Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 10 қарашадағы № 949 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназароваға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы "10" қарашадағы
№ 949 қаулысымен
бекітілген
Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі

      екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды негізге ала отырып және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында,

      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын және Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын негізге ала отырып,

      екі ел халқының өмірі мен денсаулығын қорғау саласындағы дәстүрлі байланыстарды қолдауға және дамытуға деген ұмтылысын назарға ала отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің ұзақ мерзімді және тұрақты негіздегі өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастыққа мүдделілігін ескере отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар осы Келісімде көзделген халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына және олар қатысушылар болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес мынадай:

      аса қауіпті, табиғи-ошақты, вакцинамен басқарылатын және өзге де инфекциялық аурулардың профилактикасы мен мониторингі;

      өмір сүру ортасы факторларының адамға зиянды әсерінің профилактикасы;

      мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі;

      санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайларға ден қою бағыттары бойынша жүзеге асырады.

2-бап

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай негізгі:

      Тараптар мемлекеттері үшін өзара мүддені білдіретін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мәселелері бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу (Тараптардың сұрау салуы бойынша);

      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуде әдістемелік тәсілдерді әзірлеу;

      бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;

      екіжақты кеңестерді, семинарларды, конференцияларды, консультацияларды ұйымдастыру және өткізу;

      кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу үшін мамандарды жіберу;

      бірлескен оқу-жаттығулар өткізу;

      өзара мүддеге негізделген ынтымақтастықтың басқа түрлері нысандарында жүзеге асырылады.

3-бап

      Тараптар осы саладағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыру шеңберінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытады.

4-бап

      Бірлескен ғылыми-техникалық жұмыстың тиімділігін арттыру және үйлестіру мақсатында Тараптар өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша бейінді ғылыми-зерттеу ұйымдары мен мекемелерінің ынтымақтастығын қолдайды.

      Мұндай ұйымдар мен мекемелердің өзара іс-қимылының көлемі мен тәртібі осы ұйымдар мен Тараптардың мекемелері арасындағы жеке шарттарда айқындалады.

5-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында Тараптар құзыретті органдарды:

      Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі;

      Ресей тарапынан – Тұтынушылардың құқықтары мен адам әл-ауқатын қорғау саласындағы Федералды қадағалау қызметі тағайындайды.

      Тараптардың құзыретті органдарының атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабар береді.

6-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген бағыттар мен нысандар бойынша жәрдем көрсету көлемі мен тәртібі Тараптардың құзыретті органдары жасасатын жекелеген келісімдерде айқындалады.

7-бап

      Осы Келісімді орындауға байланысты барлық шығысты, оның ішінде Тараптардың өкілдерін іссапарға жіберуге және оларды қабылдаушы мемлекеттің аумағында тұруға жұмсалатын шығыстарын өзгеше уағдаластық болмаған кезде Тараптар дербес көтереді.

8-бап

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген Тараптардың құзыретті органдары арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

9-бап

      Тараптардың келісу бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 6 (алты) ай өткенге дейін күшінде қалады.

      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату осы Келісімнің қолданылуы кезеңінде туындаған және оның қолданылуы тоқтатылған кезде аяқталмаған міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.

      20 жылғы "___" қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей ФедерациясыныңҮкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады