежесін ескере отырып, арнайы түзету-компенсаторлық және әлеуметтік бейімделу дағдыларын қалыптастыру мен дамытуға, қозғалыс дағдыларын үйретуге, тұрмыстық, ойындық және әлеуметтік бейімделуге, қоғамға кірігуіне қажетті жағдай жасауға;

      4) сөйлеу белсенділігі мен коммуникацияны дамыту, дыбысты дұрыс айту дағдыларын, лексика-грамматикалық құрылымды қалыптастыруға;

      5) дыбыстық-әріптік талдауды қалыптастыруға, оқығанын түсіну үрдісін дағдыландыру, кеңістікте бағдарлау, графо-моторлық, математикалық дағдыларды, сандар мен олардың операцияларын түсінуді дамытуға, білім алуға оң көзқарасты қалыптастыруға;

      6) психикалық үрдістерін дамытуға, оқу мотивациясын қалыптастыруға, сөйлеу, коммуникативтік, тұрмыстық және еңбек дағдыларын меңгеруге, әлеуметтік белсенділікті қалыптастыруға;

      7) сенсорлық және танымдық дамуға, қоршаған әлемді қабылдауға, уақыттық-кеңістіктік ұйымдастыруға, тұлғалық қасиеттерді, әлеуметтік-тұрмыстық және еңбек дағдыларын қалыптастыруға;

      8) коммуникативтік дағдыларды, құрдастарымен және ересектермен өзара әрекеттесу қабілеттерін қалыптастыруға, эмоционалдық интеллекті, өзін-өзі бақылауды дамыту, өзіне-өзі қызмет көрсету және дербестік дағдыларын қалыптастыру мен дамытуға, мазасыздықты төмендету, жағымды мінез-құлық үлгілерін қалыптастыру және қоғамға бейімделуге;

      9) өзін-өзі реттеуін дамытуға, назарын шоғырландыруды арттыруға, эмоциялық-еріктік саласын нығайтуға, алаңдататын факторларға төзімділікті қалыптастыруға, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға, конструктивті қарым-қатынас, эмоцияларды тану және әлеуметтік нормаларды қабылдауға үйретуге;

      10) түзету-компенсаторлық, әлеуметтік бейімделу дағдыларын, коммуникативтік дағдыларды, қоршаған әлем туралы білімді, кеңістікте бағдарлауды қалыптастыру және дамытуға, қозғалысты, ұсақ моториканы және тактильді сезімді жетілдіруге бағытталған.

      28. Мектепке дейінгі жастағы МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің ең аз көлемі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 557 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8275 болып тіркелген) бекітілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарларының арнайы түзету қызметіне сәйкес айқындалады.

      29. Мектеп жасындағы МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің ең аз көлемі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) бекітілген бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларының түзету компонентіне сәйкес айқындалады.

      30. МШ балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды ұсынатын субъектілер тарапынан көрсетілетін көмектің сапасы әр баланың қажеттіліктеріне бағытталған жеке және кешенді көмек көрсету арқылы қамтамасыз етіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады