Ақтоғай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтоғай ауданындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары бекiтілсін.
2. Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 2025 жылғы 20 ақпандағы № 259 "Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидаларын бекiту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6721-09 болып тіркелген) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Аудандық мәслихат төрағасы | Абеуов Р.Б |
| Ақтоғай аудандық мәслихатының 2026 жылғы 08 мамырдағы № 393 шешіміне қосымша |
Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтоғай ауданындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтоғай ауданындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 523 (бұдан әрі – Үлгілік Қағида) Қаулысына сәйкес әзірленіп және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтоғай ауданының әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – ауданның, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
13) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жылына бір рет) көрсетіледі, өтініш берілген айдан бастап жүзеге асырылады.
5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізімі:
1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан;
2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз;
3) Чернобыль АЭС апатты еске алу күні – 26 сәуір;
4) Қазақстан Республикасындағы Отан қорғаушылар күні - 7 мамыр;
5) Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні – 9 мамыр;
6) Қарттар күні - 1 қазан;
7) Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күні – қазан айының екінші жексенбісі;
8) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан.
6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыс әкімдігі бекітетін ережелер негізінде жүзеге асырады.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі.
7. Алушылар санатының тізбесі, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының әлеуметтік көмекке жүгіну мерзімдері:
1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне:
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлері – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілер – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерi – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көп балалы аналар, сонымен қатар, құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасы – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
3) 26 сәуір - Чернобыль АЭС апатты еске алу күніне:
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан адамдар – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
4) 7 мамыр - Қазақстан Республикасындағы Отан қорғаушылар күніне:
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
1986 - 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
5) 9 мамыр - Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне:
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар – 45 (қырық бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдары – 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдары – 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы) – 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы) – 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің отбасылары – 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш;
6) 1 қазан - Қарттар күніне:
75 жасқа толған және одан асқан тұлғалар – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
7) Қазан айының екінші жексенбісі – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне:
бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш;
8) 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғалар – 95 (тоқсан бес) айлық есептік көрсеткіш;
9) Қазақстан Республикасының шегінде санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек көрсетіледі:
бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторий-курорттық емделуге алып жүретін, абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасында жеке көмекшінің әлеуметтік қызметі бар, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған адамдарға – жылына 1 (бір) рет, санаторий-курорттық ұйымда болу құны 14 күннен аспайтын мерзімге өтеледі, нақты шығындар сомасы мөлшерінде, бірақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын кепілдендірілген соманың 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде;
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, еңбек ардагерлеріне орташа жан басына шаққандағы табысы ескерілместен – жылына 1 (бір) рет, санаторий-курорттық ұйымда болу құны 14 күннен аспайтын мерзімге өтеледі, нақты шығындар сомасы мөлшерінде, бірақ мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген санаторий-курорттық емделудің кепілдендірілген сомасынан аспайтын мөлшерде;
Санаторлық-курорттық емделуге жеке абилитация және оңалту бағдарламасы әзірленген мүгедектігі бар ардагерлерге санаторлық-курорттық емделуге әлеуметтік көмек төленбейді.
70 (жетпіс) жасқа толған және одан асқан зейнеткерлерге, адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспайтын жағдайда – жылына 1 (бір) рет, санаторий-курорттық ұйымда болу құны 12 күннен аспайтын мерзімге өтеледі, нақты шығындар сомасы мөлшерінде, бірақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын кепілдендірілген соманың 70 (жетпіс) пайызынан аспайтын мөлшерде (абилитация мен оңалтудың әзірленген жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу қызметтері ұсынылған мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда).
Бірнеше негіздер болған жағдайда санаторий-курорттық емделуге әлеуметтік көмек тек бір негіз бойынша ғана тағайындалады.
Әлеуметтік көмек өтініш негізінде келесі құжаттар қоса берілген жағдайда көрсетіледі:
жеке басты куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
шот-фактура;
орындалған жұмыстар актісі;
табысы ескерілетін санаттар үшін адамның (отбасының) табыстары туралы мәліметтер;
екінші деңгейдегі банктегі не "Қазпочта" акционерлік қоғамындағы шот нөмірі туралы мәліметтер.
Санаторий-курорттық емделу орнына дейін және кері қайту жолақысы санаторий-курорттық ем алушының өз қаражаты есебінен төленеді.
10) коммуналдық қызметтерді төлеуге және отын сатып алуға әлеуметтік көмек көрсетіледі:
басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
1986–1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына.
Әлеуметтік көмектің мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс ескерілместен, азаматтардан өтініш талап етілмей, "Мемлекеттік корпорация" филиалы ұсынған тізімдер бойынша жылына 1 (бір) рет, жылыту маусымында қазан айында 24 (жиырма төрт) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
11) Әлеуметтік маңызы бар ауруға ие болған жағдайда әлеуметтік көмек көрсетіледі:
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ақтоғай ауданының аудандық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның тізімі негізінде туберкулез ауруы бар тұлғаларға емделуге (сауықтыруға) жылына 1 (бір) рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
12) Ақшалай төлем түріндегі әлеуметтік көмек мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балалары бар "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталғандар мен көп балалы отбасыларға мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтер негізінде көп балалы отбасыларға көрсетіледі;
Төлем күнтізбелік жылда бір рет (ағымдағы жылдың қазан айындағы жағдай бойынша) әрбір балаға 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі;
13) дүлей апаттың салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген кезде әлеуметтік көмек оқиға басталған кезден бастап алты ай ішінде азаматтың (отбасының) табысына қарамастан бір рет көрсетіледі. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері – 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш;
14) өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген кезде әлеуметтік көмек оқиға басталған кезден бастап алты ай ішінде азаматтың (отбасының) табысына қарамастан бір рет көрсетіледі. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері– 150 (жүз елу) айлық есептік көрсеткіш;
15) әлеуметтік маңызы бар ауруы бар тұлғаға әлеуметтік көмек жылына 1 (бір) рет көрсетіледі, егер оның жан басына шаққандағы орташа табысы Қазақстан Республикасының заңнамасында сол қаржы жылы үшін белгіленген күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын болса, және бұл көмек 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш көлемінде беріледі, бірақ туберкулез ауруымен ауыратын тұлғалар үшін — Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ақтоғай ауданының аудандық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның тізімі бойынша көрсетілмейді.
Аталған санаттағы тұлғаларға әлеуметтік көмек осы тармақтың 12) тармақшасында белгіленген тәртіп пен мөлшерде көрсетіледі;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында сол қаржы жылы үшін белгіленген күнкөріс минимумы жан басына шаққандағы орташа табысынан аспайтын тұлғаларға әлеуметтік көмек жылына 1 (бір) рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш көлемінде көрсетіледі:
пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларға;
бостандыққа шыққаннан кейін үш айдан кешіктірмей анықтама негізінде босатылған тұлғаларға;
жетімдерге, ата-аналық қамқорлығы жоқ тұлғаларға;
жасына байланысты өзіне өзі күтім жасауға қабілетсіз тұлғаларға;
17) қатты отынды сатып алуға – жалғызбасты адамдарға, жалғыз тұратын қарт адамдарға, зейнеткерлік жасқа жеткен және мүгедектігі бар адамдарға, тұрғылықты жері бойынша еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалары жоқ, тұрақты тіркелген және жеке тұрғын үйлерде жергілікті (пешпен) жылытуы бар, сол тұрғын үйдің меншік иелері болып табылатын, өздерінде және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі жоқ, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінен аспайтын адамдарға – жылына 1 (бір) рет, жылыту маусымына 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
қатты отынды сатып алуға – аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), тұрақты тіркелген және жеке тұрғын үйлерде жергілікті (пешпен) жылытуы бар, сол тұрғын үйдің меншік иелері болып табылатын, өздерінде және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі жоқ, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 (бір) еселенген мөлшерінен аспайтын адамдарға – жылына 1 (бір) рет, жылыту маусымына 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Бір жеке тұрғын үйде қатты отынды сатып алуға әлеуметтік көмек алуға құқығы бар бірнеше адам бірге тұрған жағдайда, өтемақы олардың тек біреуіне ғана төленеді.
Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші жылыту маусымы кезінде уәкілетті ұйымға өтінішпен жүгінеді және оған келесі құжаттарды ұсынады:
1)жеке басын куәландыратын құжат;
2) қатты отын сатып алуға жұмсалған шығындарды растайтын құжат (чек көшірмелері, жүкқұжат, анықтама және т.б.);
3) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер;
4) мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі (зейнеткерлік куәлік, мүгедектігі туралы анықтама, балалардың туу туралы куәліктері, жергілікті атқарушы органның шешімі немесе бұйрығы);
5) тұрғын үйге тіркелген мүлікке құқықтарының болмауын (бар болуын) растайтын анықтама;
6) екінші деңгейлі банк немесе "Қазпошта" акционерлік қоғамыдық банктік шот нөмірі туралы мәлімет.
Құжаттар түпнұсқа және көшірме түрінде ұсынылады, тексеруден кейін түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
Әлеуметтік көмек көрсету үшін отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 181 "Мемлекеттік мақсатты әлеуметтік көмек алуға өтініш беретін тұлға (отбасы) кірісін есептеу ережесін бекіту туралы" бұйрығына сәйкес есептеледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу реестрінде № 32609 тіркелген).
Отбасының құрамы мемлекеттік мақсатты әлеуметтік көмек алуға өтініш беретін тұлға (отбасы) кірісін есептеу ережесінің 10-тармағына сәйкес анықталады.
Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы есептеу кезеңіндегі (алдыңғы тоқсан) отбасының жалпы кірісін көрсетілген кезеңдегі айлар санына (үш ай) және отбасы мүшелерінің санына бөлу арқылы есептеледі.
Осы Ереженің 7-тармағының 16) тармақшасында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек, егер олар толық мемлекеттік қамтамасыз етуде болмаса, көрсетіледі.
8. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік мәні бар сырқатының болуы;
4) республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы.
Дүлей зілзала немесе өрт салдарынан мүлікке зиян келгенде әлеуметтік көмек меншік иесінің тіркелген жеріне қарамастан зиян тиген мүлік орналасқан жер бойынша көрсетіледі.
Әлеуметтік көмек көрсету және (немесе) адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайын зерттеп-қарау үшін жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша көмек түрлерінің тізбесін жергілікті өкілді органдар бекітеді.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді органдар бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.
9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді органдар облыс ЖАО-мен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.
10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.
3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
11. Мереке күндері мен атаулы күндерге орай әлеуметтік көмек алушылардың өтініштері талап етілмей көрсетіледі.
Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО айқындайды.
Әлеуметтік көмекті алушылардың тізімдері мемлекеттік корпорацияға не өзге ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерінен электрондық түрде қалыптастырылады.
12. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан (немесе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексіне сәйкес берілген сенімхат бойынша өкілі) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне немесе мемлекеттік корпорацияға Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен немесе Үлгілік қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша порталға электрондық түрдегі өтінішпен жүгінеді.
Жазбаша өтініш берген кезде құжаттарды қабылдайтын маман "электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың тиісті ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – АЖ) осы Үлгілік қағидаларға 1-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сұрау салулар қалыптастырады.
АЖ-да мәліметтер сәйкес келмеген (болмаған) кезде өтініш беруші өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);
3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде санамаланған құжаттардың бірі:
дүлей зілзала салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
әлеуметтік мәні бар сырқатының болу фактісін растайтын құжат.
Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.
Өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған кезде Үлгілік қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсетуге өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.
Өтініш беруші әлеуметтік көмекке портал арқылы электрондық түрде жүгінген кезде мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-на қажетті мәліметтерді алу үшін өтініш берушінің өзі сұрау салады.
Бұл ретте мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың АЖ-нан келіп түскен электрондық өтініш пен мәліметтерді өтініш беруші өзінің ЭЦҚ-мен куәландырады.
13. Өтініштерді, оның ішінде электрондық өтініштерді әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган түскен жұмыс күні ішінде, ал жұмыс күнінен тыс келіп түскен жағдайда – өтініш түскен күннен кейінгі бірінші жұмыс күні тіркейді.
Осы Үлгілік қағидалардың 8-тармағы 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін 1 (бір) жұмыс күні ішінде учаскелік комиссияға жібереді.
14. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
15. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
16. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.
17. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
18. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
19. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысы негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы қағидалардың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту негіздері анықталған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган шешім қабылдағанға дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын өтініш берушіні бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымды білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдау өткізілетіні туралы хабардар етеді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган тыңдаудың уақыты мен күнін белгілейді, ол:
өтініш берушіні бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы тыңдауға шақыру;
ақпараттық жүйелерді пайдалану;
өтініш берушіге өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүзеге асырады.
Өтініш беруші әкімшілік істі алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде алдын ала шешімге қарсылығын білдіруге немесе айтуға құқылы.
Өтініш беруші өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға тыңдау хаттамасын жүргізеді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган, лауазымды тұлға өтініш берушіні тыңдау хаттамасымен танысуға мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті.
Өтініш беруші танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.
Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Үлгілік қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
20. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган өтініш берушіге Үлгілік қағидаларға 5-қосымшаға (бас тартқан жағдайда – Үлгілік қағидаларға 6-қосымшаға) сәйкес әлеуметтік көмек көрсету туралы қабылданған шешім туралы хабарлама жолдайды.
Егер әлеуметтік көмек көрсетуге өтініште мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөмірі көрсетілсе, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу арқылы автоматты режимде жолданады.
Өтініш берушінің ұялы телефонына sms-хабарлама жіберу мүмкіндігі болмаса, әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарламаны басып шығарады және оны өтініш беруші өзі келген кезде береді.
Өтініш портал арқылы берілген болса, әлеуметтік көмек көрсету (көрсетуден бас тарту) туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің жеке кабинетіне портал арқылы автоматты режимде жіберіледі.
21. Мынадай:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған;
4) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен әлеуметтік көмек тағайындау, осы негіз бойынша төлемді жүзеге асыруға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтер алынған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсетуден бас тартылады.
22. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетінде ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек көрсету сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
Әлеуметтік көмекті есептеу және көрсету кезінде тиынмен есептелген барлық сомалар тиын сомасына қарамастан, бір теңгеге дейін дөңгелектеледі.
23. Мынадай:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тұрақты тұру үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жерге кеткен;
3) алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің анық еместігі анықталған;
5) әлеуметтік көмек көрсетуге негіз болмай қалғаны туралы мәліметтер анықталған жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады.
Осы тармақтың 3) тармақшасы осы Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тағайындалған әлеуметтік көмекті төлеуге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталғаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар басталған күннен бастап тоқтатылады.
24. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
25. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.
26. Атаулы күндер мен мереке күндеріне төленетін әлеуметтік көмек алушылардың санаттарын қалыптастыру үшін әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган зейнетақы мен жәрдемақы алатын белсенді азаматтардың мәліметтерін алуға уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелеріне сұрау салуға бастама жасайды.
Зейнетақы мен әлеуметтік көмек көрсету жәрдемақысын алушылар жөніндегі мәліметтер Үлгілік қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.
27. Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдаған кезде уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйелері арқылы әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмекті мемлекеттік корпорация арқылы төлеу процесіне бастама жасайды.
28. Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган қабылдаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім негізінде мемлекеттік корпорация:
біржолғы төлемдер бойынша күн сайын;
ай сайынғы және тоқсан сайынғы төлемдер бойынша төлем жасалатын айдың алдындағы айдың 27-і күні әлеуметтік көмек төлеу үшін бюджет қаражатына сұранысты қалыптастырады.
29. Сұраныс қалыптастырылғаннан кейін мемлекеттік корпорация келесі жұмыс күнінен кешіктірмей әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім жібереді.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомасы туралы өтінім түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімде көзделген сома шегінде ақшалай қаражат аударады.
Айдың 27-і күнінен кейін түскен әлеуметтік көмек төлеуге сұраныс сомалары туралы өтінімдер бойынша ақшалай қаражатты әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган келесі айдың 1-і күнінен кейін мемлекеттік корпорацияға аударады.
30. Мемлекеттік корпорация трансферттер түскеннен кейін екі жұмыс күні ішінде төлем кестесіне сәйкес төлем тапсырмаларын қалыптастырады және алушылардың банктік шоттарына төлеуді жүзеге асырады.
31. Әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан әлеуметтік көмек сомасы қайтарылған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымнан мәліметтер алғаннан кейінгі үш жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер енгізеді.
32. Мемлекеттік корпорация ағымдағы айдың соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік корпорацияның шотына түскен әлеуметтік көмектің артық есептелген (төленген) сомаларын әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға аударады.
33. Әлеуметтік көмек төлеуге байланысты банктік қызметтерге ақы төлеу мемлекеттік корпорация мен әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган арасында жасалатын шарт негізінде жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады.