"Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары құжаттарының үлгілерін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 26 шілдедегі № 233 Өкімі.

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары құжаттарының үлгілерін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкіміне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      жоғарыда аталған өкіммен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықта:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Награданың түрі ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілері - "Алтын Қыран" орденінің, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарының, ордендердің, медальдар мен құрметті атақтардың мәртебелері ескеріле отырып, наградтауға ұсынылатын адамның сіңірген еңбегінің сипаты мен дәрежесі негізінде айқындалады.";

      3-тармақтың үшінші бөлігі алып тасталсын;

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекеттік наградаға ұсынылушының әрқайсысына белгіленген үлгідегі награда қағазы жасалады (№ 1 және № 2 нысандар қоса беріліп отыр).

      Награда қағазында (№ 1 нысан) наградталушының жеке басын, саладағы және осы ұжымдағы жұмысының жалпы еңбек өтілін, сіңірген нақты еңбегін сипаттайтын деректер, жұмысының тиімділігі мен сапасы туралы мәліметтер баяндалады; өндірісте жұмыс істейтін адамдар үшін - жұмысының негізгі нәтижелері, сондай-ақ ол аталып өтуі мүмкін награда көрсетіледі.

      Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылған адамдарды, сондай-ақ егер өзіне қатысты немесе оның балаларына қатысты қылмыстық іс қозғалған болса, "Алтын алқа" немесе "Күміс алқа" алқасын алуға үміткер көп балалы ананы наградтаудан бас тартылуы мүмкін. Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы ақпарат олардың жасалған мерзіміне қарамастан, барлық мән-жайлар егжей-тегжейлі көрсетіліп, міндетті түрде награда қағазында көрсетіледі. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасалған немесе қылмыстық іс жүргізу тоқтатылған кезден бастап 10 жыл өтпесе, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға ішкі істер органдарынан мінездеме де награда қағазына қоса беріледі.

      Награда қағазына ұйым басшысы қол қояды.

      Бірінші басшыға берілетін награда қағазына жоғары тұрған органның басшылығы қол қояды.

      Награда қағаздары оларға басшылығы қол қойған ұйымдардың мөрлерімен бекемделеді. Тиісті наградаға ұсынылатын көп балалы анаға белгіленген үлгідегі награда қағазы (№ 2 нысан) толтырылады.

      Награда қағаздарын жұмыс істейтін аналарға - жұмыс орны, жеке-дара жұмыс істейтіндер мен жұмыс істемейтін аналарға жергілікті атқарушы органдар толтырады және олардың қойған қолымен және мөрімен олар куәландырылады.

      Награда қағазы (№ 2 нысан) ана мен балалардың жеке құжаттарының негізінде толтырылады, ал хабарсыз кеткен немесе "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Заңның 28-бабында көрсетілген жағдайларда қаза тапқан балаларға тиісті органдардың анықтамалары немесе басқа да растайтын құжаттары ұсынылады. Егер көп балалы ананың баласы шет мемлекеттің азаматы болып табылса, награда қағазына оның құжаттарды жинау кезінде түсірілген 3x4 көлемді түрлі-түсті фотосуреті, ал ол 18 жасқа толған кезде шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжаттың толық түрлі-түсті көшірмесі де қоса беріледі.

      Балалардың бар екендігін растайтын анықтамалар бір жыл бойы жарамды.

      Награда қағаздары компьютерлік техниканы қолданылып толтырылады.

      "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарын және құрметті атақтарды беруге ұсынылатындардың награда қағаздарына 3x4 көлемді екі фотосурет артқы жағына тегі мен аты-жөні көрсетіліп қоса беріледі.

      Дұрыс ресімделмеген және Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысына дейін отыз күннен кем мерзімде келіп түскен награда құжаттары қарауға қабылданбайды.";

      6-тармақта:

      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың, жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, өңірлік қоғамдық бірлестіктердің өкілдеріне - облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері;";

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "орталық мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдардың бірінші басшыларына, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері мен мәслихаттарының төрағаларына Қазақстан Республикасының Парламенті мен Үкіметі ұсынымдар енгізеді.";

      7. 8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері мен қызметкерлерін, сондай-ақ осы органдардың азаматтық контингентін наградтау туралы өтінішхаттарды ұсыну тәртібін олардың басшылығы айқындайды.

      8. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды наградтау туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі не Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен келісу бойынша басқа да министрліктер, мемлекеттік комитеттер, өзге де орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар береді.

      9. Қаһармандық ерлік жасауға, қиын-қыстау жағдайларға, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға байланысты айрықша жағдайларда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өздерінің бірінші басшыларының жазбаша келісімін алғаннан кейін өзге де орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмыскерлерін наградтау туралы ұсынымдар енгізе алады.";

      10-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші, бесінші және алтыншы бөліктермен толықтырылсын:

      "Комиссияның шешімдеріне түсіндірме берілмейді.

      Наградталғандардың тізімдері мен олардың санын қоса алғанда, мемлекеттік наградалармен наградтау туралы ақпарат, сондай-ақ наградталғандардың награда қағаздары жеке және заңды тұлғалардың сұрау салулары бойынша берілмейді.

      Мұндай ақпарат пен награда қағаздары айрықша жағдай ретінде:

      наградталған адамның наградталуына қатысты тікелей өзіне;

      өзінің қорғауындағы адамға қатысты адвокаттық сұрау салу бойынша адвокаттарға;

      сотталғандарды мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсынымдарды кейіннен дайындау үшін сотқа;

      құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдар жүргізетін сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде осы органдарға;

      адамды наградтауға тікелей ұсынған мемлекеттік органдар мен ұйымдарға берілуі мүмкін.";

      12-тармақтың үшінші бөлігінің үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "- облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, министрлер, Қазақстан Республикасының елшілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті осыған уәкілеттік берген тапсыра алады.";

      мынадай мазмұндағы 13-1-тармақпен толықтырылсын:

      "13-1. Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына ие болған адамдарға белгіленген үлгідегі төсбелгі тапсырылады.";

      14-тармақта:

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "- орденмен наградталған адамға және "Алтын алқа" немесе "Күміс алқа" алқасымен наградталған көп балалы анаға — орден кітапшасы;";

      сегізінші абзац алып тасталсын;

      15-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Наградтау туралы барлық құжаттар Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде толтырылады.

      Наградтау туралы құжаттардың белгіленген мерзімі болмайды. Наградтау туралы құжаттарға қандай да бір түзетулер енгізуге жол берілмейді.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Мемлекеттік наградаларды жергілікті жерлерде тапсыруды ұйымдастыру мен өткізу үшін жауаптылық облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының атқарушы органдарына жүктеледі.

      Қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік наградаларды тапсыруы жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады. Өкіл өзінің деректерін: лауазымын, тегін, атын және әкесінің атын көрсетіп, тапсыру хаттамасына виза қояды.";

      20-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Қажет болған жағдайда наградаға құқықтарды қалпына келтіру растайтын құжаттар (тиісті сот актісінің көшірмелері және мемлекеттік наградаға құқығы қалпына келтірілетін адамның өтініші) қоса беріліп, наградтауға ұсыным енгізуге құқығы бар органдардың өтінішхаты бойынша жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Мемлекеттік наградалардың телнұсқаларын дайындау кезінде қымбат бағалы металдар пайдаланылмайды.".

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады