| Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөніндегі республикалық жедел штаб туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің мына жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) "Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның жалауы мен рәмізінің, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері мен білім беру ұйымдары жалауларының, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің жауынгерлік жалауларының сипаттамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2017 жылғы 15 қыркүйектегi № 549 Жарлығында:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның жалауы мен рәмізінің, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары мен білім беру ұйымдары жалауларының, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің жауынгерлік жалауларының, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі рәмізінің сипаттамасын бекіту туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:"
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
"2-1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі рәмізінің;";
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары жалауларының;";
осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі рәмізінің сипаттамасымен толықтырылсын;
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері жалауларының сипаттамасы осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2) "Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын азаматтық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлері антының мәтінін және ант беру тәртібін бекіту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 19 желтоқсандағы № 61 Жарлығында:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлері антының мәтінін және ант беру тәртібін бекіту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы";
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері антының мәтіні;";
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"4) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің ант беру қағидалары бекітілсін.";
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері антының мәтінінде:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері антының мәтіні";
төртінші бөліктен кейін мынадай мазмұндағы ескертпемен толықтырылсын:
"Ескертпе:
Осы Ант мәтіні құқық қорғау органдары қызметкерлерінің антын қабылдайтын мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлеріне қолданылмайды.";
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын азаматтық қорғау органдары және мемлекет фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің ант беру қағидаларында:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің ант беру қағидалары";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің ант беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында әзірленді және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің (бұдан әрі – қызметкерлер) ант беру тәртібін айқындайды.".
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 23 қазандағы № 1062 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөніндегі республикалық жедел штаб туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою кезінде жалпы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы жұмыс органы Жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөніндегі республикалық жедел штаб (бұдан әрі – РЖШ) болып табылады.
2. РЖШ өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2-тарау. РЖШ-ны құру
3. РЖШ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылады.
4. РЖШ жетекшіден, жетекшінің орынбасарларынан және РЖШ-ның мүшелерінен тұрады.
РЖШ құрамына мыналар кіреді:
1) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі – РЖШ-ның жетекшісі;
2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның басшысы – РЖШ жетекшісінің орынбасарлары;
3) РЖШ басшысы айқындайтын мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, – РЖШ-ның мүшелері.
3-тарау. РЖШ-ның міндеттері мен өкілеттіктері
5. Міндеттері:
1) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөніндегі шараларды әзірлеу;
2) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
3) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою үшін орталық, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру;
4) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою кезеңінде өткізілетін іс-шаралардың орындалуын бақылау.
6. Өкілеттіктері:
1) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөнінде, оның ішінде азаматтық қорғаудың және жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай аймағынан тысқары жердегі өзге ұйымдардың қосымша күштері мен құралдарын тарту жөнінде шешімдер қабылдау;
2) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервін пайдалану жөнінде ұсыныстар енгізу;
3) Қазақстан Республикасының Президентіне жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың күштері мен құралдарын тарту туралы ұсыныстар енгізу;
4) жаhандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайлардан келтірілген залалдың көлемін бағалау жұмыстарын ұйымдастыру;
5) жаhандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайлардың салдарынан залал келген инженерлік инфрақұрылымды жедел қалпына келтіру, тұрғын үйлерді салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу жөніндегі мәселелерді қарау.
4-тарау. РЖШ-ның қызметін ұйымдастыру
7. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган РЖШ-ның жұмыс органы болып табылады.
РЖШ-ның жұмыс органы:
1) төтенше жағдай аймағындағы ахуал туралы ақпаратты жинау мен өңдеуді және оны бағалауды;
2) мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен жедел өзара іс-қимыл жасауды;
3) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға жұмылдырылған күштер мен құралдардың есеп-қисабын;
4) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою жөнінде, оның ішінде азаматтық қорғаудың және жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай аймағынан тысқары жердегі өзге ұйымдардың қосымша күштері мен құралдарын тарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асырады.
8. РЖШ-ның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және оларды РЖШ-ның жетекшісі шақырады.
9. РЖШ-ның шешімі хаттама түрінде ресімделеді, оған РЖШ жетекшісі немесе жетекшісінің орынбасарлары қол қояды және ол орталық және жергілікті атқарушы органдардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
_____________________
| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 23 қазандағы № 1062 Жарлығына 1-ҚОСЫМША Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 549 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі рәмізінің СИПАТТАМАСЫ
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметінің рәмізі дөңгелек пішінді болады және көп қатпарлы рәмізді қамтитын сыртқы шығыршықтан (жиектен) және орталық ішкі алаңнан тұрады. Сыртқы шығыршық (жиек) ақ түс аясында жасалған, шығыршықтың ішінде шеңбер бойымен қазақ тілінде бас әріптермен "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АПАТТАР МЕДИЦИНАСЫ ОРТАЛЫҒЫ" деген жазу орналастырылған. Шығыршықтың төменгі бөлігінде де бас әріптермен "ТЖМ" деген аббревиатура бар. Аббревиатураның сол жағы мен оң жағында айшықталған ұлттық ою орналастырылған.
Орталық ішкі алаң Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының түсіне сәйкес келетін көгілдір түс аясында болады. Бұл аяда сегіз сәулелі "жел бағыты" бейнеленген, мұндағы төрт негізгі сәуле (жарық бағыттары бойынша) аралық сәулелерден ұзынырақ. "Жел бағытының" түсі – сары. Оның ортасында – шеңбер, шеңбердің ішіне тең бүйірлі, бір ұшы жоғарыға бағытталған үшбұрыш орналастырылған. Үшбұрыштың ішінде медицина рәмізі – Асклепийдің асатаяғы (жылан оратылған асатаяқ) бейнеленген.
Түстерге боялуы: жиегі, жазулары мен оюлары – қара түсті; шеңбер мен салынған үшбұрыштың қабырғаларынан түзілген шеңбер сегменттері – қызғылт сары түсті; үшбұрыштың ішіндегі алаң – көгілдір түсті, асатаяқ – қара түсті, жылан – ақ түсті.
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі рәмізінің бейнесі осы Сипаттамаға қосымшаға сәйкес белгіленген.
| Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі рәмізінің сипаттамасына ҚОСЫМША |

| Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 23 қазандағы № 1062 Жарлығына 2-ҚОСЫМША Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 549 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары жалауларының СИПАТТАМАСЫ
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының жалауы екi жақты матадан, ағаш саптан және шашақты баудан тұрады.
Жалаудың матасы тiк бұрышты, өлшемдерi: ұзындығы – 200 см, енi – 100 см, көгiлдiр түсті жiбек файдан екi бүктеліп жасалады және үш жағының шеттерi алтын түстес жiбек шашақпен көмкеріледі.
Матаның беткі жағының орта тұсында Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Елтаңбасының контуры алтын түстес жiбекпен жапсырылып тiгiлген, бейненiң биiктiгi бойынша өлшемi – 50 см. Матаның жоғарғы жақ шетiнде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ", ал төменгi жағында "ОТАН ҮШІН" деген жазулар алтын түсті жiбек жіппен кестеленген, жазу әрiптерiнiң биiктiгi – 7,5 см.
Матаның сырт жағының ортасында жер шарының айшықты контурының ішіндегі "жел бағыты" мен азаматтық қорғаныстың халықаралық белгiсi (қызғылт-сары түстес шеңбер iшiндегi көгiлдiр үшбұрыш) бар. Матаның жоғарғы жағының шетінде "МІНДЕТ, АБЫРОЙ, ЕРЛІК" деген жазу алтын түсті жібек жіппен кестеленген. Жазу әріптерінің биіктігі – 7,5 см. Жер шарының айшықты контурының астында – қалықтаған қыран, ал төменгі шетінде азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының қазақ тіліндегі атауы жазылған. Жазу әріптерінің өлшемі – 6 см. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының атауындағы сөздердiң санына қарай әрiптердiң өлшемi 4 см дейiн кiшiрейтiлуi мүмкiн.
Матаның беткі жағының сол жақ шеті оны ағаш сапқа кигізуге арнап көмкеріліп тігілген, оның диаметрi – 4 см. Матаның екі жағында ағаш сапты бойлай ұлттық оюмен өрнектелген тік жолақ орналасқан.
Жалаудың сабы диаметрi 4 см, ұзындығы 250 см дөңгелек қималы ағаштан жасалған. Сап қою қоңыр түске боялған, лакталған және төменгi ұшында металл шығыршығы, ал жоғарғы ұшында алтын түсті әшекейлi ұштығы бар.
Жалаудың алтын түсті жiбек жiптен ширатылып жасалған бауының ұштарында қос шашағы бар. Баудың ұзындығы – 270 – 285 см.
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары жалауларының бейнесі осы Сипаттамаға қосымшаға сәйкес белгіленген.
___________________
| Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары жалауларының сипаттамасына ҚОСЫМША |

