Мұнайлы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 23 қазандағы № 6/41 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2023 жылғы 3 қарашада № 4631-12 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Мұнайлы аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 10.10.2025 № 35/187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Мұнайлы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес тізбе бойынша Мұнайлы аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мұнайлы аудандық мәслихатының төрағасы Б. Билялов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Маңғыстау облысының жұмыспен

      қамтуды үйлестіру және әлеуметтік

      бағдарламалар басқармасы"

      мемлекеттік мекемесі

  Мұнайлы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 23 қазандағы № 6/41 шешіміне
1-қосымша

Мұнайлы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 14.07.2025 № 32/173 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мұнайлы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына (бұдан әрі-Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      12) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;

      13) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      14) "электрондық үкімет" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;

      15) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек бір рет ақшалай нысанда, алушылардан өтініш талап етілмей келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған және бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      2) 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға – 110 000 (жүз он мың) теңге мөлшерінде;

      3) 9 мамыр – Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға – 259 500 (екі жүз елу тоғыз мың бес жүз) теңге мөлшерінде;

      216 250 (екі жүз он алты мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде:

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға;

      басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      173 000 (жүз жетпіс үш мың) теңге мөлшерінде:

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 4 – 6 баптарында аталған адамдардың отбасыларына;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның, сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына);

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына);

      4) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен тұлғаларға – 43 250 (қырық үш мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде;

      асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға (балаларға) – 34 600 (отыз төрт мың алты жүз) теңге мөлшерінде;

      5) 1 қазан – Қарттар күні:

      70 (жетпіс) жастан асқан зейнеткерлерге – 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      6) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғаларға – 216 250 (екі жүз он алты мың екі жүз елу) теңге мөлшерінде.

      Бірнеше негіз болған жағдайда мереке күндеріне және атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.

      Ескерту. 5 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 28.04.2026 № 42/240 шешімімен (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек жылына бір рет өтініш берілген айдан бастап келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) дүлей апат салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде, осы жағдай туындаған сәттен бастап он екі айдың ішінде, табысын есепке алмай – 450 000 (төрт жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде, осы жағдай туындаған сәттен бастап он екі айдың ішінде, табысын есепке алмай – 450 000 (төрт жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      3) әлеуметтік мәні бар аурулары (қатерлі ісіктер, туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тудыратын ауру) бар, мемлекеттік жәрдемақы алмайтын тұлғаларға, табыстарын есепке алмай – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      4) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен өтініш берген тоқсан алдындағы жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға - 50 (елу мың) теңге мөлшерінде;

      Ескерту. 6 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 28.04.2026 № 42/240 шешімімен (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі).

      6-1. Қазақстан Республикасының аумағында санаторийлік-курорттық емделуге әлеуметтік көмек өтініші бойынша жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай, келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген адамдарға (мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша санаторийлік-курорттық емдеу тағайындалған осы санаттарға сәйкес келетін адамдар екі жеңілдіктің біреуін таңдайды) санаторийлік-курорттық емделуге, бірақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын кепілдік берілген сомадан артық емес және темір жол көлігінде жол жүру құнын төлеу;

      2) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды (заңнамаға сәйкес жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда, абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында жеке көмекшінің әлеуметтік қызметі бар) санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамның уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын, санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай, санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға құқығы бар.

      Ескерту. Қағидалар 6-1 тармақпен толықтырылды - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 28.04.2026 № 42/240 шешімімен (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі).

3 тарау. Қорытынды ережелер

      7. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, әлеуметтік көмекті алу үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі, әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту, әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару негіздері Үлгілік қағидалардың 3-тарауында келтірілген.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.

      Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамның уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын санаторийлік-курорттық ұйымның банктік шоттарына аударады.

      Ескерту. 8 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық мәслихатының 10.10.2025 № 35/187 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      9. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Мұнайлы аудандық мәслихатының
  2023 жылғы 23 қазандағы
  № 6/41 шешіміне 1-қосымша

Мұнайлы аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" Мұнайлы аудандық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі № 3/21 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4503 болып тіркелген).

      2. "Мұнайлы аудандық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №3/21 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Мұнайлы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 10 ақпандағы №15/97 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 26883 болып тіркелген).

      3. "Мұнайлы аудандық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №3/21 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Мұнайлы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 6 қазандағы № 23/143 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 30267 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады