Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы құпия мәліметтерді беру, пайдалану, қорғау және олардың сақталуы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 19 қарашадағы № 983 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы құпия мәліметтерді беру, пайдалану, қорғау және олардың сақталуы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы құпия мәліметтерді беру, пайдалану, қорғау және олардың сақталуы туралы келісімге Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.

      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы" 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 351 және "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 351 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" 2019 жылғы 18 желтоқсандағы № 932 қаулыларының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 19 қарашадағы
№ 983 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы құпия мәліметтерді беру, пайдалану, қорғау және олардың сақталуы туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі

      Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасында сыртқы саяси, әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық және өзге де ынтымақтастық барысында пайдаланылатын құпия мәліметтерді, сондай-ақ ынтымақтастық процесінде түзілген құпия мәліметтерді қорғауды және олардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында

      Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес құпия мәліметтерді қорғаудағы және олардың сақталуын қамтамасыз етудегі өзара мүдделілікті ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Келісімде пайдаланылатын ұғымдар

      1. Осы Келісімде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) құпия мәліметтер – Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын және (немесе) Армения Республикасының мемлекеттік құпиясын құрайтын, Тараптардың әрқайсысының мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен қорғалатын, сақталатын және берілген, сондай-ақ Тараптардың ынтымақтастығы процесінде түзілген, жария етілуі (таратылуы) Қазақстан Республикасының және (немесе) Армения Республиканың қауіпсіздігі мен мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін мәліметтер;

      2) құпия мәліметтерді жеткізгіштер (соның ішінде электрондық) – материалдық объектілер, соның ішінде құпия мәліметтер мәтіндер, нышандар, бейнелер, кескіндер, белгілер, сигналдар, аудиожазбалар, бейнежазбалар, техникалық шешімдер мен процестер түрінде не оларды тануға және сәйкестендіруге мүмкіндік беретін басқа нысанда көрініс табатын физикалық өрістер;

      3) құпия мәліметтерді және олардың жеткізгіштерін қорғауды және олардың сақталуын қамтамасыз ету – Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес құқықтық, ұйымдастырушылық, техникалық, криптографиялық, бағдарламалық және өзге де шараларды қабылдау, оның ішінде құзыретті орган тарапының үйлестіруімен мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және заңды тұлғалардың құпия мәліметтердің жария етілуіне (таралуына) жол бермеуге бағытталған күштер мен құралдарды қолдануы;

      4) мемлекеттік құпияларды жария ету (тарату) – құпия мәліметтермен танысуға құқық берілмеген заңды және жеке тұлғаларға оларды хабарлау, беру, ұсыну, жіберу, жариялау немесе кез келген басқа тәсілдермен жеткізу;

      5) құпиялылық белгісі – құпия мәліметтің жеткізгішіне қойылатын және (немесе) ілеспе құжаттамасында көрсетілетін, жеткізгіште қамтылған мәліметтердің құпиялылық дәрежесін куәландыратын деректеме;

      6) құпиялылық дәрежесі – құпия мәліметтердің маңыздылығын, оларды жария ету (тарату) жағдайындағы ықтимал салдарларды, сондай-ақ құпия мәліметтерді қорғауды, олардың сақталуын және оларға қолжетімділікті шектеуді қамтамасыз етуге бағытталған шараларды айқындауды сипаттайтын көрсеткіш;

      7) құпия мәліметтерді құпиясыздандыру – Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес құпия мәліметтерді жария етуге (таратуға) және олардың жеткізгіштеріне қолжетімділік беруге шектеулерді алып тастау;

      8) құпия мәліметтерді жою – құпия мәліметтерді ішінара немесе толық қалпына келтіру мүмкіндігінің жоққа шығарылғанына кепілдік беретін процесс;

      9) уәкілетті орган – Тараптардың ынтымақтастығы процесінде берілетін және (немесе) түзілген құпия мәліметтерді беруге, алуға, сақтауға, қорғауға және пайдалануға Тараптар уәкілеттік берген мемлекеттік орган немесе ұйым;

      10) құзыретті орган – Тараптың осы Келісімді іске асыруға жауапты мемлекеттік органы;

      11) құпия мәліметтерге рұқсат беру – жеке тұлғаның құпия мәліметтерге қол жеткізуге құқығы немесе уәкілетті органның қызметті құпия мәліметтерді пайдалана отырып жүзеге асыруға Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес берілген құқығы;

      12) құпия мәліметтерге қол жеткізуге рұқсат – жеке тұлғаның не уәкілетті органның құпия мәліметтермен танысуға және оны пайдалануға Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес берілген құқығы;

      13) шарт – Тараптардың уәкілетті органдары арасында жасалатын, шеңберінде құпия мәліметтерді беру және (немесе), пайдалану, оның ішінде оқыту процесінде пайдалану көзделетін шарт (келісімшарт);

      14) үшінші тарап – осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын мемлекеттер, олардың үкіметтері және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ осы Келісімнің қолданылу саласынан тыс мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары.

2-бап

Құпиялылық дәрежелері

      1. Тараптар құпиялылық дәрежелері және оларға сәйкес келетін құпиялылық белгілері өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес мынадай құпиялылық белгілеріне баламалы екенін және сәйкес келетінін растайды:

Қазақстан Республикасында

Армения Республикасында

Орыс тіліндегі баламасы

"Аса маңызды"

"Հատուկ կարևորության"

"Особой важности"

"Өте құпия"

"Հույժ գաղտնի"

"Совершенно секретно"

"Құпия"

"Գաղտնի"

"Секретно"

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жөнелтуші Тарап беретін құпия мәліметтерді алушы Тарап берілетін мәліметтерге жөнелтуші Тарап қойған құпиялылық дәрежесіне тең құпиялылық дәрежесімен белгілейді.

3-бап

Құзыретті органдар

      1. Құзыретті органдар:

      Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті;

      Армения Республикасы үшін – Армения Республикасының Ұлттық қауіпсіздік қызметі болып табылады.

      2. Құзыретті органдар осы Келісімге сәйкес құпия мәліметтерді қорғауға әсерін тигізетін өз мемлекеттерінің заңнамасындағы өзгерістер туралы бірін-бірі хабардар етеді.

      3. Құзыретті органдар, оның ішінде олардың атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі дереу хабардар етеді.

4-бап

Құпия мәліметтерді және олардың жеткізгіштерін қорғауды және олардың сақталуын қамтамасыз ету

      1. Тараптар:

      1) екінші Тарап берген және (немесе) Тараптардың ынтымақтастығы процесінде қалыптасқан құпия мәліметтер мен олардың жеткізгіштерін қорғауға және олардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға;

      2) алынған құпия мәліметтердің және олардың жеткізгіштерінің құпиялылық белгісін осы мәліметтерді берген Тараптың жазбаша келісімінсіз өзгертпеуге;

      3) ынтымақтастық процесінде алынған немесе қалыптасқан құпия мәліметтерге және олардың жеткізгіштеріне Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен дәл сондай құпиялылық дәрежесі бар (осы Келісімнің 2-бабына сәйкес баламалы) құпия мәліметтерге қатысты қорғауды және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қолдануға;

      4) уәкілетті органдарының арасында өзара ынтымақтастық процесінде алынған немесе қалыптасқан құпия мәліметтерді тек осы Келісімді, сондай-ақ Тараптар жасасқан және мақұлдаған шарттарды жүзеге асыру мақсатында пайдалануға;

      5) ынтымақтастық процесінде алынған, сондай-ақ қалыптасқан құпия мәліметтерді және олардың жеткізгіштерін екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа ұсынбауға және бермеуге міндеттенеді.

      2. Құпия мәліметтерге қолжетімділік осы Келісімді іске асыру шеңберінде қызметтік міндеттерін орындау үшін қажет және тиісті құпиялылық дәрежесіндегі құпия мәліметтерге рұқсаты бар адамдарға ғана беріледі.

      3. Қажет болған жағдайда шарттарға құпия мәліметтер мен олардың жеткізгіштерін қорғауды және олардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған қосымша талаптар енгізілуі мүмкін.

      4. Адамдарға немесе ұйымдарға құпия мәліметтерге және олардың жеткізгіштеріне шарттық негізде рұқсат берілетін болса, бұл адамдарға немесе ұйымдарға Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес міндеттемелер жүктеледі.

5-бап

Құпия мәліметтерді беру

      1. Шарт жасалған жағдайда Тараптардың уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы құзыретті органдардың келісімімен және олардың үйлестіруімен жүзеге асырылады.

      2. Егер бір Тараптың уәкілетті органы құпия мәліметтерді екінші Тараптың уәкілетті органына беруге ниет білдірсе, онда ол өз Тарапының құзыретті органынан құпия мәліметтерді беруге жазбаша келісімді, сондай-ақ екінші Тараптың уәкілетті органының құпия мәліметтерге рұқсат беруге рұқсаты бар екендігін растауды алдын ала сұрайды.

      3. Бір Тараптың құзыретті органы құпия мәліметтерді беруге келісім берген кезде екінші Тараптың құзыретті органына осы екінші Тараптың уәкілетті органында құпия мәліметтерге рұқсат беруге рұқсатының бар-жоғын жазбаша растау үшін сұрау салады.

      4. Құпия мәліметтерді беру туралы шешімді Тараптар әрбір жеке жағдайда Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес қабылдайды.

      5. Тараптардың уәкілетті органдарының өзара іс-қимылы құзыретті органдарды хабардар ету арқылы өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Құпия мәліметтерді бір Тарап мемлекетінен екінші Тарап мемлекетіне беру дипломатиялық арналар, фельдъегерлік қызмет арқылы не Тараптардың құзыретті органдары арасында келісілген өзге де тәсілдермен, Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Тараптың уәкілетті органы құпия мәліметтерді алу туралы екінші Тараптың уәкілетті органын жазбаша хабардар етеді.

      7. Құпия мәліметтерді беру Тараптардың құзыретті органдарымен келісілген шифрлау (криптографиялық) құралдармен электрондық тәсілмен де жүзеге асырылуы мүмкін.

6-бап

Құпия мәліметтерді және олардың жеткізгіштерін өңдеуге қойылатын жалпы талаптар

      1. Уәкілетті орган алынған құпия мәліметтерді жеткізгіштерге осы Келісімнің 2-бабына сәйкес баламалы құпиялылық белгілерін қосымша қояды.

      Алынған құпия мәліметтерді көбейту (тираждау), басқа тілге аудару жағдайларында алынған құпия мәліметтерді жеткізгіште түпнұсқаның құпиялылық белгісіне сәйкес келетін құпиялылық белгісі қойылады.

      Берілген құпия ақпарат негізінде қалыптасқан құпия мәліметтердің жеткізгішінде берілген құпия мәліметтердің құпиялылығы белгісінен төмен болмайтын құпиялылық белгісі қойылады.

      2. Құпия мәліметтердің жеткізгіштері оларды алған уәкілетті органда оның Тарапы заңнамасының талаптарына сәйкес есепке алынады және сақталады.

      3. Құпия мәліметтердің құпиялылық дәрежесін және олардың жеткізгішіндегі тиісті құпиялылық белгісін оларды берген Тараптың уәкілетті органының жазбаша келісімінсіз өзгертуге болмайды.

      Тараптардың ынтымақтастығы процесінде түзілген құпия мәліметтердің құпиялылық дәрежесі Тараптардың уәкілетті органдарының өзара келісуі бойынша айқындалады немесе өзгертіледі.

      4. Ынтымақтастық процесінде берілген не жасалған құпия мәліметтерді құпиясыздандыру Тараптардың уәкілетті органдарының келісімі бойынша жүзеге асырылады.

      Берілген құпия мәліметтердің құпиялылық дәрежесінің өзгеруі немесе оларды құпиясыздандыру туралы оларды берген Тараптың уәкілетті органы мүмкіндігінше қысқа мерзімде екінші Тараптың уәкілетті органын жазбаша хабардар етеді.

      5. Құпия мәліметтерді (олардың жеткізгіштерін) көбейту және басқа тілге аудару құпия мәліметтерді берген Тараптың уәкілетті органының жазбаша келісімімен жүзеге асырылады.

      6. Берілген құпия мәліметтерді (олардың жеткізгіштерін) жою және (немесе) қайтару құпия мәліметтерді берген Тараптың уәкілетті органының жазбаша рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

      Құпия мәліметтерді (олардың жеткізгіштерін) жою процесі оларды қалпына келтіру және қайта шығару мүмкіндігінің жоққа шығарылуын қамтамасыз етуге тиіс. Құпия мәліметтерді (олардың жеткізгіштерін) жою туралы оларды берген Тараптың уәкілетті органы жазбаша хабардар етіледі.

      7. Осы бапта көзделген барлық іс-қимыл Тараптардың уәкілетті органдарының алдын ала келісуі бойынша ғана жүзеге асырылып, құзыретті органдар хабардар етіледі.

7-бап

Шарттар

      1. Тараптардың уәкілетті органдары жасасатын шарттарда мынадай міндетті ережелер қамтылуға тиіс:

      1) ынтымақтастық процесінде берілуі және (немесе) пайдаланылуы болжанатын құпия мәліметтердің тізбесі, сондай-ақ олардың құпиялылық дәрежесі;

      2) ынтымақтастық процесінде берілетін және (немесе) түзілген құпия мәліметтерді қорғауды және олардың сақталуын қамтамасыз ету ерекшеліктері, оларды қолдану шарттары;

      3) құпия мәліметтерді беру тәртібі (құралдары мен рәсімдері);

      4) құпия мәліметтерді үшінші тарапқа беруге жол берілмеуі;

      5) құпия мәліметтерді шартта көзделген мақсаттарды жүзеге асыру үшін құпия мәліметтерге және олармен танысуға тиісті рұқсат нысаны бар адамдарға ғана хабарлау;

      6) ынтымақтастық процесінде берілетін және (немесе) түзілген құпия мәліметтер жария етілген (таратылған) жағдайда шарт шеңберінде туындайтын ықтимал дауларды (қақтығысты жағдайларды) шешу және ықтимал залалды өтеу тәртібі.

8-бап

Құзыретті органдардың өзара іс-қимылы

      1. Тараптардың құзыретті органдары өз құзыреттері шегінде тікелей өзара іс-қимыл жасайды және осы Келісімді іске асыру мақсатында өздерінің біреуінің өтініші бойынша бірлескен кеңестер мен консультациялар өткізеді.

      2. Егер бұл Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына қайшы келмесе, сондай-ақ Тараптардың құзыретті органдарының оларды берудің орынсыздығы туралы шешімі болмаса, Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімнің ережелерін іске асыру үшін қажетті көлемде құпия мәліметтерді қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету саласындағы тиісті нормативтік құқықтық актілермен алмасады.

9-бап

Сапарлар

      1. Бір Тарап мемлекеті өкілдерінің екінші Тараптың құпия мәліметтеріне қол жеткізуді көздейтін сапарлары қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіппен ұйымдастырылады және жүзеге асырылады.

      Мұндай баруға осы Келісім 4-бабының 2-тармағында көрсетілген адамдарға ғана рұқсат беріледі.

      2. Бір Тараптың құзыретті органы сапарды жүзеге асыру мүмкіндігі туралы хатты екінші Тараптың құзыретті органына болжамды сапардың мерзімі басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын жібереді.

      Болжамды сапар туралы хатта мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:

      1) өкілдің (өкілдердің) тегі мен аты, туған күні мен жері, азаматтығы, және паспортының сериясы (нөмірі);

      2) өкілдің (өкілдердің) лауазымы және ол жұмыс істейтін уәкілетті органның атауы;

      3) құпия мәліметтерге тиісті рұқсат нысанының бар-жоғы;

      4) сапар болжанып отырған күні мен ұзақтығы;

      5) сапардың мақсаты, құпия мәліметтерге қатысы бар талқылауға жататын мәселелердің тізбесі;

      6) бару жоспарланған уәкілетті органдардың атауы;

      7) кездесу болжанып отырған адамдардың лауазымдары, тектері мен есімдері.

      3. Бір Тарап мемлекетінің өкілдері екінші Тарап мемлекетінің құпия мәліметтерімен жұмыс істеу қағидаларымен танысады және осы қағидаларды сақтайды.

10-бап

Келісімді іске асыру шығыстары

      Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі шығыстарды өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес өздері көтереді.

11-бап

Құпия мәліметтерді қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың бұзылуы және залал мөлшерін айқындау

      1. Құпия мәліметтерді қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптардың бұзылуы осы Келісім шеңберінде берілген және (немесе) ынтымақтастық процесінде қалыптасқан құпия мәліметтердің жария етілуіне (таралуына) әкеп соққан жағдайда бұзушылық жасалған мемлекеттің аумағындағы Тараптың құзыретті не уәкілетті органы бұл туралы дереу екінші Тараптың құзыретті органына хабарлайды.

      Бұзушылық жасалған мемлекеттің аумағындағы Тараптың құзыретті органы өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес қажетті тергеп-тексеруді және өзге де іс-шараларды жүргізеді, оның нәтижелері туралы екінші Тараптың құзыретті органына да хабарлайды.

      2. Құпия мәліметтерді жария ету (тарату) салдарынан келтірілген залалды өтеу мөлшері мен тәртібі Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына, олар қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес, сондай-ақ консультациялар барысында айқындалады.

12-бап

Өзге халықаралық шарттармен қатынастар

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының мемлекеттері қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқығы мен міндеттемелерін қозғамайды.

13-бап

Даулы мәселелерді шешу

      Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.

      Кез келген даулар реттелгенге дейін Тараптар осы Келісімде көзделген өздерінің міндеттемелерін сақтауды жалғастырады.

14-бап

Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 15-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

15-бап

Келісімнің күшіне енуі және қолданысының тоқтатылуы

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді және белгіленбеген мерзім ішінде қолданылады.

      2. Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу жолымен оның қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісімнің қолданылуы көрсетілген хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткен соң тоқтатылады.

      3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда ынтымақтастық процесінде берілген және (немесе) түзілген құпия мәліметтерге қатысты осы Келісімнің 4-бабында көзделген мемлекеттік құпиялар жойылғанға не құпиясыздандырылғанға дейін оларды қорғау және сақтау шараларын қолдану жалғасады.

      Астана қаласында 2025 жылғы "__" ____ _______ қарашада әрқайсысы қазақ, армян және орыс тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндердің заңды күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер мен даулар туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Армения РеспубликасыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады