Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметі үшін кадрлар даярлау саласындағы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Ермек Алдабергенұлы Сағымбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметі үшін кадрлар даярлау саласындағы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 28 мамырдағы № 382 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметі үшін кадрлар даярлау саласындағы келісім
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті достық қатынастарды дамыту және нығайту ниетiн негiзге ала отырып, сыртқы шекара қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы интеграциялық процестерді жолға қоюға және тереңдетуге ұмтыла отырып, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын сенiмдi күзету үшiн шекара әскерлерiнiң кәсiптік даярланған әскери кадрларының шешушi маңызын ұғына отырып,
1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң шекара әскерлерiне арналған әскери кадрларды даярлау мен олардың бiлiктiлiгін арттырудағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң 1-бабын басшылыққа ала отырып, төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Қазақстан Тарапы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшiлерiнің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы бекiткен штат саны лимитi мен ҰҚК Шекара академиясын ұстауға бөлiнген қаражат шегiнде уағдаласқан санын Тараптар жыл сайын келiсетiн мамандықтар бойынша және мерзiмге Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 103-үй мекенжайында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара академиясына (бұдан әрі – ҰҚК Шекара академиясы) оқуға қабылдайды. Келiсу нәтижелерi келiсiмшарттармен ресiмделедi.
2-бап
Тараптардың осы Келiсiмнiң орындалуы үшiн жауапты уәкiлеттi органдары:
Қазақстан Тарапынан – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
Қырғыз Тарапынан – Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара қызметі болып табылады.
Жоғарыда аталған өкiлеттi органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақытылы хабардар етілетін болады.
3-бап
Әскери қызметшiлердi оқуға қабылдау Қырғыз Тарапының жыл сайынғы жазбаша өтiнiмдерiне, Қазақстан Тарапының ұсынымдары мен мүмкiндiктеріне сәйкес жүргізіледі. Өтінімдер оқу басталғанға дейін кемінде алты ай бұрын жіберіледі. Өтінімдерде оқыту мамандығы және әр мамандық бойынша жеке-жеке үміткерлер саны, оқуға үміткерлердің жалпы білім деңгейі көрсетіледі.
Қырғыз Тарапы ҰҚК Шекара академиясында оқуға үмiткерлердi iрiктеудi Қазақстан Тарапы жыл сайын белгілейтін квотаға сәйкес жүзеге асырады.
Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына (бұдан әрі – ҰҚО ӘАОО) Қырғыз Республикасының мынадай азаматтары қабылданады:
1) жалпы орта, кәсіптік бастауыш немесе кәсіптік орта білімі бар, әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған;
2) арнаулы мемлекеттiк органдарда әскери қызмет не қызмет өткерген және оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған, мерзімді әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшілер;
3) келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлер не оқуға түсетін жылы жиырма бес жасқа толмаған, арнаулы мемлекеттiк органдарда қызмет өткерiп жүрген қызметкерлер.
Жоғары білім және оқу мерзімі қысқартылған жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуға үміткердің жасы ол ҰҚО ӘАОО-ға оқуға қабылданатын күнге айқындалады.
4-бап
Қырғыз Тарапы әскери қызметшiлердi кәсiптiк iрiктеуді, медициналық куәландыруды, қабылдау емтихандарын өткiзудi Қырғыз Тарапы белгiлеген бағдарлама бойынша конкурстық негiзде белгiленген тәртiппен жүзеге асырады және ҰҚК Шекара академиясына оқуға алдын ала белгіленген мерзiмде жiбередi.
Оқу Қазақстан Республикасы ҰҚО ӘАОО-да қабылданған қолданыстағы жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес орыс тілінде жүргізіледі.
Үміткер орыс тілін базалық деңгейде меңгерген болуға тиіс. Орыс тілін меңгеруінің ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын тексеру Қазақстан Тарапы өкілдерінің міндетті қатысуымен жүзеге асырылады.
5-бап
Қырғыз Тарапы оқу басталғанға дейiн бір ай бұрын Қазақстан Тарапының атына мыналарды жібереді:
– әскери қызметшiлердің әскери атағы, тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, жалпы бiлiмi, көздейтін мамандығы көрсетілген тiзiмiнiң екi данасы;
– оқуға үмiткерлердiң оқу істері, олар мыналарды:
кәсiптiк iрiктеудің нәтижелерiн, мемлекеттiк құпияларға жатқызылған мәлiметтердi алу (беру) құқықтарының бар-жоғы туралы қорытындыны және толық орта бiлiмi туралы құжаттарының нотариалды куәландырылған көшiрмелерiн қамтиды.
ҰҚК Шекара академиясынан оқудан шығарылған немесе оны бітіріп шыққан Қырғыз Тарапы әскери қызметшілерінің оқу істері Қырғыз Тарапына жіберіледі.
Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерi оқуға белгiленген тәртiппен оқу жылының басталуына қарай келедi, оларда өзімен бірге:
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуге құқық беретін жеке басын куәландыратын жарамды құжаты;
– білімі туралы, оқыған пәндері мен олар бойынша алған бағалары туралы құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері;
– жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын тапсыру ведомосынан үзінді;
– медициналық куәландыру қорытындысы және берілгеніне 3 (үш) айдан аспаған, тік проекцияда түсірілген көкірек қуысы ағзаларын флюорографиялық зерттеу, сондай-ақ АҚТҚ-инфекциясы мен гепатитке (В, С) тексеру туралы берілгеніне бір айдан аспаған медициналық қорытынды;
– әскери нысандағы киімде түскен өлшемі 4,5 х 3,5 см бес фотосурет;
– Қырғыз Республикасының мемлекеттік құпияларына рұқсатының тиісті нысаны болуы керек.
Оқуға үміткерлердің құжаттары орыс тілінде ресімдеуге және нотариалды куәландыруға тиіс.
Қырғыз Тарапы үміткерлердің белгіленген мерзімде оқуға келуін қамтамасыз етеді.
Қырғыз Тарапы әскери қызметшілерінің оқудың басталуына қарай келуі мүмкін болмаған жағдайда Қырғыз Тарапы бұл туралы оқу басталғанға дейін кемінде он күн бұрын Қазақстан Тарапына хабарлауға міндетті.
Қырғыз Тарапы оқуға жiберген кезде Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерi қатарынан ұлттық топтың жетекшiсiн тағайындайды, ол сол Тараптың ҰҚК Шекара академиясындағы өкiлi болып табылады.
6-бап
ҰҚК Шекара академиясында оқитын Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiне оқу жоспарларына сәйкес жыл сайын мынадай каникулдық демалыс берiледi:
1) жазғы демалыс – отыз тәулік;
2) қысқы демалыс – он төрт тәулік.
Каникулдық демалыс өткізілетін жерге және кері қарай жол жүру үшін қажетті уақыт берілмейді.
7-бап
Қазақстан Тарапы Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiн ҰҚК Шекара академиясында оқыту барысында:
– Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында уақытша тiркеумен;
– стипендиямен;
– заттай мүлiкпен;
– тұратын үй-жайлармен (жатақханалармен);
– үш мезгiл тамақпен;
– оқу құралдарымен, оқу-сыныптық керек-жарақтармен, зертханалық жабдықпен, қару-жарақпен, техникамен, оқ-дәрiмен, практикалық оқытудың техникалық құралдарымен;
– арнайы оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес оқу процесіне қажеттi шығыс материалдарымен және басқа да жабдықпен;
– оқу процесіне қажеттi кiтапханаларды, оқу және спорт залдарын және басқа үй-жайларды пайдалану құқығымен;
– госпитальға жатқызу мен дәрi-дәрмек берудi қоса алғанда, медициналық қызмет көрсетумен;
– оқу мақсаттары үшiн көлiкпен;
– киiм-кешекпен, сондай-ақ Қазақстан Тарапы әскери қызметшiлерiнiң қазiргi санаттарына арналған нормалар бойынша техникамен жұмыс iстеуге арналған арнайы киiммен қамтамасыз етедi.
Арнайы киiм уақытша пайдалануға берiледi және оқу аяқталғаннан кейiн ол алған орнына қайтарылуға тиiс.
8-бап
Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiн стипендиямен, киiм-кешекпен, тамақпен және тұрғын үй-жайлармен (жатақханамен) қамтамасыз етудi, сондай-ақ оқуға байланысты шығыстарды Қазақстан Тарапы әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттары үшiн белгіленген нормалар бойынша Қазақстан Тарапы жүзеге асырады.
Қырғыз Тарапы Қырғыз Тарапының заңнамасына сәйкес Қырғыз Тарапының әскери қызметшілеріне:
– әскери қызметшілердің жол жүру, әскери қызмет өткеретін жерінен (тұрғылықты жерінен) оқу орнына дейін олардың багажын тасымалдау;
– оқу орнынан әскери қызмет өткеретін жеріне (тұрғылықты жеріне) дейін олардың багажын тасымалдау, каникул және жеке мән-жайлар бойынша демалысқа, кәсіптік практика мен тағылымдамадан өтуге және кері қарай, ҰҚК Шекара академиясынан оқудан шығарылған және оқу бітірген соң қызмет орнына кеткен жағдайда Қырғыз Республикасының аумағына оралғанда жол жүру ақысын төлеуді жүзеге асырады.
9-бап
Қырғыз Тарапының әскери қызметшiсiнiң кiнәсінен Қазақстан Тарапының мүлкiне зақым келген жағдайда Қырғыз Тарапының әскери қызметшісі оны жөндеу немесе ауыстыру құнын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес нақты шығындарды негiзге ала отырып өтейді.
Қырғыз Тарапының әскери қызметшiсiнiң кiнәсінен Қазақстан Тарапының мүлкi жоғалған жағдайда Қырғыз Тарапының әскери қызметшісі оның құнын Қазақстан Тарапы әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттары үшін анықталған мөлшерде өтейдi.
10-бап
ҰҚК Шекара академиясында оқып жүрген Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында шетелдiк азаматтар үшін көзделген құқықтар мен мiндеттер қолданылады.
Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерi Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының әскери қызмет өткерудi, сондай-ақ ҰҚК Шекара академиясындағы iшкi тәртiптi және оқу процесін регламенттейтiн жалпыәскери жарғыларын сақтауға мiндеттi.
ҰҚК Шекара академиясында оқитын және жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзған, сондай-ақ Қырғыз Тарапының шешiмi бойынша керi шақырылып алынған әскери қызметшiлер ҰҚК Шекара академиясынан шығарылады және Қырғыз Республикасына жiберiледi.
11-бап
Әскери қызметшi сырқаттанып, бұл одан әрi оқуына кедергi келтiретiн болса, ол әскери-дәрiгерлiк комиссияға жiберiледi. Әскери-дәрiгерлiк комиссия сырқаттанған әскери қызметшi одан әрi оқуға жарамсыз деп шешiм қабылдаған жағдайда ол ҰҚК Шекара академиясынан оқудан шығарылады және Қырғыз Тарапының қарамағына жiберiледi.
Қырғыз Республикасының әскери қызметшiсi Қазақстан Республикасының аумағында қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда қайтыс болған (қаза тапқан) адамның мәйітін Қырғыз Республикасына жiберудi Қырғыз Тарапы өз есебiнен қамтамасыз етедi. Қазақстан Тарапы Қырғыз Тарапының өтiнiшi бойынша қажетті жәрдем көрсетедi.
Қазақстан Тарапы барлық жағдайларда Қырғыз Тарапын оқып жүрген адамның қайтыс болғаны туралы дереу хабардар етедi, ал қайтыс болу себептерiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген Қазақстан Тарапының құзыреттi органдары анықтайтын болады.
12-бап
Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiнiң кәсiптiк практикасы мен тағылымдамасы Қазақстан Тарапының арнаулы әскери оқу орындарының жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес Қырғыз Тарапының практика мен тағылымдама базасында жүргізіледі және каникулдық демалысқа (жазғы, қысқы) шығумен бiрiктiрiледi (әдетте).
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорытынды аттестаттаудан өткен және тиісті білім беру бағдарламасын игергенін растаған білім алушыларға Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен "бакалавр" дәрежесі беріледі, диплом және белгіленген үлгідегі төсбелгілер тапсырылады.
ҰҚК Шекара академиясында оқып жүрген Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiне алғашқы офицер атағын беру ҰҚК Шекара академиясы жіберген ақпараттың негізінде Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
13-бап
Оқу бітірген Қырғыз Тарапының әскери қызметшiлерiнiң жұмыс дәптерлерi Қырғыз Тарапының сұрау салуы негiзiнде белгіленген тәртiппен Қырғыз Республикасына жiберiлуi мүмкін.
14-бап
Осы Келiсiмдi iске асыру шеңберiнде алынған құпия және өтe құпия ақпараттың рұқсатсыз тарап кетуіне немесе жария болуына жол берген не өзге қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қырғыз Тарапының ҰҚК Шекара академиясында оқып жатқан әскери қызметшiлерi ол жасалған жердегі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен жауапты болады.
15-бап
Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмге осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалар түрінде ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Осы Келiсiмдi іске асыру кезiнде туындайтын барлық дауларды Тараптар өзара консультациялар және келiссөздер жолымен шешедi.
16-бап
Осы Келiсiм оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың жазбаша хабарламаларының соңғысы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екінші Тараптың оның қолдануын тоқтату ниетi туралы тиiстi жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен кейiн алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
Осы Келiсiмнiң қолданылуы тоқтатылған жағдайда оның негiзiнде жасалған келiсiмшарттар Тараптардың олар бойынша мiндеттемелерi орындалғанға дейiн қолданыста болады.
Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Yкiметi арасындағы Қырғыз Республикасының Шекара қызметi үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiм өз қолданысын тоқтатады.
20___ жылғы "___" __________ _______________ қаласында қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде екі данада жасалды барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті үшін |