Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 19 мамырдағы № 881 Жарлығы.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 19 мамырдағы
№ 881 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес туралы

ЕРЕЖЕ 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Кеңес төрағадан, хатшыдан және Кеңес мүшелерінен тұрады.

      4. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      5. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.

      6. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі - Кеңестің жұмыс органы) болып табылады.

      7. Кеңестің алдына қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында оның төрағасының шешімімен Кеңестің жұмыс топтары (бұдан әрі - жұмыс топтары) құрылуы мүмкін.

2-тарау. Кеңестің негізгі міндеттері

      8. Кеңес Қазақстан Республикасында жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі міндеттерді тиімді шешу, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингтеу мақсатында құрылды.

      9. Кеңестің негізгі міндеттері:

      1) жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудағы тұжырымдамалық тәсілдерге ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу;

      2) Қазақстан Республикасының жасанды интеллект саласындағы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу;

      3) жасанды интеллектіні дамыту бойынша салалық жоспарлау құжаттарына ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу;

      4) жасанды интеллект саласындағы жобаларға консультациялық қолдау көрсету және сараптама жасау;

      5) Қазақстан Республикасының экономика салаларында жасанды интеллектінің даму деңгейін бағалау нәтижелеріне ұсынымдар әзірлеу;

      6) жасанды интеллект саласындағы салалық бастамаларды тиімді іске асыру мақсатында жұмыс топтарын құру үшін басым салаларды айқындау;

      7) жасанды интеллект саласында халықаралық маңызы бар бағдарламалар мен жобаларды қарауға және қалыптастыруға қатысу;

      8) жасанды интеллект саласында басқа елдердің ұқсас кеңестерімен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жолға қоюға жәрдемдесу болып табылады.

3-тарау. Кеңестің құрамын қалыптастыру тәртібі

      10. Қазақстан Республикасының Президенті Кеңестің төрағасы болып табылады.

      11. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Кеңестің хатшысы болып табылады.

      12. Қазақстан тарапынан лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, "Самұрық- Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі және Қазақстан Республикасы Президентінің цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін кеңесшісі Кеңестің мүшелері болып табылады.

      13. Шетел тарапынан жасанды интеллект саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері, шетелдік компаниялардың бірінші басшылары немесе олардың орынбасарлары Кеңестің мүшелері болып табылады, олар осы Ереженің 14-16-тармақтарында көзделген тәртіппен айқындалады.

      14. Халықаралық ұйымдардың, шетелдік компаниялардың Кеңестің құрамына қатысуға ниет білдірген өкілдері (бұдан әрі - үміткерлер) Кеңестің құрамына қабылдау үшін өзінің қызметі туралы ақпарат беріп, өз бастамасы бойынша не Кеңестің жұмыс органының шақыруына жауап ретінде Кеңестің жұмыс органына жүгіне алады.

      15. Шетел тарапынан Кеңестің мүшелігіне қабылдау үшін негізгі өлшемшарттар:

      1) тиісті саладағы танылған, табысты жұмыс тәжірибесімен, салаға нақты ықпал етуді қамтамасыз ететін инновациялық тәсілдер мен жетістіктерді енгізумен расталған сарапшылық;

      2) орнықты әріптестік байланыстармен, халықаралық жобалардың табысты іске асырылуымен және этикалық қағидаттарды ұстануымен расталған мінсіз іскерлік бедел;

      3) Кеңестің қызметіне белсенді қатысуға әзірлік болып табылады.

      16. Үміткерлердің өтініштерін Кеңестің жұмыс органы олардың келіп түсу кезектілігі тәртібімен осы Ереженің 15-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

      17. Егер Кеңестің жұмыс органының ұсынымына сәйкес үміткер осы Ереженің 15-тармағында белгіленген өлшем шарттарды қанағаттандырмаса, бірақ қызметін экономиканың басым секторында жүзеге асыратын болса және жасанды интеллект саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрсе, үміткер Кеңестің жұмыс топтарының құрамына енгізілуі мүмкін.

      18. Кеңестің құрамына Қазақстан Республикасының, Президенті айқындайтын Қазақстан Республикасының өзге де лауазымды адамдары кіруі мүмкін.

      19. Кеңестің дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

4-тарау. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

      20. Кеңестің қызметіне басшылықты Кеңестің төрағасы жүзеге асырады, оның ішінде:

      1) Кеңес отырысының күн тәртібін бекітеді;

      2) Кеңестің отырысын өткізу туралы шешімдер қабылдайды;

      3) Кеңес мүшелерінің Кеңес қызметінің мәселелері жөніндегі өтінішхаттарын және Кеңес отырысының күн тәртібін қарайды;

      4) Кеңес отырыстарының хаттамаларына қол қояды;

      5) Кеңес қызметінің өзге де мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды.

      21. Кеңестің мүшелері:

      1) Кеңес қызметінің мәселелері және оның отырыстарының күн тәртібі бойынша өтінішхаттар енгізуге;

      2) Кеңестің отырыстарына материалдар дайындауға қатысуға;

      3) Кеңестің отырыстарында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.

      22. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.

      23. Кеңестің хатшысы:

      1) төраға тапсырмаларының және Кеңес отырыстарында қабылданған шешімдердің орындалуына мониторингті жүзеге асырады;

      2) жұмыстардың жекелеген түрлерін жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен тиісті сарапшылар мен мамандарды тарта алады;

      3) төрағаның тапсырмалары бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      24. Кеңестің жұмыс органы:

      1) Кеңестің қызметін ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді және сүйемелдеуді жүзеге асырады;

      2) Кеңес төрағасының атына отырыстың күн тәртібін енгізеді;

      3) Кеңестің отырыстарына материалдарды жинауды және жүйелеуді, Кеңес материалдарының, сондай-ақ аралық отырыстар мен тақырыптық кездесулерге материалдардың тиісінше ресімделуін ағымдағы бақылауды жүзеге асырады;

      4) Кеңестің отырыстарын, аралық отырыстарды, тақырыптық кездесулерді дайындауды және сүйемелдеуді жүзеге асырады;

      5) Кеңес отырыстарының, аралық отырыстардың және тақырыптық кездесулердің хаттамасын жүргізеді;

      6) Кеңестің мүшелерін Кеңес құрамының, ережесінің өзгергені және өзге де өзгерістер туралы хабардар етеді;

      7) бақылаудың бекітілуіне сәйкес қабылданған шешімдердің орындалу барысын бақылауды жүзеге асырады;

      8) Кеңестің құзыреті шеңберінде мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және басқа да тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      9) Кеңестің, аралық отырыстар мен тақырыптық кездесулердің хаттамаларын мүдделі органдар мен тұлғаларға беруді қамтамасыз етеді.

      25. Кеңестің отырыстары жылына бір реттен сиретпей өткізіледі. Кеңестің шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Кеңес төрағасының даусы шешуші болып табылады.

      26. Кеңес отырысында алдыңғы отырыстың хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есепті талқылау, отырыстың негізгі тақырыбын қарау, Кеңестің жұмыс топтары жыл бойы әзірлеген ұсынымдар туралы қорытынды баяндама, сондай-ақ өзге мәселелерді талқылау қамтылады.

      27. Кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды (анықтамалар, таныстырылымдар, хаттаманың жобасы, сөз сөйлеушілер мен қатысушылардың тізімдері), егер отырысты шақыру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік органдар ол өткізілгенге дейін кемінде екі ай бұрын Кеңестің жұмыс органына ұсынады.

      28. Кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды (анықтамалар, таныстырылымдар, хаттаманың жобасы, сөз сөйлеушілер мен қатысушылардың тізімдері), егер отырысты шақыру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, Кеңестің жұмыс органы ол өткізілгенге дейін кемінде бір ай бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынады.

      29. Кеңестің шешімдері хаттамамен ресімделеді.

      30. Кеңестің жұмыс органы Кеңестің отырысы өткізілген күннен бастап бір ай мерзімде тапсырмаларды іске асыру бойынша бақылауды бекітуді қоса бере отырып, хаттаманың жобасын дайындайды және оны барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысымен келісуді қамтамасыз етеді.

      31. Кеңестің отырыстары арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының төрағалығымен аралық отырыс өткізіледі.

      32. Қажет болған кезде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Кеңестің жұмыс топтарының тең төрағаларымен қосымша тақырыптық кездесулер өткізеді.

      33. Аралық отырыстарға және тақырыптық кездесулерге Кеңестің мүшелері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының басшылары, Кеңестің жұмыс топтарының тең төрағалары, сондай-ақ өзге де шақырылған адамдар қатыса алады.

      34. Аралық отырыстарда соңғы жалпы отырыстың хаттамалық шешімдерін орындаудың алдын ала нәтижелері, алдағы отырыстарға дайындық барысы, Кеңестің жұмыс топтары әзірлеген ұсынымдар талқыланады.

      35. Кеңестің тақырыптық кездесулерінде кездесу тақырыбы бойынша Кеңестің жұмыс топтары әзірлеген ұсыныстар мен ұсынымдар және алдын ала талқылауды қажет ететін басқа да мәселелер талқыланады.

      36. Аралық отырыстар мен тақырыптық кездесулер күн тәртібінің мәселелері бойынша материалдар (анықтамалар, таныстырылымдар, хаттаманың жобасы, сөз сөйлеушілер мен қатысушылардың тізімі), егер аралық отырыстарды және тақырыптық кездесулерді шақыру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, олар өткізілгенге дейін кемінде он бес жұмыс күні бұрын Кеңестің жұмыс органына ұсынылады.

      37. Аралық отырыстар мен тақырыптық кездесулердің шешімдері хаттамамен ресімделеді.

      38. Кеңестің жұмыс органы аралық отырыстар мен тақырыптық кездесулер өткізілген күннен бастап екі апта мерзімде тапсырмалардың орындау бойынша бақылауды бекітуді қоса бере отырып, хаттаманың жобасын дайындайды және оны барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісуді қамтамасыз етеді.

5-тарау. Кеңестің жұмыс топтары

      39. Отырыстардың хаттамалық тапсырмаларын орындау бойынша Кеңеске ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу мақсатында, сондай-ақ Кеңес айқындаған басым салалар бойынша Кеңестің міндеттері шеңберінде жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      40. Осы жұмыс тобының қызметіне байланысты мәселелерге жетекшілік ететін министрліктің бірінші басшысы деңгейіндегі лауазымды адам Қазақстан тарапынан жұмыс тобының тең төрағасы бола алады.

      41. Шетел тарапынан Кеңестің мүшелері шетел тарапынан жұмыс тобының тең төрағасы бола алады.

      42. Кеңестің жұмыс топтарының құрамдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, Қазақстандық және шетелдік компаниялардың өкілдері кіруі мүмкін.

      43. Жұмыс топтары туралы ережені, Қазақстан және шетел тараптарынан жұмыс топтарынын құрамдарын Қазақстан тарапы жұмыс топтарының тең төрағалары бекітеді.

      44. Жұмыс топтарының жылдық жұмыс жоспарлары мен есептерін жұмыс топтарының мүшелерімен келісу бойынша жұмыс топтарының тең төрағалары бекітеді.

      45. Кеңестің жұмыс топтарының қызметіне жалпы басшылықты Қазақстан және шетел тараптарының тең төрағалары жүзеге асырады.

      46. Жұмыс топтары Кеңеске оның аралық отырыстарында алдын ала талқыланатын ұсынымдар әзірлейді.

6-тарау. Кеңестің шетелдік мүшелерін Кеңестің құрамынан шығару немесе алмастыру тәртібі және шетелдік мүшені шығаруға негіздер

      47. Кеңестің шетелдік мүшелерін шығару немесе алмастыру туралы мәселені қарау кезінде мыналар назарға алынады:

      1) Кеңестің шетелдік мүшелерінің Кеңес отырыстарына өзі қатысуы;

      2) Кенестін шетелдік мүшелерінің Кеңестің жұмыс топ тарының қызметіне белсенді түрде және өздерінің қатысуы;

      3) Кеңестің шетелдік мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы.

      48. Шетелдік мүшені Кеңестің құрамынан шығаруға мыналар негіз болып табылады:

      1) Кенестің шетелдік мүшесінің Кеңестегі өз қызметін тоқтату туралы жазбаша өтініші;

      2) Кеңестің шетелдік мүшесі өкілі болып табылатын халықаралық ұйымның немесе шетелдік компанияның қызметін тоқтатуы.

      49. Шетелдік мүшені Кеңестік құрамынан шығаруға Кенестің ұсынымдары да негіз бола алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады