Соттардың экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық істер бойынша заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

2020 жылғы 24 қаңтардағы № 3 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Нормативтік қаулының деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер жөніндегі заңнаманы дұрыс қолдану практикасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірме беруге қаулы етеді.

      1. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау кезінде қылмыстық заңнаманы дұрыс қолдану жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететіндігіне соттардың назары аударылсын.

      2. Заңсыз кәсіпкерлік туралы қылмыстық істерді қараған кезде соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 10-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодексі) 2-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлікке) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлік) негізделген дербес, бастамашыл қызметі кәсіпкерлік болып табылатынын ескеруі тиіс.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Іс-әрекетті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі ҚК) 214-бабымен тіркеуде болмау белгісі бойынша саралаған кезде соттар жеке кәсiпкерлiктi заңды тұлға құрмай жүзеге асыратын жеке тұлғаны мемлекеттiк тiркеу осы адамның тұрған жерi бойынша мемлекеттік кірістер органында дара кәсiпкер ретiнде есепке қоюды білдіретінін назарда ұстағаны жөн. Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабының 2-тармағына сәйкес жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті болған, бірақ ол тіркелмеген және бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірген не ірі мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткізумен ұштасқан жағдайларда тіркеуде болмау белгісі бойынша заңсыз кәсіпкерлік үшін қылмыстық жауаптылық басталады.

      Бұл ретте соттар Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабының 3, 3-1-тармақтарында және салық заңнамасында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы болатын жағдайлар да көзделгенін ескеру қажет. Көрсетілген тұлғалар ҚК-нің 214-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі № 2198 Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік тіркеу туралы заң) 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгiлеген нысан бойынша анықтама заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенін растайтын құжат болып табылады.

      5. Жеке тұлғаның тіркеуші органда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылғаннан кейін (Кәсіпкерлік кодекстің 38-бабының 4-тармағы), заңды тұлғаның Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне қызметті тоқтату туралы мәліметтер енгізілгеннен кейін (Мемлекеттік тіркеу туралы заңның 16-бабы) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы тіркеу белгісінің болмауы бойынша заңсыз кәсіпкерлік деп танылады.

      6. Адамның әрекеттерінде кәсіпкерлік қызметті осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз не Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын бұза отырып жүзеге асыру белгілерінің болуы туралы мәселені шешу кезінде соттар "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V Заңында (бұдан әрі – Рұқсаттар және хабарламалар туралы заң) қызметтің немесе әрекеттердің (операциялар) түрлері айқындалғанын, оларды жүзеге асыру үшін рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі көрсетілгенін назарға алған жөн.

      Қызметтерді немесе іс-әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру үшін рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңда белгіленген қызмет түрлерінің, іс-әрекеттерінің (операцияларының) тізбесі толық болып табылады және кең мағынада түсіндірілмейді.

      Рұқсат беру тәртібі тұлғаның қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастағанға дейін тиісті санаттағы (бірінші немесе екінші) жарамды рұқсатының болуы қажет.

      Хабарлама жасау тәртібі қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру басталғанға дейін жеке немесе заңды тұлғаның осы тәртіп туралы хабарлама қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органды хабардар ету міндетіне негізделеді.

      Соттар рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі қызмет немесе іс-әрекеттер басталғанға дейін сақталуы тиіс екенін, кейіннен рұқсатты алу немесе хабарламаны жүзеге асыру адамды ҚК-нің 214-бабы бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатпайтынын ескеруі керек.

      Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңның 26-бабына сәйкес Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңның 26-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер рұқсат беруші орган оларды беруді кешіктірсе, берілген деп саналады.

      Лицензиат рұқсаттар және хабарламалар туралы заңның 33-бабының лицензияны және лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы талаптарын орындамаған жағдайда ҚК-нің 214, 214-1-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. Заңсыз банк қызметін (банк операцияларын) жүзеге асыру туралы қылмыстық істер бойынша банк – бұл "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы № 2444 Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес аталған Заңда көрсетілген банктік және өзге операцияларды жүргізу арқылы банктік қызметті жүзеге асыруға құқылы коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға екенін соттар ескеруі тиіс.

      Банктің ресми мәртебесі заңды тұлғаны "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында банк ретінде мемлекеттік тіркеумен және банк операцияларын жүргізуге қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) лицензиясының болуымен айқындалады.

      Банктің ресми мәртебесі жоқ заңды тұлға "банк" деп аталуы мүмкін емес немесе өзін банк қызметімен айналысушы ретінде сипаттай алмайды. Сонымен бірге Банктер туралы заңның 5-бабына сәйкес банк болып табылмайтын заңды тұлға уәкілетті органның немесе Ұлттық Банктің лицензиясы негізінде не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыруға құқылы.

      8. Заңсыз коллекторлық қызмет туралы істер бойынша "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 6 мамырдағы № 62-VI Заңының (бұдан әрі – Коллекторлық қызмет туралы заң) 1-бабының 6) тармақшасына сәйкес коллекторлық қызмет – бұл коллекторлық агенттіктің берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге, сондай-ақ берешекке байланысты ақпарат жинауға бағытталған қызметі.

      Коллекторлық қызмет туралы заңның 3-бабының 2-тармағына сәйкес коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілмеген заңды тұлға коллекторлық қызметті жүзеге асыруға, өзін коллекторлық қызметпен айналысушы ретінде сипаттауға, сондай-ақ өз атауында "коллекторлық агенттік" деген сөздерді, олардан туындайтын, өзін коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжататын сөздерді пайдалануға құқылы емес.

      Коллекторлық қызметті жүзеге асыру үшін заңды тұлға Коллекторлық қызмет туралы заңның 7-бабында белгіленген тәртіппен есептік тіркеуден өтуге тиіс.

      9. ҚК-нің 214-бабының бірінші бөлігінде кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.

      Тыйым салынған қызмет түрлері деп онымен айналысқаны үшін қылмыстық жауаптылық немесе Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (бұдан әрі – ӘҚБтК) көзделген жауаптылық белгіленген қызмет танылады.

      Егер тұлға ҚК-нің өзге баптарында жауаптылық көзделген кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысса, мысалы, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны, қайта өңдегені, сақтағаны, тасымалдағаны немесе өткізгені үшін оның жасаған іс-әрекеті ҚК-нің 214-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Кәсіпкерлік қызметті, банк қызметін (банк операцияларын), микроқаржылық немесе коллекторлық қызметті тіркеусіз, сол сияқты осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз, есептік тіркеусіз немесе коллекторлық агенттіктердің тізілімінен коллекторлық агенттікті алып тастағаннан кейін не Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын бұза отырып жүзеге асырған, сол сияқты кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін, егер бұл іс-әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде кіріс алумен немесе акцизделетін тауарларды айтарлықтай мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен немесе сатумен ұштасса, ҚК-нің 214, 214-1, 214-2-баптарының бірінші бөліктері бойынша, ал қылмыстық топ жасаған; аса ірі мөлшерде кіріс алумен ұштасқан; бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекеттер үшін ҚК-нің 214, 214-1, 214-2-баптарының екінші бөліктері бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.

      Қылмыстық топ алған кіріс мөлшерін есептеген кезде соттар оның барлық қатысушылары алған кірістің жалпы сомасын ескеруі қажет.

      Ірі залал, ірі мөлшердегі немесе аса ірі мөлшердегі кіріс, едәуір мөлшердегі тауар ҚК-нің 3-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыстағы редакцияда айқындалады және сарапшының, маманның қорытындысымен және басқа да дәлелдемелермен расталуға тиіс.

      Жеке тұлғаның мүліктік кірісін анықтау кезінде қылмыстық жауаптылық туындайтын іс-әрекетті жасаған уақытта қолданыста болған заңды, яғни Салық кодексінің 330-бабы 1-тармағының (2017 жылғы редакцияда) немесе Салық кодексінің 382-бабы 1-тармағының (2025 жылғы редакцияда) ережелерін басшылыққа алу керек.

      Бұл ретте заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстарды шегерместен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден алынған ақша қаражатының бүкіл сомасы немесе басқа мүліктің құны кіріс болып табылады.

      Акцизделетін тауарлар тізбесі қылмыстық жауаптылық туындайтын іс-әрекетті жасаған кезде қолданыста болған заңда, яғни Салық кодексінің 462-бабында (2017 жылғы редакцияда) немесе Салық кодексінің 536-бабында (2025 жылғы редакцияда) белгіленген.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      11. ҚК-нің 13-бабының үшінші бөлігіне сәйкес заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру түріндегі заңсыз кәсіпкерлік қызметті ірі немесе аса ірі кіріс алып жүзеге асырған кезде ҚК-нің 214 және 307-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы болмайтындығын және қылмыстық жауаптылық ҚК-нің 214-бабына қатысты арнайы норма болып табылатын ҚК-нің 307-бабы бойынша туындайтындығын соттар ескеруі тиіс.

      Заңсыз банк қызметін (банк операцияларын), заңсыз микроқаржылық және коллекторлық қызметті тіркеусіз, сол сияқты осындай қызмет үшін міндетті лицензиясыз, есептік тіркеусіз не коллекторлық агенттік тізілімінен коллекторлық агенттікті алып тастағаннан кейін немесе Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын бұза отырып жүзеге асырған тұлғаның әрекеттері ҚК-нің 214-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      Заңсыз кәсiпкерлiк, банк, микроқаржылық, коллекторлық қызметті, яғни ҚК-нiң 214, 214-1, 214-2-баптарында көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асырған жағдайда тұлғаның салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеу жөнiндегi мiндеттемелерi туындамайды. Тиісінше кінәлінің әрекеттері ҚК-нің 244, 245-баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді.

      ҚК-нің 322-бабында көзделген салдарлар болмаған кезде заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет, егер бұл қызмет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге әкеп соқса не ірі немесе аса ірі мөлшерде кіріс алумен не акцизделетін тауарларды елеулі мөлшерде өндірумен, сақтаумен, тасымалдаумен не өткізумен ұштасқан жағдайда, ҚК-нің 214-бабының тиісті бөлігі бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

      Егер көрсетілген қызмет ҚК-нің 214-бабында, сондай-ақ ҚК-нің 322-бабында көзделген салдарларға әкеп соқса, онда кінәлі адамның әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға жатады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      12. Егер заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде адам бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртектес тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін оларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдаланса, онда ҚК-нің 222-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болған кезде бұл әрекетті ҚК-нің 214 және 222-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралау қажет.

      13. ҚК-нің 216-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірген мүліктік пайда алу мақсатында нақты жұмыс жасамай, қызмет көрсетпестен, тауарларды тиеп-түсірместен шот-фактураны ресімдеу актілерін жасаудан көрінеді.

      Қылмыстық құқық бұзушылық жасау туралы қылмыстық істерді қараған кезде жеке кәсіпкерлік субъектісінің жұмыстарды іс жүзінде орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураларды жазып бергені дәлелденуі тиіс. Сот жеке кәсіпкерлік субъектісінің тиісті активтердің, ғимараттардың, көлік құралдарының меншік құқығында немесе жалға алу негізінде және басқа негіздермен, материалдық және еңбек ресурстарымен, оларсыз жұмыс істеу және қызмет көрсету мүмкін емес екендігінің дәлелдерін зерделеуге міндетті. Егер жеке кәсіпкерлік субъектісі мердігерді тарту арқылы қызмет көрсететін болса, тікелей орындаушының осындай қызметтерді көрсетуі туралы дәлелдемелер мен мәліметтер тексеріліп, бағалануға жатады.

      Егер мәміленің нысанасы тауар болып табылса, онда оның өндірілгенін немесе үшінші тұлғалардан сатып алынғанын растайтын құжаттарды соның ішінде тауарды сатып алғаны және өткізгені үшін төлемақы жүргізілген құжаттарды зерттеген жөн. Зерттеу және бағалау нысаны, тауарларды тиеп-жөнелту кезінде көлік шығындарын растайтын құжаттар болуы мүмкін.

      14. Жеке кәсіпкерлік субъектілері ҚК-нің 216-бабында көзделген қылмыс субъектісі болып табылады, оларға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, қандастар, резидент еместер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғаларда басқару функцияларын орындайтын адамдар жатады.

      Жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын және ҚК-нің 216-бабында көзделген әрекетті жасауға қатысқан адам тиісінше оны ұйымдастырушы, айдап салушы не көмектесуші ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Бір тұлғаның бір контрагентке қатысты іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей бірнеше шот-фактура жазып беруі бірыңғай пиғылмен қамтылады, бір жалғасатын қылмыстық құқық бұзушылық болып танылады.

      Бірнеше жалған шот-фактураларды әртүрлі контрагенттерге жазып берген және қылмыстық қудалау органы осы әрекеттерді бір жалғасқан қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралаған кезде, соттар кінәлі адамның әрекетінде бірыңғай пиғылдың болған-болмағанын тексеруі тиіс. Егер көрсетілген әрекеттердің жасалуы бірыңғай пиғылмен байланысты болмай және бірнеше ретті құраса, онда әрбір контрагентке қатысты залалдың сомасы ҚК-нің 3-бабының 38-тармағында көрсетілген мөлшерге жетпесе, сотталушының әрекеттері әкімшілік құқық бұзушылық ретінде саралануға жатады.

      Бірыңғай пиғылмен байланысты емес екі немесе одан да көп әрекеттерді жасау қылмыстық құқық бұзушылықтар бірнеше рет жасалған болып саналады және ҚК-нің 216-бабы екінші бөлігінің 1-тармағымен саралануға тиіс.

      16. ҚК-нің 216-бабы бойынша ақталмайтын негізбен іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны, айыптау үкімін шығару кезінде жалған шот-фактурамен расталған мәміле АК-нің 158-бабының 2-тармағына сәйкес маңызсыз болып табылатынын соттар ескеруі тиіс. Салық органдарының жалған шот-фактуралармен расталған мәмілелерді даулау туралы талап қоюларды беруі талап етілмейді. Салық органы адамның іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураларды жазып берген құқыққа қарсы әрекеттеріне құқықтық баға берілген іс бойынша іс жүргізуді ақталмайтын негіз бойынша тоқтату туралы қаулының немесе заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде салықтардың тиісті сомаларын толықтырып есептеуді жүзеге асырады.

      17. Егер жалған шот-фактураларды жазып беру бойынша әрекеттер экономикалық қызмет саласындағы басқа қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаумен ұштасса, онда Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 24 және 113-баптарының талаптарына сай іс бойынша экономикалық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға контрагенттердің жалған шот-фактураларды пайдалану, олардың жазып беруге сыбайлас қатысу, сондай-ақ жалған шот-фактураны жазып берген жеке кәсіпкерлік субъектісінің сыбайлас қатысу мән-жайлары анықталуға және бағалануға тиіс.

      18. Жұмыстарды іс жүзінде орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураларды жазып беру бойынша контрагент төлеуден жалтарған салық сомасы және басқа да міндетті төлемдер немесе кредит, кіріс, ұрланған қаражат сомасы мүліктік пайда болып табылады.

      Төленбеген салық, бюджетке төлемдер сомасы дәлелдемелер жиынтығының негізінде, оның ішінде контрагенттердің немесе олардың өкілдерінің айғақтарымен, салықтық тексеру актісімен, сарапшының қорытындысымен және басқа да дәлелдемелермен анықталады. Контрагенттерден немесе олардың өкілдерінен жауап алу кезінде контрагенттердің мемлекеттік кірістер органдарының салықтық тексеру нәтижелеріне шағым жасалған-жасамалғанын анықтау, оларға сот тәртібімен шағым жасалған жағдайларда қабылданған сот актілерін іске қосып тігу және зерттеу қажет.

      Егер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке кінәлі адамдарға байланысты емес мән-жайлар бойынша ірі немесе аса ірі залал келтіру түріндегі салдарлар келтірілмесе, онда жеке кәсіпкерлік субъектісінде жалған шот-фактура жазып беру кезінде азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі немесе аса ірі залал келтіре отырып, мүліктік пайда алу мақсатының болуына дәлелдемелер болған кезде, оның әрекеті ҚК-нің 216-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасауға оқталуды құрайды. Қоғамға қауіпті салдарлардың басталғанын анықтау үшін контрагенттердің бюджетке міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы фактілерін растайтын дәлелдемелерді, оның ішінде оларға қатысты қабылданған қылмыстық қудалау немесе ӘҚБтК-ге сәйкес жауаптылыққа тарту туралы шешімдерді зерттеу қажет.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      18-1. Қаржылық (инвестициялық) пирамида – бұл тартылған қаражатты қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, қатысушылардың ақша қаражаттарын тұрақты тартуға негізделген кірісті (мүліктік пайданы) немесе өзге мүлкін не жеке және (немесе) заңды тұлғалардың оған құқығын осы активтерді қайта бөлу және қатысушылардың біреуін басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы алу жөніндегі қызмет.

      Осы санаттағы істерді қарау кезінде соттар қаржылық (инвестициялық) пирамиданың жекелеген белгілерінің болуын анықтауы керек, мысалы: өзге де кіріс көздері мен инвестициялар болмаған кезде, қатысушылардың ақша қаражаттарын немесе өзге мүліктерін тарту, бір қатысушылардың басқалардың жарналары есебінен баюы, жоғары кірістерге негізсіз уәде беру, халық қаражатын тарту жөніндегі банктік және өзге де қаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиялардың болмауы, өнімді шығаруды және қызметтердің өзге де түрлерін жүзеге асырмау, меншікті негізгі құралдардың және басқа да активтердің, сондай-ақ қаржылық жағдайы туралы ақпараттың болмауы, қызығушылық танытқан адамдардың көп санын тарту мақсатында қызметті масс-медиада белсенді жарнамалау, қатысушыларға қымбат сыйлықтарды табыстай отырып, таныстырылымдар ұйымдастыру және басқалары.

      Қаржылық (инвестициялық) пирамидаға басшылық ету деп қатысушылардың ақша қаражаттарын немесе өзге мүліктерін тарту арқылы кіріс (мүліктік пайда) алу мақсатында ұйымның жұмыс істеуіне байланысты шешімдерді қабылдау, оның қызметін үйлестіру, оған қатысушылардың арасында міндеттерді бөлу, қаржылық (инвестициялық) пирамида қызметін жүзеге асыру үшін кеңсе іздестіру және оны жалға алу, салымшыларды тарту, қатысушылардың ақша қаражаттары мен өзге де мүліктерін тікелей немесе онлайн ресурстар арқылы қабылдау және басқалары түсініледі.    

      Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құруды және (немесе) басқаруды бірнеше адам, сонымен қатар бір адам да жүзеге асыруы мүмкін.  

      Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрған және басшылық еткен кезде қылмыстық жауаптылық ҚК-нің 217-бабы бойынша ғана туындайды және ҚК-нің 190, 250-баптары бойынша қосымша саралау талап етілмейді.

      Ескерту. 18-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      19. ҚК-нің 218-бабына қатысты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) деп қылмыстық құқық бұзушылық жасау арқылы алынған ақшаға немесе өзге мүлікке кез келген билік етуді емес, тек қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен кірістерді білдіретін мүлікті конверсиялау немесе аудару түрінде мәмілелер жасасу арқылы заңды айналымға тарту не мұндай мүлікті иелену және пайдалану, егер мұндай мүліктің қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен кірістер болып табылатыны белгілі болса, оның шынайы сипатын, көзін, орналасқан жерін, оған билік ету, оны ауыстыру тәсілін, мүлікке құқықтарды немесе оның тиесілігін жасыру немесе жасырып қалу, сол сияқты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыруға делдалдық ету түсініледі.

      Бұл ретте соттар "Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 8 нормативтік қаулысының 3-тармағында қамтылған кінәлі адамның өзі заңсыз иелікке түскен бөтеннің мүлкіне қалауы бойынша билік етуі (сатуы немесе басқа адамдарға тегін беруі, бүлдіруі, бөлшектеуі, жоюы және т.б.) қылмыстық құқықтық бұзушылықтың жеке құрамын құрамайды және қосымша саралауды қажет етпейді деген түсіндірмелерді басшылыққа алуы қажет.

      Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыруға қатысатын адамдарды жауаптылыққа тарту үшін олардың қатысуымен қаржылық операция немесе өзге де мәміле, сондай-ақ кәсіпкерлік немесе өзге де экономикалық қызмет қылмыстық жолмен алынған ақшамен немесе басқа мүлікпен жүзеге асырылатындығын білуі және осындай әрекеттерді жасауға ниет білдіруі керек.

      Қаржы операциялары мен басқа мәмілелерді қылмыстық жолмен алынған ақшамен немесе өзге де мүлікпен жасау үшін арнайы мақсаттың болуы, аталған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті иеленуге, пайдалануға және билік етуге заңды сипат беру қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағының міндетті белгісі болып табылады.

      Мүлікті сатып алуға жұмсалған ақша қаражатының заңды шығу тегіне көрініс беру мақсаты, мысалы:

      бағалы мүлікті (жылжымайтын мүлік, өнер туындылары, сән-салтанат заттары және т.б.) сатып алу арқылы қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңды айналымға тартудан;

      жалған азаматтық-құқықтық шарттарды (қарыз, сыйға тарту, тауарларды сату-сатып алу, жұмыстарды орындау, қызмет көрсету және т.б.), бухгалтерлік құжаттарды (еңбек шарты бойынша төлемдерді, есеп берілетін ақша қаражатын алу туралы және т.б.) пайдалана отырып, қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатына мүлік сатып алудан көрінуі мүмкін.

      Ақшаны заңдастыру (жылыстату) қаражаттардың пайда болуын қадағалауды қиындататын бірнеше қаржылық операцияларды жүргізу (есеп-шоттар арасындағы аударымдар, цифрлық активтерге шығару, оффшорлық аймақтар арқылы операциялар, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңды қаражатпен араластыру және т.б.) арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      20. ҚК-нің 218-бабына қатысты конверсия түріндегі мәміле деп азаматтық құқықтар мен міндеттерді анықтауға, өзгертуге немесе тоқтатуға, сол сияқты азаматтық құқықтар мен міндеттердің туындау немесе көшу көрінісін туғызуға бағытталған қылмыстық жолмен табылған ақшаны немесе өзге де мүлікті жария ету жөніндегі мәмілелер түсініледі.

      Бұл ретте қаржылық операциялар мен мәмілелер заңдастырылатын ақша мен өзге де мүліктің қылмыстық құқық бұзушылықпен байланысын кінәлі адам үшін көрінеу жасырады, мүлікті қылмыстық жолмен иемдену фактісін жасыруға және оның ашық айналымын қамтамасыз етуге бағытталған.

      20-1. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырудан (жылыстату) бұрын осы мүлікті алуға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық жасалатынын ескеру керек.

      Осындай қылмыстық құқық бұзушылықтарға ҚК-нің Ерекше бөлігінде көзделген адам саудасы, бопсалау, террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік, есірткі, психотроптық заттардың және сол тектестердің заңсыз айналымы, жеңгетайлық, пара алу және т.б. сияқты кіріс алумен ұштасатын іс-әрекеттер жатады.

      Қылмыстық әрекеттің нәтижесінде алынған мүлікке цифрлық активтер де жатқызылуы мүмкін.

      Ескерту. 20-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
      21. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      22. ҚК-нің 231-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы ақшалардың немесе бағалы қағаздардың жекелеген элементтерін қолдан жасауды (мысалы, шынайы ақша белгілерінің немесе бағалы қағаздардың нақтылы құны туралы мәліметтерге өзгерістер енгізу, олардың мазмұнын, нөмірлерін, сериялары мен басқа да деректемелерін басқаша өзгерту), сондай-ақ оларды заңсыз дайындауды құрайды.

      Көрінеу жалған ақшаны немесе бағалы қағаздарды өткізу оларды тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу кезінде, сондай-ақ айырбастау, сыйға тарту, қарызға беру, зиянды өтеу шарттары бойынша міндеттемелерді орындау кезінде және оларды азаматтық айналымға енгізудің өзге нысанында төлем құралы ретінде пайдаланудан тұрады.

      Көрінеу жалған ақшаларды немесе бағалы қағаздарды бөтеннің мүлкін заңсыз иелену мақсатында жасалған өткізуді ҚК-нің 190 және 231-баптарында көзделген қылмыс құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралау қажет.

      Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену кезінде кәдесыйларды, медальондарды, ашық хаттарды, көркемдік, фотосурет кескіндемелерін және ақша белгілері немесе бағалы қағаздар түрінде орындалған өзге де бұйымдарды алдау құралы ретінде пайдалану алаяқтық ретінде сараланады.

      Шын ақша купюралары мен бағалы қағаздардан өзгерістері анық байқалатын жалған банкноттар мен бағалы қағаздарды пайдалану арқылы, бөтеннің мүлкін иеленген адамның әрекеті де алаяқтық ретінде саралануға жатады.

      23. Ұлттық банктің жалған банкноттары мен монеталарының, мемлекеттік бағалы қағаздардың немесе Қазақстан Республикасының валютасындағы не шетел валютасындағы басқа да бағалы қағаздардың немесе шетел валютасындағы бағалы қағаздардың ірі мөлшері қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде қолданыста болған редакциядағы ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес анықталады.

      24. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      25. Алып тасталды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      26. Салықты, бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару туралы қылмыстық істерді қарау кезінде соттар Салық кодексінің нормалары салықтардың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің түрлері, оларды төлеу мерзімдерін және салынатын салық пен төлемдер объектілерін айқындайтынын ескеруі тиіс.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      27. ҚК-нің 3-бабының 3) және 38) тармақтарына сәйкес айқындалатын төленбеген салықтардың, бюджетке төленбеген төлемдердің ірі немесе аса ірі мөлшері қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау кезінде қолданылған редакциядағы ҚК-нің 244 және 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар құрамының міндетті белгісі болып табылады.

      Төленбеген салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің сомасы дәлелдемелердің жиынтығы негізінде, оның ішінде салық пен міндетті төлемнің түріне және оларды төлеу мерзімдеріне қарамастан, төленбеген бүкіл кезең үшін жалпы соманы енгізе отырып, салықтық тексеру актісімен, сарапшының қорытындысымен және басқа дәлелдемелермен анықталады.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      28. Салықты, бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару тікелей пиғылмен ғана жасалады. Бұл ретте азамат салықтарды және төлемдерді төлеуден жалтару мақсатында кірістер туралы декларацияны өткізуге міндетті болса да қасақана өткізбейді, не декларацияға немесе салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдерді есептеумен немесе төлеумен байланысты өзге де құжаттарға кірістері немесе шығыстары туралы не салық салынатын мүлкі туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізеді.

      Ұйымдарға салынатын салықты, бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару декларацияны өткізу міндетті болса да декларацияны өткізбеу, не салық салынатын басқа да объектілерді және (немесе) басқа да міндетті төлемдерді жасыру жолымен декларацияға кірістер және (немесе) шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу арқылы жасалады.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      29. Жұмыстарды іс жүзінде орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураларды пайдалана отырып, салықты, бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтарған кезде салық төлеуден жалтарған тұлғада қылмыстық кодекстің 216 және 244 немесе 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау үшін жалған шот-фактураны ұсынған адаммен келісімнің болғанын немесе болмағанын анықтау қажет.

      Жалған шот-фактураларды жазып берген және (немесе) олар бойынша ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырған адамды ұстау кезінде, сондай-ақ кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттерін жүргізуді талап ететін, құжаттарды жасыруға немесе жоюға әкеп соғуы мүмкін басқа да жағдайларда қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру шегінде қылмыстық процесті жүргізетін орган ҚПК-нің 122-бабының екінші бөлігіне сәйкес атына жалған шот-фактуралар жазылған тұлғаға қатысты салықтық тексеру жүргізуге, маманды тартуға не сот-экономикалық сараптаманы тағайындауға құқылы.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      30. Қылмыстық істер бойынша айыптау актісінде (айыптау хаттамасында) ҚК-нің 244 және 245-баптары бойынша айыпталушы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кездегі редакциядағы салық заңнамасының нормалары, салықтар, бюджетке төленетін төлемдер бойынша декларацияны ұсыну мерзімдері және оларды төлеу мерзімдері, сондай-ақ тұлғаның төлемдерді төлеуден жалтарған тексеру кезеңі міндетті түрде жазылуы тиіс. Айыптау актісінде (айыптау хаттамасында) осындай деректер болмаған жағдайда сот алдын ала тыңдауда, сондай-ақ олар басты сот талқылауында анықталған кезде, бұл мән-жайларды басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі бұзу деп тануға және ҚПК-нің 323-бабына сәйкес істі прокурорға қайтару туралы мәселені шешуге тиіс.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      31. ҚК-нің 244 және 245-баптарына ескертпелердің негізінде (қылмыстық топ жасаған әрекетті қоспағанда – ҚК-нің 245 бабының үшінші бөлігі) адамды қылмыстық жауаптылықтан босату салық, бюджетке төленетін төлемдер бойынша берешекті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өсімпұлды төлеу арқылы залалды толық өтеу кезінде ғана орын алуы мүмкін. Кінәлі адамның залалды ішінара өтеуі, болашақта залалды өтеу міндеттемелері оны қылмыстық жауаптылықтан босату үшін негіз болып табылмайды.

      Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      32. Салық кодексінде салықтың, бюджетке төленетін төлемдердің түріне қарай декларацияларды ұсынудың және оларды төлеудің түрлі мерзімдері көзделген. Соттар декларацияны табыс ету мерзімі мен салықтың, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу мерзімі сәйкес келмеуі мүмкін екендігін ескеруі керек. Салық заңнамасында белгіленген салық (бюджетке төлем) төлеу мерзімінің соңғы күнінен кейінгі күн ҚК-нің 244, 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың аяқталу кезі болып табылады.

      Ескерту. 32-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      33. Мемлекеттік органның не мемлекеттік ұйымның мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамы болып табылмайтын жұмыскерiнiң немесе оған теңестірілген адамның, сол сияқты мемлекеттік емес ұйымның басқару функцияларын орындамайтын жұмыскері ҚК-нің 247-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі болып табылады. Бұл ретте жұмыскер өзінің міндеттерін тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша жұмыс уақытында немесе өзге уақытта орындаған-орындамағаны маңызды емес. Соттар заңсыз сыйақы алып орындалған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің оның қызмет аясына кіретінін не кірмейтінін әрбір жағдайда анықтап алулары қажет.

      33-1. Қылмыстық топтың барлық белгілері айыптау актісінде көрсетiлуге тиіс және басты сот талқылауында жан-жақты және толық зерттелуi қажет екенiне соттардың назары аударылсын.

      Бұл ретте "Соттардың бандитизм және қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатыса отырып, басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2001 жылғы 21 маусымдағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында санамаланған қылмыстық топтың басқа да белгілері болмаған кезде, заңды тұлға, оның құрылымдық бөлімшесі басшысының (басшыларының) және еңбек құқықтық қатынастарына орай оған (оларға) бағынысты қызметкерлердің қылмыс жасауға қатысу фактісі қылмыстық топтың бар-жоғын тану үшін жеткілікті негіз болып табылмайды.

      Ескерту. 33-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      34. Экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға жаза тағайындау кезінде сот ҚК-нің 50-бабының үшінші бөлігіне сәйкес кінәліге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолдану туралы мәселені талқылауы керек. Қосымша жаза тағайындалған кезде үкімде қандай лауазымды атқаруға тыйым салынғаны немесе қандай қызметпен айналысуға және қандай мерзімге тыйым салынғаны көрсетілуге тиіс. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза ҚК-нің Ерекше бөлігі бабының санкциясында көзделмеген жағдайларда да тағайындалуы мүмкін.

      35. Экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша және өзге де мүлік, сондай-ақ олардан алынған кез келген кірістер ҚК-нің 48-бабына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кіріс ретінде мемлекет меншігіне өндірілуге жатады. Айыптау актісінде (айыптау хаттамасында) тәркіленуі мүмкін мүліктің атауы, саны, ақша қаражатының сомасы көрсетілуге тиіс.

      Заңсыз сыйақы алу туралы істер бойынша (ҚК-нің 247-бабы) кінәлі адамның сыйақы ретінде алған ақшасы мен өзге де мүлкі сотталғанның міндеттеріне кірмейтін жұмысқа немесе қызмет көрсетуге ақы төлегенін қате пайымдаған жағдайларда олардың иесіне қайтарылуға жатады.

      Заттай дәлелдемелер деп танылған ақша мен өзге де құндылықтар, ол олар берілгенге дейін тиісті органдарға одан заңсыз сыйақыны қорқытып алушылық туралы мәлімдеген жағдайда, олардың иесіне қайтарылуға жатады.

      Ескерту. 35-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 18.12.2025 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      36. ҚПК-нің 118-бабы үшінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кіріс алу үшін тікелей қолданылған, заттай дәлелдемелер деп танылған мүлік, заттар мемлекет кірісіне айналдырылуға жатады.

      ҚК-нің 231-бабында көзделген істер бойынша жалған ақша және бағалы қағаздар түріндегі заттай дәлелдемелер міндетті түрде жойылуға жатады. Жекелеген үлгілер тиісті сараптама мекемелеріне және құқық қорғау және арнаулы органдардың уәкілетті бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне олардың өтінішхаттары бойынша, сараптама және өзге де зерттеулер жүргізу үшін қажетті дерекқор жасау үшін берілуі мүмкін.

      37. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысы;

      2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 21 сәуірдегі № 1 нормативтік қаулысының 13-тармағы;

      3) "Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2014 жылғы 4 сәуірдегі № 1 нормативтік қаулысы;

      4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысы.

      38. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады